Экономика • 11 Маусым, 2020

Маңғыстау экономикасындағы маңызды бағыттар айқындалды

741 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазыналы өңірдің экономикасын өркендетуге серпіліс беретін стратегиясы жасақталды. Стратегия негізгі өңдеу өнеркәсібін дамыту, агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті, туризм саласындағы мүмкіндіктер және көлік пен логистика саласын дамыту сынды төрт бағытты құрады.

Маңғыстау экономикасындағы маңызды бағыттар айқындалды

Өңірде биыл өңдеу өнеркәсібінде тамақ өнімдері, машина құрастыру, пласт­масса өндірісі салалары сынды жаңа 7 жобаны іске қосу арқылы жалпы инвес­тиция тарту 11,3 млрд теңгеге жос­пар­ланып отыр. Бұлардың қатарында Түп­қараған ауданында «Ақтау-агро» ЖШС құс фабрикасының құрылысы, «Орда» өндірістік компаниясы» ЖШС қант шикізатын қайта өңдеу және оның негі­зінде қант құмы мен науат өндіру ша­ғын зауытын салу және пайдалану, «Сталелитейный центр» ЖШС болат құю зауытының құрылысы мен Мұ­най­лы ауданында «Жамалбек» ЖШС құ­рама жем зауытының құрылысы, «PERAPLASTIC SEZ» ЖШС полипро­пи­лен қаптамасын өндіру, «Достық по­лимер плюс» ЖШС полимерлік қап­та­маны өндіру зауыты, сондай-ақ «ОSS Kazakhstan» ЖШС «Мұнай және бұрғылау жабдықтарын өндіру, қызмет көрсету және жөндеу өндірісі» бар.

Бұдан басқа қолданыстағы қыз­мет етіп тұрған кәсіпорындардың қуат­ты­лық жүктемесін арттыру және жаңа өн­дірістерін ашу бағытындағы жұ­мыс­тар жүргізіледі. Негізгі мақсат өңір­де­гі 300-ден астам кәсіпорындармен бір­­лескен жұмысты жандандыру. Бұл жо­­балар үшін Үкімет тарапынан да бір­қатар қолдау тетігі қаралған. Нәти­же­­сінде, биыл жалпы өңірлік өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін 4,5%-ға, ши­кізаттық емес тауарлар экспортын 90 млн долларға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Ал агроөнеркәсіптік кешеннің әле­уе­тін арттыру бағытында облысқа азық-түлік өнімдерінің көп бөлігі өзге өңір­лерден және шет мемлекеттерден келе­тін болғандықтан агроөнеркәсіп саласында 3 негізгі бағыт қарастырылған. Олар – жаңа жобаларды құру, егіс алқап­тарын ұлғайту, істеп тұрған субъ­ек­ті­лер­ге қолдау көрсету. Бұл тұрғыда мал шар­уашылығын дамыту аясында жайы­­лымдарды сумен қамту үшін 60-қа жуық қазылған құдықтарға субсидия бері­летін болады. Сондай-ақ «Еңбек» бағ­дарламасы аясында 300-ден астам жобаға шағын несие беру жоспарлану­да және «Қарапайым заттар экономика­сы» бойынша кемінде 35 жобаға қолдау көрсетіледі және «Агро­бизнес-2020» және өңірлік «Нұр Капи­тал» бағдарламалары аясында тиімді меха­низмдер жасақталды.

Өңір халқын жергілікті көкөніс өні­мі­мен қамтамасыз ету көлемін артты­ру үшін – жылыжай алаңын 27,4 гектардан 34,4 гектарға жеткізіп, биыл 72 жылыжайға жеткізіп, суармалы жер­лер­ді де арттыру жоспарланған.

Мемлекет басшысының «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» қанатқақты жобасы аясында, сатып алу және сату жүйесін қалпына келтіру механизмі қарастырылған. Бұл жобалар іске асқан жағдайда агроөнеркәсіп кешені саласында 2020 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 24 млрд теңгеге дейін жетіп, қосымша 700-ден астам жұмыс орны құрылады деп жос­парлануда.

Үшінші бағыт болып танылған туризм саласын дамыту бойынша биыл 665 жұмыс орны құрылып, жалпы құны 64 млрд теңгені құрайтын 3 жоба пайдалануға беріледі. Оның арасында «Риксос Ақтау» көпфункционалды туристік-қонақүй кешені, «Достар» қонақүй кешенінің аквапаркі мен «Холидей ИНН» қонақүй кешенінің аквапаркі. Ал Маңғыстау өңірінде айтулы маңызға ие көлік және логис­ти­ка саласын дамыту бойынша Кас­пий бас­сейніндегі қазақстандық порт­та­ры­ның жүк айналымындағы Ақтау пор­ты­ның үлесі – 60%, Құрық порты – 23%, Солтүстік терминал – 17%-ды құрайды.

Қазіргі таңда Ақтау порты кон­тей­нер­лік хабты құру бойынша жұмыс жүр­гі­зуде. Бұл Каспий өңірі мен Орталық Азия елдері үшін порт аумағында кон­тей­нерлік парк қалыптастыруға, өз жүгін портқа дейін автокөлікпен де, темір жол жылжымалы құрамы, контейнерлермен де жеткізу және одан әрі жөнелту үшін клиенттерге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Бұл шаралардың жүзеге асырылуы теңіз порттарында жүк ағынының ұлғаюына тың серпін береді. Сондай-ақ осы жылы 217,4 шақырымды құрайтын 7 автомобиль жолдарының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

 «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бейнеу, Ақшұқыр, Қызылтөбе, Баянды, Басқұдық ауылдарында 44,4 шақырым жол салынады және 52,2 шақырым жол орт­аша жөндеуден өткізіледі. «Жұ­мыс­пен қамту жол картасы» аясында жаңа автомобиль жолдарын салу және қол­даныстағыларын жөндеу бойынша 3 облыстық, 7 қалаішілік және 20 ауыл­іш­ілік маңызы бар жолдар жасалады. Жо­ғарыда аталған төрт бағыт толықтай жүзе­ге асса өңірде екі мыңға жуық жаңа жұ­мыс орны құрылады.

 

Шығыстарды оңтайландыру да маңызды

Жоспар-жобалары маңызды Маң­ғыс­тау шығыстарды оңтайландыру жүйе­сі­не көшті.

Төтенше жағдай және карантин уа­қы­­тында жоспарланған барлық мәдени, спорт­тық шара, іссапар, семи­нар, біліктілікті арттыру курсы, мемлекеттік тапсырыс кө­лем­­і азайтылды. Нақтырақ айтсақ, бюд­­жет шығыстары 8,8 млрд теңгеге қыс­қар­тыл­ды. Оның бір бөлігі төтенше жағдай кезінде өңірде азық-түлік қорын то­лық­ты­руға, эпидемияға қарсы іс-шара­лар­ды өткізуге, карантиндік ре­жім­ді сақ­тау ша­ра­ла­рына бағытталды.

Маңғыстау облысы әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, қазіргі бюджет көлемі 160 млрд теңге құрап отыр. Оның толық орындалысын қамтамасыз ету үшін оңтайландыру жұмыстары жалғасады.

Қазір денсаулық саласына қолдау көрсету ауқымды іске асуда. Ол үшін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында арнайы жоспар жасақталған. Биыл Ақтау қаласындағы онкологиялық орта­лықтың және Жаңаөзен қаласында 50 төсек орнына арналған медициналық орталығының құрылысы аяқталып, қолданысқа беріледі. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласындағы жаңа жедел-жәрдем стансасы және Қызылсай ауы­лында дәрігерлік амбулатория қол­да­ныс­қа беріледі. Көптен бері шешімі та­былмай жүрген өзекті мәселе, ол – Мұнайлы ауданындағы орталық ауру­ха­на құрылысы. Аталған жобаны тездету үшін Үкімет қарауына ұсынылды. Сондай-ақ қосымша жаңа медициналық ны­сандарды салуға жеке инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Ақтау қаласындағы 1 шағын аудандағы бұ­рынғы Ішкі істер қызметкерлеріне ар­нал­ған емхананы және 37 шағын аудан­­дағы емхана салуға белгіленген жер­ге емхана салу жеке инвестор арқы­лы жүргізілетін болады.

Денсаулық сақтау мекемелерінің ма­те­риал­дық базасын нығайту бағы­тын­да бюджет және бюджеттен тыс қаражаттар есебінен 4 млрд теңгеге 61 ИВЛ және 5 УЗИ аппараттары, 58 жедел-жәрдем көлік­тері, 3 компьютерлік томограф сатып алынды.

Жалпы, инфекцияның алдын алу мақ­сатында денсаулық сақтау ұйым­да­рында барлығы 1727 төсек-орындар дайындалды. Сондай-ақ карантин мез­гі­лінде медицина мамандарын ынталан­ды­ру үшін мемлекеттік бюд­жеттен 126 млн теңге бөлініп, мың­ға жуық ма­ман­­ға қаржылай қолдау көр­се­тілген. Маң­­ғыстау облысында медици­на сала­сында маман тапшылығын ше­шу үшін жыл сайын грант беріледі. Қа­зіргі таңда жоғары оқу орындарында 522 медицина маманы оқытылуда. Сондай-ақ салаға қажет мамандар басқа өңірлерден де шақыртылуда. Олар үшін Мұнайлы ауданындағы жатақханадан 30 бөлме беріледі, Жаңаөзен қаласында ден­сау­лық сақтау саласының қажет ма­ман­дарына 15 пәтер сатып алынды. «Дип­лом­мен – ауылға!» бағдарламасы іске қо­сылғаннан бері 412 маманға үй сатып алуға несие берілді.

Өңір экономикасының дамуына әсер ететін тағы бір бағыт құрылыс саласы де­сек, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 419 пәтерге арналған тұрғын үй құрылысы мен сатып алу аяқталып, оның 215 пәтері көпбалалы аналарға жал­дамалы тұрғын үй ретінде берілетін бо­лады.

Несиелік тұрғын үй бойынша Ақтау қаласында 627 пәтерге арналған 18-ші және 33-ші шағынаудандардағы нысандар құрылысын аяқтау жоспарлануда. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 163 несие беру, аз қамтылған 300 отбасына тұрғын үй сертификаты беріледі. Тұрғын үй құрылысы саласында биыл 1,2 млн шаршы метр пайдалануға беріл­мек.

 «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өңірде 144 жоба іске асырылып, 8 500 жұмыс орны ашылатын болады.

Білім саласында 61 жоба іске асырылады. Ақтау қаласында 1 жаңа мектептің және Бейнеу ауданындағы 2 қосымша құрылыс есебінен жаңа 924 орындық мектеп салынады. Бұл үш ауысымды оқытудың үлесін азайтуға мүмкіндік береді.

Өңірде шағын және орта бизнес саласы бойынша 53 мыңға жуық субъект жұмыс істеп, 120 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Карантин режімі кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне ауыр салмақ түсуіне байланысты облыс бойынша жыл соңына дейін 17 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері салықтан босатылды.

 «Бизнестің жол картасы-2025» биз­нес­ті қолдау мен дамыту мемлекеттік бағ­дарламасы аясында 200 жобаның сы­йақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы кәсіпкерлердің несие пайызын арзандату мен 130 жобаны кепілдендіру, «Еңбек» бағдарламасы аясында 346 жо­ба­ға қолдау көрсету жоспарлануда.

Аталған бағыттардың аясында іске асырылатын жұмыстардың нәтижесінде облыста 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Маңғыстау әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық бағытта осы жоспар-жобалар төңі­ре­гінде алға жылжуды ұстаным етіп отыр. Жақсы жобалардың жүзеге асып, игі­лігін халық көруі – бәрінен маңызды еке­ні белгілі.

 

Маңғыстау облысы