Абай • 27 Шілде, 2020

Даналық парасаты

967 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Биыл қазақтың бас ақыны, ғұлама-ойшыл Абайдың туғанына 175 жыл. Қазақ Елі мағынасы терең даналық тойына жан-жақты дайындық үстінде. Хакім Абайға арналған осы үлкен елдік мәдени-танымдық шарадан Абай музейі де сырт қалған емес. Күндіз-түні қауырт жұмыс үстіндеміз. Түйіп айтсақ, құрылыс-жөндеу, қайта жаңғырту, музейлендіру және ғылыми-танымдық жұмыстар.

Даналық парасаты

Маған еліміздің оңтүстігінен телефон шалынды. Музейге келгенімді естіп, хабарласып тұрған бүгінгі қазақтың бас абайтанушы ғалымы, абыз ақсақал Мекемтас Мырзахметұлы екен. Қатты толқыдым. Қысылыңқырап тоқсанның төріне келген ғалым ағамызды мерейтойымен құттықтап жатырмын. Ол кісі, өзіне тән салмақтылықпен сәл «пауза» ұстап былай деді: «Тұрдықұл, сен қысылма. Алаөкпе болып жүгіріп жүргеніңді білемін. Сен Абайға дайындықпен келдің. Осы абыройлы тойды сәтті өткіз», деп ойын қорытты да, «мен саған «Абайдың «толық адам» ілімі» деген еңбегімді жібердім. Қарарсың, қажетіңе жарап қалар»,  деді.

Хакім Абай ойшылдығының ең биік шыңы «толық адам» мәселесі екені белгілі. Жарты ғасырдан астам ғұмырын Абайға арнаған көрнекті ғалым мерейтой алдында осы мәселеге арналған көкжиегі көркем еңбекті халқына ұсынған. Қатты қуандым. Даналық парасаты деген осы. Кітап қолыма тиді: «Жанымдай жақсы көретін рухани інім Тұрдықұлға өзінің ағасынан естелік ретінде» деп жазыпты. Бас алмай оқыдым. Керемет. Тұшынып оқыған іргелі еңбек туралы ойымды ортаға салуды жөн көрдім.

Данышпан Шәкәрімнің «Бұл ән басқа әннен өзгерек» деген терең ойлы өлеңі бар. Бұл еңбек те той қарсаңында жарық көріп жатқан еңбектерден өзгерек. Әрі асқақ, әрі терең. Ғалымның абайтану саласында тұтас ғасырға қол созған жүйелі зерттеулерінің кесек әрі биік нәтижесі.

Ғалымның «Абайдың «толық адам» ілімі» еңбегі Алматыдағы «Қазығұрт» баспасынан 500 данамен жарық көріпті. Кітап аннотациясында «Бұл кітапта хакім Абайдың «Толық адам» ілімі – жаңа таным жолы ретінде қарастырылады. Автор Абай танымын қазіргі заманға сай көзқараспен саралап, соны тұжырымдар ұсынады» делінген. Еңбек туралы мәйекті, сентенция сөз. Еңбектің жазылу стиліне келсек, академиялық, герменевтикалық және энциклопедиялық кең тынысымен дараланып тұр. Еңбекке жүйелі, әрі хронологиялық түрде тоқталмас бұрын автордың Абайдың «толық адам» іліміне қаратып еңбегінде келтірген халық даналығына назар аударайық: «Бір жылдығын ойлаған бидай егеді, Он жылдығын ойлаған тал егеді, Мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді». Осы киелі сөз – еңбектің болмысын ашатын түпнегіз, субстанция ретінде алынған. Автор хакім Абайдың мыңжылдығына үңілген, жоғарыда келтірілген киелі сөз арқылы ой толғап келіп мынадай тұжы­рым жасаған: «Онда терең мағы­налы, асыл текті, астарында жас ұр­пақ сана­сына ізгілік егуге ниеттенген қор­­ғасын­дай салмақты пәлсапалық ой-та­­нымның алтындай өзекті желісі жатыр».

Автордың осы терең танымды ой-тұжы­­рымында келтірілген бір метаұғым­ға арнайы тоқталмақпын. Ол – пәлса­па деген метаұғым. Пәлсапа ұғымы кез­­дейсоқ келтірілмеген. Автор осы еңбегінің тағы бір жерінде «біздің философ ғалымдарымыз осалдық танытты» дейді. Бұл кездейсоқтық емес, заңдылық еді. Атеистік философия хакім Абайды тануға дәрменсіз болатын. Өйткені онда сенім мен танымның аражігі ажыратылған. Адам маймылдан жаралған деген таным оның өзегі болатын. Ал пәлсапа сенім мен танымды бірлестікте қарастырады. Мәселен, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас деген» Абай танымына тек пәлсапаның бара алатынын меңзеп отыр автор. Барлығы Жаратушыдан.

Іргелі еңбек өзгеше анық және жүйелі феномендік құбылыспен ашылған. Үш-ақ беттен тұратын «Абай мұрасы» деген бөлімде Абайдың шығармалары жүйелі кестемен берілген. Абай мұраларның жалпы саны, әр шығарманың жолы, жарық көрген жылы және жанры айқын берілген. Жаңа форматта музейлендіру жұмысымен айналысып жатқан бізге, ол – шамшырақтай көрінді. Тура Мен­делеевтің кестесі сияқты айқын, анық.

Сондай-ақ алғашықы төрт тарау абай­тануға арналған. Бұл төрт тарау, тәуелсіз еркін сананың жемісі: «Абай­тану тарихына қысқаша шолу», «Абай­та­нудың М.Әуезовке дейінгі кезеңі (1889-1934)», «Абайтанудағы М.Әуезов кезеңі (1934-1961)», «Абайта­ну­дың М.Әуезов дәуірінен кейінгі даму жолы». Бұлай кезеңдеу қазақ әдебиет­тану ғылымындағы жаңа методо­логиялық ізденістің көрінісі. Абайта­нудың екінші бөлімінде Алаш алыптарының ерен еңбегі терең талданып берілген. Сонымен қатар абайтанудағы тұрпайы социологиялық, таптық таным аясындағы еңбектерге де бай­салды талдау жасалған. М.О.Әуе­зовтің абайтанудағы ерен еңбегі терең талданып, жүйелі түрде берілген. Алаш алыптарын көрген, идеялас болған, заманымыздың заңғар жазушысы, кемеңгер ғалым М.О.Әуезовке абайтануды қорғау, дамыту, бір жүйеге түсіру оңай болмағаны нақты деректермен дәлелденген: «Отызыншы жылдардың басында М.Әуезов Абайдың әдеби ортасы деген күрделі мәселеге ерекше назар аудара бастады. Осы тақырып абайтану тарихында мейлінше айтыс-тартыс тудырған ең күрделі мәселеге айналып кетті. Өйткені бұл проб­ле­ма тек Абайдың әдеби ортасын ғана қамтып қоймай, Абайдың әдеби мектебі, Абайдың ақын шәкірттері, Абайдың ақындық дәстүрі немесе Абай тұсындағы ақындар деп аталатын түйіні бір, бірақ тармақтары сан тарау мәселелерді қамтыды. Ғалымның Абайдың әдеби ортасы туралы ой танымдары абайтану саласындағы ғылы­ми зерттеулердің нысанасына айналса, жазушының «Абай жолы» эпо­пеясының сюжеттік желісінде молы­нан орын алды». Осылайша Мұхтар Әуезовтің масштабты қары­мын, қазақтың сөз өнерін Абай арқылы шартарапқа паш еткенін талдап көрсеткен.

Тәуелсіздік алған жылдары Абай шығармаларын хакімдік сана деңгейінде зерттеу абайтануға үлкен серпіліс әкелгені осы еңбекте жүйелі талданған. Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жазылған А.Машанидің «Әл-Фараби және Абай», Ғ.Есімнің «Хакім Абай», М.Мырзахметұлының «Абайдың адамгершілік мұраттары» т.б. еңбектер абайтанудағы жаңа белес болғаны да назардан тыс қалмаған. Автор қай мәселені көтермесін, оны «сыңар езулеп» алып кетпейді, әділетпен қарайды. Өзі де автор ретінде қатысқан «Абай» тұлғалық энциклопедиясына сын көзбен қарауын энциклопедияшы маман ретінде орынды деп білемін:«Әсіресе, «Абай» энциклопедиясын жаңа дүниетаным негізінде қайта жазып, даярлау аса қажеттілікке айналуда. Себебі Абай мұрасы жаңа дүниетаным негізінде ой-сана танымымызға сілкініс жасайтын рухани бесаспап құралға айналар кезеңі келді. Коммунистік идеология ой-танымымызға біртіндеп сіңірген материалистік, атеистік дүниетаным жалған таным ретінде терістелді». Бұл бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі. Қазақ пәлсапасын, оның іргелі арнасы Алаш пәлсапасын зерттеп жүрген маман ретінде бұл сынның қисынды екенін рас деймін.

Осы іргелі еңбек атауына негіз болған «Абайдың «толық адам» іліміне» автор оқырманды абайтанудың тарихымен таныстыра отырып, дайындап әкеледі. Осы бөлімді бастардан бұрын автор атақты Мәжит Хавафидің сөзін эпиграф ретінде берген: «Рухани ілімі ақыреттегі құрмет пен бақыт үшін және осы дүниедегі өмірді тәртіпке салу үшін қызмет етеді». Бұл тереңдік, сенім мен танымның бірлігі арқылы мың жылдық ізгілікке жол. Абайдың «толық адам» іліміне бойлау үшін автор алдымен шартарапты кезеді. Конфуций, «Авеста», «Алып Ер Тоңа», Жүсіп Бала­сағұни, Фирдоуси, М.Қашқари, Әл-Фа­раби, Ясауи, Шәкәрім тағы басқа дана­ладың ізгілік жолындағы ізденістерін талдайды.

Автор өз ойын, Қазақстан Респуб­ли­­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың терең танымды сөзімен түйіндейді: «Себебі бұл мәселені, яғни ғажап рухани құбылысты Елбасымыз Н.Назарбаевтың сөзімен кестелесек: «...Халқымыздың рухани жаңғыруы осындай ғылыми, көркем ой-сана­мыз­дың шығу тегін танудан бас­талуы тиіс. Көненің көзіндей болып жеткен осындай асыл қазыналар халық игілігіне жаратылып, жаңа заманның адамдарын тәрбиелеуге қызмет етуі қажет» деп нұсқауы – әлі де танылмаған Абайдың «толық адам» ілімін бүгінгі жаңа талап, жас ұрпақтың санасына сіңірудің міндетін алдымызға қойып отырған парызымыздай сезінеміз» дейді. Яғни Елбасының ізгілік мәселесін терең талдап түсіндіру қажеттігі туралы айтқан ойын аса өзекті мәселе ретінде қарастырады. Автор осы тарауда, Ақи іліміне, Хәл іліміне талдау жасай келе, Абайдың «Толық адам» іліміне жол ашады. Абай мен Әл-Фарабиге, Абай мен Ясауиге арнайы тараулар арнап, талдау жасайды.

Автор келесі тарауды «Толық адам» ілімі – жаңа таным жолы» деп анық айтып талдайды. Осы тарауда «Толық адам» ұғымының болмысын ашуға ұмтылған автор, мынадай түйін жасайды: «Толық адам»(толық инса­ниат) – дегеніміз Абайдың танытуында, әрбір адам ақылымен, білімімен, мал-дәулетімен біреулерге әділет, шапағатымен жақсылық жасау немесе ақыл, қайратты жүректің қалауымен жүргізіп, оларды тек ізгілікті істерге қызмет еттіру жолы болып шығады».

Автор Абайдың «Толық адам» ілі­міне бүгін ғана, осы еңбекте келмеген. Көрнекті ғалым Мекемтас аға­ның жүздеген мақаласында, ондаған моно­графиялық еңбектерінде жүйелі түрде осы мәселені көтергені абайтану тари­хында белгілі. Енді осы бағытта, автор­дың өзіне сөз берейік: «Зерттеу үстін­де жиған-терген ойларымды «Ақи­қат» журналының 2018 жылғы №5-ші санында жарияладым. Осы мақа­ла негізінде «Толық адам» ілімінің әлем­дік деңгейдегі пайда болу көздері мен дәс­түрлік даму жолы анықталды» дейді.

Автордың осы іргелі жұмысқа ширек ғасыр дайындықпен келгені, тіпті әр жылдары мақала жазып, өз ойларын апробациядан өткізіп отырғанын байқаймыз. Осындай дайындықтардың негізінде «Жәуанмәртілік ілімі», «жүрек культі», «хауас», «иманигүл» ұғымдары жеке-жеке тарау болып арнайы зерттелген. Осындай терең танымды жүйені терең талдап келіп, «Толық адам» ілімінің іргетасы деп таныған ұғымдарға ойысады. Оған ғалым ақыл, әділет, рақым сияқты метаұғымдарды алып талдайды.

Келесі тарауды «Толық адам» ілімінің пайда болу себебі» деп атап ізденіске түскен. Бұл бағыттағы ойын автор былай түйіндейді: «Әрине Абайдың толық адам» ілімі көктен түсе салған жоқ. Түрік халықтары ғасырлар бойы тәжірибеден өткізіп қалыптастырған дәстүрлі жолы болатын» дейді. Бұл жаңа деңгейде Ресей отаршыларының ел билеу жүйесін бұзуына қарсы танымнан туындаған болатын: «Қалың қазақ елінің мінез-құлқы тұтастай бұзылып, рухани азғындыққа бет алғанын танып-біліп, «суға кеткен тал қармар» дегендей бұл келеңсіз саяси-әлеуметтік азғындыққа қарсы «Толық адам» ілімі мен ар ғылымын іздеп тауып, рухани күрес жолына бет бұрды. Осы арқылы мінез-құлқы, ата жолы, ел бірлігі, рухани болмысы азғындыққа бет алған қазақ елін сақтап қалудың бірден-бір тірек жолы, қайта тәрбиелеп, жан-дүниесін қалпына келтірудің амал-айласы – «Толық адам» дүниеге келді.

Автор осы зерттеуінде, «Толық адам» ілімі мен Шәкәрімнің «Ар ғылы­мын» заман талабынан туған құбылыс дейді. Бұл бүгінге дейін айтылмаған жаңа ой, жаңа таным. Әсіресе, бүгінгі жаһандану тасқынында бұл проблема тіпті зорайып тұрғанына көз жеткіземіз.

Еңбектің келесі тарауы «Шәкәрімнің ар ғылымына» арналған. Автор осы екі биік танымның үндестігін, әрі Шәкәрімнің осы «Ар ғылымына» «Толық адам» ілімі арқылы келгенін дәйектейді: «Шәкәрім ұстанған ар ғылы­мының түп-төркіні де Абайдың «Толық адам» ілімінің дәстүрлік жалғасы деп ұғынамыз. Себебі Абайдың «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты еңбегі Шәкәрімге тікелей әсер еткенін Шәкрәрімнің өзі мойындап: «Абай марқұм болған соң содан ғибрат алып, мен адамдықтың жолын қуғаным жөн деп, басымды шытырман шатақтан ерте босатып алып білім жолына түстім» деп өмірлік мақсатын анықтап алғанын жазатыны бар». Автор Шәкәрімнің «Ар білімі» Абайдың «Толық адам» ілімінің дәстүрлі жалғасы деген соны пікір айтады.

Ал енді осы «Толық адам» ілімінің жолына қалай түсеміз дегенге де автор айқын жауап берген: «Толық адам» ілімі – саналы түрде құштарлана арман қуған әрбір жастың бойына тез қонатын күрделі рухани құбылыс. Жеке адамдарды рухани жағынан жаңғырту арқылы бүкіл қазақ халқының мінез-құлқын түзете алмаймыз. Мақсат – Абайдың «Толық адам» ілімі арқылы қазіргі қазақ жастарын рухани монолитті қалыпқа түсіру. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде қолдану ғана ұлы мақсатқа әкеледі» дейді. Қазақтың бүгінгі бас абайтанушысы, даналыққа жеткен ғалым ағамыздың бас арманы да осы.

Еңбектің келесі тарауы «Абай, Шәкәрім мұрасындағы жантану ілімі» деп аталады. Автор бұл тарауда жантану ілімінің өзгеше болмысына тоқталады. Жантану ілімінің көп жерде психологияның аясына сыймайтынын дәйекті түрде дәлелдеп берген. Осы тараудың басында автор алдымен пәлсапа ұғымын қолданады да, кейіннен философия ұғымына ауысады. Бұл керемет тәсіл, мемлекеттік тұрғыда барлық жоғары оқу орындарында философия пән ретінде оқылып жатқандықтан оқырманды адастырмау үшін осы тәсіл қолданылған. Сенім мен танымды қатар ұстайтын, гензисі терең ғылым мен мәдениетіміз пәлсапаға негізделіп дамығанын автор айқын танып отыр: «Әлем халықтары әдебиетінің тарихында пәлсапалық лириканың даму жолында, түп иені танып-білу талпынысында әрқилы дүниетанымдық көзқарастар көрініс беріп жатты. Әсіресе, бұл күрделі мәселеде классикалық сопылық поэзия авторлары басым түсіп жатқаны айқын еді» дейді. Пәлсапаның асқақ, биік орнын айқындап беріп отыр.

Іргелі еңбектің түйінді, әрі ең күрделі тарауы «Абай лұғаты» деп аталады. Ғалым ағамыз осы тарауда «Абай дүниетанымында ұлттық, шығыстық жағы басым жатыр» дейді. Және осы тарауда Абай мұрасында кездесетін 83 шығыстық ұғымды талдай келіп, энциклопедиялық анықтама берген. Мұның өзі абайтану ғылымынағы жаңа бір белес деп сеніммен айта аламыз. Автор шығыстық ұғымдарды талдап берудегі мақсатын былай түсіндіреді: «Менің пайымдауымша, қазіргі күндегі Қазақстанның қоғамдық ғылымдар саласы евроцентристік, кеңес­тік, зат­шыл­дық модельдің ырқы­нан шыға алмай тұйыққа тірелген қалпын байқа­туда. Бұл рухани дағ­дарыстан шығудың жолы – түбегейлі, түбірлі түрде қоғамдық ғылымдардың ескірген стереотиптік танымдардан бас тартып, ғылымның жүретін рельсін өзгер­туге бет алу керек. Сонда ғана біздер рухани әлеміміз бен ұлттық құнды­лық­тарымыздың тарихи тамырын дәл таба алмақпыз. Абай дүниетанымын да осы тұрғыдан жете танып, терең меңгеру жолына бет алмақпыз».

Қазақтың қазіргі бас абайтанушы ғалымы Мекемтас Мырзхметұлының «Абайдың «Толық адам» ілімі атты іргелі еңбегіне қысқаша шолу жасадық. Бір нәрсені нақты айта аламыз, абайтану ғылымына тек қана іргелі еңбек келген жоқ, сонымен қатар жаңа методология, жаңа жол ретінде айқын тұтас концепцияның келгені де анық.

 

Тұрдықұл Шаңбай,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры