Талапкерге еркіндік берілді
Ең алдымен сандарды сөйлетсек, осыған дейінгі жылдарда ҰБТ-ға өтініш бергендердің саны биыл рекордтық көрсеткішке жетті. 131 754 талапкер тестілеуге өтінім берген. Бір ерекшелігі осы жылы талапкерлер ҰБТ-ға өтінішті онлайн тәртібінде де тапсыра алды. Жалпы жас буынның жаңашылдыққа және жаңа технологияға бейім келетіні бар ғой. Соның бір дәлелі болар, 90 мыңнан аса талапкер өтінішті онлайн түрде толтырған. Бұл бір жағынан вирусты таратпаудың алдын алса, екінші жағынан заманауи жетістіктер арқылы жыл сайынғы сабылысты біраз жеңілдетті. Ал ең маңыздысы түлектерге таңдау еркіндігі берілді. Бұрын мектепті нашар бағаға бітіргендерді мектеп басшылары немесе педагогтер ҰБТ тапсырмауға үгіттейтін.
Биылғы ҰБТ-ның тағы бір айтуға тұрарлық жаңалығы – мемлекеттік білім беру грантының бұдан былай тілге емес, білім беру бағдарламасына бөлінетінінде. Бұл мәселенің маңыздылығы сол, көбіне орыс тілінде тест тапсырушылар небәрі 50 балмен грантқа түссе, дәл сол мамандыққа қазақ тілінде тапсырған талапкерлер 70 балмен грантқа ие бола алмай жататын. Осыдан келіп қазақ мектебін тәмамдаған түлектер грант алу үшін мүмкіндігі мол орыс тобын амалсыз таңдайтын еді. Ал биыл талапкерлер оқу тілін грантқа тәуелділік танытпай таңдай алады.
119 талапкер денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмады
Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сүйенсек, республика бойынша 161 пунктте жүргізілген ҰБТ-ның әділ өткізілу барысын қадағалау мақсатында қалалар мен өңірлерге министрлік тарапынан 1 983 өкіл жіберілген. Бұдан бөлек ҰБТ-ның ұйымдастырылу барысын құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, үкіметтік емес ұйым, БАҚ, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері мен қоғам белсенділері кірген, 510 адам мүше Арнайы мониторингтік топ рұқсат бақылады.
Биылғы ҰБТ-ға тіркелген азаматтардың 92,1%-ы тестілеуге қатысқан, 2019 жылы бұл көрсеткіш 94%-ды құраған болатын. Осы жылы былтырғымен салыстырғанда тіркелген тестіленушілердің аз болуын пандемияның өршіп тұруымен байланыстыруға болатын секілді. Себебі министрліктің мәліметінше, 119 талапкер денсаулығына байланысты ҰБТ тапсырмапты. Ал осы талапкерлер үшін 19 шілдеге дейін тестілеу ұйымдастырылмақ.
Орташа көрсеткіш өзгермеді
Осы жылы ҰБТ тапсырғандардың ішінде 82 154 талапкер тестілеу тәртібінде белгіленген шекті балды жинай алды. Демек былтырғы көрсеткіш көп өзгерген жоқ. Айталық, 2019 жылы 65,5 балл орташа көрсеткіш болып саналса, 2020 жылғы ҰБТ-да бұл 64,06 балды құрады.
Биылғы ҰБТ-ның бұрынғыдан келесі бір өзгешелігі – тестілеу ұйымдастыруда алғаш рет электронды үкімет базасы арқылы Face ID жүйесінің пайдаланылғанында. ҰБТ-ға кіргізу талаптарынан талапкерлердің хабардар болғаны әсер етті ме, биыл өзінің орнына тестілеуге басқа адамды кіргізу әрекетінің саны айтарлықтай азайды. Мәселен, өткен жылы мұндай 34 жағдай орын алса, биыл 7 мектеп түлегі өз орнына ҰБТ-ға басқа адамды жібермек болған. Яғни дәл осындай заңсыз әрекет бір жыл ішінде 27-ге төмендеді.
Калькулятор қолдануға
рұқсат етілді
Талапкерлерге калькуляторды пайдалануға рұқсат беруін осы жылғы ҰБТ-да алғаш рет қарастырылған мүмкіндіктің біріне жатқызуға болады. Әлбетте талапкерлер тестілеуге өздері қалаған есептеуіш құралды әкеле алмады, оларға кіреберісте қарапайым калькулятор берілді. Бұдан бөлек биыл бірінші рет түлектер қорытынды мектеп емтихандарынан босатылды. Бұл – елдегі төтенше жағдай кезінде қашықтан оқу форматына көшуге мәжбүр болғандықтан қабылданған шешім.
ҰБТ тарихында алғаш рет талапкерлердің ата-аналары тестілеу өткізу пункттеріне, тіпті маңайына жолай алмады. Бұған да пандемия себеп болды. Дегенмен ата-аналар үйде отырып ҰБТ-ны бақылауға мүмкіндік алды. ҰБТ жүргізілген әр аудитория арнайы бейнебақылау камераларымен жабдықталған болатын, нәтижесінде 9,5 млн-нан аса адам ҰБТ-ның өткізілу барысын онлайн режімде бақылады. Бұл екінші жағынан талапкерлердің тәртібін қадағалауға және тестілеуден кейін де олардың әр әрекетіне арнайы комиссияның сараптама жасауына қажет. Өйткені ҰБТ ережесіне енгізілген жаңа өзгеріске сәйкес енді 2020 жылғы 25 тамызға дейін бейнежазбалар жіті тексеріледі. Егер бейнежазбада грант иеленген талапкердің тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, тестіленушінің ҰБТ нәтижесі жойылады.
Қоса кету керек, мемлекеттік білім беру грантына үміткер болу үшін өткізілген маусымдағы ҰБТ-да шекті балл жинай алмағандар үшін тамыз айында тағы да тестілеу ұйымдастырылады. Ондағы нәтижемен тестіленушілер еліміздегі жоғары оқу орындарының ақылы оқу бөліміне түсе алады. Негізі университеттердің ақылы бөліміне қабылдану үшін талапкерлердің шекті балл жинағанын айғақтайтын қаңтар айындағы ҰБТ сертификаттары да жарайды.