... мектепке дейінгі балалар мекемелері мен балалар бақшасын дамыту мәселесін қарастыратын “Балапан” бағдарламасына қаржы бөлінуі бұл жолғы Жолдауда елді индустрияландыру секілді стратегиялық мақсатпен қатар, халықтың тұрмыс жағдайына тікелей әсер ететін әлеуметтік шараларға да үлкен назар аударылғандығын көрсетеді.
Елбасының биылғы халыққа Жолдауы өзінің маңыздылығы, алдағы онжылдық дамудың басым бағыттарын нақты белгілегендігі және алға қойған мақсаттың ауқымдылығымен ерекшеленгендігі белгілі. Егер Елбасының осыған дейінгі жыл сайынғы жолдауларының көпшілігі негізінен алғанда ағымдағы міндеттерді молынан қамтыса, бұл жолғы Жолдау еліміздің стратегиялық даму мәселесіне арналды. 2020 жылға дейінгі кезеңнің басты мақсаты ретінде үдемелі индустриялық дамуға басымдық берілуі осы Жолдаудың өзегін құрады.
Сонымен қатар, Жолдаудың әлеуметтік мәні де болды деп есептейміз. Осы Жолдау негізінде бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы мен студенттерге берілетін мемлекеттік стипендияларды 25 пайызға арттыруды бұрынғы белгіленгендей 1 шілдеден емес, 1 сәуірден бастап төлеуді жүзеге асыру жөнінде Үкіметке арнайы тапсырма берілуі, сонымен қатар мектепке дейінгі балалар мекемелері мен балалар бақшасын дамыту мәселесін қарастыратын “Балапан” бағдарламасына қаржы бөлінуі бұл жолғы Жолдауда елді индустрияландыру секілді стратегиялық мақсатпен қатар, халықтың тұрмыс жағдайына тікелей әсер ететін әлеуметтік шараларға да үлкен назар аударылғандығын көрсетеді.
Үкімет Елбасының Жолдауында белгіленген тапсырмаларды жеделдетіп жүзеге асыруға кірісті. Алдын ала дайындалған еліміздің 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджетін қайтадан қарастырып, онда қосымша кіріс және шығыс көздерін белгіледі. Үкіметтің бюджет саласындағы бұл саясатын Елбасы мақұлдады. Өткен аптада Елбасы қолдаған бюджеттегі бұл түзетулер Үкіметте арнайы қаралып, оны жүзеге асыру жөнінде тиісті қаулы қабылданды.
Сонымен, республикалық бюджеттің көлемі қандай мәселелер жөнінде арттырылып отыр? Енді осыған келейік.
Алдымен айтарымыз, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақылары мен студенттердің стипендиясын 25 пайызға арттыру ісін бұрынғы белгіленген мерзімнен үш ай бұрын бастау үшін ғана республикалық бюджетке қосымша 53,8 миллиард теңгенің шығындары қажет екен.
Ал балалардың мектеп жасына дейінгі мекемелері мен балалар бақшалары жүйесін дамыту үшін әзірленген “Балапан” бағдарламасын қаржыландыру үшін жиыны 96 миллиард теңгеге жуық қаржы керек. Осы қаржыға 2010-2014 жылдар аралығында 289,3 мың орын іске қосылатын болады. Соның ішінде 18,4 мың орынды құрайтын 82 балалар бақшасы салынады. Сонымен қатар, жеке меншіктегі және басқа да меншік түрлеріндегі балалардың мектеп жасына дейінгі мекемелеріне мемлекет қаржысы арқылы бөбектерді орналастыру үшін 270,9 мың орынға тапсырыстар беріледі. Сөйтіп, 2015 жылға таман 650 мыңнан астам бүлдіршін мектеп жасына дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз етіледі. Бұл белгіленген жұмыстар биылғы жылдан бастау алады. Осы үшін республикалық бюджеттің шығыс бөлігіне қомақты қаржы салынып отыр.
Сонымен қатар, жоғарыда айтып кеткеніміздей, еліміздің үдемелі индустриялық дамуына екпін беру үшін бюджетте бұдан басқа да қосымша шығындар белгіленіп отыр. Мәселен, 2010-2014 жылдарға арналған еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін 143,8 миллиард теңге, “Бизнестің жол картасы-2020” жобасын жүзеге асыруға 30 миллиард теңге, “Инвестор-2020”, “Экспорттаушы-2020”, “Өнімділік-2020” бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы шикізаттық емес секторларды дамыту шараларына 5 миллиард теңге, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін “Самұрық-Қазына” әл-ауқат қорының жарғылық капиталын арттыруға 62,8 миллиард теңге, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін “КазАгро” холдингіне 28 миллиард теңге, ғарыш саласын дамытуға 7 миллиард теңге, халықаралық саудадағы маңызы бар “Қорғас” кеденінің инфрақұрылымдарын жетілдіруге 6 миллиард теңге, Астанадағы жаңа университеттің екінші кезегінің құрылысына 5 миллиард теңге қарастырылатын болды.
Мұның сыртында Астана және Алматы қалаларында 2011 жылы Қысқы Азия ойындарын өткізу үшін дайындық пен тиісті инфрақұрылымдарды дамыту үшін 44,4 миллиард теңге бөлінбек.
Жоғарыдай айтылған жобалардың ішінде “Жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне талдау жасап көрейік.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жаңа Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту ісіне ерекше тоқталғандығы белгілі. Осыған орай Мемлекет басшысының өз сөзінде алдыға қойылып отырған асқаралы міндеттің бірі – экономиканы әртараптандыруда негізгі салмақ кәсіпкерлерге түсетіндігін, сондықтан алдағы уақытта барлық тәуекелдерді мойнына ала алатын, жаңа рыноктарды игеруге, инновациялық технологияларды меңгеруге бейім кәсіпкерлерді көргісі келетіндігін жеткізді. Оларды экономиканы дамыту мен қайта жаңғыртудың қозғаушы күші деп атады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Жолдау арқылы кәсіпкерлік корпусқа Мемлекет басшысының ерекше қолдау білдіруі нәтижесінде Үкімет “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асыру үшін 30 миллиард теңге қаржыны бюджетке салып отыр. Бұл қаржы алдағы уақытта өз соңынан 300 миллиард теңгеден астам жеке меншік инвестицияларды тартуы тиіс.
Жалпы Кеден одағын қалыптастыру мен кәсіпкерлікті дамыту еліміздің тұрақты дамуына ықпал ететін басты және бір-бірімен байланысты мәселелер болып табылады. Өйткені, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы Кеден одағының бізге беретін мүмкіндіктерін пайдалануға қажет алғышарттарды қалыптастырады. Олар бағдарламаны жүзеге асыруға бөлінген қаржыны пайдалана отырып, өздерінің шығаратын өнімдері мен қызметтерінің сапасын арттыру бағытында жұмыс істейді, осы арқылы бәсекелестікке қабілеттіліктерін шыңдай түседі.
Кеден одағының құрылуы нәтижесінде алдымыздан 170 миллион адамды құрайтын үлкен рыноктың ашылатындығы белгілі. Біз бұл рынокқа қандай жолдармен кіре аламыз?
Біріншіден, Ресеймен және Беларусь елдерімен тауарлар саудасында кедендік баж салығының алынып тасталуы қазақстандық экспортты бұрынғыға қарағанда өтімді ете түспек.
Екіншіден, Ресейдің Қазақстанмен шектесетін шекара маңындағы аумағының өзінде ғана 24 миллион халық тұрады. Ресейдің шекара маңындағы аумағымен сауда жасасу мәселесі бізде бұдан бұрын да жақсы жолға қойылған болатын. Сауда жасасудың барлық қажетті инфрақұрылымдары бар, екі елдің адамдарының, бизнес құрылымдарының алыс-берісінде тілдік, мәдени кедергілер жоқ. Тауарларды тасымалдау қашықтығының өзі ең ұзақ дегенде 500 шақырымнан аспайды. Былайша айтқанда, Қазақстанның көршілес отырған бір облысынан екінші облысына сапарға шыққанмен бірдей. Мұның өзі Қазақстанның ішкі рыногымен қоса алғанда тұтасып жатқан аумақтық-географиялық бірыңғай рыноктың ендігі кезекте 2,5 есе кеңейе түскендігін білдіреді.
Үшіншіден, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің отандық бизнесті дамыту, олардың алдындағы әкімшілік кедергілерді шектей түсу жөніндегі шараларды кешенді түрде жүргізуінің нәтижесінде Қазақстанда бизнес жүргізу Ресей мен Беларуське қарағанда, жеңілірек деп есептеледі. Мәселен, Бүкіләлемдік банктің бизнесті жеңіл жүргізу жөніндегі бағалауы бойынша біздің еліміз әлем елдерінің арасында 63-інші орында тұрса, Ресей 120-сыншы орында тұр. Бізде кәсіпкерлерге Ресей мен Беларуське қарағанда салық та аз салынады. Енді оның үстіне “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлер үшін өз бизнесін дамыта түсуде мемлекет тарапынан қосымша жеңілдіктер ұсынылып отыр. Міне, осы факторлардың барлығы қосыла келіп, қазақстандық кәсіпкерлердің бәскелестік қабілетін нығайтуға әсер ететін болады.
Демек, алдағы уақытта біздің кәсіпкерлеріміз тауарлар өндірісі мен оларды экспорттау мәселесінде ресейліктер мен беларусьтіктерге қарағанда осал түсіп жатса, ол үшін мемлекетті айыптаудың қажеті жоқ. Мемлекет олардың алдында қолдан келгеннің бәрін істеді. Қамқорлығы күшті болды. Осы қамқорлық сөз болып отырған республикалық бюджетті Елбасының тапсырмасына сәйкес нақтылау үдерісінде тағы да барынша көрініс тапты. Сондықтан халықаралық бәсекелестік майданына шын мәнінде бел шешіп түсу үстіндегі кәсіпкерлерімізден үлкен үміт күтеміз. Қазіргі кезең олар үшін үлкен сынақ кезеңі. Кәсіпкерлеріміз бұл сынақтан абыроймен өтетін болса, онда бүкіл еліміздің бақ-талайы артып, ырысы тасиды, жас ұрпақтың алдынан жарқын жол ашылады.
Сонымен қатар, жоғарыда айтып кеткеніміздей, “КазАгро” холдингіне агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін қосымша 28 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржы негізінен саланы техникалық және технологиялық тұрғыдан жарақтандыру, өңдеу кәсіпорындарын несиелендіру, лизингке ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу үшін жұмсалмақ. Сондай-ақ, еліміздің ет экспортының әлеуетін арттыру үшін 5 бордақылау алаңы құрылатын болады.
Жалпы агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруға мемлекеттік бюджеттен 258 миллиард теңге қарастырылғандығын еске сала кетейік. Мұның 47 миллиард теңгесі субсидиялауға, қалғаны несие қаржы есебінде беріледі.
Сонымен “қазынаның кірісі – халқымыздың ырысы” дегендей, Елбасының Үкіметке берген тапсырмаларына сәйкес республикалық бюджетке салынып отырған қосымша қомақты қаржы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, бюджет қызметкерлерінің жалақысын арттыруға, бүлдіршіндерді балалар бақшасымен қамтамасыз етуге, жаңа инфрақұрлымдық және инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы индустрияландыру бағдарламасын орындауға, кәсіпкерлердің алға қойған мақсатқа деген құлшынысын арттырып, олардың бәсекелестік қабілетін шыңдай түсуге жұмсалмақ.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.