Аймақтар • 21 Тамыз, 2020

Алға ұмтылған Атбасар

387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеп келеді. Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды. Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады» деп атап көрсетті.

Алға ұмтылған Атбасар

Асылында, шағын және орта бизнестің қуатты әрі қарқынды дамуы қала мен ауылдың іргесін бекемдеуге айрықша әсер ететіні сөзсіз. Шағын, оның ішінде микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде де маңызды рөл атқаратыны әбден түсінікті. Жұмыс жүріп кетсе, екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауыл тұрғындары біршама тұрақты жұмыспен қамтылар еді. Осындай игі қадамның нәти­же­­сінде салық базасы құралы, жер­­гілікті бюджеттің қоржыны қам­пайса, әлеуметтік өмір сүру сапасы да жақсара түспек. Осы орайда Атбасар ауданының алға талпынған қадамын айтып өту парыз. Өткен жылдардағы оң мысалды көңіл таразысына салып екшесеңіз, біршама ұтымды қадамдар жасалып жатқанын ай­қын аңғаруға болады.

Мәселен, ауданда 2019 жылы 321 млн теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асырылған. Соның нәтижесінде жаңадан 86 жұмыс орны ашылған. Пәлендей көп бол­­­мағанымен, шалғайдағы аудан үшін тәп-тәуір көрсеткіш. Жо­­­ға­рыда атап өткен қаржыға тұр­­ғындар үшін аса қажетті дү­­кендер мен дәмханалардың, өзге де әлеуметтік-тұрмыстық қыз­мет көрсететін ғимараттардың құры­лысы жүргізілген. Биыл 570 млн теңгеге бағаланған 7 жоба жү­зеге асырылуда. Былтырмен салыс­тыр­ғанда, жұмыс ауқымы әлдеқайда кеңейіп отыр. Сәл ғана таратып айтатұғын болсақ, «Арип Агро» ЖШС-нің 400 ірі қараға арналған бордақылау ала­ңы, «Интер Трейд» ЖШС-нің жылына 11,5 млн дана жұмыртқа шығаратын, елу мың тауыққа арналған фермасы бар. Қос жо­баның алғашқысына 100 млн, екіншісіне 215 млн теңге инвес­тициялық қаржы құйылмақ.

Екпін түсіріп айта кететін бір жай, алға ұмтылған ауыл ең­бек­керлері былтыр 21 млрд тең­ге­нің өнімін өндірді. Бұл дегеніңіз бұрнағы жылмен салыстырған 3,4 пайызға жоғары. Осы орайда ауданды алға жетектеп отырған кәсіпорындарды да атай кетуге болар. Атбасар электровоз жөндеу зауыты 9,8 млрд, «Аждар және К» вагон жөндеу кәсіпорны 2,8 млрд, «Atbasartehnopark» сервистік серіктестігі 608,3 млн теңгенің өнімін дайындаған.

Өңірдегі 6500 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған шағын жә­не орта кәсіпкерліктің 2300 құры­лымы ауданның алға басуына сү­белі үлес қосуда. Бір атап айта ке­терлігі, бөлшек сауда айналымы 10,6 млрд теңгеге жетіп, 2018 жыл­мен салыстырғанда 6,6 пайызға өскен.

Алға басқан қадамның нық болуына екінші деңгейлі банктер де септігін тигізуде. Мәселен, «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы аясында 283 млн тең­генің 6 несиесі беріліпті. Өз кә­сібін бастаймын деген адамға айта қаларлықтай демеу. Өйткені бұл қаржы кәсіпкерлердің айналым қаражатын толықтыруға әб­ден жет­кілікті. Олар бұл қара­жатты жылдам дайындалатын тағамдар асханасын, техникалық қызмет көрсету стансасын салу­ға жұмсаған. Осы жыл­дың алғашқы жартысында кә­сіп­керлер 686 млн теңгенің 8 несиесін алып, жұмыстарын ширата түсуде. Сондай-ақ «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламасы шең­берінде біршама маңызды 5 жобаны қаржыландырыпты.

Негізгі капиталға 3 млрд 611 млн теңге қаражат салынуы аудан­да эко­номикалық серпілістің қан­шалық­ты қуатты екенін анық аң­ғар­тады. Бұл ретте фи­зикалық кө­лем индек­сі 132,9 пайызды құрап отыр. Се­бе­бі инвестициялық өсім былтыр­ғы деңгейден 32,9 пайызға артқан.

Осының нәтижесінде қажетті тех­никалар мен жабдықтар сатылып алынып, тұрғын үйлер мен өндірістік нысандар көптеп салынуда. Таяуда темір жол желісі күрделі жөндеуден өткізілді. Осылайша алға ұмтылған Ат­ба­сар­дың ахуалы көп-көрім жақ­сарып келеді.

 

Ақмола облысы,

Атбасар ауданы