Білім • 16 Маусым, 2020

Үздік оқу орындары қатарына қосылды

133 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Quacquarelli Symonds (QS) – 30 жыл бұрын Нун­зио Кокарелли (Nunzio Quacquarelli) негізін қалаған білім беру және оқу әдістемелерінде тәжірибе жүр­гізетін мекеме.

Үздік оқу орындары қатарына қосылды

Ұйым әлемдік 700 жоғары оқу орнын 2004 жылғы әдістеме бо­йынша зерттеп, жыл сайынғы рей­тингін шығарып отырады. Бұл сұрыптау қорытындысының көр­сеткіші көптеген талапкерлердің таң­дау жасауына және жоғары оқу орындарының беделіне ықпал етіп келеді. Сол рейтингте біздің бірқатар отандық университеттер үздіктер қатарынан көрінді.

QS жоғары білім беру сала­сындағы сараптамалық агенттігі жақында QS World University Ran­kings әлемнің үздік универ­ситеттерінің жыл сайынғы тізімін жариялады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атал­ған тізімге енген әлемдегі үздік 1000 жоғары оқу орнының ішінде  165-орынға табан тірепті. Ал Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университеті 365-орынды иеленген.

Мүмкіндік аясы кең мегапо­лис­тердегі осындай ұлттық деңгейдегі университеттерден бөлек өңірдегі ЖОО-ның әлемдік үздіктер арасынан көрінуі үлкен жетістік. Соның бір дәлелі болар, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті 490-орында және Қарағанды мемлекеттiк техникалық университетi 801-қатарда тұр. Бұл көрсеткіш мұндай тізімге енбей қалған, десе де халықаралық статус­ты иеленіп отырған кейбір университеттерге үлгі болуы керек.

Осы тізімді әрі қарай Қ.Сәт­баев атындағы Қазақ ұлт­тық тех­ни­калық зерттеу университеті 541-550-қатардан орын алып жал­ғастырады. Осы ретте техникалық ЖОО-ның беделі бізде жаратылыстану және техникалық ма­мандықтарға көп көңіл бөлінген соңғы 5-7 жылдың көлеміндегі нәтижені көрсетіп тұр деп айтуға болады. Себебі әлемдік үздік ЖОО тізіміне енген еліміздегі техникалық университеттердің қатарын осыдан соң Қазақ ұлттық аграрлық университеті (591-600 орын) мен Қазақ-Британ техникалық университеті (751-800 орын) толық­тырады.

Ал QS қорытындысы бойынша іріктелген үздік 1000 ЖОО-ның қа­тарына қосылған қазақстандық университеттердің тізімін Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­гикалық университеті – 601-650; Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты (KIMEP) – 751-800; Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті –  800-1000 орынмен қорытындылайды.

Айта кетейік, QS сараптамасы университеттерді академиялық экс­­перттік бағалау (40%); рек­ру­терлік эксперттік бағалау (10%); факультеттегі студенттер саны (20%); факультет бойынша цитаталар (20%); халықаралық бағыт (10%) санат­­тары бойынша бағалайды.