Оқиға • 17 Тамыз, 2020

Жақсылық жасаудың ләззаты

409 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жастар жылының жалғасы іспетті биылғы 2020 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Волонтер жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы ретте Түркістан облысында Волонтерлер қозғалысы қалай өріс алып жатқанын облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Амалбек Өміртайдан сұрап білдік.

Жақсылық жасаудың ләззаты

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Облыс волонтерлерінің жұмысы Жастар орталықтары арқылы үйлестіріледі. Облыста ЖОО мен колледждерде құ­рылған кіші топтардағы ерік­ті­лерді қосқанда 5 мыңнан аса жас волонтер ретінде тіркелген. Волонтерлік қызметтің бағыттары да, түрлері де көп. Мемлекеттік деңгейде белгіленген 7 бағыт бар.

Жыл басында облыста Во­лон­тер жылын өткізу бойынша тұжырымдама әзірленіп, барлық бағытты қамтитын іс-шаралар жоспары бекітілді. Алайда наурыз айынан бастап індетке байланысты көп іс-шарамыз тоқтады. Десек те карантин кезінде во­лон­терлік бастамаларды індетке қарсы күреске бағыттап, жас­тар­ды жұмылдырдық. Саулық бағытында «Жүз жасаңыз», «Мен донормын!» атты саламатты өмір салтына үндейтін шаралар карантинге дейін өтті. «Асыл мұра» бағытындағы шараларды да атап өтер едім. Бұл бағытта жалпыұлттық деңгей­де­гі Түркістан облыстық фронт-кеңсесін аштық. Ең әуелі Түр­кі­­с­тан облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің тізімін алып, оларды насихаттауда, абаттандыруда волонтерлердің күшімен қандай жұмыс жүргізуге болатынына мониторинг жасап, жоспар құрдық. Жібек жолы бойындағы ежелгі қалалар – Отырар, Сауран, Түркістан қаласындағы ежелгі қорымда тазалық жұмыстарын жүргіздік. Бәйдібек ауданындағы Аппақ ишан мешітін ақтап-сырлауға, Сауран қаласындағы реставрациялық жұмыстарға волонтерлер тартылды. Ежелгі қамалдардың құлаған немесе осал тұстарына еріктілер реставраторлармен бірге кірпіш тасып, кесек қалауға қолұшын берді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында (Күлтөбе) археологиялық қазба жұмыстарына еріктілер қаты­су­да. Жаңа облыс орталығын үлкен туризм орталығына айналдыру бағытында «Әлемге құшақ ашқан Түркістан» деген та­қырыпта жүйелі волонтерлік қозғалыстарды ұйымдастырдық.

Болашақта Түркістан үлкен туристік орталыққа айналады. Сол себепті қаламыздың қыз­мет көрсету орталықтары – асхана, дәмхана, мейрамханалар мен қонақүйлер туристерді қабылдауға дайын болуы керек. Жергілікті халықтың туристерді, шетелдіктерді қабылдауы, оларға қызмет көрсету мәдениеті, қо­нақжайлылық пейіл жөнінде тү­сін­дірме жұмыстарын жүргіз­дік. «Қызмет көрсетудің 10 алтын қа­­ғидасы» деген тұжырымды жа­сап, сол қағида бойынша бук­лет­тер, жапсырмалар басып шы­ға­рып, қызмет көрсету орындарына тараттық.

– Әлемді шарпыған індет Түркістан өңірін де айналып өтпе­гені анық. Осындай сын сағатта еріктілер қай деңгейде қыз­мет көрсетті? Карантин ке­зін­де жұмыс қалай жүрді?

– Төтенше жағдай жария­лан­ған кезде волонтерлік жұ­мыс­тар­ды қашықтан жүзеге асыруға тура келді. «Жастар online» атты үздіксіз даму формуласы аясында «Наурыз» тақырыбын­да көркемсөз оқу бейнебайқауы, қа­­шықтан оқытатын «Қолжетім­ді ағылшын» жобасын қолға алдық. ҚазҰУ, Назарбаев Уни­верситетінің студенттерін во­лон­­терлікке тартып, 500 бала ағылшын тілі курсын тегін оқыды. ҰБТ-ға дайындық онлайн курстарын да тегін өткіздік. Карантин кезінде жалпы 1700 акция өткі­зіліп, оған 6 мыңға жуық волонтер жұмыл­ды­рылды. 200 мың дана бетперде мен антисептикалық құралдар және Nur Otan партиясымен бір­лесіп 17 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасына азық-түлік себеттерін тараттық. Халық көп шоғырланған орындарда 30 мыңнан аса ақпараттандыру парақшасы таратылып, түсін­дір­ме жұмыстары жүргізілді. Орта­лығымыздың қызметкер ер-азаматтары төтенше жағ­дай­ға байланысты дезинфекция­лау тағылымдамасынан өтіп, қаладағы стратегиялық нысан­дар­да зарарсыздандыру жұ­мыс­тарына қатысты. Біздің орта­лық­тың жанынан құрылған Jas Turkistan еріктілер қозғалысы Nur Otan партиясы облыстық филиалымен бірге «ӨМІР» және «ШИПА» атты 2 жобаны жүзеге асырды. Облыстық мәслихат депутаттары, партияның мұрын­дық болуымен жүзеге асқан жо­ба аясында шетелден 50 тыныс алу аппаратын алдырып, өңір­дегі емханаларға тараттық. Облыстағы тұрмысы төмен, көп­балалы отбасыларға 500-ден аса дәрі-дәрмек қобдишасы таратылды. Бұл игі іс әлі күнге дейін жал­ғасуда.

– Амалбек, жалпы, волонтер дегеніміз кімдер және кез келген жас волонтер бола ала ма? Ол үшін адамның бойында қандай қасиеттер болу керек?

– Бұл – бір кәсіп түрі немесе мамандық емес. Волонтерліктің басты қағидасы – жақыныңа жанашыр болу, қоршаған орта­ға, айналаңа, қоғамға бейжай қарамау. Тұжырып айтсақ: біл­генің­ді бөлісу, жолаушыға жол көрсету, үлкенге ізет, кішіге құрмет, қамқорлық таныту. Ерік­ті­ліктің негізі халқымыздың еж­ел­­­ден келе жатқан Асар мәде­ние­­тінде жатыр. Бес адам бірігіп 10 адамға, 10 адам бірігіп 100 адамға жақсылық жасауға болады. Көп адам топтасып мыңдаған адамға көмек қолын соза алады. Волонтерлер біріге отырып қоғамға, қоғамдық игілікке бағытталған қызметтерді жүзеге асырады. Хакім Абай айтқан бес асыл іс адамның бойынан табылса, «бес дұшпаның» деп белгілеген қасиеттерден аулақ болса, ерікті ғана емес, ол адам елге жанашыр азамат болып қалыптасады.

– Волонтерлерді ынталандыру жағы қалай? Олар расында бұл іске ықыласпен келе ме?

– Олар істеген қызметіне ақы алмайды. Себебі волонтерлік қызмет – адамның ниетімен өлше­нетін дүние. Қыз­ме­тінің өтемі – алғыс. Ол алғыс алудан, жақсылық жасаудан ләззат алуы тиіс. Біз олардың ниетін жүзеге асыру үшін мотивациалық жұмыстар жүргіземіз. Көп алдында көтермелеп, марапаттаймыз. Ол түрліше формада жүзеге асады. Ынталандырудың басты жолы – оларды қоғамдық игілікке бағытталған жобаны жү­зеге асыратынын, волонтерлік қоз­­ғалысы арқылы өмірімізді, ай­на­ламызды нұрландыруға бо­ла­тындығын ұғындыру. Олар волонтерлік қызметті игеру арқы­лы жаңа бір саланы игереді, жаңа достар табады. Сондықтан жастар үшін қызықты да пайдалы қызмет.

 

Әңгімелескен

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист