Экономика • 03 Тамыз, 2020

«Шикізат дәуірінен» кейінгі экономика қандай үлгімен дамуы керек?

1056 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда шикізат секторының дамуына байланысты оң нәтижелі экономикалық өсім болды. Алайда қатал да қатыгез нарықтық орта көрсеткендей, өнеркәсіпті әртараптандырмағандықтан, экономикамыз әлжуаз күйінде қалды. Шикізат нарығындағы сыртқы факторлардың әсерінен өсім өте тұрақсыз болып, циклды негіздегі бірнеше дүркін дағдарысқа душар болдық.

«Шикізат дәуірінен» кейінгі экономика қандай үлгімен дамуы керек?

Еліміздің экономикалық моде­лінен өзгерісті талап ететін негізгі фактор – «мұнай дәуі­рінің» аяқталуы. 1973 жылғы мұнай дағдарысынан бас­тап ОПЕК елдері мұнайдың әлемдік бағасына елеулі әсер етуде. Алайда қазір ОПЕК-тің мұнайға жоғары бағаны картельдік тұрғыдан белгілеу кезеңі аяқталып келеді. Картель бағаларын жоғары деңгейде ұстау АҚШ-тағы қатпарлы мұнай өндірушілердің ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін тиімді пайдалана білуінің нәтижесінде, мұнай өнімінің өзіндік құнын айқындауда бәсе­кеге қабілеттілікке қол жеткізу мүмкін болмай тұр.

Мұнай бағасын төмендетудің бірінші кезеңі 2014 жылы, екінші кезең 2020 жылы бас­тал­ды. Қатпарлы мұнай өндіру тех­нологиялары, балама энер­гия­ның дамуы және электромобильдерге көшу – «мұнай дәуірінің» аяқталу процесінің негізгі себептері. Осылайша, арзан мұнай түбегейлі және ұзақ уақытқа келді деп айтуға болады. Қазақстан неғұрлым тезірек мұнай экспортынсыз өмір сүруді үйренуі және экономикада құрылымдық өзгерістерді қолға алу қажет. Мұнай бағасының төмендігі мұнай саласының дәуірі аяқталып, экономиканың қарапайым, кәдуілгі саласына айналғанын білдіреді.

Бұл факт Қазақстанға моно­салалық және шикізаттық экономикадан арылуға, әртарап­тандыру тетіктері арқылы мейлінше дайындығы жоғары тауарлар мен қызмет көрсетудің негізінде бизнес субьектілерін тұрақты негізде қомақты пайдаға бағыттауы әбден мүмкін. Отандық бизнес үшін қалыпты кірістілігі бар нарықта сұранысқа ие тауарлар мен қызметтер көр­сететін салалар дамуы керек. Құрылымдық өзгеріс орын алу үшін мемлекеттік басқару органдары, бизнесмендер, банкирлер және басқа да экономикаға қатысушы субъектілердің ойлау және шешім қабылдау жүйесінде тектоникалық үлкен өзгерістер орын алуға тиіс. Бұл өзгерістер жаңа экономикалық модельге көшуге негіз болады және үлкен мүмкіндік береді.

Қазақстанның қазіргі даму деңгейінде либералды эко­номикалық модель жарам­сыз. Либерализмнің идеологтары мен уағыздаушы ел­дер­дің өзі, мысалы АҚШ пен Ұлыбритания экономикалық ұлтшылдық ұстанымына, яғни экономикалық мемлекеттік менеджментте сыртқы және ішкі әсер етуші факторлардың тиімді қатынасына көшуде. Соған қарамастан еліміз либералды модель аясында экономикалық өсуді қамтамасыз ете алды және жан басына шаққандағы ІЖӨ бойынша ТМД елдерінің арасында көшбасшылыққа қол жеткізді. Алайда негізінен шетелдік инвес­тициялар есебінен либералды нарық моделінде экономиканың шикізат секторлары, ең алдымен мұнай-газ секторы дамуға мүмкіндік алды. Шикізат өңдеу салалары шетелдік инвесторлар үшін тартымсыз болып қала берді. Экономика шикізат саласына қатысты экспортқа бағдарланған сипат алды.

Қазақстан зкономиканың шикізаттық тәуелділігінен ары­луға көптеген талпыныс жасал­ды. Бірақ мемлекеттің эконо­микадағы рөлі мен мұ­най­­дың жоғары бағалары негі­зін­де туындаған либералды көзқараспен айтарлықтай нә­тижеге қол жет­кізу мүм­кін емес еді. Елдің жеке банк жүйесі негізінен сау­да операцияларын несиелеуге бағыт­талып, өнеркәсіптегі өнд­іруші кәсіпорындарды қар­жы­лан­ды­ру­дан іс жүзінде бас тартты. Мемлекеттік даму институттары құрылды. Алай­да олардың жекелеген индустриялық жобаларды қаржыландырудағы тәжіри­бесі тұрақты негізде сәтті бола бермеді. Нәтижесінде өңдеуші секторға салынған ішкі инвес­тициялар мөлшері тым аз нем­есе бөлінбеді деуге болады. Мұнай бағасына байланысты қол жеткізілген экономикалық даму деңгейі тұрақсыз күйінде қалды. Соңғы 20 жылдағы тәжірибеге сүйене отырып пайымдасақ, қазіргі либералды экономикалық модельмен Қазақстан басты стратегиялық мақсаты – 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына кіре алмайды.

Соғыстан кейінгі Жапония, Оңтүстік Корея және Тайваньның экономикалық модельдері батыс елдерінің парадигмасына сәйкес келмейді. Шығыс Азияның осы елдерінің экономикалық модельдері, ең алдымен, экономиканы мемлекеттік жоспарлауды жеке меншік орын алған экономикада шебер қолданумен ерекшеленді. Шын мәнінде, Шығыс Азия елдерінде бүкіл экономика біртұтас корпорация ретінде жұмыс істеді. Батыс елдерінің экономикаларымен салыстырғанда Шығыс Азия елдері ғана бәсекеге қабілетті болды деп сенімді түрде айта аламыз. Олардың модельдерінің жетістігі капитализм түбегейлі стратегиялық үйлестіру мен басқаруды қажет ететіндігімен түсіндіріледі. Бұл елдер шикізат өндірмей-ақ әлемдегі бәсекеге қабілетті ең дамыған елдердің қатарына кіре алатынын уақыт дәлелдеді.

Қазақстанда да Шығыс Азия елдерінің жетістіктерін қайталауға барлық алғы шарттар бар. Біріншіден, жоғарыда аталған елдер сияқты, Қазақстан да маңызды геосаяси және геоэкономикалық жағдайға ие. Екіншіден, Шығыс Азия елдері әлемдік мұхит арқылы әлемдік нарыққа шықса, Жаңа Жібек жолы арқылы Қазақстанға әлемдік нарыққа жол ашылады. Үшіншісі, біздің халықтың менталитетін, отбасылық құндылықтарға деген сенімін Шығыс Азия елдерімен бір қатарға қоюға болады. Төртіншіден, Қазақстан қазіргі даму кезеңінде Шығыс Азия елдеріне тән ұлттық шоғыр­ла­нудың жеткілікті жоғары дең­гейіне жетті. Яғни Қазақстан өзінің экономикалық моделін құру үшін үлкен экономикалық, географиялық және табиғи мүм­кін­діктерге ие.

Жаңа экономикалық моде­лі­нің негізгі ерекшеліктеріне көңіл аударсақ, Қазақстанның бүкіл экономикасы мемлекет-жеке мен­шік әріптестігі қа­ғидаттары бойынша бірыңғай тиімді кор­по­ра­тивті басқару стан­дар­т­арының не­гізінде төмендегі жұмыстар атқарылуы қажет:

– ірі мемлекеттік және жеке корпорациялардың, ШОБ-тың өнеркәсіптік секторының жұмысын мемлекет үйлестіруі және ұлттық даму мақсаттарына бағытталған мүдде болуы керек;

– мемлекет бизнес, ғылы­ми және сараптамалық қоғам­дас­тықпен серіктестікте эконо­ми­калық дамудың басым ба­ғыттарын анықтайды;

– міндетті және ынталандырушы сипаттағы бес және бір жылдық мемлекеттік жос­парлар жүйесі жасалуы қажет. Мемлекеттік органдар мен компаниялар үшін міндеттелген, жеке бизнес субьектілеріне ынталандырушы сипаттағы тетіктер болғаны құба-құп.

– мемлекеттік инвестициялық бағдарламалар мемлекеттік жоспарлардың ажырамас бөлігі болуы керек. Инвестициялық бағдарламалардың мақсаты – ең алдымен бес жылдық мемлекеттік жоспарға енгізілген өнеркәсіптік жүйе құрайтын жобаларды қайтарымды негізде қаржыландыру. Жүйе құрай­тын жобаларды міндетті түр­де жеке инвесторлар мен екінші деңгейлі банктерден қосымша қаржыландырған жөн. Үрдістердің ашықтығына қол жеткізу үшін жүйе құраушы жобалар Парламентте жіті қарастырылып, бекітілуі қажет;

– мемлекеттік жоспарлардың негізі экономиканың басым секторларында қосымша құн тізбектерін (ҚҚТ) құрайтын ұлттық индустриялық жобалар болуы міндетті түрде орын алуы қажет.

– мемлекет дайын өнімді шығару негізінде отандық ҚҚТ құруда жеке бизнеске басымдық береді;

– Үкіметтің мемлекеттік жос­парлар шеңберіндегі ұлттық инновациялық жобаларын жүзеге асыру жұмысы жобалық менеджменттің негізінде ұйым­дастырылуы қажет;

– ұлттық бәсекелестік стратегиясы, яғни шығындарды азайту стратегиясын іске асыру үшін қосымша құн тізбек­терінің экономикалық және ұйымдастырушылық моделі міндетті түрде жүзеге асырылуға тиіс.

Экономикалық болжау функциялары Экономика минис­трлігіне жүктелген. Бірақ нәти­же­­сінде біртұтас мақсатқа ба­ғыт­­­­талмаған, жүйелі жос­пар­ланбаған және міндеттері мен жауапкершілігі анықталмаған декларативті көптеген мемле­кет­тік тұжырымдамалар мен бағдарламалар жүргізілуде. Іс жүзінде көптеген мемлекеттік бағдарламалар стратегиялық жоспарлау құралдарының орнына бағдарламалардың бастамашылары мен қатысушыларының мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордан қаражат алу құралы ре­тінде қызмет атқаратын сияқ­ты.

Мемлекеттік жоспарлаудың бірінші кезектегі басым міндеті – әлеуметтік-экономикалық қыз­меттің әртүрлі салала­рын құру және бұл өз кезегінде тиісті мемлекеттік несие, салық жеңілдіктері, инфрақұрылымдық қолдау және басқа да мем­лекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілуі керек. Бұл ретте мемлекеттік жоспарлау жекеменшік бизнеспен тығыз серіктестік жағдайында жүргізілуі қажет. Тиісінше, Үкіметтің барлық жұмысы жобалық әрі бағдарлық сипатта болғаны тиімді. Бұл Үкіметтің жұмысын түбегейлі қайта құруды, жобаларды басқаруды нақты жүзеге асыруды және ведомствоаралық кедергілерді жоюды талап етеді.

Қазіргі әлемдік нарық конъюнк­­турасы және Қазақ­стан­­ның көрші елдермен интег­рациялық стратегиясы индус­триялық саясаттың негізгі ба­ғыт­тарын қайта қарау үшін жағ­дайлар мен мүмкіндіктер тудыруда. Тиімді интеграция арқылы оңтүстік көршілер – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжік­стан (нарығы – 50 млн адам) қазақ­стандық өндірушілер үшін маңызды нарыққа айналады. Біздің дәстүрлі серіктестеріміз Ресей мен Беларусь (нарығы – 156 млн адам) өте үлкен нарық. Негізгі шикізаттың (мұнай мен металдарға) арзандығы өңдеу өнеркәсібінің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. Ал Жібек жолы транзит дәлізінің құрылысы екі бағытта – Азия – Тынық мұхиты аймағына және шығысқа экспорттық қайта өңдеу өнім­дерінің бағасын айтарлықтай төмендетеді. Сонымен бірге Еуропа одағы елдерінің дайын өнімдері еліміздің өңдеуші өнеркәсіп өнімдеріне деген ішкі сұраныстың жеткілікті деңгейде сақталуына ықпал етуде. Сондай-ақ машина жасау өнімдерінің жыл сайынғы импорт көлемі 8 млрд долларды құрап отыр.

 Қазақстанның мұнай-газ сала­сын­­дағы негізгі мақсаттағы құбыр өнімдеріне деген ішкі қажеттілігі жылына 1 млн тон­наны құрайды. Мұндай алғышарттар ең алдымен ел индустриясының дәстүрлі салаларында – машина жасау, тау-кен металлургия кешені, мұнай-химия, құрылыс және басқа салаларды терең индустрияландыруға мүмкіндік береді.

 

Бауыржан ИСАБЕКОВ,

экономика ғылымдарының докторы, профессор