Саясат • 18 Тамыз, 2020

Партияішілік праймериз басталды

956 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын қайта жаңғырту бағдарламасы лайықты жалғасын тауып келеді. Соның жарқын дәлелі ретінде Nur Otan партиясында елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа форматтағы ішкі іріктеу – праймеризге қатысушыларды тіркеу басталды. Праймериздің бас­талуына байланысты Үндеуінде «Бүкіл еліміз бойынша ауқымды праймериз өткізу биліктегі партияның «қайта жаңғыруының» нәтижесі болады», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Партияішілік праймериз басталды

Жаңа формат деуіміздің себебі бұған дейін мұндай партиялық іріктеу елімізде болмаған еді. Осылайша халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын партия белсенділерін ашық таңдаудың бұл тәсілі еліміздің бастауыш партиясына тың серпін береді деген сенім пайда болды. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, праймериз дегеніміз – партияның әр өңірде өткізетін ішкі сайлауы дегенге саяды. Оның негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерге енгізу үшін қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді көшбасшыларды анықтау. Яғни праймериз арқылы партияның бел шеше іске кірісетін белсенді мүшелері мен көшбасшылары айқындалатын болады. Нәтижесінде, мұндай тиімді тетік, қарымды қадам арқылы партияның ел алдындағы пәрмені артып, халықтың сенімі нығая түседі деген сөз.

Түйткілді мәселелердің түйінін тар­қатып, ел дамуына елеулі үлес қосқысы келетін азаматтарды халық қашан да қолдайды. Айтқан әр сөзін іспен дәлел­дейтін ондай отандастарымызды бастауыш партия да қолдауға әзір. Себебі сайлау кезінде ғана сахнадан көрініп, соңында сайлаушылары атын да, затын да ұмытып қалатын кей депутаттарды ел сенімін ақтады деп айта алмаймыз. Барлық депутатқа топырақ шашудан аулақпыз. Алайда сайлаудан соң көрнекі қызметімен, белсенді іс-әрекетімен көзге түсе қоймайтын депутаттар әлі де бар. Енді халық депутатты емес, депутат өз сайлаушыларын іздейтін кез келді.

Nur Otan партиясының мәліметі бойынша, тіркеу басталған алғашқы бірнеше сағаттың ішінде 500-ге жуық отандасымыз праймеризге қатысуға ниет білдіріпті. Соның ішінде, айрықша белсенділік танытқан – Қостанай облысындағы партия мүшелері. Аталған аймақтан 157 өтініш келіп түсіпті. Ал Ақмола облысындағы партия мүше­лерінен келіп түскен өтініш саны – 110. Осылайша бастауыш партия ұйымдары 129 адамды ұсынса, қалған 342 адам (72,6%) – өзін-өзі ұсынған кандидаттар.

Айта кетейік, праймеризге қатысу үшін өтінішті ресми https://primaries.kz/ сайтында «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн жолдауға болады. Сондай-ақ аумақтық ұйымдастыру комитеттеріне жеке өтініш беру тәсілі де қарастырылғанын айта кеткен жөн. Кандидаттарды ұсыну мен тіркеу барысы 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады.

Кандидаттар праймеризге Nur Otan партиясы ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін. Партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат праймеризге үміткер бола алады. Ол үшін ниет білдірген белсенді азамат праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін бастауыш партияның қатарына қосылу керек.

Сонымен кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып, 28 тамызға (қоса есептегенде) дейін жалғасады. Үміткерлерге үгіт-насихат жұ­мыс­тарына дайындалу үшін 31 тамыз­дан 6 қыркүйекке дейін 7 күн беріледі. 7 қыркүйектен 3 қа­занға дейінгі аралықта кандидаттардың үгіт-насихат жұ­мыстары, соның ішінде 14-30 қыр­күйек аралығында жария пікір­сайыстар өтеді. Пікір­сайыстар «Праймериз» арнайы ақпа­раттық жүйесі арқылы өтіп, партияның ресми аккаунттарында таратылады.

Тағы бір айта кетерлігі, партия Төрағасының тапсырмасы бойынша үміткерлерге онлайн-форматта дауыс беру үшін арнайы платформа да әзірленді. Осылайша «Праймериз» жүйесі тұрғындармен кері байланыс­ты барынша күшейтуді, жалпы жұртшылықтың пікірлерін ескере отырып, түрлі бастамалар мен заң жобаларын онлайн-талқылау мүмкіндігін көздейді. 

Ал 1-3 қазан аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр. Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бас­тауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет желісі жоқ елді мекен тұрғындары сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюл­летеньдер арқылы дауыс беруі­не болады. Үміткерлердің рей­тингі көрсетілген праймериз нәти­желері 5 қазанда жарияланады.

Айта кетейік, бұған дейін Nur Otan партиясы праймериз өткі­зу, сондай-ақ кандидаттарға ұйым­дас­тырушылық және құқықтық қолдау көрсету мәселелері бойын­ша 8 (800) 080 4441 арнайы желіні іске қосқан болатын. Соңғы 2 айдың өзінде атал­ған желіге 15 мыңға жуық қоңы­рау түсіпті. Соның ішінде, прай­ме­ризге қатысуға өтініш білдір­ген­дердің жартысынан көбі 30 бен 44 жас аралығындағы азаматтар.