– Соңғы кездері қоғамымызда еліміздегі көші-қон саласындағы өзекті мәселелер кеңінен әрі жиі талқыланатын тақырыптың біріне айналды. Мұның басты себебі неде?
– Әрине аталған мәселенің біздің қоғамды алаңдатуы да және оның жиі қозғалатын тақырыпқа айналуы кездейсоқтық емес. Біріншіден, жалпы қазіргі жаһандану дәуірінде көші-қон мәселесі әрбір ұлттық мемлекет халқының экономикалық өрлеуіне, тарихи сана-сезімі мен рухани дамуына ықпал ететін басты саяси мәнге ие. Екіншіден, әлі де шетелдерде тарыдай шашылып жүрген қандастарымыз бен өз туған жерінде атам заманнан бері тұрып жатқан отандастарымыздың тарихы мен мәдени мұрасының қазақ халқының біртұтас рухани дүниесін құрауы тиіс. Бұл жайдың екеуі де Қазақстан мемлекетінің саяси-экономикалық дамуындағы басты, басымды бағыттардың бірі болуы керек. Сондықтан да аталған мәселе халқымыз үщін аса маңызды болғандықтан оның жиі талқылануы заңдылық.
– Өткен ғасырдың 90-жылдары басталған қазақ көші-қонының жыры да, сыры да таусылар емес. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Қазіргі таңда шетелдегі қандастарымыздың жалпы саны, кейбір деректерде 5,5 - 7 миллионға жетеді деп көрсетіліп жүр. Оларды атажұртқа тарту бүгінгі Қазақ елінің қасиетті міндеті болуы тиіс... Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шеттегі қазақтардың өз атажұрттарына деген ықыласты көштері рухани сағыныштың арқыраған өзені болып ағылса, кейіннен түрлі тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларға байланысты ол біртіндеп жылғаға айналды.
Қазақстанды мекендеп келген түрлі этностардың өкілдері тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде өздерінің тарихи Отандарына үдере көшкендері де белгілі. ТМД мемлекеттеріндегі саяси-экономикалық дағдарыстар және өндірістік байланыстардың үзілуі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетіне де теріс ықпалын тигізгені анық. Жұмыссыздық және экономикалық жағдайдың төмендеуі мен түрлі тұрмыстық қиыншылық қазақстандықтардың шетелдерге көшіп жатқан отбасылар санының жыл сайын артуымен де байқалды.
Ал қазақ репатрианттары үшін квотаның және мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз болғандығы қазақ көшінің сейілуіне әсер етті. Бұған қоса, азаматтық алу, зейнетақы төлеу, жұмысқа орналастыру және өзге де құжаттарды рәсімдеу үшін әртүрлі бюрократиялық кедергілер де көштің кідіруіне әсер етті. Қазақстанның өз ішіндегі миграцияның да бәсеңсуі байқалады. Халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерден халық саны аз солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныс аударушылардың қатары да сиреді.
Қазіргі пандемия жағдайында және одан кейін де экономикалық дағдарыс салдарынан елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал нашарлап, шағын және орта бизнестің табыстары азайса, бюджетті қысқарту және басқа да ықшамдаулар жүргізілсе, ол түрлі этностар мен репатрианттардың өмір сүруіне, сондай-ақ жалпы халықтың әлеуметтік және көші-қон жағдайына да кері әсер етері анық.
– Тәуелсіздік жылдарында елімізге шеттен 1 миллион қандасымыз көшіп келді деп жүрміз. Сіздің ойыңызша, бұл үлкен көрсеткіш пе?
– Қазақ «Елге ел қосылса – құт!» дейді. Құдайға шүкір, 30 жылға жуық уақытта шеттен 1 миллионнан астам қазақ атажұртқа оралды. Алайда біз бұған тоқмейілсімеуіміз керек. Тәуелсіз Қазақстанның келешегін ойласақ, елімізді іргелі мемлекеттер қатарына қосамыз десек, көп жағдайда сыртта жүрген қандастарымыздың әлеуетін пайдалану қажет екенін қаперімізден шығармауымыз керек-ақ.
– Кеше және бүгін елден біржола көшкен немесе оқу, уақытша жұмыс іздеп кеткен отандастарымыздың қатары өсіп отыр. Елден экономикалық белсенді тұлғалардың шетке ағылуы Қазақстанның адами капиталын әлсірететіні сөзсіз. Бұл орайда Ресейдің есебін еселеп түгелдеп беріп отырғанымыз анық көрінуде. Бізге не істеу керек?
– Ресей биыл сәуір айында «Ресей азаматтығын алу ережелері» туралы жаңа заң қабылдады. Онда Ресей мемлекетінің азаматтығын алуды барынша жеңілдететін нормалар ұсынылған. Міне, осы жайдың өзі-ақ және Қазақстандағы қазіргі көші-қон мен демографиялық процестердің нашарлауы, еңбек ресурстарының төмендеуі, еліміздің қаржы-экономикалық саласының күрделі ахуалы мен өзге де мәселелер таяу арада этносаралық қатынастарды дамытудың, ішкі және сыртқы көші-қон мәселелерін ретке келтірудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді талап етеді.
Бұл үшін этносаралық қатынастарды, көші-қон мен демографиялық саясатты дамыту мәселелері бойынша нақты талдау мен мониторинг жүргізу керек. Содан соң сол талдаулардың нәтижесі бойынша бағдарлама әзірлеу үшін дербес мемлекеттік құрылым құрылуы қажет. 1997-2004 жылдар аралығында осындай құрылымның бірі Көші-қон және демография агенттігі болатын. Ал қазір сол агенттіктің жұмысы Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктері, ҚХА, сондай-ақ «Отандастар қоры» сияқты мекемелерге, кейбірі қоғамдық ұйымдарға бөлініп берілді. Бұған көңіл аудармаса болмайды.
– Сонда сіз тез арада Қазақстанның орта мерзімді және ұзақ мерзімді көші-қон, демографиялық саясатын дамытудың жаңа стратегиясы мен бағдарламасын әзірлеу қажет деп ойлайсыз ба?
– Әрине ғылыми-теориялық және қолданысқа тиімді құжат керек. Осы бағдарламаның аясында саланың перспективалы бағыттарын айқындау, ғылыми кадрлар даярлау, зерттеулер жүргізу, сондай-ақ көші-қон және демографиялық зерттеулердің бұрыннан қалыптасқан қазақстандық мектебін қайта жаңғырту қажет.
Соңғы жылдары ғылыми зерттеулер көбіне қазақ ұлтының тарихы мен этномәдени-этнологиялық мұрасын зерттеуге, қандастардың әлеуметтік-мәдени бейімделуіне, әлеуметтік сауалнама жүргізуге және қазақтардың шетелдегі рухани-мәдени қажеттіліктерін іс жүзінде іске асыруға бағытталып келеді. Бұл ретте көші-қон, демографиялық процестердің, олар еліміздің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігіне әсер етуіне жасалған кешенді саяси талдаудың әлі де аздығы байқалады. Сондай-ақ Қазақстан жүргізіп отырған көші-қон саласындағы дипломатиялық саясаттың құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және саяси салдарын зерттеу зерттеушілердің назарынан тыс қалып жатыр. Бұл орайда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық жаңғыруы туралы ұсыныстары мен бастамалары негізінде этносаралық қатынастар мен көші-қон, демография процестері саласындағы мемлекеттік саясатты тағы да айқындап, оны белсенділікпен іске асыру қажет.
Әңгімелескен
Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»