Аймақтар • 10 Шілде, 2020

"Қазақмыс" КВИ-мен күреске қомақты қаржы бөлді

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы екі аптада Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында  күрделі эпидемиологиялық жағдай қалыптасты. Осыған орай коронавирус инфекциясына қарсы күрес жүргізу мақсатында "Қазақмыс" компаниясы мен жергілікті атқарушы билік меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Egemen.kz.

"Қазақмыс" КВИ-мен күреске қомақты қаржы бөлді

Меморандум бойынша Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірдегі денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеп, соның аясында 3 млрд теңге шамасындағы қаржы Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларына бағытталды.

Аталған меморандумда денсаулық сақтау нысандарын толық жабдықтау, атап айтқанда, үш қаланың денсаулық сақтау объектілерінің емдеу қоры үшін қосымша медициналық жабдықтар мен дәрілік препараттарды сатып алу, амбулаториялық медицина қызметкерлерінің тәулік бойы қозғалысын қамтамасыз ету үшін көлікті ұйымдастыру және басқа да шараларды орындау бөлігінде "Қазақмыс" тарапынан жалпы сомасы шамамен 1,0 млрд теңге  қарастырылған.

Меморандум іс-шараларын жүзеге асыру аясында жақын арада Қарағанды облысы үшін 1200 дана оттегі концентраторын жеткізу күтілуде, оның ішінде 200-ден астамы Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш ауруханаларына бөлінеді. Аталған қалалар үшін корпорация 10 өкпені жасанды желдету аппаратын, үш виброакустикалық құрылғыны сатып алады. Күзге қарай қалалардың стационарларында үш медициналық газ (оттегі) бөлу жүйесі орнатылатын болады.

Сондай-ақ, компания Жезқазған университетінің жатақханасы базасында 250 төсектік орынға арналған инфекциялық госпитальді техникалық жарақтандыруға қаражат бөлді. Аталған жабдықтармен қоса үш қаланың әрқайсысына бір-бірден үш компьютерлік томограф жеткізілетін болады.

Меморандум аталған іс-шаралармен шектеліп қалмады. «Қазақмыс» КВИ-мен күресуде қажеттілікті анықтау және оны толықтыру бойынша денсаулық органдарымен одан әрі бірлесе жұмыс істеуді және халыққа жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат беруді жоспарлап отыр.

"Бүгінгі күнде бір-бірімізге қамқорлық көрсете отырып, бірге болуымыз өте маңызды. Сондықтан, біз жергілікті тұрғындар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша ықтимал шараларды қабылдаймыз. Біз медицина саласындағы өзіміздің қызметкерлеріміздің кәсіби біліктілігіне сенімдіміз және күш-жігерімізді біріктіріп, бірлесе отырып, осы қиын кезеңді сөзсіз жеңеміз", – дейді "Қазақмыс" компаниясының басшылығы.

Қарағанды облысы