Сұхбат • 19 Тамыз, 2020

Дархан Ділманов: Мемлекеттік шекараны күзету – Отан алдындағы абыройлы міндет

1244 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Шекара қызметінің ел қауіпсіздігін сақтауда алатын орны ерекше. Отаны­мыздың шекарасын сенімді күзету және қорғау мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, мәдени және саяси дамуы және қауіпсіздігінің кепілі... Бүгін біз шекарашылардың кәсіби мерекесі – Шекарашылар күніне орай Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-лейтенант Дархан Ділмановпен әңгімелескен едік.

Дархан Ділманов: Мемлекеттік шекараны күзету – Отан алдындағы абыройлы міндет

– Дархан Айтқалиұлы, Шекара қызметінде тарихи маңызды оқиға – қайта құру орын алды. Еліміз тәуел­сіздік алған жылдардан бері алғаш рет жасалып отырған елеулі құры­лымдық өзгерістер бойынша атқарылған жұмыстардың нәти­же­леріне тоқталып өтсеңіз.

– Ведомствоны реформалау уа­қыт талабының және ең алдымен мем­­ле­кетіміздің ұлттық мүдделерін қорғау­дың жаңа жү­йе­сін қалыптастыру қажет­ті­лі­гіне байланысты жасалып отыр. Осы жылдың наурыз айында басталған реформаның аясында Шекара қызметінің Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүйесіне толық интеграцияланған, қазіргі заманға лайықты құрылымы жасалып, аумақтық басқаруға негізделген жүйесі құрылды, жан-жақты қамтамасыз ету тетіктері шешілді. Бұл шекараны тікелей қорғауды барынша күшейтуге мүмкіндік берді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жыл­ғы 14 желтоқсандағы «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мем­ле­кет­тің жаңа саяси бағыты» тақы­ры­бын­дағы Жолдауында тиісті страте­гия­лық бастамалар, атап айтқанда, Шекара қыз­метін кең ауқымды реформалау, оның қызметінің тиімділігін барынша арт­тыру, материалдық-техникалық база­ны жаңарту қажеттілігін атап өтті. Осы бас­та­маларды іске асыру үшін біз Мем­­ле­кеттік шекараны күзету және қор­­ғауды дамыту жөніндегі 2021-2025 жыл­­­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­­ма­ны әзірлеп жатырмыз. Бұл Мем­ле­кет­­тік ше­карада ұлттық мүдделердің қор­­­ғалуын арт­тыруға мүмкіндік бе­ретін ме­м­­ле­кет­тік дең­гейдегі жүйе­лі және ке­лісіл­­­ген ша­ра­ларды іске асыруға бағыттал­ған.

– Сіздің ойыңызша, Шекара қыз­меті­нің одан әрі дамуы қалай жүзеге асы­рылмақ және енгізілген өзгерістер қандай артықшылықтар береді?

– Шекарадағы қауіп пен қатер­дің ұйым­дасқан сипаты шекара күзетін одан әрі дамытып, жаңа, заманауи техни­ка­лық құралдарды қолдану арқылы жедел-әскери әдіспен жүзеге асыруды талап етеді. Шекараны бақылауды ұйым­дастыруда шет мемлекеттердің жедел әдіс­пен және заманауи техникаларды қол­дануға негізделген алдыңғы қатарлы тәжі­рибесін зерделедік. Нәтижесінде, шетелдік шекара күзету органдары заманауи техникалық құралдарды тиімді пай­далану арқылы адами және қаражат шығындарын едәуір төмендете отырып,­ қажет­ті ақпаратты оңай алуға және ше­­кара­ның сенімді күзетілуін арт­ты­ру­­ға мүмкіндік алғандығына көзіміз жет­ті.­ Тиісінше жоғары­да мен айтып өт­кен мемлекеттік бағдарламаны жү­зеге­ асыру барысында шекара күзе­тін техникалық қайта жарақ­тандыру – шекараны күзету мен қор­ғаудың заманауи жүйесін құрудағы ма­ңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылмақ.

Жақын арада шекара күзетін қар­қын­ды жетілдіру процесін, оның ішінде, кадрлық құрамды нығай­ту, техникамен жабдықталуын жа­ңа деңгейге көтеру, жедел күзету әдісін енгізу бойынша жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз. Осылайша шекараны қорғаудың ескірген техникалық құрал­дары жоспарлы түрде заманауи үлгі­лерімен алмастырылатын болады. Сәйкесінше техникалық саясаттың стратегиялық мақсаты адамның тікелей қатысуын шектеу арқылы шекараның жауапты аймағын қашықтықтан басқаруға ауыстыру болмақ. Шекаралық бақылау бөлімшелерінде және жеңілдетілген өткізу пункттерінде азаматтар мен жүк тасымалдаушылар үшін мемлекеттік шекара арқылы өтудегі туындайтын кедергілерді азайтуға мүмкіндік беретін заманауи техникалық құралдарды енгізу жұмыстары жалғасады.

Мемлекеттік шекарада ұлт­тық мүдде­лердің қорғалуына немқұ­райлы қара­май­тын және шекара­дағы тұрақтылықты көз­деген ше­кара­лық аймақтың жергілікті тұрғындары мен еріктілерін шекара қорғауға тарту жұмысын же­тіл­діру маңызды деп санаймын. Атал­ған шараларды кешенді түрде жү­зеге асыру шекара кеңістігіндегі ұлт­тық мүдделерді қорғау жүйесін қазір­гі қауіп-қатерлерге төтеп бере ала­тындай жаңа деңгейге шығаруға мүм­кіндік береді. Осы және басқа да шаралар туризмді, халықаралық сау­даны дамыту, транзиттік әле­у­ет­­­ті және жалпы еліміздің инвес­ти­­­циялық тартымдылығын арттыруда қолайлы жағдайлар туғызады.

– Қызметті ұйымдастырудың жаңа бағыты бойынша шекара­шыларға қойылатын талаптар қандай?

– Шекара қызметі жұмысты ұйымдастырудың жаңа форматына өткенімен, шекарашыларға қойылатын талаптар айтарлықтай өзгерген жоқ. Шекара қызметінің қатарына бұрынғыдай, талаптарға сай қасиеттерге ие азаматтар ғана қабылданады... Қазіргі заманғы шекарашы – ұқыпты, сабырлы, парасатты, сонымен қатар психолог, дипломат және әскери адам. Ол әртүрлі қару-жарақтан атуды кәсіби деңгейде меңгерген, әскери техниканы басқаруды және арнайы құралдарды шебер қолдана білуі тиіс. Қарапайым сарбаздан генералға дейінгі бұл кәсіп иесінің ең басты ерекшелігі – Отанға деген сүйіспеншілік, өйткені шекарашы – ең алдымен, өз елінің патриоты.

– Әлеуметтік мәселелерге бай­­­ла­нысты саптағы әскери қыз­мет­шілерге, зейнетке шық­қан немесе басқа себептермен қызметтен кеткен азаматтарға қандай жағдай жасалған?

– Ведомство құрамдас бөлігі ретінде Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­тетінің жүйесіне толықтай инте­грацияланғанына қарамастан, біз – әскери қызметшілер болып қала береміз және бізге тиесілі әлеу­меттік пакет те өз күшінде. Әлеу­меттік кепілдіктердің ауқы­мы кең. Әскери қызметшілер ақшалай, киіммен қамтамасыз етіліп, өздеріне және олардың отбасы мүшелеріне медицина­лық қыз­меттер тегін көрсетіледі. Жауын­герлік кезекшілік кезінде ақ­ша­лай үстемақы, тегін тамақтану қа­рас­тырылған. Жыл сайын ақылы еңбек демалысы беріледі. Тұрғын үй мәселесін шешу басты назарға алынып, ерекше қадағаланады. Осы жылы Шекара қызметінде «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға және Үкіметтің 2018 жылғы 12 ақ­пандағы № 49, 50 қаулыларына сәйкес, әскери қызметшілерге және қызметтен босатылған аза­маттарға ағымдағы және біржолғы тұрғын үй төлемдерін төлеу мақ­сатында шамамен 679 миллион теңге көлемінде қаражат қарас­тырылған. Биылдың өзінде әскери қызметшілердің 155-і тұрғын үйді жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақысын алды. Бүгінде 13 мыңнан астам әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады. Әскери қызметшілердің жеке арнайы шоттарына аударылатын қаражатты тек өзінің жеке тұрғын үй жағдайын жақ­сарту үшін пайдаланады. Бас­па­налы болу түрлі тұрғын үй бағ­дарламалары аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, «Тұрғын­үйқұрылысжинақбанкі» арқылы «Әскери баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үйді республиканың барлық аймақ­тарында 8% жылдық үсте­мемен сатып алуға болады. Бұл шамамен 13,5 жылдан кейін әскери қызметшіге баспаналы болуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар егер банктегі жинақ мерзімі 3 жылдан асса, несие 5%-бен беріледі, ал шотта тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде қаражат болса, пайыздық мөлшерлеме 3,5 пайызға дейін төмендетіледі.

Соңғы жылдары әскери кадр­лар­ды Қазақстанның және шетел­дің әскери оқу орындарында оқыту мәселелері оң шешімін табуда. Сонымен қатар күнтізбелік мерзімде кемінде 8 жыл қызмет еткен сарбаздар (матростар), сержанттар (старшиналар) құрамындағы әскери қызметшілер Қазақстанның жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу шығындарының 50% мөлшерін бюджет қаражаты есебінен өтеу құқығын пайдалана алады. Шекті жасына жеткенде, ауруға байланысты, штат санының аздығынан және 25 және одан да көп жыл жұмыс өтілі бар (оның ішінде кемінде 12,5 жыл үздіксіз әскери қызметті құ­райтын) әскери қызметшілер за­пасқа шығарылған уақытта зейнет­ақымен толық қамтамасыз етіледі. Әскери қызметшілердің зейнет­ақымен қамтамасыз етілуі­нің бір артықшылығы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын аударудың қажет еместігі. Жұ­мыстан шығарылған және жа­бық әскери қалашықтарда тұратын құрметті зейнеткерлеріміз де шетте қалмайды. Бүгінде олардың саны шамамен 45 адамды құрай­ды. Осы санаттағы тұлғалар үшін келесі жылдарға мемлекеттік бюджеттен қаражат қарастырылған. Шекарашы ардагерлердің ҰҚК емханаларында және госпитальдарында медициналық көмек алу, сонымен қатар санаторий-курорттық мекемелерде емделу құқығы толық сақталған. Ведомствоны реформалау аясында әлеуметтік мәселе­лер­ді шешуде, шекарашылардың құқықтық қорғалуы мен әл-ауқа­тын жақсартуда оң нәти­же­лер­ге қол жеткізетінімізді атап өткім келеді. Болашақта әскери қыз­мет­шілердің әлеуметтік кепілдік­тер­мен қамтамасыз етілулеріне бағыт­талған жұмыстар атқарылады.

– Пандемияға байланысты қазіргі қиын кезеңде шекарашылар қандай қиындықтарға тап болды және қызметте қандай нәтижелерге қол жеткізді?

– Иә, расында, пандемия Шекара қызметінің іс-әрекетіне бел­гілі бір өзгерістер енгізуге ық­пал етті. Оны бәрінен бұрын ше­кара­лық бақылауды қамтамасыз ететін бақылау-өткізу пункттері сезінді. Төтенше жағдай енгізілген кезден бастап, қазіргі уақытқа дейін тұлғалардың Мемлекеттік шекарадан өтуіне қойылған шектеулер сақталуда. Қазақстандықтардың кез келген қолжетімді көлік құрал­дарымен елге оралуына, ал шетел­діктерге керісінше, мемлекет­тен шығуға рұқсат етілген. Өзінің гео­­графиялық орналасуын ескере отырып, Қазақстан пандемияның ушыққан кезеңінде де, жүк тасымалы үшін оның ішінде транзиттік коммуникациялар үшін де өзінің шекарасын бір күнге де жапқан жоқ. Көршілес мемлекеттер аза­мат­тарының өз елдеріне оралуына жан-жақты жағдай жасалды. Сонымен қатар көптеген осыған ұқсас мәселелерді шешуде мемлекеттік органдарға барынша көмек көрсетілді. Мәселен, республикамыздағы шетелдік елшіліктердің ресми сұраныстары бойынша Өзбекстанның 5 мыңнан астам және Қырғызстанның 3 мыңнан астам азаматы Қазақстан аумағы арқылы елдеріне қайтты. Карантин кезеңінде шекара бөлім­шелері 127 ұшақ, жүздеген автобустармен Отанға оралған 17 мыңнан астам қазақстандықтың шекара арқылы өтуін қамтамасыз етті. Ауыр жағдайдағы туыстарына қамқорлық жасау, отбасыларына қосылу үшін және басқа да өмірлік маңызды сәттерде тұлғалардың Мемлекеттік шекара арқылы өту мәселелері жедел түрде шешімін тапты. Мемлекеттік шекарада бақылауды күшейту мақсатында Шекара қызметінің бөлімшелері тиімді әрекет ету механизмін іске қосты. Бұл бір жағынан жо­лау­шылар мен жүк тасымалы көлемін 90%-ға төмендетсе, екін­ші жағынан, ішкі нарықтың қажет­тіліктерін қанағаттандыруға, өмір­лік маңызды халықтың тұтыну тауарларын транзиттеу бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік берді.

Шекарадан адамдар мен көлік құралдарын өткізудің бұрынғы тәртібін қалпына келтіру мәселесі елдің барлық уәкілетті мемлекеттік органдарының кешенді талдаулары негізінде кезең-кезеңімен шешілетін болады. Бұл үшін кем дегенде үш негізгі көрсеткішті ес­керу қажет: біріншісі – елдегі эпи­демиялық жағдай; екіншісі – халық­аралық әуе, автомобильдік және темір жол көлігі қозғалысын қайта жандандыру мүмкіндіктері мен шарттары; үшінші – жеке тұлғалар үшін шекаралардың ашықтығы және олар баруды жоспарлаған елдердегі эпидемиялық жағдай. Бүгінгі таңда осы схемаға сәйкес, Түркиямен әуе қатынасы қалпына келтіріліп, Оңтүстік Кореяға рейс­тер жүзеге асырылуда. Бірқатар мем­лекетпен әуе қатынасын қал­пына келтіру жоспарда бар.

Бір өкініштісі, пандемияға байланысты карантиндік шаралар мен шекарада түрлі шек­теулер болған кезде де, заңсыз, қылмыстық әрекеттер тыйылмады. Шекарашылар жыл басынан бері 7 миллион медициналық бетперде, 20 мыңнан астам респираторды, 3 мың қорғаныс костюмін, медициналық мақсаттағы 4 миллион жұп қорғаныс қолғабын ел шебінен асырмақ болған шекара бұзушылардың жолын кесті. Пандемия кезінде ел шекарашылары өмірі мен денсаулығын тәуекелге тігіп, еліміздің Мемле­кеттік шекарасын күзету және қорғау бойынша өздеріне жүктел­ген міндеттерді орындады.

– Сөз соңында сіздің Шекара­шы күніне орай шекарашы­ларға арнаған тілегіңізді естісек.

– Шекара қызметінің басшы­лығы атынан және өз атымнан арда­гер­лерді, әскери қызмет­шілер­ді, қызметкерлерді, олардың отба­сы мүшелерін, жасыл погон таққ­ан барлық азаматтарды кәсіби ме­­ре­­кемізбен құттықтаймын! Ден­­­деріне саулық, отбасылары­на аман­д­ық, бақыт және шыдам­ды­лық ті­лей­мін. Жеке құрамды әс­к­ери бо­ры­шқа адал болуға, елі­міз­­дің Қарул­ы Күштері Жоғар­ғы Бас қол­­бас­­шы­сының, Ұлт­тық қауіп­сіз­­дік комитеті басшылығы­ мен хал­­қы­­­мыздың жоғары сені­мін ақ­тау­ға ша­қ­ы­рамын. Қыз­мет­тің бед­е­лін жа­­ңа сапаға және кәсіби дең­гей­ге көтеріп, өскелең ұрпақ құр­­мет көр­сетіп, үлгі тұтарлықтай қазақ­­­стан­дық шекарашылардың кел­бе­тін қа­лып­тастыратынымызға сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»