Оқиға • 20 Тамыз, 2020

Өткенді өшіруге болмайды

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аң аулау – ертеден қалыптасқан ұлттық болмысымызға тән салт. Аңшы десе көз алдымызға – жүйрік атты ерттеп мініп, соңына құмай тазы ерткен, иығына берен мылтық асынып, қолына қыран бүркіт қондырған мол пошымды тұлға елестері анық.

Өткенді өшіруге болмайды

Маратбай Өскен­байұлы­ның да аңшылық өнер­ді жанына серік еткеніне көп жылдар болыпты. Алғаш қызы­­­ғу­шылығы он жасынан басталған Маратбай аға­мыз­дың әкесі Өскенбай құмай тазы баптап, онысын ұрпағына үйретіпті. Жақында аңшы М.Талас­баев Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейіне арнайы ат басын бұрып, бағ­зыдан келе жатқан рухани мұра – аңшылық жайлы ойымен бөлісті.

– Көшпелі қазақтың бар өмірі аттың жалында, түйенің қомында өткендіктен жанына серік болар ит ертуі түсінікті әрине. Оның үстіне, жүйрік жылқы, ұшқыр тазы, қыран құс жігіттің көркі емес пе? Қанша жерден өркениет өрлеп, заман өзгерді дегенімізбен, қансонарда жүйрік атқа мініп, ит ертіп, аңшылыққа шыққан­ға не жетсін! Алайда аңшы екен­мін деп жөн-жосықсыз түз тағы­ларын қыра беруге де болмас. Аң аулайтын өзін­дік мез­гілдер де болады. Саятшы­лық­қа әсіресе – күздің аяғы, қыс айларында шыққан дұрыс.

Менің аңшылықпен айнасылып келе жатқаныма 40 жылдан асып кетіпті. «Ит жақсысы – тазы» демекші, бүгінде 7 тазы асырап-бағып, солармен ауылдың төңірегінде аңшылық құрамын. Тазыларымның он айлық күшігінің өзі қасқыр алуға жарап қалды. Бұдан бөлек шибөрі, түлкі, борсық ұстаған кездеріміз болды. Осыдан біраз жыл бұрын халық қалаулысы Бекболат Тілеу­ханмен аңшылыққа шық­қанымыз бар. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Кейде балаларыма аңшылық кезіндегі қы­зықтар туралы айтып беріп оты­рамын. Балалар демекші, бү­­гінде менің ұлдарым да осы­­нау ата дәстүрге айрық­ша қы­зы­ғу­шылықпен қарай­ды. Әри­не қазіргі таңда хал­қы­мыз­дың тұрмыс салты өзгер­ді, бұ­рынғыдай аңшы­лық­қа шы­ға­тындар некен-саяқ. Десек те, бабадан жеткен ба­йыр­ғы дағ­ды­мыздан айырылып қал­сақ, кейінгі ұрпаққа нені үлгі ете­міз? Осыны ойлауы­­мыз керек. Өйткені өткен­ді өшіруге болмайды, – дейді бізбен болған әңгімесінде аңшы ағамыз.

Иә, осы ретте айта кетерлігі халқымыздың бойына сіңген текті өнерді үзбей, өрге сүй­реп келе жатқан Маратбай Өс­кен­байұлы мұражайға сыйкәде жасауды да ұмытпады. Аң­шы­лық дәстүрді жандандырып жүр­ген ағамыз «Музейге сый» ак­циясы аясында борсық пен түл­кі­нің терісін мұражайға тарту етті.

 

Айдана ШОТБАСОВА,

Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы