Аймақтар • 08 Шілде, 2020

Көгілдір отынға қосыла бастады

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы аясында елорда үйлері көгілдір отынға қосыла бастады. Алғашқы кезекте Нұр-Сұлтан қаласында табиғи газға әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлер қосылды. Көктал-1 тұрғын үй алабында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №29 мектеп және бірқатар жеке үйлер газға қосылды.

Көгілдір отынға қосыла бастады

Техникалық қосылу газ тарату желілерінің жеке үйлер мен ғима­раттарды газға қосуға дайын екендігін көрсетті. Басқа тұтынушыларды қосу рәсімі қосу-жөндеу жұмыс­тары аяқ­­­талғаннан кейін жал­ға­­сады. Қазіргі уақытта Же­ле­зно­­дорож­ный тұрғын үй алабында газбен жабдықтау, тарату желілерінің 96 пайызы салынды. ЖЭО-1/2, тұрғын үй алап­тарында үйлерге желілерді тікелей бұру бойынша жұ­мыстар жүргізілуде.

– Елорда күні қарсаңында ерекше қуанышты жағдайды атап өткен жөн. Бізге көгілдір отын келді. Пеш жағып көрген жандар ғана бізді тү­сінеді. Қыста аспанымыз түтіннен кө­рінбейтін. Енді бәрі өзгереді. Көк­тал тұрғындары – негізінен қарт адамдар. Енді оларға әл­деқайда жеңіл болады, көмір сатып алудың қажеті жоқ,  – деді Көктал-1 шағын ауданының тұр­ғыны Галина Антонюк.

Железнодорожный тұрғыны Сәуле Жүнісова Елбасына атал­ған тарихи жоба үшін алғыс айтты.

«Табиғи отынға қосылу –  біз үшін ұмытылмас оқиға. Бұл бар­лық жай­лылықты қам­та­­масыз етеді», деді ол.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов биылғы жылыту маусымында газ тарату желілері жеке сектордағы 8 мың үйге тартылатынын атап өтті.

«Газдандыру – тұңғыш Пре­зи­­дентіміздің тарихи жобасы. «Бес әлеуметтік бастаманың» бі­рі. Елордаға өткен жылы 1 мың ша­қырым магистралды газ құбыры тартылды. Газдандыру Мемлекет басшысының бақы­лауында. Биыл 8 мың жеке үйге газ тарату желілерін салуды жос­парлап отырмыз. Ас­тана күні қарсаңында алғашқы әлеу­мет­тік нысандар мен үйлер газға қосылды. Көктал 1, 2, Агро­қалашық, Промышленный, Желез­­нодорожный және Оңтүс­тік-шы­ғыс ауданында ағымдағы жылыту маусымында бірінші кезеңде газ жүр­гізіледі. Сондай-ақ ЖЭО-1/2 газ­ға ауыстырылады», деді қала әкімі.

Әкімдік қала тұрғындары үшін тегін есептеуіштер орнатуды қа­растыруда. Тұрғындарға газ тарату желілеріне қосылу үшін пеш да­йын­дау қажет. Өндірістік сектор мен тұрғын үй алаптарын газ­дан­дыру 3 кезеңде жүргізіледі. Екінші кезеңде Мичурин, Ин­тернациональный, Күйгенжар (1-2 ПК), Тельман (3-ПК), Приго­род­ный, Garden Village және Family Village (4-ПК) тұрғын алаптарына өткізіледі. Үшінші кезекте Ильинка (1-2-ші ПК), Шұбар (3-ші ПК), Өн­діріс (4-ші ПК) тұрғын алаптары газ­дандырылатын болады. Іске асыру мерзімі 2020-2023 жылдарға жос­парланған. Елорданы газдандыру қалаға зиян­ды қалдықтарды 6 есеге, қатты заттарды 40 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

 

НҰР-СҰЛТАН