Абай • 24 Тамыз, 2020

Атасының баласы...

215 рет көрсетілді

Иллюминатордан қарағанда сонау төменде аппақ бұлттар көрінеді. Тура апасының сабаған жүніндей. Міне, сол аппақ бұлттың ішінде ол өзін қалқып ұшып жүргендей сезінген.. Бірақ неге аппақ бұлт осыншама ыстық? Ауа жетпей барады... Бір сәт аппақ бұлт сөгіліп төменге, жерге қарай құлап бара жатқандай. Апыр-ай, мына қалпымда жерге түссем, сүйегім шашылып қалатын болар... о, Алла... Ой, Алла... міне құлап барады....

Манағы ақ мамық шарбы бұлттар емес. Кәдімгі қарашаның қар жауардағы сұрғылт бұлттарының арасынан жұлдыздай ағып барады. Аяқ-қолы ербеңдеп не ұстайтын, не ештеңе ілігетін, қармайтын зат болмай төменге, сонау құз жартастың үстіне ағып келеді. Міне басын қар басқан, төмен қарай үңілген биіктен құз жартастар көрінеді. Қай жерге құлар екем...? Қарағайдың басындағы бұтақтарын сатыр-гүтір сындырып, үсті-басы жұлым-жұлым боп дәл құздың шетіндегі қара тастың үстіне күрс етіп құлаған. Құлағы шыңылдап, басы солқ-солқ етеді. Бірақ денесі, аяғы, қолы орнында сияқты. Ей,Алла! Ей, Алла өзің жар бола гөр! Бір сәт әлгінде ғана өзі құлаған жөңкіле көшкен сұр бұлттардың ар жағынан бір әуен естігендей... Иә, әуен..

Құлама бала, жылама бала

Жылаған жүрек жұбана ала ма?!

Арманға жетпей, жалғаннан өткен

Данышпандар да-ай, ғұламалар да

Неткен таныс әуен, танымал терме... Тер­ме ғой.. Иә... Бұл Мейрамбек емес пе?

Дүк-дүк, дүк-дүк, дыбыс енді күрк-күрк жөтелге ауысқан. Жөтел... А-с-ссс Ей, Алла өзің жар бола көр! Апыр-ай, балалар Бейбарыс пен Ақарыс не болды екен, а? Айнұр ше? Қап Айнұрдың ауырып қалғаны қиын болды-ау. Күрк-күрк жөтел... «Блин, пошел ты, знаешь...» Дәл жанындағы дауыстан Нүркен оянып кет­ті. Қасындағы жігіт әлде ұйқысырап, әлде қы­сылып сандырақтап жатқан сияқты. Нүркен оянғанда көзін ашты. Үсті басы малмандай тер. Ей Алла өзің жар бола көр! Жастығының астындағы телефонын қарап еді таңғы сағат төртке аз-ақ қапты. Тұрайын деді Нүркен, намазымды оқиын...

Ей, Алла амандығыңды бере көр... Анам да, Айнұр, Бейбарыс, Ақарыс та аман болса екен... Аман болса екен құлындарым...

Нүркен алты ағайынды. Дұрысы, ұлдың кенжесі. Қарындасы 6 жылдан соң өмірге келді. Атасы Өтеуіл осы Нүркеннің шашын алмай жалбыратып өсірді. Қайда барса да қасынан осы кенже немересін тастамайтын. Әкесі қарапайым ауылдың тракторшысы болды. Ол сондай заман болған. Соғыстың ащы дәмін татпаған ол кезде шаңырақ жоқ қой. Соғыстың қиямет – қайымынан аман келген Өтеуіл баласын қасында ұстады. Бұл қорқыныш еді.

Алысқа тұрмақ, мына тұрған Алматыға жалғыз ұлды жібермеді. Оқымаса оқыма­сын, тек қарайып көз алдымда жүрсе болды деген. Кейін осы ұлдан ұрпақ сүйді. Кей­де көне қапты Абайдың кітабын қолға алатын.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Иә... Абай қалай дәл айтқан. Өтеуіл де дәл солай... Өзі оқи алмады... Жастайынан көргені аштық, кедейлік, жоқтық... Әсіресе ашаршылықтан енді ғана есін жиғанда Ұлы Отан соғысы басталды. Осы ауылдан қаншама боздақ келмей қалды. Шүкір... Өтеуіл бір аяғы жаралы болса да, аман-есен елге оралды. Өтеуілдің ұлы Әшім­ханды ешқайда жібергісі келмегені де сол болар. Алысқа кетсе көз жазып қалам деп қорыққан. Жалғыз ұлға амандық берсе болды деп қана жүретін. Бұйырса, енді немере­лерін оқытса да жетеді. Өтеуілдің кейде домбыра шертіп, қамшы өретін өнері бар. Сосын қолы тисе кітап оқиды. Осы кітапты баяғыда соғыстан соң Алматыдан осы өңірге аңшылыққа келген бір журналист жігіт тастап кеткен. Дұрысы сол кітапты Өтеуіл аттай қалап сұрап алған. Сол Абайға көп үңіледі. Қасиетті кісі екен-ау... Өлеңдері тұнып тұрған ақыл. «Дәл осы Өтеуілдің» өз ойындай. Өтеуіл кө­бінде тауға барып, кейде есекпен, кейде есек арбамен отын әкеледі. Қотырқара, бая­лыш, тобылғы шабады. Сонда Нүркенді қасынан тастамайды.

Нүркеннің әлі есінде, ауылдан ұзағалы талай болған. Тауға қарай ирелеңдеген қара жол ағыны қатты болмаса да тастай суық кішігірім арықтардан өтеді. Кей жерде ол арықтар ернеуінен асып маңайдың бәрін су басып жататын. Өтеуіл жаралы аяғына қарамай тастай суға түсіп үлкен тастарды теріп, тазалап кетеді.

– Ата, жүре берейік те... Ол біздің ар­баға кедергі емес – дегеніне қарамайды. Судағы үлкен тастарды тазаламай орнынан кетпейді. Ол аз десең тауға жақын­даған са­йын сүрлеу жіңішкеріп жаға­сындағы талдар өткен-кеткеннің берекесін кетіреді. Өтеуіл сол үшін де қонышындағы ағаш кесетін секатормен бұтақтарды кесіп жүреді. Қарап тұрсаң нағыз әпенде дерсің... Иә, әпенделік – нағыз қазақтың бойындағы далалық, даналық еді. Бала Нүркен оны кейін... көп кейін ғана ұққан.

Нүркен нұр төгілген шаңырақта өсті, ер жетті. Оң мен солын білді. Ол жай ғана қарапайым шаңырақта Дала тәрбиесін, Дана дәрісін атасы Өтеуілден алды. Әлгінде құз басында жатқанда да сол Өтеуіл атасы кеп «Тұр» деген. Сонау бала кезіндегідей қолынан тартып тұрғызған.

Иә... Өтеуіл атасы осындай кісі болған.

Нүркен мектепте жақсы оқыды. Ән айтты, домбыра тартты. Мектептегі барлық мәдени іс-шара, тіпті ауыл­дағы той-тома­лақ та Нүр­кен­сіз өтпейтін. Әке­­­сі Әшімхан өнерпаз, он саусағынан өнер там­ған, этнограф қазақ халқының әдет-ғұр­­пының жанашыры Дәркембай Шоқ­­па­­рұлымен бірге өскен досы-тын. Бір күні Дәр­кембайдың үйіне келгенде атақты Нұрғиса Тілен­диев, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаевты алғаш рет сол жерден көр­ген. Сол үйде Дәркембай Нүркенге күй тарт­қызды. Кейін Дәркембай Нүркенді А.Жұбанов атындағы музыкалық мектепке алып келген. Нүркен домбыра тарт­ты, музыкаға бейімділігін тексеретін сынақ­тың бәрін тапсырды. Алайда әкесі Әшім­хан Нүркенді қайта ауылға алып кет­ті. Кіп-кішкентай баласын Алматыға қалдыруға қимаған.

Нүркен мектепті бітірер кезде әкесі бұған зооветке бар деген. Баяғы өзі арман­даған оқуға баласы түссе деген. Алайда Нүркеннің ойы басқада еді. Оған себеп Бекжан... Иә... Кәдімгі туыстас, ауылдас Бекжан Тұрыс. Бекжан бұл кезде М.Әуезов театрының актері. Кейде «Қымызханаға», кейде Республика сарайындағы концертке қатысады, «Алатау» телеарнасынан да көрініп қалады. Сол Бекжан Нүркенге «Сен де актерлік мамандыққа барсаңшы» деген. «Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынады». Нүркен әкесінің айтқанын екі еткен жоқ. Зоовет институтқа барды. Бірақ зоотехник, веттехник болуға құлқы жоқ. Алдына келген сұрақтар химиядан да, биологиядан да онша қиын емес. Алайда Нүркен алдына келген ақ қағазын құр шимайлап-шимайлап бос қайтарды. Әкесінің көңілін қалдырмаудың бұл жалғыз ғана жолы болатын. Қасындағы бірге тапсырған жігіттер «түстік» деп қуанса, Нүркен «уһ, түспедім-ау» деп қуанды. Енді не істеу керек? Әрине Алматыда қалу керек. Бекжан Нүркенді М.Әуезов театрына бутафор қып жұмысқа орналастырды. Онда да әйгілі Әзекең, Әзірбайжан Мәмбетов бір ауыз сөзге келмей Нүркенді бутафор ғып алған. Ол аздай Бекжан Нүркенді қасына алды. Бекжан ол кезде үйленген. Абай – Байзақов көше­леріндегі бір бөлмелі жатақханада бөлме­сі бар. Нүркен сол бір бөлмеде ағасы­мен бірге тұрды. Иә, ол бөлме нағыз артис­тер­дің бас қосатын жері екен. Күнде жиын, күнде бас қосу... Нүркен күндіз театр­да, кешке спектакльде. М.Әуезов театры­ның спектакльдерін түгел көрді. Бір емес кей спектакльдерді бірнеше рет көріп шықты. Әр көрген спектакльден соң бәй­геге шабар тұлпардың байлауда тұрғанындай, тыпыршып «Шіркін-ай мен де осылай қашан сахнаға шығам?» деген... Нүркен өнер институтына оқуға қиналмай түсті. Қазақстанның Халық әртісі белгілі әнші, опера режиссері, кино актер Кәукен Кенжетаев пен Есім Сегізбаевтың курсына қабылданды.

Жалпы, Нүркен жолы болғыш жігіт. Кәукен Кенжетаевтаевтай тұлғадан, Есім Се­гізбаев сияқты ұстаздан тәлім алды. Қа­дыр Жетпісбаев, Әзірбайжан Мәм­бетов­­тің мектебінен өтті. Осы кезде Қараған­дыдан ауысып Әлімбек Оразбеков келді. Әлім­бектің атын естігенмен жөнді білмейтін. Әлекең «Абайды» алды. Тілектес Мей­рамов екеуіне де Абайды берді. Тілек­тес ағасының жөні де жолы да бөлек. Алайда спектакльдің бар күші Жас Абай – Нүркенге түскен. Ұйқысыз түндер, маза­сыз күндер... Нүркен ұлы Абайдың аруа­ғы­нан қорықты... Сол кезде бір түнде жай­намаз­ға жығылды. «Ей, Алла, өзің қолдай гөр», – деген... Сол түні Нүркен ұйқысы қанып оянды.

«Ат мініп, аспан асынып, алыстан жау іздеп қайтесің сен, Оразбай! Сенің жауың өзіңде, өз ішіңде... Ол осы тұрған надан­дығың, қараңғылығың... Сен жа­быс­саң өткен күннің қараңғылығына жа­бы­са­сың... Мен алыссам, келешектің жары­ғын іздеп талпынамын».

Иә...Иә... бұл Абай... «Сенің жауың... өзіңде... ол осы тұрған надандығың, қараң­ғылығың».

Абай бұл сөзді кеше емес, дәл бүгін айтқандай. Дұрысы бүгінгі галстук тағып бір жерден оқып, екінші жерден диплом сатып алған көкірегі соқыр, сезімі семген... байлықтан семген-сөнген, өз елін, өз халқын іштей жек көретін қазақ атын жамылған жемқорларға, есіл-дерті тек баю, ақша-ақша деп арын сатқан арамзаларға арналған сияқты... Сенің жауың өзіңде, өз ішіңде... Апырмай, бұлар аранын қа­шан тыяды, қашан тоқтайды? Бұл оңба­ғандар ел ішін түгел жаулап алған ба? Бұл тіпті коронавирустан да қауіпті екен... Бұл бар жерді, бар саланы қамтыған сияқты... Ол осы тойымсыздық, ашкөздік, дүние­қоңыздық, мақтаншақтық... Сонда бұл жемқорлық, парақорлық, соқырлық, сор­лы­лық, надандық, топастық тоқтамаса қай­тіп Ел боламыз? Ертеңгі ұрпаққа нені мұрат етіп қалдырамыз? Сонда мына қай­мана халық, Қазақ Елі болашақта не болады? Бұл – Нүркен Абай... Бұл бүгінгі заманауи актердің жан айқайы... Абай боп үн қатқан, бозторғайдай шырылдаған тұлғаның толғауы... Нүркеннің Абайы осындай... Ойшыл... жо-жоқ ойшыл емес Нүр­кеннің Абайы ертеңіне елеңдеген, бола­шаққа үркіп емес, қорқа қарай­тын образ... Бұл өзі үшін емес... Ертең­гі ұрпақ, ертеңгі елі үшін елеңдеген ойшыл, философ актердің жан айқайы, жан азабы... жан шырылы... Қазақ Елі деп шы­рылдаған Абайды ол осылай сомдайды.

«Тағдырдың кісенінен ешкім құты­лып көрген жоқ. Қазірдің өзінде қол-аяғың­ның матаулы екенін білмейсің?... Айыр­машылығы – біздің кісеніміз, қазақтың қайыс шідерісі сияқты, заман ысыған сайын қыса түседі. Ертеңін ойламайтын қайран жұрт, надандықтың құрбаны болуға шақ тұрғанын сезбейді. Бұларға қарын тоқ болса болды. Бірінің тілеуін бірі тілеспей­тін, бос мақтанға семірген тойымсыздар. Оқуға, білімге ден қойса, жандайшаптар мен көлденең көк аттыларға жем болмайтын едік. Елдің болашағы тек көзі ашық, көкірегі ояу зерделі жастарда? Ол жастар қазір қайда? Олар неге қазір үнсіз?...».

Бұл Жарасбай, «Қара-Қараш» спек­такліндегі монолог...

Нүркеннің Жарасбайы жай ішкен-жегеніне мас болған, мәз болған дәу қарын емес... Жарасбай ол ертең еліміз қайда барады? Не болады? Деп ойлаған адам... Заман өзгереді. Еліне мысқылдап кірген өзге жұрт күн санап, ай санап, жыл санап ел ішіне еніп барады. .... өздерінің ділін, тілін, дінін, салтын осы елге таратуда. Әлде Абылайдың түсі – шынымен іске аса ма? О, Тоба! Оның бетін әрі қылсын...

Жарасбай трагедиялық кейіпкер... Құд­ды Шекспирдің Гамлеті сияқты жақ­сы­лық пен жамандықтың , күн мен түннің, ақ пен қараның ара жігін ажыратам деп аласұрған образ. Сол бір кезде жасаған пенделік қателігін кеш болса да түсінген... Түсінген де «Аһ» ұрып айқайлауға шамасы жетпей тұншыққан жүрегі қан жылап, жанын қоярға жер таппай арпалысқан, қамаудағы, қапастағы арыстан іспетті... Сондықтан ол итшілеп, ирек қамышлап есекше өмір сүргісі келмейді... Сол себепті де ол өлімді таңдаған тағдыр иесі...

Бұл Нүркеннің Жарасбайы. Кейде оны Жарасбайдай жалғыз жаны, жүрегі, сезімі, қиялы, ойы, арманы – оны да осындай оңашалыққа итермелейді... Жалғыз ғана ешкіммен сөйлеспей өзімен-өзі иен далаға, ешкім жоқ елсізге, сонау баяғы балалық шағы өткен ауылдың сыртындағы жалғыз соқпақпен биік тауға серуендегендей қазір де сенделіп жүре бергісі келеді...

Нүркеннің кумирі Әнуар Молдабеков те дәл осылай жалғыздықтың жел қайы­ғын мініп, желсіз түнде өнер айдынын­да белгісіз, беймәлім, бұлдыр да бұлыңғыр аралға сапар шекпеуші ме еді? Жалғыздық тек ақынға, ойлыға, суреткерге ғана бері­летін азап. Бұл ақын боп тумаса да, жаны, жүрегі, ойы, арманы, болмысы шайыр боп жаралған жандардың пешенесіне жа­зылған емделмейтін дерт....Осы мақала­ның авторы – мен сонау жылдары, бала кезімде орыстың ұлы актеры Ин­нокентий Смоктуновскийдің өз қолынан билет алып Малый театрда ол ойнаған «Царь Феодорды» көрген жанмын. Смок­тунов­ский де сол..... Жалғыздықтан, даралықтан, даналықтан, әртүрлі алып қашпа өсеккке ілінген, бірден бір Ұлы тұлға болатын.... Нүркен де сол өзі көр­меген, білмеген, кездеспеген, оны таны­ма­ған, алайда таби­ғатымен бас иетін ұлы талант, ұлы тұлға­дай бұл да Гамлетті ойнады.

Гамлет әлемдік драматургияда айсберг сияқты қарлы шыңы ғана көрінетін, және кез келген актердің арманы болған Гималайдай биік рөл. Бұған бару кім көрінгеннің жүрегі бара бермейтін Бер­муд аралы іспетті. Әрине ол рөлдің фило­софиялық, трагедиялық болмысын, ойын ол кезде қазіргідей түсінбеген болар...

Нүркеннің көзі ілінгендей... Тағы да денесі бір қызып, бір суыған.... Жөтел бар сияқты... Сонда бұл не екен? Әлде бұл індет адамды осылай қинай ма? Күрк-күрк... Екі құлағы ызыңдап, басы шыңылдап, екі шекесі солқылдап, басына біреу құрсау салып қысып жатқан сияқты.

Ей, Алла, өзің жар бола гөр...

О, Құдіретті Абай! Мына науқастан жазылсам, басыңа барып тәу етермін. Басыңа барып сөйлессем, сырлассам, іштей ғана өзіңмен тілдессем.

Нүркен оянып кетті. Өңі ме, түсі ме? Шы­нында талай жер, талай өңірді аралап жүріп Абайдың басына, Жидебайға бар­маған екен-ау... Әттең бір кем дүние-ай...

Нүркеннің көзі ісініп кеткен екен. Жаңа ғана қасына келген дәрігер қыз Айнұр еді ғой. Ә... ә... түсі екен ғой... Айнұр ақ халат киіп жаңа ғана қасында жүргені түсі екен ғой... Иә... түсі... Не болды екен? Қызуым басылды ма екен? Айнұр... Айнұр... Жа­ным менің...қиналдың-ау...

Нүркен мен Айнұр бірге оқыды. Төрт жыл бірге жүрді. Партнер болды. Көзі көк, ақсары қыздың алғаш ән салғанында Нүркен бір ысып бір суыған... Бұл жас жігіттің ең алғаш рет әдемі сары қыздың көкпеңбек аспандай көк көздеріне еріген, есі кеткен сәті еді. Төрт жыл төрт күндей өте шықты... Нүркен бүкіл курстас достарымен жаңа театрға, Ақмола қаласына жол тартты... Алматыдан соң Ақмола кәдімгі ауылдай көрінгені де рас... Талай рет Алматыға кетем бе деген ой да болды. Алайда өз достарын, әсіресе Айнұрды қимаған. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтерді... Өмірге үйелмелі-сүйелмелі екі ұл келді... Шүкір... Айнұрдың мамасын қолдарына алды. Ел қатарлы тіршілік...

Нүркеннің қазіргі шығармашылық ізденуі, шарқ ұруы тыпыршыған тұлпар­дай өзін өзі қамшылап өзін өзі жеуі ол осы творчествоға көңілінің тоймауы... аштығы... Сондықтан ол кейде телевидениеге, кейде киноға, кейде радиоға қуа­нып барады... торығып қайтады... Өзіне тағы көңілі толмайды... Иә, иә... Бұл тек ақынның тағдыры... Актердің ғана маңдайына жазылған жазу... Өмір бойы болдым-толдым демейтіні... Өйт­кені болдым-толдым деген актер өледі. 

Нүркен басын көтерді... Терезеден сырт­қа қарады. Жаздан да сұлулық ке­тіп, сұп-сұр болған сияқты көрінеді... Ол жай­нама­зын жайды да бесін намазын оқыды... Иә... Нүркен Алланың жолына түскелі біраз болды... Сынағандар да, мінегендер де, келемеждеп күлгендер де, қолпаштап қолдағандар да болды... Ал, Нүркеннің өз ойы, өз философиясы бар.Ол өмірдің заңы. Ол бар тілегін, құранын, намазын, садақасын, оразасын ең алдымен сонау Кеңес кезіндегі оқи алмаған – атасы Өтеуілге, әжесіне, сосын әкесі Әшімханға арнайды... Бірақ өнер бар жерде өкініш те, арман да қатар жүрері хақ... Әттең, – дейді ол кейде, – Шіркін-ай, әкем мен атам көз алдымда болар ма еді, дейді... Кейде келіп менің ойнаған рөлдерімді: Абайды, Жарасбайды,Гамлетті, Ягоны көрер ме еді, – дейді. Дейді де іштей «шүкір» дейді. Иә, шүкір...

Телефонына «дың» деп «СМС» – кел­ді... Айнұр екен... Нүркен, «шүкір, ер­тең шығамын», – деді. Сен де 3-4 күнде шығарсың..!

Шүкір, деді Нүркен... Бәріне шүкір

Ей, Алла, өзің жар бола гөр...

Нүркен Өтеуіл бүгінде қазақ театрында өз орны, өз қолтаңбасы бар ойлы да ізденімпаз актер... Оның шығар биігі, алатын асуы, көтерілер шыңы әлі алда...

 

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның Халық әртісі

 

Соңғы жаңалықтар

Тарихи жеңіске қол жеткізді

Теннис • Бүгін, 20:12

Нар тұлға

Руханият • Бүгін, 20:10

Екпе салдыру өзекті

Медицина • Бүгін, 20:07

Шетелдік басылымнан

Әлем • Бүгін, 20:02

Аруларымыз алты жүлде алды

Спорт • Бүгін, 19:55

Қазақстанға агробанк қажет пе?

Қазақстан • Бүгін, 19:51

Ұқсас жаңалықтар