Ғылым • 16 Маусым, 2020

Індетке қарсы отандық ғылыми жобаларын ұсынды

493 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда бүкіл әлем ғалым­дардың аузына, нақтырақ айтсақ қолына қарап отыр. Әр ел әлемді дүрліктірген пандемияда өздерінің ғалымдарынан үміт күтетіні бел­гілі. Осы орайда біздің қоғамда да «Отандық ғалымдар коронавирусты ауыздықтауға қандай қадам жасап жатыр?» деген сұрақ туатыны анық. Біз бұл сұраққа ғалымдардың тың жобаларын көрсеткен ғылыми байқауда жауап таптық.

Індетке қарсы отандық ғылыми жобаларын ұсынды

Байқаудан бағы ашылса..

Білім және ғылым министрлігінің «Ғы­лым қоры» карантин кезінде елі­міздегі ғалым­дар арасында «Стоп-ко­ро­навирус» атты байқау ұйым­дас­тырды. Еліміздің әр өңірінен қатыс­қан авторлар онлайн режімде өткен ғылыми байқауға өз жобаларын ұсы­нып, тікелей эфирде жұмыстарын қор­ғады. Бұл карантиндік талаптарды сақтаумен қатар жобаларды бағалау үрдісінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етті деуге болады. Өйткені аталған байқауға қалыптасқан ғалымдар ғана емес, докторанттар, студенттер, кәсіпкерлер, стартаперлер, сондай-ақ барлық ниет білдірген қазақстандықтар да коронавирусқа қарсы күресуге бағыт­талған идеяларын ұсынды.

Қоғам арасында отандық ғалымдар­дың әлеуетіне сенімсіздікпен, болма­са сын көзбен қарайтындар көп. Шы­нында біздің ғалымдар қауқарсыз ба? Пандемияның алдын алуға, тіпті тоқ­татуға мүдделі мамандар мен ға­лым­дардың белсенділігіне, бәсекеге қабілеттілігіне қарап олай демес едік. Мәселен, «Стоп-Коронавирус» ашық әрі онлайн-байқауына белгіленген 10 күннің ішінде әр облыстан 141 өтінім келіп түскен. Айта кетейік, бай­қауға жеке тұлғалармен қатар 12 жо­ғары оқу орны,14 ғылыми зерттеу институты, сондай-ақ түрлі ұйымдардың өкіл­дері қатысты. Алдын ала іріктеуден кейін мәселені ашу, шешу жолдары мен механизмдері; жаңалығы мен бі­регейлігінің болуы сынды  критерийлерге сай келетін 39 өтінім қорғау кезеңіне жіберілді. Байқау жөнінде «Ғылым қоры» АҚ Төрағасының орынбасары Бақытжан Сәркеев: «Іріктелген жобалар жұқпалы аурулардың алдын алу саласында мемлекет пен бизнес үшін тартымды, назар аударуға лайықты ше­шімдер ұсынып отыр. Бұл байқау – ең алдымен қоғамдық бастама. Мұнда ақшалай ынталандыру немесе тікелей қаржыландыру жоқ. «Ғылым қоры» зерттеушілер мен ғалымдарға тез арада коммерцияландыру үшін өзінің ғылыми әлеуеті мен әзірлемелерін ұсынуға мүм­кіндік берді», деді. Осыдан-ақ ғалым­дарымыздың отандық ғылымға, өз кә­сібіне деген жанашырлықтан туған жан­кештілігін анық көруге болады. Өйт­кені жобаларына грант бөлмесе де, идеяларына инвестор тартуға кепілдік бермесе де ашық алаңда еңбектерін ұсынып отыр. Бұл қадам – негізінен жұ­мысын әлі патенттеп үлгермеген зерт­теушілер үшін үлкен тәуекел. Себебі интернет заманында идея ұрлау кәнігі «кәсіпке» айналып бара жатқандай. Ғалымдардың осындай еңбегін ескеріп, жобаларын жан-жақты насихаттауды жөн көрдік. Өйткені зерттеулерінің бай­қаудан бағы ашылып, ғылымға қаржы құюды қалайтын кәсіпкерлердің көзіне іліктіруге атсалыссақ деген ниеттеміз.

 

Жеуге жарамды дәрі

Сонымен байқауда қорғалған ерекше жоба­лардың бірі – COVID-19-ға қарсы нутри­цевтиктердің әлеуетті формуласын дайындау (080-2020-СК). Жоба жетекшісі Жанар Жеңіс зерттеу өнімі­нің табиғи заттардан құралған дәрумен секіл­ді адамның вирусқа қарсы иммунитетін көтеретін күшке ие екенін айтады. «Осы формулаға сәйкес бұған дейін Гон­конгта, Сауд Арабиясынан шыққан коронавирустың түрлеріне құрамындағы қосылыстардың белсенділігі бар өсім­діктер анықталған. Мен солардың басын біріктіріп, оған Т жасушасының қосылысын қостым. Әдетте бұл жасушадан жұқпалы ауруларға қарсы вакцина жасайды. Өйткені Т жасушасының қосылысы ағзаның инфекцияға төтеп беру қабілетін арттырады. Біздің өнімнің басты артықшылығы, адам оны кәдімгі тамақ секілді жей алады. Себебі зертханамызда әзірленген ботаникалық формула жеуге жарамды 3 түрлі өсімдіктен жасалған», дейді Ж.Жеңіс. Автордың айтуынша, өнімі инфекцияға қарсы тұру қабілетін арттырып қана қоймай, ағзадағы қан айналымын жақсартады, құрамындағы әртүрлі протеиндер қуат­­тандырады, қан аздықты жоюға жәр­демдеседі. Өнімді жеуге болатын, зиян­­­сыз дәрі, өсімдік препараты деуге болады.

Жапония, Корея мен Қытайда жұмыс істеп келген кейіпкеріміз бұған дейін шетелдердегі 10 жылға жуық еңбек жолында өсімдіктерді зерттеп, түрлі дәрілік шайлар мен қоспаларды әзірлеген.

«Қазақстанда технологиялық тұр­ғыда іске асыруға кедергі жоқ. Коро­на­вирусқа қарсы қуатты, улылығы төмен дәрілік әрі тағамдық өсімдіктер қос­пасынан тұратын ботаникалық фор­мула жасалады. Табиғи дәрілік және тағамдық өсімдіктерден жалпы тұнба алу, экстракциялау арқылы биологиялық белсенді кешендерді (ББК) бөліп алу, алынған ББК-нің анти­микробты (in vitro) белсенділігін баға­лау қажет. Бұл – емделушілерге қыс­қа жолды қамтамасыз ететін дәрілік өсімдіктерден жасалған қауіпсіз өнім. Дәрілік өсімдіктерден дайындалған препараттар қазіргі жағдайда жүргізіліп жатқан емдеу әдістеріне қарағанда шы­ғыны аз, экономикалық тұрғыдан тиімді. Бұл препарат COVID-19-ға бел­гілі қарсылыққа қабілетті, сонымен бірге  иммундық жүйені арттыру арқылы  қорғаныс жолын қамтамасыз етеді. Вирусқа қарсы әлеуетті тера­пия­лық белсенділігі бар дәрілік пре­параттың молекуласы  анықталады, құрылымы оңтайландырылады және in vitro эксперименттерінің көмегімен функциясы тексеріледі, содан кейін жануарларға клиникалық сынақтар жүр­гізіледі», дейді ғалым. 20 жылдық еңбек өтілі бар Ж.Жеңіс қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Дәрілік өсімдіктерді ғылыми зерттеу орталығының» директоры, 80-нен аса ғылыми еңбектің авторы. 3 мемлекеттік және 3 халықаралық жобаға қатысқан кейіпкеріміз аталған жұмысын жүзеге асыруға Миссисипи университетінің профессоры мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы мен докторанттарын тартып отыр.

 

Жабайы ақжелкен вирусты жоя алады

«Стоп-коронавирус» байқауының фина­лисі Марита Тұрғанбайқызы лептонин негі­зінде кең спектрлі жаңа отан­дық вирусқа қарсы препаратты, жабайы ақжелкен (халық арасында жабайы сәбіз деген атаумен танымал) lomatium Dissectum өсімдігінің тамырларында болатын биологиялық белсенді затты жасау жөніндегі жобаға жетекшілік етеді.

Шетелдік 5 университетте Lomatium dissectum жақсы зерттелген. Сол зерт­теулерді жүргізген ғалымдар аталған өсімдіктің тамырында бар эфир май­ларының вирусқа қарсы және анти­биотиктік қабілетке ие ингредиенттен тұратынын, сондай-ақ бактерияға қарсы және антигрибтік қасиеттері бар екенін анықтады. Lomatium dissectum сығындысының вирусостатикалық әсері ағзадағы барлық вирустардың, бактериялар мен зеңнің өсуін тоқтата алатынын білдіреді. Бұл ағзаның табиғи иммундық жүйесі зиянды микробтар арқылы денсаулыққа пайдалы микроорганизмдерге зақым келтірмей тиімді күресуге мүмкіндік береді. Lomatium dissectum инфекцияларды жою және табиғи иммундық жүйені қалпына келтіру жағынан да тиімді.

М.Тұрғынбайқызы бастаған ғалым­дар осы негізде жаңа вирусқа қарсы препаратты син­тездеуге кірісті.

Жоба артықшылықтарының бірі – шикізат базасының болуы, яғни препаратқа қажетті өсімдіктер Қазақ­стан аумағында өседі. Сол себепті өнді­ріс­тің барлық кезеңін елімізде жү­зеге асыруға болады. Құрамында қосым­ша фитохимиялық зерттеулер жүр­гізу, вирусқа және бактерияға қарсы бел­сенділікті зерттеу, оны in vitro және in viva тестілерімен растау қажет.

Отандық ғалымдардың идеясына АҚШ-тағы ғылыми ұжымдар да қызы­ғушылық танытып жатыр. Негізі жобаны фармацевтикалық компаниялар, жеке инвесторлар да қаржылық тұрғыдан қолдауға мүдделі.

«Егер фармацевтикалық бизнес пен мемлекет тарапынан қызығушылық болса, жоба Қазақстанда толығымен іске асырылуы мүмкін. Біз зерттелетін өсімдік пен әзірленіп жатқан жаңа препарат үлкен перспективаға ие екеніне сенімдіміз. Өйткені бүгінде адамзат өміріне енген SARS-CoV2 жаңа вирусымен күресу өзекті мәселеге айналып отыр. Аталған вирус біздің өмірімізде болады, жоғалмайды және бұл барлық аурумен адамзаттың күресі сияқты жалғасады. Ал емдеудің тиімділігі дәрілік препараттарға байланысты», дейді идея авторы әрі жоба жетекшісі Марита Тұрғынбайқызы. Ол бүгінде фармацевтика ғылымының кандидаты және Назарбаев Университеті University Medical Center корпоративтік қорының ядролық медицинаны дамыту секторының меңгерушісі болып еңбек етеді. Жоба жетекшісінің жанында ғы­лыми-техникалық жобаларды жүзеге асыру бойынша тәжірибесі бар 4 маман бар. Ол мұндай топпен нақты нәтижеге қол жеткізе алатынына сенеді.

Айта кетейік, байқау қорытындысы бойынша іріктелген жобалар Үкіметтің, сондай-ақ мүдделі инвесторлардың қарауына жіберіледі.