Қоғам • 16 Шілде, 2020

Сөйлеу – ақылдың өлшемі

1527 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүкіл әлем өмірдің байлауын алтын уақыттан тауып, кілтін аспаннан ізде­ген заманда көп сөйлеген кісінің парқы өзге жұрттың қалтасын қақ­қан­мен бірдей болмақ. Тұрмыста да, жұмыста да, тіпті торқалы тойда да, топырақты өлімде де сол дағдысынан арыла алмай келе жатқан аға­йын­ға тілдің қадірі мен сөздің қасиеті хақында аз-кем құлаққағыс етуді жөн санадық.

Сөйлеу – ақылдың өлшемі

«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» екен­дігін ескерткен Абай ақынның да­на­лығына да ешкім шек келтіре қоймас. Біреудің қанша уақыт сөй­ле­ге­нін есептегіш құралды (хроно­мет­раж аспабын) ешкім қалтасына салып жүрмейтіні де белгілі. Желбуаз көпірудің астарында өсек айту, қауе­сет тарату, қыздырма қызыл сөз, жада­ғай сөзуарлық сияқты неше түрлі қиям­пұ­рыс қылықтар жатары анық.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­нін» тосатын халық та осы күні асыл қасиетінен жаңылып қалғандай. Аз сөзге көп ойды, соны пікірді сыйғызу – ақылдың, парасаттың, білімнің өлшемі. Ал ұзақ сөйлеу, бұрын айтылғанды талмай қайталай беру – білімсіздік, се­нім­сіздік, жағымпаздық пен жарам­сақ­тық қана емес, ортаны сыйламау, тыңдаушыны құрметтемеу. Ондай­лар­ды жұрт сыртынан «езбе», «көкезу» немесе «мылжың» деп те атайды. Көп сөйлегіштер тақырыпты білсін-білмесін өзгеге қосамжарланып, жанынан сөз қыстыруға әуес, әр тұстан қо­йыртпақ араластырып, бастапқы көлемі бір пышақ әңгіме бара-бара бір құ­шаққа айналады. Құшақтан асып, жолай шашылып-төгілетіні, жинап-теретіні тағы бар. Келесі жерге ол бір арба­ның жүгінен асып жететіні де белгі­лі. Қырық жыл бұрынғыны қырық қай­тара қайталап, ежіктеп тұрып алатындар сойынан да сөз саптағыштар шығады. Замандастарымыздың тағы бір көп сыналып жүрген міні – екеуара қатынасында немесе телефон байланысында айтушы өз ойын, өтінішін анық әрі нақты тұжырымдай алмайды. Сондай-ақ сұхбаттасушы оны бар зейінімен, ықыласымен мұқият тың­да­майды. Содан өтініш пен уәде аяғы реніш пен өкпеге ұласады немесе шала-шарпы атқарылған шаруаны да, сөзді де әрі қарай созбақтауға мәж­бүр­­лейді. Әрине, күнделікті өмір­ден алын­ған мұндай мың сан мысал азайсын, мүлдем болмасын деп тілейміз. Дәс­түрімізде жоқ нәрсе болашақта жал­пы жұртымыздың әдетіне айналып кетпес үшін нендей қам жасау керек? Тағы да данышпан Абайдың: «Кісіге қарап сөз салма, сөзіне қарап кісіні ал», дегеніне жүгінер болсақ, сөз түсінетін адамды өнеге тұтуды, сөз­дің қадір-қасиетін білуді адам капи­та­­лының өлшемі ретінде бағалауға тиіспіз. Шындығында, сөзге құлақ қоя­тын адам ғана сөзге тоқтай алады. Сонда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымы іс жүзінде жалпыхалықтық қағидаға ай­налмақ. Атқарушы биліктің, жауапты мекемелердің халықпен диалог жүргізу мәдениетінде көпсөзділікке орын болмағаны дұрыс. Аз сөзді алтынға балаған халқымыз ертеден «Көп сөйлеген көптен айырылар», «Ине көзінен сынады, шешен сөзінен сынады» деп ескертіп те қойған. Өйткені ұзын тіл мен сөзбұйдалықтың шекарасы тым жақын. Мұның айырмасын ажыратпаған адам – халық түгіл өзінің де қадір-қасиетін аңғармайтын жан. Сондықтан қысқа да нұсқа жазылған немесе айтылған сұраққа билік басындағылар да тиянақты түрде жауап қайтаруды мемлекеттік қызмет шарты мен елдік ұстаным тәртібі ретінде орнықтыру керек. Мәселенің оң шешімін беруге, сондай-ақ не себепті шешілмейтінін жазбаша не ауызша түсінікті етіп, ашық, тура айтуға не ке­дергі?

Әлбетте, біліксіздік пен жауап­сыз­дық кедергі. Айталық, шала жа­уап­тар­дың «түпнұсқа» мысалын рес­пуб­ли­ка­лық, өңірлік БАҚ бетінде жариялау­ды әдетке айналдырайықшы, қандай қызық болар екен? Қалам жүрексініп, қағаз ұялатынын байқарымыз сөзсіз. Сонда ол жауаптың авторлары (қол қойғыштар) не күй кешер екен? Ресми тілді желеу етіп, сірескен терминдерді қолдануға әуес жас лауазым иелерінің сөзін Елбасы талай мәрте орынды бөлгені естеріңізде шығар. Бұл – елеулі тағылым. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп тұрған адам қайдан қайраткер болмақ? Елбасы халықтың ұғымына жақын сөйлеуді, қарапайым сөзбен ұғынықты жеткізуді қадап айтқаны да сондықтан.

Қазір кеңес кезеңінде жиі қолда­ныл­ған жалтарма, көпірме жауап­тар­дың, бюрократияның бұқпантай тәсілдерінің уақыты өткен. Тәуелсіздік жылдары оның ара-жігін ажырата бі­летін саналы ұрпақ қалыптасты. Олар билік тарапынан жұмыстың жа­ңаша атқарылғанын қалайды. Жеке­ле­ген министрлер мен жоғары лауазым иелерінің ғана емес, қатардағы мем­ле­кеттік қызметкерлердің жазуында, сөй­леген сөзінде кеткен қателіктер жұрт­шылықтың талқысына түскенін, әзіл-оспаққа айналғанын, беделіне нұқсан келгенін ел ұмыта қойған жоқ. Сондықтан елдің алдына шығып, сөз сөйлеу кез келген қызметтегі азаматтан даярлықты, шынайылықты талап етеді. Сонымен бірге еркіндік, демократия жолы осы деп, жөнсіз елеуреп, шешенсіп сөйлейтіндердің көбейіп келе жатқаны тағы бар. Алайда ел күткен билік пен халықтың арасында сындарлы қоғамдық диалог қадамының реті, жүйесі осылай ма еді? Ең сорақысы – дәстүрімізге жат сол үрдіс енді теле­экран­дарға, радиоэфирлерге ауысып бара жатқандығы. Кеңес заманында біржақты монолог болғанына тарих та, халық та куә. Ол енді түсімізге де кірмесін десек, үкімет ұсынып отырған мүмкіндіктің өңін теріс айналдыру кімге қажет? Осы тұрғыдан алғанда, аза­маттық қоғам институттарының мой­­нында көп жүк бар. Олар тиімді диалог жүргізу мәдениетін қалыптастыру жо­лында оң үлгі көрсете алар еді. Бұл заңды құрметтеу, жүйелі сөздің құды­ре­тін ескеру қағидатына толық сәйкес келеді.

Әрине, егер орнымен қолданса, сөз – әрі қамал, әрі қару. Амандық та, жа­мандық та – сөзден. Сондықтан Nur Otan партия­сы өткізетін праймеризге қатысуға, қоғамдық ұйымдарды басқаруға сауатты, ұтымды сөйлей алатын, сөзі мен ісі бір жерден шығатын азаматтар ұмтылуы керек деп ойлаймыз.

Әйтпесе, бос сөйлеп, сөз қадірін қашы­ратындардың, арзан сөзді қарша бора­татындардың қарасы көбейіп кетуі мүмкін. Орыстың мықты ақыны Николай Гумилев айтқандай, ондай кезде «Өлі сөздерден бөтен иіс мүң­ки­тін болады». Ал партия жұмысын жаңғыртуда сөзі салмақты, елдік істе бағыты айқын азаматтар алға озып шығады деп ойлаймыз. Онсыз да ұлт бірлігіне сырттан сына қағуды ойлап жүргендер мен арандатушылардың ала көзі мен жөнсіз сөзі ғаламдық эпидемиямен алысып жатқан тұста елдің етегінен тартқандай әсер қалдырады. Бірақ халық та кімнің кім екенін жақсы біледі. Бүлдіргі, жалған сөз қуып, оны қа­сақана таратушылар сауатты қо­ғам­нан бағасын алып, әшкерелене береді. Қоғам үні, халық бағасы мен жазасы заңның күшінен әлдеқайда қатал болатыны сөзсіз.

Халықтың киесіне, даналықтың иесіне бас игізген тарихымызды бұр­ма­ла­ғысы келетіндерді, елдік құн­ды­лықтарымызды місе тұт­паған­дар­ды әруақ ататынын ата-бабамыз әлімсақтан айтып, аманаттап кеткен. Елдің бірлігі мен тұтастығын нығайту жолында әрбір азаматтың ниеті де, үлесі де ай­қын, нақты, жүйелі болуға тиіс. Көп сөй­лейтін кезден өттік, жұдырықтай жұмы­лып, көп іс атқаратын заманға жеттік. Сөзі­міздің басында айтылған хакім Абайдың ойы да соған үндеп тұрғандай.

 

Дархан МЫҢБАЙ,

Парламент Мәжілісінің депутаты