Пікір • 24 Тамыз, 2020

Әр нәрсенің жөні бар

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың тойы қандай болу керектігі жөнінде менің айтар ойым ақиқаттың ақырғы жатысы демеймін. Өзімнің пікірім, сондықтан менің ойыммен келісетіндер де, келіспейтіндер де болар, бұл заңды дүние.

Әр нәрсенің жөні бар

«Жиған-тергенің тойға шашылсын» деген таныммен қалыптасқан ұрпақпыз ғой. Ел ішінде індет етек алып, карантин, шектеу деген шараларға мойынұсынғанға дейін біз негізі әр нәрсенің себебін іздеп, соның артын тойға айналдыруды әдет еткен халықпыз. Қазақ үшін әр аптаның соңғы екі күні демалыс күн емес, той күніне айналып кетті. Үйлену тойы, бесік той, сүндет той, мерейтой, мүшел той, әйтеуір бір бітпейтін той.

Бірақ әр нәрсенің өзінің реті, жөні бар. «Қаздың жүрісін саламын деп, қарғаның шаты айырылыпты» демекші, жағдайы бар, қалтасы қалың қазақтардың оңды-солды шашқан тойын көріп, «мен солардан кеммін бе?!» деген жалған намыспен қарыз алып, қауғаланып той жасап жататындар бар. Мен осыған қарсымын. Әркім қалта­сына қарап көсілуі керек.

Енді біреулер орынсыз бір себептерді ойлап тауып, сауын айтып аста-төк той жасап, өзі­нің барлығын, байлығын көрсе­тіп қалғысы келіп тыраш­танып жатқаны да көзге түсіп қала­ды. Осындай келеңсіз мінез­дер­ден арылатын кез жеткен сияқ­ты. Дәстүрдің озығы бар, тозы­ғы бар. Осы күні қарап отыр­саң, құдалық, қыз ұзату сияқ­ты қуаныштарда әйтеуір ретін тауып өмірі естімеген неше түрлі салт-жоралғыны ойлап тауып жа­тады. Оның артынан сол бая­ғы есепсіз ысырап, орынсыз ша­шы­лу сияқты даңғойлық еріп жү­реді. Осыны көріп кейде күйі­не­сің. Өйткені өзіміз ауылда, ата-әжелеріміздің өнегесін көр­іп өстік. Барға қанағат етіп, етін асып, дастарқанына бауыр­са­ғы мен жентін қойып-ақ тойла­ған­дар ешкімнен кем болып қал­ған жоқ. Үлкендердің бата-тіле­гімен бағы жанып, бүгінде үбір­лі-шүбірлі болып, өздері де ке­лін түсіріп, қыз ұзатып отыр. Әрине қазір ешкімге ақыл айтатын заман емес, әркімнің еркі өзінде. Бірақ қазір той жасағанда әр нәрсені шама-шарқына, сән-салтанатына, мән-мағынасына қарай өлшеп-пішіп, ысырап пен астамшылдыққа бой ұрудан сақ болуымыз керек сияқты.

 

Әсия БЕРКЕНОВА,

Қазақстанның халық ақыны

 

ҚОСТАНАЙ