Маңғыстау өңірінде еліміздің Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген әріптестерін сеніп тапсырылған әскери бөлімшелердің оқу-жауынгерлік мүмкіндіктерімен және оқу-жаттығуды өткізу шарттарымен таныстырды. Қорғаныс ведомстволарының басшылары алдымен Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің зымыран-артиллериялық кемесінде болды. Онда делегация басшылары кеменің жауынгерлік мүмкіндіктері мен орындайтын тапсырмаларымен танысып, сүңгуір орталығына келді. Оқу-жаттығу кешенінде оларға жауынгер жүзушілерді кәсіби дайындау барысында қолданылатын қару-жарақ пен техникалық құралдар туралы мағлұмат берілді.
Бұдан кейін шетелдік қонақтарға 25744 әскери бөлімінде теңіз жаяу әскерлерін дайындау жүзеге асырылатын оқу тренажерлері көрсетілді. Делегация басшылары «Оймаша» полигонында әскери қызметшілерді орналастыру және тамақтандыру жағдайымен танысып, қару-жарақ пен әскери техниканы тексерген соң әскери атыс алаңына келді. Онда достық армиялары әскери қызметшілері тактикалық атыс элементтерін сәтті орындап, ату кезінде керемет шеберлік пен дәлдік көрсетті. Сонымен қатар қорғаныс ведомстволарының басшылары «Батыс» жедел қолбасшылығы әскерлері біріккен тобының басқару пунктінде болып, оның мүмкіндіктерімен және оқу-жаттығудың жоспарымен танысты.
«Бірлестік-2024» оқу-жаттығуы аясында түнгі уақытта қатысушы мемлекеттердің әскери жауынгерлері тактикалық іс-қимылдарды тәжірибе түрінде көрсетті.
Әскерлердің біріккен іс-қимылын бақылау алаңынан бес елдің қорғанысқа жауапты басшылары түгел бақылап отырды. Айта кету керек, «Оймаша» полигонында өткен соғыс қимылдары театрында қатысушы елдердің әскери қызметшілері 17 тактикалық эпизодты пысықтады. Оның бәрі Халифат мемлекетін құруға ұмтылған заңсыз қарулы құрылымдарды тауып, олардың көзін жою жөніндегі бірыңғай оқу-жауынгерлік тапсырмаларға бағынды. Арнайы операцияны сәтті жүзеге асыруда жер үсті және әуеден барлау қызметтері маңызды рөл атқарды.
Бандалық құрылымдардың базаларын тапқаннан кейін, арнайы мақсаттағы топтар соққы беру үшін армиялық авиацияға координаттарды тапсырды. Сонымен қатар алғы шептегі базалық аймақтарды, содырлардың позицияларын және олардың бағдары мен қозғалысын іздеуді жауынгерлік экипаждар, Wing Loong, Orbiter және Puma ұшқышсыз ұшатын аппараттарындағы барлау кешендері жүзеге асырды. Бандалық құрылымдардың өрістеген жері артиллерияның күшімен жойылды. Жау позициясынан ұшырылған дрондар тобының шабуылына әскери қызметшілер радиоэлектронды күрес құралдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жылжымалы зенитті зымыран кешендерімен және зениттік қондырғылармен тойтарыс берді. Осылайша, заңсыз қарулы құрылымға барынша зиян келтіру мақсатымен әскерлер тобының біріккен бөлімшелері басқарылатын мина алаңдары мен артиллерия күштерін қолданып «от қапшығын» құру бойынша маневр жасады.
Жау артиллериясының атыс шабуылын тойтаруға танкке қарсы қол және станоктық гранатометпен, реактивті жаяу әскер отшашарымен, танкке қарсы зымыран кешендерімен және пулеметтермен жабдықталған ұтқыр топтар қатысты. Олардың туннельдер арқылы шегініс жасауы әскери контингенттер артиллериялық есеп топтарының қолдауымен жүзеге асырылды. «Сақ қорғаны» тактикалық тәсілін орындау кезінде танк экипаждары үйлесімді қимыл көрсетті. Шабуылға тойтарыс берудегі әдістің артықшылығы – танктердің аяқ астынан пайда болуы және шабуылдаушы жеңіліске ұшырауы болды. Заңсыз қарулы құрылым топтарының сытылып кетуіне атыс шебінде орналасқан резервтік күштер кедергі келтірді. Операцияның сәттілігі алдын ала тиімді позицияға ие болған тактикалық әуе десантын, сондай-ақ аралас авиациялық топтың соққыларын енгізу арқылы дамыды. Одан әрі әскери маневрлер Каспий жағалауында және Тоқмақ мүйісіне жақын теңіз учаскесінде жалғасты.
Ептілігі мен жауынгерлік дайындықты шыңдауға негізделген «Бірлестік-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының соңы Тоқмақ мүйісіндегі Каспий теңізінің Қазақстан секторында практикалық іс-қимылдарды пысықтаумен аяқталды. Жоспар бойынша құрлықтың осы бөлігіне шоғырланған содырлар тобының қалдықтары айтарлықтай шығынға ұшырайды. Біріккен әскерлер тобының бөлімшелері барлау жүргізіп, минаға қарсы қамтамасыз ету, аралық базаны, құрлықтағы және теңіздегі содырларды жою жұмыстарын жүргізді. Операцияға әскери-теңіз десанты мен әуе десанттары, шабуылдау эшелондары, мобильді-атыс тобы қатысты. Олардың әрекеттері зымыран-артиллериялық кемелермен, артиллериямен, армиялық және майдандық авиациямен қолдау тапты.
Қатысушыларды оқу-жаттығудың аяқталуымен еліміздің Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов құттықтады. Ол қарулы қақтығысты оқшаулау жөніндегі бірлескен операция басқару органдарының үйлесімділігін, жауынгерлік әзірлікті және әскери контингенттер бөлімшелерінің жедел үйлесімділігін жетілдіруге бағытталғанын жеткізді. Әскери қызметшілер бұл тапсырманы сәтті орындап, жауынгерлік жағдайдағы өзара іс-қимылдың оң тәжірибесін алды.
– Оқу-жаттығу жоспарын іске асыру барысы нақты жауынгерлік жағдайларға жақын модельденді. Қайта топтастыру және біріккен әскерлер тобын құру мәселелері пысықталды. Тактикалық эпизодтарды орындау кезінде әртүрлі қару-жарақ пен әскери техника қолданылды, авиация, әскери-теңіз күштерінің кемелері, артиллериялық есептоптар, әуе қорғанысының зениттік-зымырандық кешендері, бронды және инженерлік техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары жұмылдырылды, – деп нақтылады ол.
Сондай-ақ Қорғаныс министрі биыл құрлықта және теңізде өткізілген оқу-жаттығу тек ауқымымен ғана емес, жеке құрамның кәсіби дайындық деңгейімен де ерекшеленетінін атап өтті.
– Қатысушы елдердің әскери контингенттері бір сапта жауынгерлік міндеттерді келісіп әрі шебер орындауға дайын екендіктерін дәлелдеді. Бірлескен оқу-жаттығу өз мақсатына қол жеткізді және қойылған міндеттер толық көлемде орындалды деп есептеймін, – деді Р.Жақсылықов.
Рәсім барысында Әзербайжан Қорғаныс министрі Закир Гасанов, Қырғыз Республикасы Қорғаныс министрі Бақтыбек Бекболотов, Өзбекстан Қорғаныс министрі Баходир Құрбанов және Тәжікстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары Саидасрор Саид Абдуллозода сөз сөйледі. Оқу-жаттығуды ұйымдастырушыларға алғысын білдірген делегация басшылары дайындықтың жоғары деңгейін атап өтті. Қатысушы елдер қарулы күштерінің ықтимал агрессиялық актілерді тойтаруға жауынгерлік әзірлігін нығайтуға қызмет ететініне сенім білдірді.
Оқу-жаттығу соңында қатысушы елдер Қорғаныс министрлерінің бұйрықтарымен бірқатар әскери қызметші халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін медальмен және естелік кәдесыйлармен марапатталды. Іс-шара әскери контингенттер легінің салтанатты шеруімен аяқталды.