Қоғам • 07 Тамыз, 2020

Сенатор ғалымдармен ғылымды дамыту мәселелерін талқылады

209 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов Ә.Н.Бөкейханның атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының  дендрологиялық паркінде болды.

Сенатор ғалымдармен ғылымды дамыту мәселелерін талқылады

Щучинск қаласының солтүстік бөлігінде осы аттас көлдің жағасында орналасқан ғылыми орталықтың қызметімен танысу барысында сенатор Еуропадан, Сібірден, Солтүстік Америкадан, Қиыр Шығыстан, Жапониядан, Қытайдан, Кореядан, Орта Азиядан өсімдіктердің 600-ден астам түрі ұсынылған интродуценттер топтамаларының әралуандығына назар аударды.

Дендрологиялық парктің қызметі мен негізгі міндеттері туралы Бақытжан Жұмағұловқа Ә.Н.Бөкейханның атындағы ҚазҚСҒЗИ Бас директоры Әлімжан Рахымжанов пен селекция бөлімінің меңгерушісі Яна Крекова айтып берді

Институт орман флорасын сақтаумен және көбейтумен, орман екпелерін адам өмірінде пайдаланудың жаңа мүмкіндіктерін қамтамасыз етумен айналысады. Ғалымдардың зерттеулері экологиялық апат аймақтарын, агроорманмелиоративтік және көгалдандыру екпелерін қоса алғанда, Қазақстанның орман қорын зерттеуге бағытталған.

Ғалымдардың айтуынша, дендрологиялық саябақта ұсынылған өсімдіктердің ең құнды қорлары ғылыми зерттеулер, экспозициялар құру және биоалуантүрлілікті сақтау алаңы ғана емес, сонымен қатар орман шаруашылығында, көгалдандыруда және басқа да салаларда қолданылатын техникалық, тағамдық, дәрілік және сәндік өсімдіктердің ассортиментін байытудың маңызды көзі болып есептеледі.

Сенатор сапар барысында орман шаруашылығы және агроорманмелиорация саласында зерттеулер жүргізу; орман шаруашылығын жүргізудің ғылыми негіздерін әзірлеу; ғылыми кадрлар даярлау; инновациялық технологияларды ғылыми қамтамасыз ету және оларды өндіріске енгізу сияқты бағыттарда маманданатын «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ құрамына кіретін ғылыми-зерттеу институтының қызметіне қатысты мәселелерді талқылады.

Сенатор кездесуде елорда айналасын және еліміздің ірі қалаларын көгалдандыру, орман ғылымын дамыту, ҒЗИ нысандарының инфрақұрылымын жаңғырту, Қазақстанда туындайтын экологиялық проблемаларды шешудегі ғалымдардың рөлі мәселелерін көтерді.