Таным • 04 Тамыз, 2020

Өткеннен – өнеге

463 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұзақ жыл партия, кеңес жүйесінде қызмет еткен Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов ағамыздың ата-баба тарихына деген сүйіспеншілігі шексіз еді. Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, кейін зейнетке шыққанында да, елге келген сайын сәлем беріп, кіріп шығатынмын.

Өткеннен – өнеге

«Ақ желкен» журналында бас редактор болған жылдары талай естелік, мақалаларын жариялап, алғысына бөлендім. Алайда ағамыздың көкейін кескен бір жоспарын орындауына ықпал етпегенім өкіндіреді. Оның өзін жақында архивімнен тауып алған хаттары көзіме оттай басылғанда есіме қайта түсті...

«Мағира! Қарағым, есен-сау болды­ңыз ба? Біз де есендіктеміз. Әжеңізбен «Оқ­жетпесте» болып, ем-дом алып жуықта оралдық. Біз келсек, өзіңіз жіберген № 9-10 «Ақ желкен» үйде екен. Келісімен қолға алып, оқып сусын­дап қалдым. Қамқорлығыңа көп рахмет. Құрметің Алладан қайтсын! Бүкіл редакция алқасына, журналды шы­ғаруда еңбек етіп жүрген ұжым мүше­леріне есендік-саулықта абройлы болу­ларына тілеулестік білдіруші аталық ри­залығымды қабыл алсын! Зор құрметпен кездескенше. 21.ХІ-97. Зеренді».

Тағы бір хатында: «Мағира қарағым! Есенді-саулықтамысыздар? «Ақ желкеннің» № 9-10 нөмірлерін алдым. 8-9 нөмірлері қолыма тимеді. Саған звондап ала алмадым. Мен атамыз Қанай шешен туралы жазып жіберем ғой деп уәде де беріп едім, ол уәдеде тұра алмадым. Өйткені Қанай шешен – би, батыр қалың елдің қамқоры болған адам. Мағжанның «Батыр Баянында» айтады ғой: «Қамқоры Қарауылдың Қанай шешен, Ту баста Абылайды хан көтерген», дейді.

Абылайдың оңтүстіктен пана таппай, Арқаға келіп Жақсылық Қарауыл Дәулетбайдың жылқысын баққанын – 1923 жылы Ташкентте Халел Досмұ­хамбетұлы түзетіп шығарған Кенесары, Наурызбай туралы Нысанбай ақын жырының 78-бетінде Абылайды Қарауыл Арғын Дәулетбайдың жылқышысы болған дейді. Сол Дәулетбайдың қонысы – Дәулет көлі бүгінде «Қарабұлақ» кең­шары орталығы тұрған жер болады.

Ол кезде Атығай Қарауылдың қам­қоры Қанай шешен екен. Демек Абылай-Сабалақ Қанайдың қарауына келген ғой. Абылай-Сабалақ осы арадан жауға аттанғанына ешкім күмән­данбайды. Олай болса Абылайдың қорғаны болған Қанай атамыз туралы қалам тарту – өте жауапты іс. Ол тарихи жағдайға шет жағалап жүрген жазушылар бар. Белгілі жазушы жерлесіміз Естай Мырзахметов 1997 жылы 4 қаңтарда Көкшетау газетінде «Қанайы Қарауыл мен Атығайдың» деп көлемді мақала жазды, оның алдында да жазғаны бар.

Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабының 356-бетінде де Қанай би туралы жазыл­ған. Сондай-ақ «Шешендік сөздер» кіта­бы­ның 73-бетінде Қанайдың шешендігін жазады. Бұл Қанай шешен әрі батыр, әрі көсем, терең талдауды талап етеді. Қанай өзінің шешендігімен 12 қақпалы Ташкентте би болған дейді. Біздің қолда жазылған ештеңе жоқ. Тек қана ел аузынан жазып алған Асқар қарттың «Қанай шешен мен Мұсақұл балуан» атты әңгімесі бар.

Қанай атамыз ауыз әңгіме бойынша шамасы 1660-1670 жылдар шамасында дүниеге келіп, қайтқан жылы белгісіз, бірақ көп жасаған кісі дейді. Қанайдың ел аузындағы әңгімеде 10-11 жасында аты шыға бастағаны айтылады. Бірде үйіне келген қонақ: «Ана балаға бір сүйек беріңдерші» депті, сонда Қанай: «Бүркіт шашып жейді, қарақұс басып жейді, адам ет жейді, ит сүйек жейді, сүйегіңді өзің же», депті.

Бір сыншы Құтымбеттің төрт баласы бар екен, соларды сынағанда: «Қанайды тілін безеп дауға қой, Аюды шоқпар беріп жауға қой, Малайдың қолын сыбантып майға қой, Бөкейді тығып сайға қой», депті. Сол айтқаны болды дейтұғын. Қанайдың мүрдесі Түркістандағы зиратта екені баяндалады, алайда нақтысын әлі де анықтау керек деп ойлаймыз.

Қарағым, абыройлы бол, аталық тілекпен Баян! 27.ХІ-98».

Хаттардан аңғарғанымыздай, Қанай атасына қатысты дәйек-деректерді Баян ағамыз өмір бойы жинағаны көрініп тұрады. Қайта-қайта көшіріп, сақтаған қағаздарынан небір құнды мәліметтермен танысуға болады. Бұлар өзі жазып қойғанындай: «Ел арасында қызмет етіп жүргенде әр кезде кездескен ел ағасы ақсақалдардан естіген, өздері жазып берген сөздері».

Негізінен 1905 жылы туған Асқар Нұғымановтың Қанай шешен туралы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жазып, есте сақтағаны көлемді еңбекке саналады. Солардың бірінің соңына: «Асқардың 1977 жылы маған берген қара тетрадынан көшірген Баян Жанғалұлы. 14-VІІІ-1991 жыл» деп жазыпты. А.Нұғымановтың «Бекболат немересі Жаңабатыр би Қанай шешеннің шөбересі», «Қылды Қарауыл руынан Құттықадам ұлы Бөгенбай-хақында есте қалғанды жаза кетуді жөн көрдім» деп, қол­жазбаларының аяғына өзінің қашан көшіріп жазғанын мұқият белгілеп отырған. «Халықтың қамын ойлап кейін­гіге ой салу үшін Асқар қарт жазып қал­дырған уақиғаны сол мақсұтбен мен де көшіріп алдым. 30.ІХ.1994 жыл. Оқ­жетпес шипажайы. 80-нен асқан жасымда Баян Жанғалұлы, руы Қарауыл, Қанай шешеннен тарайды» деп қолын қойған.

Ұлттық мұрамыз тәрк етілген қысыл­таяң уақытта қайран азаматтар осылай, құнды дерек-дәйектерді бір-бірінен көшіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Баян аға өзі өмір сүрген дәуір тынысын тереңнен сезінген.

Алпыс жылдан асса да сол сұмдықты ұмыта алмаймын, қазақ халқы үшін бұл жазылмайтын жара, емі жоқ қасірет болып қала береді», деп түйіндепті өлеңін Баян аға.

Баян Жанғалов сынды ағалары­мыздың биліктің қандай сатысында жүрсе де ел, жер, ұлт тағдырына, тарихына жанашырлықпен қарап, рухани мұрамыздың сақталып, насихатталуына осылай қамқор еді.

         

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері