Президент • 20 Тамыз, 2020

Қасым-Жомарт Тоқаев: Негізгі мақсат – жемқорлықты түбегейлі жою

2522 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сы­байлас жемқорлыққа қар­сы күрес мәселелері жөнін­де кеңес өткізді. Кеңес­те Президент сыбай­лас жемқорлық жағдай­лары­ның саны әлі де азаймай тұрғанын атап көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Негізгі мақсат – жемқорлықты түбегейлі жою

 

Бөлінген қаржы тиімді жұмсалуы қажет

Ел Президенті Қ.Тоқаев ал­қалы жиында бірінші кезекте сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес – еліміздің страте­гия­лық дамуындағы негізгі басым­дықтардың бірі екенін айта келіп, аталған бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Бұл – менің берік ұста­ны­мым және сайлауалды бағдар­ламада халыққа берген уәдем. Осы жұмыста ешқандай көз­бояу­шылыққа, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол беріл­меуге тиіс.Талап қатаң болады. Былтырғы жиында біз нақты іс-қимыл жоспарын айқындадық. Бүгінде бірқатар мақсатты жүзеге асырдық. Қазақстан беделді халықаралық ГРЕКО ұйымына, яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мү­ше болды. Нормативтік актілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу институтының жұмысы жаң­ғырды. Қол астын­да­­ғылардың жемқорлық әрекет­тері үшін басшыларын қыз­метінен босату қағидаты енгі­зіл­ді. Мемлекетіміздің осы ба­ғытта қол­ға алған шараларын бел­гілі халықаралық агенттіктер атап өтуде. Дегенмен, біз бұған тоқ­мейіл­сіп отыра бермеуіміз керек, – деді Мемлекет басшы-
сы.

Сыбайлас жем­қор­лық жағ­дай­ларының саны әлі де азаймай тұрғанын сөз ет­кен Президент 2019 жылмен са­лыстырғанда жемқорлық әрекет­тері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны артқанын жет­кізді.

– Ашығын айтқанда, қазір күнделікті жаңалықтардан түрлі деңгейдегі шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа байланыс­ты заң бұзушылықтары үшін ұсталып жатқаны туралы оқитын болдық. Олардың арасында 2 облыс әкімі бар, бұл алаңдатарлық жағдай, – деді Президент.

Мемлекет басшысының ай­ту­ын­ша, 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған адамдардың саны 11 пайызға артқан, яғни 820-дан 912-ге өскен.

Пандемия кезеңінде және мем­лекет пен азаматтарымыздың табысы азайған тұста жем­қор­лықпен күресті одан әрі күшейту қажеттігін айтқан Президент нақты бағыттарға бөлінген қар­жының тиімді жұмсалуы тиіс екенін атап көрсетті.

– Халықаралық сарапшы­лардың айтуынша мемлекеттер пандемияның салдарымен күреске мол қаражат жұмсап жатқан кезде қаржыны мақсатқа сай пайдаланбау және жымқыру қаупі арта түседі. Бөлініп жатқан қаражат мұқият әрі тиімді жұмсалуға тиіс. Бұл – әр теңге өзінің мақсатына сай жұмсалуы керек деген сөз. Әсіресе қазіргі жағдайда еш пайдасы жоқ және қажетсіз іс-шараларға қаражаттың шығындалуына қоғамның қалай қарайтынын көріп отырмыз. Сондықтан мұндай мәселелерге  болары болып, бояуы сіңгеннен кейін емес, алдын ала мән беру – өте маңызды, – деді Қ.Тоқаев.

Президенттің сөзіне қарағанда, сыбайлас жемқорлықпен ұста­лу оқиғалары, олар жөніндегі тиім­ді жарияланымдар мен көрсе­ті­лімдер қоғамды бастапқыда елең еткізгенімен, олардың әсері қысқа болады. Кейін мұндай істер сотта дәлел жетіспегендіктен кері қайтарылса, мемлекеттің жем­қорлықпен күрес жөніндегі іс-ша­расына қоғамның сенімі әлсірейді.

– Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай күресу, бұл – жел диір­менмен алысумен тең. Халық әлде­бір шенеуніктің немесе басшы­ның жай жауапкершілікке тар­тылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, меди­цина саласындағы сыбайлас жем­қорлықты тексеру және әшке­релеу жұмыстары пандемия ша­рықтау шегіне жетіп, дәрі жетпей жатқаннан кейін ғана басталған. Цифрландыру жүйесіндегі заң бұзушылықтар ондаған мил­лиард ақша шығындалғаннан кейін барып қозғалған. Бүгінде білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік нысандарға қыруар қаржы бөлініп жатыр.

– Бір жылдан кейін осы сала­ларға бөлінген қаржы жым­қы­рылды, ал жауапты минис­трліктер көш­тің соңында қалды демей­ті­німізге нақты сенімді болуымыз керек. Миллиардтаған қаржы қол­ды болып кеткеннен кейін, ха­лыққа кінәлі адамдардың ұсталғаны туралы әдемі рапорт бергеннің түкке де керегі жоқ. Бұл бағыттағы жұмысты түбірімен қайта құру керек деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

 

Жазаға тартудан бөлек, ынталандыру да маңызды

Президент сыбайлас жем­қор­лықпен күрес қызметінің барлық бағыттағы жұмыстарына жаңа серпін беру керек деп санайды. Сыбайлас жемқорлықпен кү­рестегі әрекетсіздік халықтың наразылығын тудырып, құқық­тық нигилизмге әкеп соғады. Де­генмен, жемқорлыққа қарсы белсенді күрестің соңы науқан­шы­лдыққа ұласып кетпеуі керек. Сонымен қатар бұл жауапты және заң­ға бағынатын мемлекеттік қызмет­кер­лердің жұмысына кері әсер етпеуі тиіс.

– Біріншіден, сыбайлас жем­қор­лық жөнінде жүйелі түрде ескер­тіп отыруға ерекше мән берген жөн. Осыған орай, түрлі сала­дағы жемқорлыққа жол ашатын жағ­дайларға сапалы талдау жасау керек. Заң барлық мемле­кеттік органдарға түйткілді тұстар­ды өз бетінше анықтап, жоюға мін­деттейді. Алайда бұл жұмыс жүріп жатқан жоқ. Мұндай әре­кетсіздік жақсылыққа апармайды. Дер кезінде алдын алу және ескерту жұмысы жүргізілмесе, жемқорлық деген кесел көптеген адамның жарқын келешегіне балта шабуы әбден мүмкін.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күресте әрекетсіздік азамат­тар арасында наразылық пен құқық­тық нигилизмнің өсуіне әкеледі. Әдетте, сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары өңірлерде жаппай қылмыстардың орын алуын кездейсоқтық деуге болмайды.

Президенттің айтуынша, атал­ған мәселеге қатысты жұ­мыс­тарды бағалау сыбайлас жем­қорлықтың алдын алу, азайту және мемлекеттік қызмет алу­дағы кедергілерді жою бойынша қабылданған шаралар негізінде құрылуы керек.

Қ.Тоқаев әрбір бас­шы өз қыз­мет­­кер­лерінің заң бұзу­шылы­ғын жасырмауы керек екеніне екпін берді.

– Сондықтан оны тек жазаға тартудан бөлек, ынталандыру да маңызды. Бұл алдын ала жүйелі шаралар қабылдауға айтарлықтай септігін тигізеді. Әрбір әкім және министр жұмсалған қаражатқа ғана емес, оны дұрыс жоспарлауға да жауапты болуға тиіс. Нақ осы тұста сыбайлас жемқорлыққа бару қатері көп болуы мүмкін. Сон­дықтан әр басшыға жеке жауапкершілік жүктеледі. Бас про­куратураға осындай бағалау жүйесін  әзірлеуді тапсырамын. Со­нымен қатар мемлекеттік орган­дардың қызметіне жөнсіз ара­ласуды доғарған жөн. Сыбай­лас жемқорлық пен басқару ісін­дегі олқылықтардың ара жігін нақты ажырата білу қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, өзіне жауапкершілік алудан қорықпайтын, әділ шенеу­ніктер қылмыстық процестің орбитасына тартылмауы тиіс. Мем­лекеттік аппарат шешім қабыл­даудан қорықпауы қажет.

Президент қазір мемлекеттік қызметшілер тарапынан бастама көтермеу, жауапкершіліктен қашып, артық қағазбастылыққа салдыру тенденциясы байқала­тынын, мұның мысалы пандемия кезінде анық аңғарылғанын айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, қылмысқа азғырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгі­зілді, бұл норма құ­қық қор­ғау органдарының бассыз­ды­ғын бол­дырмауға мүмкіндік береді.

Президент Бас прокуратураға және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне жем­қор­лыққа қарсы күресте лайық­ты бастамалары жоқ, белсенді емес басшылар туралы жарты­жыл­дық есеп әзірлеуді тапсырды. Бұл жергілікті атқарушы орган­дарға да қатысты екенін ескертті.

 

Жемқорлықтан жаппай жиренетін жағдайға жету керек

Мемлекет басшысы тұр­мыс­тық сыбайлас жемқор­лықпен кү­рес мәселесіне де айырықша тоқ­талды.

– Күнделікті өмірде жемқор­лық жағдайларына тап болған жұрт шарасыз күйге түседі, әділ­діктің бар екеніне сенбейді. Пандемиямен жалпы ұлттық деңгейде жаппай күрес жүріп жатқанда пайда табу үшін адам қаншалықты арсыз болуы керек? Мысалы, Алматыдағы Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері азаматтарды блок бекеттен өткізу үшін үнемі пара алып отырған. Мұндай деректер бірнеше өңірде байқалды. Тіпті барлық жерде осылай болған шығар деп ойлаймын.

Азаматтарымыз тұрмыстық сы­байлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысы­мыздың еш тиімділігі болмайды. Еш­қандай халықаралық рейтинг­тің де керегі болмай қалатыны түсінікті. Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек.

Бұл үшін қоғамда жем­қор­лықтан жаппай жиренуге қол жеткізуіміз қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі Үкі­метпен бір­лесіп, тұрмыстық жем­қор­лықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек, – деді Президент.

 

Цифрландыру ісін жеделдету қажет

Мемлекет басшысы деректер қорын одан әрі интеграциялау және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуге баса мән беруді тапсырды. Сондай-ақ Бас прокуратура кәсіпкерлерді дәлелсіз қылмыстық қудалау фактілеріне жол бермеуі керек екенін атап көрсетті.

– Деректер базасын одан әрі интеграциялау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Бізде бір ведомствоның талабына жауап ретінде басқа мемлекеттік органнан анықтама алатын тәжірибе әлі күнге дейін жойылған жоқ. Мұндай анахронизмдерді цифр­ландыру жоюы керек.

Ашық бюджеттің интерактивті картасы 7 триллион теңгеден астам бюджет қаражатының жұм­салуы туралы ақпаратты баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етті (2019-2020 жылдар)

«Сергек» бұзушылықтарды анықтауда озық технологиялардың мемлекетке қандай пайда әке­летінін көрсетті. Әрі бұл жол полицияларын жемқорлық арқылы табатын кірістерінен айырды. Барша мемлекеттік органдар, ең бірінші әкімшіліктер осы тәжі­рибені қолға алуға тиіс. Мұндай цифрлы шешімдер адам факторын азайтып, жемқорлыққа әке­летін жағдайларды болдырмайды, – деді Қ.Тоқаев.

 

Заңды кәсіпкерлікке кедергі келтіру – мемлекеттік қылмыс

Президент бизнесті қорғау, қолдау ісінің де өзекті екенін қозғады.

– Экономикалық қиын­дық­тардың туындауы кә­сіпкерлікті қолдаудың өзектілігін арттырды. Соңғы бес жылда заңды кәсіп­керлікпен айналысуға кедергі келтіру бойынша 11, рейдерлікке қатысты 7 адам жауапқа тартылды. Бұл сандар құқық қорғау органдарының жұмысы әлі ақсап тұрғанын білдіреді. 2019 жылғы Жолдауымда заңды кәсіпкерлікке тосқауыл қою мемлекеттік қыл­мыс болып саналатынын айтқан едім. Бас прокуратура мен барлық құқық қорғау органы осыны естен шығармаулары керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп бір ай ішінде осы айтылған мәсе­лелерді қамтыған нақты ұсыныс енгізу тапсырылатынын жеткізді.

Президент одан әрі бірқатар оң өзгерістерге қол жеткізілгенін, енгізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау институты алғашқы жемісін бере бастағанын айта отырып, биылғы алғашқы жарты жылда 510 бизнес-жоспар бо­йынша 114 заңсыз араласу факті тіркелгенін, бұл жұмысты жалғас­тыру қажеттігін, Бас проку­­ратура кәсіпкерлерді қылмыс­­тық қудалауға негізсіз тарту фак­­тілерін болдырмауға дереу кі­рі­суге міндетті екенін атап өтті. Пре­зи­денттің айтуынша, кәсіп­керлер мен инвесторлар сыбайлас жемқорлықтың қысымынан қорғалғанын сезінуі керек.

 

Қоғамдық бақылауды күшейту – тиімді жол

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық бақылауды күшейту ісін де басым міндеттердің бірі ретінде атады. Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық салалары бойынша қатаң қоғамдық бақылау жүргізілуге тиіс деп есептейді.

– Мемлекеттік органдар қанша тырысса да, қоғамның қол­дауын­сыз жетістікке жете алмайды. Азаматтарда адалдық идеология­сы қалыптасуы тиіс. Қазір бұл бағытта көптеген жұмыстар атқа­рылуда. Академиялық адалдық лигасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілері клубтары, адалдық дүңгіршектері және өз өзіне қызмет ету кассалары – осын­дай жобалар туралы ақпарат кеңінен жариялануы керек.

Сонымен қатар сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрестің барлық бағыттары бойынша қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Аза­­маттық қоғам мемлекеттік орган­дарға көмектесуге дайын. «Адал Көмек» платформасын құру ар­қылы әлеуметтік осал топтардан шыққан 11 мыңнан астам азамат танымал заңгерлерден тегін кеңес алды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы азаматтар­мен диалог орнату арқылы сыбайлас жемқорлық белең алып, қоғам наразылығын туғызып жүрген түйткілді салаларды анықтауға болатынын айтты.

– Адамдар бұрынғыша жо­ға­ры оқу орны, колледж, тіпті мектептердегі сыбай­лас жемқор­лықты айтып, шағым­дана­ды. Жемқорлық азамат­тары­мыз­дың бойына сіңіп, тіпті қоғам­ның қалыпты құбылысына айна­лып кетуі мүмкін. Басты мәсе­ле – осы. Ал кәсіпкерлер жер ко­митеті, өртке қарсы қыз­мет, салық және кеден органдарын жем­қорлық жайлаған деп есеп­­тейді. Жолдың сапасына байла­­нысты да жұртшылықтың алаңдау­шы­лығы жоғары. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтар­лықтай түйткілдер бар еке­­нін хабарлады. Міне, осы мәсе­лелер бойынша қоғамдық бақы­лау тетігі жұмыс жасауға тиіс. Бұл шараға үкіметтік емес ұйым­дарды тартқан жөн. Оларды норма­тивтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек. Cы­байлас жемқорлыққа қарсы тиім­ді іс-қимыл, онымен ымыра­сыз күрес қоғамның өзекті мәсе­ле­сінің біріне айналғалы  көп жылдың жүзі болды. Еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы осы бағыттағы жүйелі әрі табанды шараларға байланыс­ты.

Үкіметке қағазбастылық пен бю­ро­кратияға салынбай, Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір ай мерзімде жан-жақты пысық­тауды тапсырамын. Соның нәти­жесі бойынша нақты шаралар кешені жасалуы тиіс. Негізгі мақсат – жемқорлықтың тамырына балта шабу, оны түбегейлі жою. Бұл жұмысты еш созбалаңға салмай, қарқынды түрде жүргізу қажет.

Президент Әкімшілігі қолға алынған барлық шараларды қатаң бақылауға алып, нәтижесін маған үнемі хабарлап отыруы керек, – деп түйіндеді сөзін Президент.

Кеңесте Сы­байлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Денсаулық сақтау министрі Алек­сей Цой, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі ми­нистрінің бірінші орынбасары Бағдат Му­син, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ауыл ша­руашылығы министрі Сапархан Омаров, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Са­парбаев есеп берді.

 

Жолдыбай БАЗАР,

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»