Оқиға • 14 Тамыз, 2020

Жұлдыздай ағып өткен жасын-ғұмыр

4858 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қайда кетіп барасыңдар, тырналар!

Мені ала кетіңдерші бұл елден.

Запы болдым қабақтардан түнерген,

Жара болды қос аяғым шідерден...

Жұлдыздай ағып өткен жасын-ғұмыр

 

Қазақ өлеңінің аспанында жұлдыздай жарқырап, орда бұзар жасында опат болған Бауыржан Үсеновті ойлы оқыр­ман шын мәніндегі тағдырлы талант ретінде таниды. Жуалы жерінде дүниеге келіп, жастық шағы өзі арман қуып барған Алматыда өткен арда ақын­ның бұл күнде жұлдыз тектес жырлары өзі ертерек дүниеден өтсе де, рухы­ның өлмейтіндігін көрсетіп отыр. Ақынға деген аға буынның, замандас қалам­дастарының ілтипатының бөлек екен­дігін естіп те, көріп те жүрміз. Қыран сынды қияда самғап жүріп жалғанмен қа­пияда қоштасқан шайырдың шынайы тағдыры, жан әлемінің жұмбақ сыры, мұңы мен назы сол өлеңдерінде. Жалғанмен сыйыса алмаған, қоғаммен келісімге келе алмаған ақынның өзі жасындай жарқ етіп, аңызға айналып сала берді.

«Жұлдыз ақты аспаннан

бір дір етіп...»

Өз жолым бар, сонан соң өз үнім бар,

Тағдырым бар сын тұнған

сезімімде әр.

Ұмтыламын, мен саған ұмтыламын,

Құпияңмен сен менің төзімімді ал, – деген ақынның арманшыл жанының ақ шырағы, асқақ рухы бүгінде көптің көкейінен кете қойған жоқ. Жаны еркін­дік аңсаған ақынның өмірге көзқарасы, тағдырға назы да өлеңдерінің өзегінен ақиқаттың ақ шұғыласы болып шашылып тұр.

Саусақтарын жаяды сәулеге гүл,

Жапырағын жұлады әурелеп ұл.

Ғұмыр бойы далаға телмірумен,

Өтіп жатқан қамкөңіл дәурен-өмір,

– дейді ақын. Бауыржан Үсенов жал­ғанның жарығында аз ғұмыр кешсе де, оның шығармашылығынан түрлі кезеңдерді тап басқан тамыршыдай та­ланттың белгісін көруге болады. Жас­тық шақтың жұпар сезімінен бастап, адамның, заманның, қоғамның ортақ қасіретін қозғаған өлеңдерінің өзінде де шынайылықпен қатар, шыншылдық бар. Отыз жетінің ойранын жазған «Құрылық қасіреті», сексен алтының қасіретін шерт­кен «Желтоқсан жаңғырығы» поэма­лары да ұлттық әдебиеттегі бояуы қанық, ойы анық шығармалар еді. Ал Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиннің қилы тағдыры туралы жазылып, кезінде тағдыры қиын­дыққа тап болған «Қара машина» өле­ңінің болмысы да, тарихы да бір бөлек. Ал мұндай дүниелер ақынның еске алу кешінде, болмаса шайыр атындағы жыр додаларында айтылса, бұл да рухани шежіреміздің ақ парағында жазылған ақиқат болып қалатын еді.

Жұлдыз ақты аспаннан бір дір етіп,

Тамшы тамды шатырдан күмбір етіп.

Жазылмаған жанымды жыр жүдетіп,

Онсыз да көп жіберді мұңды үдетіп, – («Таң жыры») деген ақынның өзінің де тағдыры аспаннан бір дір етіп аққан жұлдыздай болды. Әрине, біздің буын Бауыржандай ақынның көзін көре қойған жоқ. Бірақ ауызша һәм жазбаша естеліктерден жігіттің сұлтаны, талант­тың нақ өзі еді деп сипатталатын ақын болмысын айқын көре аламыз. Арманда кеткен ақын туралы кезінде бірталай айтылды. Шерхан Мұр­тазаның Бауыржан Үсеновтің Бет­пақдала қасіретін жырлаған өлеңін мысалға келтіре келіп, «Ажалдың оғы оған да тиіп, өмірден жарқ етіп, лезде өтіп кетті. Өлеңдерінің өмірі, сірә, ұзақ болар. Ал аңды, табиғатты қор­ғау қоғамы ақынның осы өлеңін өз меке­месінің маңдайына жалаулата іліп қой­са ғой», дегені елдің есінен қалай шыға қойсын. Иран-Ғайыптың өкінішті кейіпте «Айналайын-ай... Айналайын! Сен – Мен үшін – Тірісің, Бауыржан! Хал­қың – Қазағың үшін де...», деп тебі­ренгені де жүректі елжірететін сезім. Ағалардың осы бір алқауы таланттың дәреже-деңгейін көтеріп тұрған сөз, бірақ ақынның рухын, атын өлтірмеу бәріміздің ортақ міндетіміз екенін еске салып тұрған аманат-сөз де сияқты... Әрине, ақын алдымен өзінің өлеңдері арқылы ақын. Бауыржан Үсенов кім дегенде, әуелі есімізге «Қара машина», «Бүйрек туралы жыр» өлеңдерінің түсе­тіні анық. Бұл өлең де жазықсыз жапа шеккен жанның ішкі қасіреті еді. Тап бір өзінің ажалын болжағандай, ғайыптың кемесіне ерте мініп кететінін білгендей жазылған дүниенің кім-кімді де тебірентпей қоймасы анық.

Бір өксік алқымыма кеп тұрады,

Шулайды көңілімнің көк құрағы.

Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген

Бүйрегім түбі мені жеп тынады,

– деген қайран ақын, сол орда бұзар шағында келместің кемесіне мініп ке­те барды. Әрбір шығарманың өзіндік тағдыры мен тарихы болады. Бұл ретте ақынның жары Гауһар Тажкенова да ақынның тағдырлы туындылары туралы әңгімелеп берген еді. «Біздің отау құрғанымызға да алты жыл уақыт болып қалған. Сол бақытты шақтың тұсында Бауыржан екі бүйрегінен тұра алмай, қатты қиналып, көз алдымда солып бара жатты. Сол кезде өлең жазудан бас алмай, өзінің ішкі жан қиналысын өлеңге ақтарды. Жазықсыз жапа шегіп, көзқарасы үшін қуғын көргеннің салдарынан екі бүйрегі істемей, 1991 жы­лы тәуелсіздікке санаулы күндер қал­ғанда дүниеден озды. Сол кезде әкем марқұм «Шүкір ет, қызым» деуші еді. Мен түсінбей, қанатымнан қайы­рылған құстай күй кештім. Ол кезде мен небәрі жиырма сегізде едім. Бес және үш жасар екі баламен жесір қалып, тығырыққа кеп тірелгендей өзімді тірідей жей бердім. Жалғыздықта жа­ныма жұбаныш таппай, тек өлең оқып, өзімді поэзиядан таптым», дейді ақын­ның жары. Бұл өлең шайырдың екі дүние арасындағы, жантәсілім етер сәтіндегі арпалысы екенін ұғуға болады. Ақынның өзі өмірден өтіп кетсе де оның артында көңілге демеу сөзі қалады. Өлім түгілі, өкпеге қимайтын жанашыр жандар ақын рухының өшпеуіне хал-қадерінше атсалысады. Гауһар Тажкенованың айтуынша, 1992 жылы қараша айында Қазақстан Жазушылар одағында Мейірхан Ақдәулетұлының ұйымдастыруымен Бауыржан Үсеновті еске алуға арналған кеш өтеді. Алматыға ақынның көзкөрген, сыйлас болған адам­дары барып, естеліктер айтады. Жұлдыздай ағып өткен жасын ғұмырлы ақынның рухын ардақтап, атын аспандатқан бұл сәт те көпшіліктің көкейінде мәңгілікке сақталып қалды.

 

Қайта оралған

«Қара машина»

Кезінде ақынның тағдырына әсер еткен «Қара машина» өлеңі де оқырманға жақсы таныс. Бірақ, талай уақыт бас­па бетін көрмей, шыңырау түбінде жатқандай күй кешкен шығарма да шынайылықтың өлмейтіндігін көрсетсе керек. «Бауыржанның түбіне жеткен «Қара машина» деген өлеңін таппай шыр айналып, іздеуге кірістім. Та­былмады. Кейін, яғни 2011 жылы Бауыр­жанмен бірге оқыған курстасы, белгілі ғалым Бауыржан Омаров хабарласып, «Сүйінші! «Қара машина» табылды» деді. Құдайым бар екен. Қуанып кеттім. Ол өлеңнің түпнұсқасын кезінде Баукең ашуланып, көз алдымда жағып жіберген еді», дейді Гауһар Тажкенова. Ақын жарының айтуы бойынша, ілгеріде ғалым Тұрсынбек Кәкішев, Бауыржан Омаров бәрі Қарағанды қаласына тойға барады. Той үстінде асаба Тұрсынбек Кәкішевке сөз берерде Бауыржан Үсеновтің «Қара машина» деген өлеңінен үзінді оқиды. Сол сәтте Бауыржан Омаров асабадан бұл өлеңді қайдан білетінін сұрайды. Ол өлеңнің Қарағандыда әнші Жақсыгелді Кемалов деген кісінің үйінде магнитофонда жазулы тұрғанын айтады. Кезінде Бауыржан ақынның өзі Қарағандыда болған шағында, өз дауысымен жазылып қалған өлең осылай табылады. 1981 жылы туып, кейіннен тағдыры түрлі қыспаққа түскен туындының толық нұсқасы Бауыржан Омаровтың «Бауыр­жан сал» деген естелігінде жарияланады. Содан бері оқырман ақынның «Қара машина» деген атақты өлеңімен қайта қауышады.

Үш ұлы адам дарын ескен түрінен,

Келбетіне Құдайдайын үңілем.

Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи

Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен...

Жазықсыз жаланың құрбаны болған қай­раткерлерді жоқтаған азалы жыр ақын­ның шоқтықты шығармаларының бірі.

Ақынның тұтас болмысын ашу күр­делі шаруа. Бірақ, кезінде бірге жүрген, қимас, сыйлас болған жандардың жақсы сөзі ақынға берілген әділ баға. Светқали Нұржан «Көкіректе үні қалған жан-дауыс» атты естелігінде ақын досы Бауыр­жан Үсеновтің «Қара машина» өлеңі туралы жазады. «Жазушылар Ода­ғында өткен бір жиынның соңы поэзия кешіне ұласып, Бауыржан 37-жылдың сұрапылын суреттейтін «Қара машинасын» оқығаны есімде. Кешті басқарып отырған Әбіш аға Кекілбаевтың оған соншалықты мұңды тебіреніспен, соншалықты ырзалықпен қарағаны жа­дымнан кетпейді. Өзі де сол ашудас тақырыпқа қазақ қаламгерлері арасынан тұңғыш пернелеп қалам тартқан («Ажар» триптихы) Әбіш ағаның санасына не келді екен сонда?», дейді ақын. «Өмір неткен Өксік пен Өкінішке толы еді? Осының бәрі тірімізде бір-біріміздің қадірімізге жетпегендігімізден емес пе екен?.. Не де болса, мына баян­сыз жалғанда бізден кеткен бір қате­лік, біздер бұзған бір жарасым бар сияқ­ты болады да тұрады... Бауыржан, «хош-хош» айтпай, сыр-қазына, жыр-қа­зына, ән-қазынаңды өзіңмен алып тым асығыс аттанып кете барғаның-ай», деп тебіренеді Светқали ақын. Ал Бауыржан Үсенов мезгілсіз өмірден өткенде, Маралтай Райымбекұлының «Қазанама» деген өлең жазып, ақынды егіле жоқтағанын да бүкіл ел біледі. Жалпы, ақын туралы қандай естелікті оқысақ та, қандай пікірді тыңдасақ та барлық көңілден қапыда кеткен қыранды жоқтау, оған деген қимастық сезім бар екенін байқаймыз.

 

P.S. «Шын ақынның өлген күні болмайды, тек туған күні болады» деген сөз бар. Биыл Бауыржан Үсеновтің туғанына 60 жыл. Осы орайда, «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген сөз еске түседі. Әкімдік тарапынан ақынның атындағы жыр мүшәйрасы ұйымдастырылса тіпті жақсы болар еді. Себебі, туған жері тағдырлы перзентінің есімін ешқашан ұмытпауы керек. Қазақтың шалқар даласында талай талант дүниеге келді, талай талант дүниеден өтті. Сол сияқты, Әулиеата өңірінде де Артығали Ыбыраев, Серік Томанов, Әзімбек Жанқұлиев, Салтанат Абашова, Өрнек Құлекеев сынды өмірден ерте озған таланттар бар. Солардың бел ортасында Бауыржан Үсенов те тұр. Шыны керек, Жамбыл облысында осыдан үш-төрт жыл бұрын Шерхан Мұртаза атындағы жыр бәйгесінен кейін ақын-жазушыларды еске алатын республикалық ешқандай мүшәйра өтпеген екен. Сол олқылықтың орны биыл толып, өңірде Бауыржан Үсеновті еске алу кеші, ақын атындағы мүшәйра ұйымдастырылса, бұл да тағдырлы талантты ұмытпаудың бір жолы болар еді...