Шығыс өңірінде бұдан бұрын Бұқтырма су қоймасының жағалауына рейд жасалған болатын. Содан соң бұл іс-шара мемлекеттік қызметкерлер, қоғам белсенділері мен еріктілер арасында кеңінен қолдауға ие бола түскендей. Айталық, Дұбығалы көліне жүргізілген тексеру барысына Ұлан ауданының атқарушы органдары, полиция және коммуналдық қызметі, экологиялық құрылым, кәсіпкерлік өкілдерінен құралған 24 адам қатысты.
Демалыс аймағын қарау барысында қатысушылар көл маңайында абаттандырылған жағажайдың жоқтығын, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлердің мүлде қарастырылмағанын және бірқатар заңсыз қоқыс алаңдары анықталғанын атап өтті.
Таврия ауылдық округі әкімі орынбасарының айтуынша, әкімдіктің күшімен апта сайын тазалық жұмыстары жүргізіліп, жағалау аумағынан 5-6 тонна көлемінде қоқыс шығарылады, сонымен бірге демалушыларға әртүрлі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылып тұрады.
– Алайда бұл ретте біздің әлеуетіміз бен қаржымыз жеткіліксіз деп ойлаймын. Есептеуімізше, көлге бір демалыс күні келушілердің өзі 1 мың адамды құрайды. Егер бір адам күніне 1,1 кило қоқыс қалдыратын болса, жағалауда күнделікті 1 тоннадан астам қоқыс пайда болады, – дейді Экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы Елена Полянцева.
Сондай-ақ аудан әкімдігі мен демалушылардың тағы бір өткір мәселесі бар. Бұл аталған демалыс орнында ұялы байланыстың жоқтығы. Яғни бұл мәселе төтенше жағдай кезінде демалушыларға жоғары тәуекел тудырып қана қоймай, ауданның бюджетінің қамтамасыз етуде қиындық әкеледі. Интернеттің жоқтығы кәсіпкерлер тарапынан туристік бизнестен түсетін кірістерін жасыруға мүмкіндік береді, сонымен бірге полиция қызметкерлерінің оқиға орнында хаттама толтыруын қиындатады.
Қоқыс орындарының мәселесін күрделендіріп тұрған мәселенің бірі – рекреациялық аймақтағы жердің айтарлықтай бөлігі сатып алынған және мақсатты түрде пайдаланыла бермейді. Көптеген жекелеген аумақтардың жағдайы сын көтермейді, көріктендірілмек тұрмақ бей-берекет қоқыс төгетін орынға айналып кеткен. Заң бойынша жер телімінің иесі өзіне тиесілі аумақты жеке қаражаты есебінен тазалап тұруы қажет.
Ұлан ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі өкілінің сөзінше, 2015 жылдан бері аудандағы барлық жер учаскелеріне ауқымды түгендеу жұмыстары жүргізіліп, оның барысында қайтарылып алынған 8 жер телімі Орман қорына тапсырылған. Одан өзге қазір Дұбығалы көліне баратын жаңа жолдың құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасалып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сондай-ақ жағалауды көріктендіру жұмыстары құрылысына арналған сызба әзірленді, онда мүгедектердің демалысына арналған жағдай қарастырылған. 2021 жылы құрылысқа қажетті бюджет қаражатын бөлуге өтінім беру жоспарланып отыр.
– Шығыс Қазақстан облысының қоғамдық кеңесінде экологтар мен кәсіпкерлер, қоғамдық және рухани келісім бойынша сарапшылық жұмыс тобы өкілдерінің қатысуымен өткен отырыста өңір басшысына демалыс аймағындағы 20 жыл бойы мақсатты түрде пайдаланылмаған жер телімдерін қайтарып алуға ықпал етуі үшін өтініш жазуға шешім қабылданды, – дейді облыстық Қоғамдық кеңестің қоғамдық және рухани келісім бойынша сарапшылық жұмыс тобының жетекшісі Геннадий Пуссеп.
Айта кету керек, рейдке қатысушылар хат жазумен ғана шектеліп қалмақ емес. Экологтар мен қоғам белсенділері экосенбілік өткізіп, жағалаудағы қоқыстың бір бөлігін тазалады. Экология департаментінің мамандары жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметіне рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою және жергілікті тұрғындар мен демалушылар арасында алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту туралы ұсынымдарын жеткізді.
Қоғам белсенділері мұндай рейдтерді тамыз айында өңірдің басқа да аумақтарында өткізілетінін, оған қатысуға ниет білдірген ұйымдар мен мекемелерді қолдайтындарын атап өтті. Департамент қызметкерлері сонымен бірге заңсыз қоқыс орындары анықталған жағдайда Call орталықтың 87759524900 нөміріндегі WhatsApp-қа қоқыс орнының фото және видео материалдарын жолдап, орналасқан аумағын хабарлауға болатынын жеткізді.