Спорт • 10 Маусым, 2020

Қарсыластарымыздың қарқыны қандай?

113 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бірер ай бұрын Лондондағы Халықаралық теннис федерациясының (ITF) штаб-пәтерінде Дэвис кубогының финалдық кезеңінің жеребесі тартылған еді. Биыл 23-29 қараша аралығында Мадридте жалауы желбірейтін айтулы жарыста Қазақстан құрамасы Швеция және Канада теннисшілерімен бір топта өнер көрсетеді. Ал сол қарсыластарымыз жайында біз не білеміз?

Қарсыластарымыздың қарқыны қандай?

Пиреней түбегінде өтетін айтулы жарыс­та жерлестерімізге қарсылас атанған қос команда арасындағы қауіптісі – Канада. Қазіргі кезде Үйеңкі жапырақтар елінің төрт бірдей өрені «ТОП-100» теннисшінің қатарында. Солардың арасында ең үздігі – Денис Шапо­валов. Израильде туып-өскен ол балауса шағында әке-шешесімен бірге Канадаға қоныс аударды. Бұл күндері әлемнің 16 ракеткасы атанып отырған Шаповаловтың ең үздік көрсеткіші – 2017 жылы АҚШ-тың ашық біріншілігінің төртінші және 2019 жылы Аустралияның ашық біріншілігінің үшінші кезеңіне дейін жетуі.

19 жастағы Феликс Алиассим Оге өзінің отандасы Денис Шаповаловтан небәрі төрт саты төмен тұр. 19 жастағы Монреаль қа­ла­сының тумасы былтыр Уимблдон тур­ни­рінің үшінші айналымында өнер көрсетті. Басқа да халықаралық додаларда өзін жақсы қырынан көрсетуде.

Бүгінгі таңда АТР рейтингінде 30 орында тұрған 29 жастағы Милош Раонич жайын­да ұзақ әңгімелеуге болады. Кезінде ол Уимблдонның ақтық сынында, Аустралия­ның ашық біріншілігінің жартылай финалында және Ролан Гарростың ширек фина­лында күш сынасты. АҚШ-тың ашық біріншілігінде төрт мәрте төртінші кезең­ге дейін жетті. АТР додаларында сегіз рет жеңімпаз атанды. Осы табысының арқа­сын­да Раонич 2016 жылдың күзінде әлемнің үшінші ракеткасы атанды.

Вешек Поспишил Милош Раоничпен түйдей құрдас. Әйгілі жерлесінің жеткен­ деңгейіне қол жеткізе алмағанымен, оның да есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Вер­нон қаласының тумасы кезінде әлемдік рей­тингте 25 орынға дейін көтерілген. Уимблдонның ширек финалына жолдама алды. Дәл сол жарысты жұптық сайыста ұтты. Қазіргі кезде Поспишил үздіктер тізі­мін­де 93 орынды қанағат тұтуда.

Дэвис кубогында Канада құрамасы сонау­ 1913 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Әлемдік топта тоғыз рет бақ сынап, был­тыр­ғы жарыстың финалында күш сынасу құрме­тіне ие болды. Айтулы доданың ширек фи­налында Аустралия және жартылай фи­налда Ресей теннисшілерін ұтқан олар ше­шуші тұста азуы алты қарыс Испанияға жол берді.

1925 жылдан бері Дэвис кубогында күш сынасып жүрген Швеция құрамасының кезінде өрелі өнерімен төрткүл дүниенің тамсандырғаны есімізде. Құрамында әйгілі Бьорн Боргтей марқасқасы бар Скандинавия түбегінің түлектері 1975 жылы алғаш рет бас жүлдені олжалады. Ал шведтердің сексенінші жыл­дарда­ғы қарқыны, тіптен керемет болды. Атап айтсақ, 1983-1989 жылдар ара­­лығында қа­та­­рынан жеті мәрте финалда өнер көрсету құ­­қығына ие болды. Нәтижесінде, үш турнирде (1984, 1985, 1987) топ жарса, төрт рет (1983, 1986, 1988, 1989) ақтық сайыс­та ұтылды. Сол команданың сапын­да Матс Виландер, Стефан Эдберг, Йоаким Нюстрем, Ханс Симонсон, Ян Гунарссон және Андерс Пер Яррид сынды саңлақтардың жасындай жарқылдағаны да жанкүйерлердің жадында.

Тоқсаныншы жылдар да швед теннис­шілері үшін толағай табысқа толы болды. Олар 1994, 1997, 1999 жылдары Дэвис кубогын төбеге көтерсе, 1996 жылы финалда есе жіберді. Барлығы – жеті бас жүлде және бес финал. Аталған жарыста табысы жағынан Швеция құрамасы төртінші орында тұр. Олардың алдына АҚШ, Аустралия, Франция және Ұлыбритания ғана түсе алған екен.

Жаңа ғасыр табалдырықтан аттағаннан кейін скандинавиялықтардың қарқыны бәсеңдеп қалды. Соңғы рет олар әлем­дік топта 2012 жылы өнер көрсетті. Сол жарыстың 1/8 финалында Сербияға жол берді. Содан кейін біраз уақыт бойы мықтылар санатына қосыла алмай жүрді. Тек биылғы жарыста қайта бағы жанып, көздеген мақсатына қол жеткізді.

Бүгінгі таңда Швецияның тек бір ғана өкілі «ТОП-100» теннисшінің қатарында. Ол – Микаэль Имер. 21 жастағы ойыншының ата-анасы эфиопиялық эмигранттар. Ми­каэльдің өзі Стокгольмде дүниеге келді. Кез­інде ол жасөспірімдер арасындағы Уимблдон турнирінің финалында ойнаған. Ересектер дуындағы ең жақсы нәтижесі – 2019 жылғы Ролан Гаррос және 2020 жылғы Аустралияның ашық біріншілігінің екінші кезеңіне жолдама алу. АТР рейтингінде Имер 68 орынды иеленуде.

Микаэльдің туған ағасы – 23 жас­тағы Элиас Имер үздіктер тізімінде 209 орынды­ ен­шілеуде. Ал өзге ойыншылардың рейтингтері тіптен төмен. Мәселен, бұл күндері түрлі жарыстарда Швецияның намысын қорғап жүрген Маркус Эрикссон АТР тізімінде 316 сатыға жайғасса, Кристиан Линделл 324 орынды қанағат тұтуда.

Міне, үстіміздегі жылдың күзінде Испа­нияның астанасы – Мадридте өтетін Дэвис кубогы жолындағы жарыста Қазақстанның теннисшілеріне қарсылас атанған Канада мен Швеция құрамалары жайында қысқаша мәлімет осындай.

Жуырда ғана Нидерланд құрамасын ұтып, мықтылармен күш сынасу құрметіне ие болған Қазақстанның теннисшілері В тобына түсті. Жерлестеріміз Швеция және Канаданың ойыншыларымен шеберлік байқасады. Ал өзге топтарда мына командалар өнер көрсетеді:

А тобы: Испания, Ресей, Эквадор;

С тобы: Франция, Ұлыбритания, Чехия;

D тобы: Хорватия, Аустралия, Мажарстан;

Е тобы: АҚШ, Италия, Колумбия;

F тобы: Сербия, Германия, Аустрия.

Дэвис кубогының финалдық кезеңі үс­тіміздегі жылдың 23-29 қарашасы ара­­лығында Испанияның бас шаһары – Мад­ридте өтеді.