Қоғам • 20 Тамыз, 2020

Әскери дәрігерлер тәжірибе алмасуда

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Ресейдің әскери дәрігерлерінің бірлескен жұмысы Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы Қорғаныс министрлігінің әскери госпитальдарында жүргізілуде. Ресейлік мамандар COVID-19-дан емдеудің қазақстандық хаттамасын зерттеп, коронавирустық инфекциясы бар науқастарды емдеу процесіне қатысады, сондай-ақ жұқпалы ауруларды диагностикалау және емдеу саласындағы тәжірибелерімен бөліседі.

Әскери дәрігерлер тәжірибе алмасуда

«Әскери қызметшілер мен олар­дың отбасы мүшелеріне кеңес беріліп, жергілікті жерлердегі әскери қызмет­шілерде коронавирустық инфекция­ны ерте анықтаудың практикалық дағ­­дылары мен әдістерін пысықтау жал­ғасуда. Коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша жағдай­ды эпидемиялық бақылау және COVID-19-ды еңсерген пациенттерді оңалту жөніндегі жұмысты жалғастыру жоспар­лануда», деп атап өтті Бас әскери клиникалық госпиталі бас­тығының ғылы­ми-терапиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Назгүл Қалкаева.

Үш ай ішінде Қазақстанның әскери дәрігерлері коронавирустық инфекция клиникасы мен оның асқынуларын зерттеді. Қазақстандық клиникалық емдеу хаттамасы мен COVID-19 диагнос­тикасы әртүрлі климаттық жағ­дай­ларда емдеу ерекшеліктерін қоспа­ғанда, ресей­ліктермен бірдей. Ресей дәрігерлері қазақ­стандық әскери госпитальдардың сапалы жабдықталуын және мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін атап өтуде.

1

«Біздің келуіміздің бағдарламасы аясында тәжірибе алмасу және клиника­лық жағдайларды зерттеу бойынша се­минарлар, конференциялар өткізу қарас­тырылған. Сондай-ақ осы жағ­дайда бір-біріне ұқсас болатын қолданыстағы емдеу хаттамалары зерттеледі және салыс­тыру жүр­гізіледі. Әріптестерімізбен бір апта ішін­де жұмыс істей келе Қа­зақ­стан Респуб­ликасының Әскери-меди­циналық қызметінің өте жақсы дайындығына көз жеткіздік. Олар коронавирустық инфекцияны емдеу мәселелерінде озық халықаралық тә­жіри­бені қолданады»,  дейді академик Н.Н.Бурденко атындағы Бас әс­кери клиникалық аурухананың №3 филиа­лының медициналық қызмет подполковнигі Вадим Пивоваров.

Әр пациентті емдеуде жасына және патологияларына байланысты әрқай­сысының жеке ерекшеліктері болады. Мә­селен, эндокриндік патологиясы жә­не жүрек-тамыр жүйесі проблемалары бар 50 жас­тан асқан адам ауруды қиын өткереді.

Бүгінгі таңда Алматыдағы Әскери клини­калық госпитальда 800-ден астам адам сәтті емделді. Олардың 300-і орташа, ауыр, өте ауыр халде болды және реанимация бөлімінде көмек алды. Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциясы бар пациенттердің саны азайып келеді, науқастарды қалпына келтірудің оң қарқыны бар.

Естеріңізге сала кетейік, екі елдің қор­ғаныс ведомстволары басшы­лары­­ның әскери-медициналық ынтымақ­тастық туралы келісіміне сәйкес, Қазақ­станға COVID-19 коронавирустық ин­фек­­­циясы бар пациенттерді емдеуде тәжірибесі бар ресейлік анестезиолог-реаниматологтар, инфекционистер, терапевтер тобы келді.