Алматыдан телефон соғылды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, танымал ғалым Кенжехан Матыжанов хабарласты. Академик Сейіт Қасқабасовтың сексен жылдығын атап өтудің жайын айтады.

Мерейтой иесінің құрметіне халықаралық онлайн-конференция ұйымдастырылмақшы екен. «Қандай жағдай болса да Сейіт ағаның дәл туған күнінде өткіземіз. Көптеген елдер ғалымдар Zoom арқылы қосылуға дайын екенін білдірді. Бәрі де қызығып отыр», дейді Кенжехан. Соның алдында Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет хабарласып, 25 маусымда Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапханада елорданың зиялы қауымының қатысуымен онлайн пішінде конференция өткізілетінін айтқан, Сейіт Қасқабасовтың ғылымдағы шәкірті ретінде сол жиынға модераторлық етіп беруді ұсынған болатын. Бәрі дұрыс. Өте дұрыс. Мұндай биіктегі тұлғаларға қандай құрмет те, қандай ілтипат та жарасады.
Оны бұл биікке беттеткен баспалдақ осыдан алпыс жылдай бұрын басталған. «Едігемен (көрнекті фольклоршы Едіге Тұрсынов – С.А.) бірігіп жазған «Ертекші Шалқарбай Даңылбаев» атты алғашқы ғылыми мақаласы әлі есімде. Ол Ғылым академиясы баспасынан шыққан «Қазақ филологиясының мәселелері» атты жинақта жарияланды. Бұл талантты жастар үшін үлкен абырой болды», деп жазады академик Серік Қирабаев «Ғұлама» атты мақаласында. Қазақ мемлекеттік педагогика институтының филология факультетінің студенті бола жүріп, осындай құнды жарияланымдарымен көзге түскен, ұлы Әуезовтің батасын алып үлгеріп, ә дегеннен нағыз ғалымдықтың жолына бет қойған жас Сейіттің бағын бірден жандырған басты жайдың бірі атақты фольклортанушы Н.Смирнованың аспиранты атануы еді. «Жас шәкіртінің қарым-қабілетін танып, болашағына сенген Нина Сергеевна Сейітті үлкен академиялық мектептен өткізді. Мектеп болғанда қандай! Орыс фольклортану ғылымының кілең мықтыларының іргелі еңбектерін жас Сейіт бас алмай оқып, зейініне тоқыды, қазақ материалдары негізінде авторлық ой-тұжырымдар жасап, өз зерттеулерінде дамытты», дейді Серағаң жаңағы мақаласында. Жас ғалым ресейлік академиялық фольклор мектебі, арғыдағы Г.Потанин, В.Радлов, А.Веселовский, бергідегі В.Пропп, В.Аникин, Н.Колпакова, В.Гацак, Е.Мелетинский, К.Чистов, өзіміздегі М.Сильченко, Н.Смирнова ұсынған үздік үлгілерден көп үйренген, солар ұстанған қастерлі қағидаттардан мол тағылым алған. Академиялық мектеп дегеннен еске түседі, аспирантурада жүргенінде Сейіт газетке бірер мақала жариялапты, сол жазғандарын оқыған Нина Сергеевна қатты ренжіпті. Онысы несі? Жетекші деген шәкіртінің баспасөзде көріне бергеніне қуанбайтын ба еді қайта? Жоқ, дәл осыған шын ғалым қуана қоймапты. «Стиліңді жеңілдетіп аласың, ғылыми сөз саптаудан алшақтап қаласың» депті де, кандидаттық диссертациясын жазып бітіргенше газет редакциясы атаулыға жақындауға тыйым салыпты. Білген жанға бұл да бір үлгі.
Сұм соғыстың салдарынан әкеден бір жасында қалған Сейіт пен тетелес әпкесі Күләй екеуін аяулы анасы, өзіміз қолынан дәм татқан Әужан апамыз Алматы түбіндегі Қаскелеңге, Сейіттің нағашы жұртына жеткізіп, қос құлынын Алматыда оқытқан. Нағашы атасы Әбдікәрім ақсақалдың арқасында бала күнінен қыр өмірінің қыр-сырына қаныққан, мектептен кейін екі жылдай Қаскелең ауданының Чапаев атындағы совхозында қой баққан, мал соңында тау-тас кезіп, киіз үйде түнеп өскен Сейіттің басты бақытының бірі – дала мен қала мәдениетін бойына бірдей сіңіргендігі, ана тілі мен орыс тілін қатар, бірдей, соншама жетік білгендігі, екеуін ғылым көгіне парлап ұшар қос қанаты ете алғандығы. Классикалық билингвизм – Қасқабасов феноменінің бір сыры. Бұл үлгіні ол ұлы ұстазы Әуезовтен алған. Қазақ фольклорын түпнұсқадан, тек түпнұсқадан оқитындығы, ел ішіне шыққан экспедициялар кезінде құймақұлақ қариялардан тыңдаған, жазып алған жырларындағы, ертегілеріндегі, аңыздарындағы қазақы қайырым-қағыстарды қазақы құлақпен еститіндігі, «қазақ музыкасын жан-жүрегімен жақсы көретіні, орайлы шақта қазақ әндерін аузынан су аққанша шырқап айтатыны» (Ақселеу Сейдімбек), ордалы ойларын орысшада да, қазақшада да жеріне жеткізе жазатындығы Сейіт Асқарұлының алабөтен артықшылығы. Ғалымның жұлдызы ғылым аспанында жастай жарқыраған. Алғашқы еңбектерінің өзіне атағынан ат үркетін ағалары да естіп-көрмеген небір бағалар берілген. О.Иосттың жас ғалымды «легенда казахстанской науки» атағанын, В.Частныхтың оны «гениальный ученый» дегенін қыздырманың қызыл сөзіне қоса қоятындар табылса табылар, бірақ Сейіттің жиырма сегізге жаңа толған тұсында үш томдық «История казахской литературы» академиялық басылымы авторларының бірі болғанын, кандидаттық диссертациясының негізінде жазылып, 1972 жылы Мәскеудегі «Наука» баспасынан шығарылған «Казахская волшебная сказка» кітабының сол тұста Одақ көлеміндегі ең таңдаулы бес басылымның бірі ретінде танылғанын, оған «Вопросы литературы», «Советская тюркология», «Вестник АН СССР» «Русский фольклор» сияқты салалық беделді басылымдардың бетінде одақ көлеміндегі мүйізі қарағайдай ғалымдар көлемді рецензиялар жариялағанын, осының бәрі айналып келгенде қазақ фольклористикасының атағын аспандатқанын, біздегі гуманитарлық мектептің беделін биіктеткенін, ал әлемдік ауқымда алғанда жалпы кеңестік түркологияның ұпайын асырғанын мойындамайтындар табыла қоймас. Әлемдік фольклортанудың сол тұстағы ең озық жетістіктерін арқау ете отырып, дүние дидарындағы ең терең теоретиктердің ой-пікірлеріне сүйене келіп, типологиялық тың тұрғыдан талдау жасаған қазақ ғалымы халқымыздың қиял-ғажайып ертегілері мына жарық жалғандағы ең бір ғажайып мәдени мұралар қатарына қысылмай қосатын аса құнды қазына екенін кемелдікпен көрсетіп берді. Кітаптың 200 бетін алып жатқан кандидаттық диссертацияда ұзын саны 431 еңбекке сілтеме жасалғанының өзі назар аударарлық жай болатын. С.Қасқабасов біздегі қиял-ғажайып ертегілерінің айрықша сипатын көшпелі өмір салтымен, ауылдан-ауылға, ауыздан-ауызға көшетін, айлы түндердегі алқақотан отырыстарда айтыла-айтыла өзінен-өзі редакцияланып, ұштала түсетін қасиетімен орынды түсіндіреді. Ұлы даланың тарих дәлізінде тұруы да қазақ ертегілерін жан-жақтан жетіп жататын сюжеттік желілермен байыта берген. Ертегілерде матрилокальдық неке, кувада, экзогамия, эндогамия, авункулат, инициация сияқты қауымдық құрылысқа тән салт-дәстүрлердің, анимистикалық, тотемдік дүниетанымның көрінуі олардың аса ерте замандарда туғанын танытып тұр. Олардың біразы тіпті қазір де бар. Авункулат – адамның өз анасының ағасымен айрықша қарым-қатынасы. Терминмен қиындатпай айтсақ, нағашы мен жиеннің арасы. С.Қасқабасовтың талай түйіні тәнті етпей, тіпті бар ғой, ет жүрегіңді елжіретпей қоймайды. Мысалы, ол қазақ ертегілерінің арасында жетім бала туралы айтылатындары аз екендігіне назар аударады да, мұның сырын әмеңгерлік салтына саяды. Мұндайда туған әкесіз қалған бала жетімге жатқызылмайтын болған, сондай-ақ бала асырап алудың жиі кездесуі де жетімдерді азайта түскен, дейді автор.
С.Қасқабасов зерттеулерінен біз қазақ сөзінің соншама сіңірімділігін көріп сүйсінеміз. Мысалы, Атымтай жомартты, Қарынбайды алайықшы. Былай қарасаңыз, нағыз қазақы есімдер. Біреуі көңілі түскенде табан астында тайды атап жіберетін жомарт, біреуі қарынның қамынан басқаға қарамайтын сараң сияқты. Сөйтсек, бұларда да қазақ ертегілерінің жеті жұртпен жалғасып жатқан сабақтастығы бар екен. Карун кәдімгі Құрандағы Қарун – «Әл-Қасас» сүресінің 76-аятында: «Ақиқатында, Қарун Мұсаның елінен болып, оларға тәкаппарлық танытты» делінеді. Ал Атымтайға келсек, автор арабтың тай тайпасында Хатам деген өте жомарт кісі өткенін, сол адам Хатам-тай атанып кеткенін, ол бізге Атымтай жомарт болып жеткенін айтады. Кей зерттеушілердің Атымтай бір адам, Жомарт бір адам, екеуі туған бауыр деп жаңылысатынын, ал дұрысында қазақ ертегілерінде «жомарт» эпитеті басқа кейіпкерлерге де таңылатынын, мысалы, Қасым жомарт есімді дарқан адам туралы айтылатынын («Золотая жила», 1 том, 15-бет. «Астана» баспасы, 2000 жыл) түсіндіреді. Сонымен бұл есім ертеден, ертегіден келе жатқан, мәні бөлек есім екенін біліп отырмыз.
Академик Зәки Ахметовтің жас ғалымның тұңғыш туындысына орай айтқан «Сейіт Қасқабасов қазақстандық фольклористикада қағидатты түрде жаңа бағытты бастап берді» деген сөзінің тереңдігі оның докторлық монографиясы негізінде жазылып, 1990 жылы жарық көрген «Казахская несказочная проза» атты кітабы арқылы түпкілікті тиянақтала түсті. 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілген бұл кітап – отандық ғылымның ойсыраған олқылығын толтырып қана қоймай, «әлемдік фольклортануға кірпіш болып қаланған» (Дихан Қамзабекұлы) дара дүние. Автордың өзіндік жаңалықтарына қатысты бірер мысал ғана келтірейік. «Академик С.Қасқабасовтың ғылыми мектебі» кітабында былай айтылған: «Қазақ фольклорының поэтикасын талдай келе ғалым онда циклизация үдерісі бар екенін анықтады. Осы орайда циклизацияның сюжеттік, өмірбаяндық, тектік, тарихи және географиялық дейтін бес түрін ашты. Бұрын фольклорға циклизацияның 3 түрі ғана тән деп есептелетін. С.Қасқабасов болса, қазақ фольклоры құрамындағы эпостың тағы 2 түрін тапты. Сөйтіп бұрынғы 4 түрге (архаикалық, қаһармандық, романдық және тарихи) балладалық және дастандық эпостарды әкеліп қосты. Оның пайымдауынша, біздің дастандарымыз әдеби емес, ең алдымен фольклорлық жанр болып табылады әрі бірнеше ішкі әр алуан тармақтарға бөлінеді». Көрнекті ғалымдарымыз Серік Негимовтің, Темірхан Тебегеновтің, Кенжехан Матыжановтың мақалаларында ғалымның ашқан жаңалықтары нағыз маманның көзімен жіктеліп-жіліктелген.
Біздің фольклортануды Қасқабасовқа дейінгі және Қасқабасовтан кейінгі кезеңдер деп шартты түрде бөлсек те артығы жоқтай көрінеді тіпті. Өйткені фольклоршы ғалымдарымыз Сейіт кітаптарынан кейін көп дүниеге басқаша қарай бастағаны күмәнсіз. Мысалы, кезінде «Мифы народов мира» деген қолақпандай қос том шыққанда оның ішінде біз жүрмегенімізге онша таңдана қоймағанбыз. Жоқ па – жоқ... Жоққа жүйрік жетпейді... С.Қасқабасовтың жалымызды күдірейтіп жіберген және бір жақсылығы – қазақ мифологиясы деген ұғымды ғылыми айналымға қосып бергендігі. «Осы күнге дейін біз қазақ фольклорында миф жанры бар деп айтпаппыз. Көбіне мифологиялық түсініктер, мотивтер, кейіпкерлер бар деп жалпылама түрде айтып, сырғып өтеді екенбіз. Оның басты себебі, біздің ойымызша, миф жанрын еуропалықтарша түсінгендіктен», деп кіріскен автор «Қазақ мифі және әлемдік мифология» атты көлемді зерттеуі арқылы мифтің бізде бар екенін де, бар болғанда да неше түрі бар екенін де қолмен қойғандай дәлелдеп берді, оларды анықтаудың методологиялық алғы шарттарын белгіледі. Шәкір Ыбыраевтың сол тұста: «Табиғаттың төл бесігінде тербеліп жүрген көшпенділердің осы қасиетін, табиғаттың өзіндей таза олардың мифін кеш те болса енді көргендейміз. Бұған да шүкіршілік», деп жазғаны есте. Қалай шүкіршілік етпейік, егер Қасқабасов концепциясынан кейін түбі бір түркі жұртындағы фольклоршылар шетінен өз халқының мифтерін іздеп, тауып, жариялап, зерттеп, насихаттап жатса, осы іске қозғау салып, сеңді бұзып берген қазақ ғалымына ақ алғысын арнап жатса? Иә, миф деп терминмен айдар тақпағанымыз, көңіл бөлмегеніміз болмаса, бізде де бәрі бар екен. Эсхатологиялық мифтер бар ма бізде? Бар. «Топан су туралы мифтер – адамның Homo Sapiens бола бастаған шағындағы мұз дәуірінің, сол замандағы қалың мұздың еріген орасан суының биогенетикалық жады арқылы жеткен ізі туралы әңгімелер». Қазығұртта қайырлаған Нұқ пайғамбар кемесі туралы мифтегі негізгі мәселе топан судың өзінде емес, әрине. Мәселе ежелгі бабаларымыз санасының әлемді жапқан топан су туралы классикалық мифке үн қосқан саралығында, дүниенің жаратылысына, адамзаттың жер-жаһанға таратылысына қызыққан, соны өзінше түсіндірген даралығында. Этиологиялық мифтер бар ма бізде? Бар. Мифологиялық сананың екінші сатысында жүзеге асатын бұл процесте шыққан тау-тастың пайда болуы («Келіншектау», «Қазығұрттағы таулар соғысы»), аспан шырақтарының пайда болуы («Үркер», «Жетіқарақшы») туралы талай тамаша мифтеріміз дәлел бұған. Сол мифтер біздің ежелгі ұғымдарымызды да қалыптастырған. Мысалы, «тәңір» мен «теңіз» сөздерінің түпмағынасы – «көк». «Екеуінің түбірі («тәң/тең») «көк», «аспан» ұғымымен байланысты, демек, «тәңір» – көктегі (яғни жоғарыдағы) су болса, «теңіз» – жердегі (яғни төмендегі) су». Теңіз – екінші аспан: «з» жұптықтың белгісі, мысалы, «екіден» «егіз» шығады. «Тәңір – Ұмай» ұғымы аспанды – әке, жерді – ана ретінде қабылдаудың көрінісі екенін дәлелдеген автор сол тұста ұлы ақынның «Анамыздай жер иіп емізгенде Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер», «Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынысты» деген жолдарын көлденең тарта қойғанда Абай мифологизмі туралы да ойға кетесің. Шын ғалымның басты мұраты – ойландыру ғой. Осы орайда Зәки Ахметовтің кезінде тасқа басылған мына бір әңгімесін айта кетелік. Зәкең Әлкей Марғұланға: «Әлеке, «Востоковедение» журналының жаңа шыққан 3-санындағы Сейіт інішегіңіздің мақаласын оқымадыңыз ба?» десе, ұлы ғалым: «Сейіттің мақалаларын оқығанда әжептәуір ойланып қаламын» депті. Бұл – ең керемет мақтаудан да артық сөз. Проблема қозғау – ғылымдағы басты мәселе.
Қасқабасов қазақ фольклортануын әлемдік деңгейге көтерді дегенде біз оның орысша жазған зерттеулері кешегі кеңестік кеңістікте де, қазіргі ТМД аумағында да дәйім сұранысқа ие екенін (айтқандай, оның бір айғағы – 2011 жылы «Достастық жұлдызы» мемлекетаралық сыйлығының лауреаты атанғандығы), кітаптары ағылшынша шыққан, халықаралық конференцияларда талай баяндама жасаған аз ғалымның бірі, Халықаралық фольклористер қоғамының мүшелігіне сайланған біздегі жалғыз ғалым екенін ғана айтпаймыз, ең алдымен оның еңбектеріне сүйенетін шетелдік оқымыстылардың көптігін айтамыз.
Қасқабасовтың қазақ рухын асқақтатуға атсалысқан аса ерен еңбегінің бірі – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын басқарған жылдарында ұлан-байтақ фольклорымызды жинауды, зерттеуді жаңаша жүргізгені. Оның нақты көрінісі – жүз томдық «Бабалар сөзін» шығару ісін бастағаны, ұйымдастырғаны. Бұл басылым – әлемде бұрын-соңды болып көрмеген құбылыс. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына қатысты бір алқалы жиында: «Академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов басқаратын «Бабалар сөзі» сериясымен шыққан кітаптар да қазақ халқының аса бай ауыз әдебиеті мұрасын жинақтап, ұрпақ қолына табыстауда үлкен рөл атқаратын жоба деп білемін» деген болатын. Шынында да, алапат жұмыс атқарылған. Тек көлемін айтумен тоқтайықшы. Осы серияны дайындау барысында ғалым 100 миллионнан астам баспатаңбаны қарап шыққан десек, сене қоймассыз. Онда дәлелдейік. Осы серия толық жеріне жеткенде Сейіт Асқарұлынан газетке сұхбат («Мәңгілік елдің мәңгілік фольклоры», «Егемен Қазақстан», 2014 жыл, 24 қаңтар) ала отырып, былай дегенім бар: «100 том! Бұл – айтуға ғана оңай шаруа. Мен сізбен әңгімеге дайындалғанда осы серияны шығарған «Фолиант» баспасынан мынандай мәліметтер алдыртып, атқарылған жұмыстың ауқымына тіпті қайран қалдым. Жүз томда ұзын саны басы бүтін 594 ірі шығарма қамтылыпты, оның сыртында аңыз-әпсаналар, мифтер, қара өлеңдер, лирикалық өлеңдер, өтірік өлеңдер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, айтыстар, шешендік сөздер, бата-тілектер, тыйым сөздер, тағы басқалар қаншама? Ақыр аяғында қарғыстарға дейін жинапсыздар ғой. Олардың бәрін санап шығу мүмкін емес шығар. Әр томның көлемі орташа алғанда 400 беттен. Серияның жалпы көлемі 2540 баспа табақ, әр баспа табақ 16 беттен есептелгенде мұнда шамамен 40640 бет бар екен. Әр баспа табақта 40 мың таңба болатынын ескерсек, осы басылымдағы таңбалар саны… 101 миллион 600 мың таңба екен… Мұндағы мәтіндерді тек теріп шығу үшін компьютер клавиатураларына саусақтар жүз миллионнан артық рет тигенінің өзі ғажап емес пе?!». Сонда Сейіт аға академик басымен «Мына айтқандарың кім-кімді де таңдандырар» деп бетіме аңтарыла қараған болатын. Расында да, бұл ғажайып, ерлікке тең еңбек!
Мұндай еңбегі көп. Ардақты азаматымыз Өзбекәлі Жәнібековтің шақыруымен партияның Орталық комитетіне жұмысқа келген тұста Алаш арыстарын ақтауға араласуы, кезінде қабылданып, қазақтың тарихына, мәдениетіне соншама зардабын тигізген қаулылардың күшін жойғызуға кірісуі өте жемісті болған еді. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні де Сейіт Асқарұлының ұсынысымен белгіленгенін бүгінде білетін адам аз. Неге 31 мамыр? Неге басқа күн емес? Сөйтсек, Мәскеу республикалардан «халық жауларын» анықтау барысы туралы есепті жыл сайын 31 мамырға жөнелтуді міндеттеп отырған екен.
Біз Сейіт ағамен сол Орталық комитетте бірге істеген кезден араласа бастадық. Содан бергі отыз жылдан астам уақытта ағалы-інілі болып келеміз. Көп жақсылығын көрдім, көп нәрсе үйрендім. Нағыз ғылыммен айналысудың азабын да, ғажабын да сезіндірген асыл адамға қарыздармын қашанда. Жақында жарияланған «Әуезовтен бата алған студент» атты мақаласында Шерубай Құрманбайұлы: «Үлкен академиялық мектептен өткен, ұстаз көрген ғалым өзі де ұстаз деңгейіне көтеріліп, ғылыми мектебін қалыптастырды. Ғалым әдебиеттану саласы бойынша 15 ғылым докторын, 25 ғылым кандидатын даярлады. Олардың арасында ғалымның Ақселеу Сейдімбек, Сауытбек Абдрахманов, Кенжехан Матыжанов, Шәмшәдин Керім, Абат Пангереев, Тоқтар Әлібек, Бақытжан Уәлиқызы, Ақеділ Тойшан сияқты мақтан етіп, аузынан тастамай айтып жүретін айтулы шәкірттері бар», деп жазыпты. Біз де ұстазымызды мақтан етіп, ауыздан тастамай айтып жүреміз.
Мақаланың тақырыбына кейіпкердің есімін қоя салғандай көріп қалмаңыз, қадірменді оқырман. Сейіт есімі араб тілінде «мырза», «сыйлы адам» деген мағына береді. Сейіт Асқарұлы – айналасына, шәкірттеріне, оқырмандарына, әріптестеріне, баршаға бойындағы бар қазынасын ағыл-тегіл ұсынып жүретін өте мырза адам, білімі, білігі, ғылымға адалдығы, табандылығы, тағдыр алдынан тосқан талай қиындықты қақыратып өткен қайраты арқылы, жұртқа мейірімі, жақсылығы, шапағаты арқылы халықтың құрметіне бөленген нағыз сыйлы азамат. Сейіт!
Ағамыздың жетпіс бес жылдығына орайластырып, Central Asia Monitor газетіне жариялаған (2015 жылғы 23 қазан) «Академик. Каскабасовская культурология: размышления после юбилея» атты мақаламның бір тұсында «Сегодня Сеит Каскабасов – один из тех, кто определяет собой нравственные императивы казахского общества» деген сөйлем бар болатын. Сол ойды бес жылдан кейін тағы бір рет ортаға салмақпын. «Қоғамның адами-парасаттық императиві» дегендей бағаны (imperativus – дәлме-дәл сірестірсек, «әмірін жүргізу», «дегенін істету» мағынасын береді, мына тіркестегі мәніне қарап, қазақылау қайырсақ «сөзіне тақ тұрғызуға» келеді) өркениетті елдерде өзіне де, сөзіне де барша жұрт сенетін, осы кісі адалын айтады, біліп айтады дейтін, халық құрметтейтін, жазғанын оқитын, сөйлегенін тыңдайтын, күмән келсе, талас туса жүгінетін, беделіне шүбә келтірмейтін асыл адамдарға, шын мәніндегі дара тұлғаларға ғана береді. Сирек береді. Қазіргі қазақ қоғамы үшін сондай асыл адамдардың, сондай дара тұлғалардың бірі, бірегейі – академик Қасқабасов.
Менің Сейіт ағам.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты
Рыбакина Майами турнирінің үшінші кезеңіне шықты
Спорт • Бүгін, 12:55
Өткен тәулікте 34 адамнан коронавирус анықталды
Коронавирус • Бүгін, 12:35
FIDE президенті Гран-приге қатысушылардан кешірім сұрады
Шахмат • Бүгін, 11:56
Әскери қызметші қошқарды 2050 рет көтеріп, жаңа рекорд орнатты
Спорт • Бүгін, 11:17
Бокс: Бүгін Ләззат Күнгейбаева алтын жүлде үшін сынға түседі
Спорт • Бүгін, 10:57
Тоғыз облыста ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 10:30
Ұқсас жаңалықтар