Тарих • 25 Тамыз, 2020

Автономияға ұмтылыс: Ұлттық қозғалыс және кеңестік декрет

2279 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Кеңестік Қазақ Республикасы қай күні құрылды?

Биыл кеңестік Қазақ Республи­касының құрылғанына 100 жыл толады. Бұл респуб­лика – Қазақ хандығы құлағаннан кейін­гі уақытта алғаш рет барлық қа­­зақ жерле­рін бір автономия құ­ра­мына біріктіруге тырысқан ұлт­тық қозғалыстың және боль­ше­виктердің ұлт мәселесіне қатысты саясатының заңды нәтижесі бол­ды. Осы уақытқа дейінгі тарихнамада РКФСР БОАК пен ХКК-нің «Автономиялы Қыр­ғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы» дек­реті қа­былданған 26 тамызды немесе ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі болған 4-12 қа­зан аралығын Республиканың құ­рыл­ған уақыты ретінде қарастыру орын алып келді. Негізі, республиканы құру туралы декрет қабылданғанымен, тамыздың соңында республика құрылған жоқ. Кеңестік Қазақ Республикасының құ­рылған күні – 6 қазан. Себебі дәл осы күні ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің кешкі мәжілісінде «ҚАКСР еңбекшілері құқығының декларациясы» атты бірінші Конституциялық құжат қабылданды. Съезд ҚАКСР-ды жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, казактар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңес­терінің республикасы деп жариялады.

Автономияға ұмтылыс: Ұлттық қозғалыс және кеңестік декрет

 

 

Ұлттық автономия мәселесінің күн тәртібіне көтерілуі

Ресейдегі монархиялық басқа­ру жүйе­сін жойған 1917 жылғы Ақпан төңкерісін барлық езілген ұлттармен бірге қазақ халқы да зор қуанышпен қарсы алды. «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері төң­керісшіл орыс демократиясы мен ашылуы тиіс деп күтілген Құрылтай жиналысынан зор үміт күтті. Мұндай құбылыс – сол кезеңде Ресей қол астындағы бар­лық бұратана халықтарға тән еді.

1917 жылы 15-17 наурыз ара­лығында Петроградтағы Мұсфрак­цияның ұйымдас­тыруымен өткен мұсылмандар кеңесі Бүкілресей­лік мұсылмандар съезін ша­қы­­руды жөн деп табады. 1-12 мамыр ара­лығында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съе­зінде «мемлекет түрі қан­дай болу мәселесі» үлкен талас-тар­тыс ту­ғызды. Съезде А.Цалыккаты уни­­тарлық ағымды жақтап, ал М.Э.Расул-Заде федерациялық ағымды жақтап баяндама жасады. А.Цалыккаты «Ресей мұсыл­мандарының мәдени-ұлттық ав­то­номиясы ашық-құқықтық инс­титут ретінде конституция ар­қылы кепілденуі қажет, деген қарарды жақтай отырып: «Фе­дерация аламыз деп тұрған ха­лық – қазақ, сарт, Кавказ һәм бас­қалар тіпті надан. Оларда неше түрлі фабрика, завод жоқ. Оны шығарарлық оқымысты жұрт емес, ғылым, білім, өнерден құралақан. Осындай қараңғы халыққа федерация берсек байлар, хан тұқымы ақсүйектер, бектер халық билігін қолына алып, баяғы Николайдың заманында істелген істерді өз тұ­қымына істейді»  деген пікірді алға тартты. А.Цалыккатыны С.Мақ­суди, С.Алкин, А.Ысқақи сияқты татар зиялылары қолдады. Ал М.Э.Расул-Задені қолдап сөз сөйлеген Ж.Саид-Ахмед (Қырым), Ж.Досмұхамедов және А.З.Уәлиди көпшілік делегаттарды өз соң­дарынан ерте білді. А.З.Уәлиди Қа­зақ­стан мен Түркістанға федерация құра­мынан автономия беруді, оған Шығыс Баш­құртстанды қосуды ұсынды. Съезд делегаттары Ресей­дегі 30 млн мұсылман атынан Ре­сейдің ұлттық-федеративтік негіз­дегі демократиялық республика болуын жақтайтындықтарын білдірді. Бұл съезд – ұлттық автономия мәселесін ал­ғаш рет талқыға салған жиын болды.

Бүкілресейлік мұсылмандар съезінің федерация құрамындағы тер­риториялық автономия­ны жақ­таған шешімінен соң Түр­кіс­тан және қазақ зиялылары да бұл шешімді қолдай бастады. Бі­рақ барлығы да «әліптің артын бағып», Құрылтай жиналысынан үміт күтті. Бірақ орталықта тамыз айының соңында болған Корнилов бүлігінен соң Қос өкі­мет жағдайы жо­йы­лып, Кеңестер тү­гелге дерлік больше­виктердің қолына өтті. Көп ұзамай, 13 қыр­күйекте Ташкенттегі билікті 14 адамнан тұратын Уақытша ре­во­люциялық комитет тартып ал­ды. Осындай жағдайда, Шуро-и-Уламо ұйымының шақыруымен 17-20 қыркүйекте Түркістан өлке­сі мұсыл­мандарының өлкелік съе­зі өткізілді. Съезд Сырдария, Са­марқан, Ферғана, Закаспий облыстары «Түркістан федерация­лы рес­публикасы» төңірегіне бі­рік­тіріліп, Ре­сей құрамына жеке тер­риториялы-авто­номиялық бір­лік ретінде кірсін деген ше­шім қабылдады.

Петроградта болған Қазан төң­­керісі барлық ұлттық аймақ­тар­дағы саяси жағ­дайды күрт өз­гертті. Құрылтай жиналысы­нан үміт күткен ұлт қайраткерлері боль­шевиктердің диктаторлық сая­сатынан соң барлық жерлерде ұлттық автономия құру үшін күрес жүргізе бастады. Осындай ұлттық автономиялардың басы – 28 қарашада жарияланған Түр­­кіс­тан мұхтарияты болды. Құ­­рамына М.Ты­нышбаев пен М.Шо­қай кірген Түркістан авто­но­миясының басшылары тұтас түркі мемлекетін қалыптастыруды көздеді. Көп ұзамай, Орынборда шақырылып, 5-12 желтоқсанда өткен екінші жалпықазақ-қырғыз съезі 54 адамнан тұратын Алаш­орда атты үкімет құрып, Түркістан автономиясы құрамындағы Жетісу және Сырдария облыстарының қазақтары қосылған жағдайда Алаш автономиясын жариялаймыз де­ген шешімге келді.

Ресей құрамындағы ұлттық ав­то­номияға ұмтылыс оның барлық аймақта­рында көрініс беріп жатты. Олардың қатарында Қырым-түрік республикасы, Башқұрт рес­публикасы, Еділ-Орал (татар ұлттық мәдени автономиясы) рес­пуб­ликасы, Солтүстік Кавказ және Әзер­байжан республикалары болды. Бұл ұлт­тық-мемлекеттік бірліктердің барлы­ғы да әлсіз әрі Ресейдегі революциялық қоз­­ға­лыстардың әсерімен жарияланған авто­номиялар мен республикалар болды. Сондықтан да өзін өзі қорғай алмайтын бұл бірліктердің барлығы да большевиктер тарапынан талқандалды.

Қоқандағы Түркістан автоно­миясын талқандаған Кеңес өкі­меті 1918 жылы 20 наурызда Түр­кістан Автономиялы Ке­ңестік Социалистік Республикасының (ТАКСР) құрылатынын жариялады. Көп ұзамай, Кеңестердің Бүкілтүркістан­дық бе­сінші съезі 1918 жылы 30 сәуірде РКФСР құ­­рамындағы ТАКСР-дың құрыл­ғанын жа­риялады. Бұл республика – Шығыста құ­рылған алғашқы кеңестік автономиялы мем­лекеттік құрылым болды.

 

Қазақ автономиясының астанасы мен шекарасы туралы мәселе

Қазақ жерінің аумағын белгілеу мен тұтастығын қалпына келтіру жұмыстары Алаш автономиясын құруға талпынған қазақ зиялыларынан бастау алды. Олар Алаш автономиясын жариялауды және барлық қазақ жерлерін біріктіруді мақсат еткенімен, мүлдем басқа­ша саяси жағдай қалыптасты. Алаш­орда мүшелері большевиктер мен орыс демократиялық күш­­­терінің қайсысы жеңетінін бол­­жай алмады. Түркістан автоно­миясы мен Алашорда үкі­меті бас­шыларының негізгі қателігі – автономия алу жолындағы күресте түркі халықтарының ата жауы – ақ казактармен ынтымақтасуы еді. Мұның екіжақты кері әсері болды. Біріншіден, ақ гвардияшылардан 15 есе әскері көп әрі бүкіл саяси би­лікті қолына шоғырландырған боль­шевиктерді өздеріне қарсы қой­са, екіншіден, 1916 жылдың ой­ранындағы казактардың жазалау ша­раларын ұмытпаған қарапайым халықтың наразылығына ұшы­рады.

Ресейде большевиктер жеңіс­ке жеткен соң Ә.Жангелдин, С.Сей­фуллин, Т.Рыс­құлов, С.Меңдешев, М.Мырзағалиев сын­ды және т.б. қазақ қайраткерлері Алаш­орданың сәтсіздікке ұшыраған автономия құру жолындағы күресін одан әрі жылжытып, қазақ даласында Кеңестік ұлттық-территориялық автономияны құ­ру­ға атсалысты. А.Байтұрсынов кешегі алаш­ор­да­шыларды большевиктер жа­ғына өтуге шақырды. Кеңес би­лігі Алашорда мүшелеріне кеші­рім жариялағанымен, оларға сенім­сіздік танытты. Орталық билік қа­зақ даласын басқаратын аппарат құру үшін 1919 жылдың көк­темінде-ақ съезд өткізуге да­йындық жұмыстарын бас­тап, ке­ңес­тердің Құрылтай съезін ұйым­дастыратын ревком құруға кірісті. 

Қазревкомның тұңғыш төр­ағасы бол­ған С.Пестковскийдің Қазақ АКСР-нің құрылғанына 10 жыл толуына орай «Советская степь» газетінде жария­лан­ған ар­найы мақаласында қазақ төр­­ағаның тағайындалуына қазақ­тардың қар­сы болғанын айтады. 1915 жылдан РК(б)П мүшесі болып табылатын Ә.Жан­гелдиннің Қазревкомға төраға бо­лып сайлану мүмкіндігі кешегі алашор­дашыл А.Байтұрсыновқа қарағанда жо­ғары еді. Ә.Жангелдин өз ес­те­лігінде кан­дидатурасының төр­ағалыққа ұсыныл­ғанын айтады. Бірақ, делегация өкілдері И.Ста­линге С.Пестковскийді төраға етіп тағайындау туралы өтініш жасады. Неге қазақты тағайындамасқа деген И.Сталиннің сұрағына қа­зақтардың арасында әртүрлі топ­тардың күресінің ушығып тұр­ғанын айтып, «нейтралды» адамның төраға болғаны дұ­рыс деген жауап айтылады. Осын­дай фактілердің барлығы – қазақ зиялыларының бірауыздан мем­лекеттік билікті алып кетуге да­йын еместігін, олардың ұлттық мүд­де жолында біріге алмағанын көрсетсе керек.

1919 жылы 24 маусымда РКФСР Хал­ком­кеңесі төраға В.И.Ле­ниннің қаты­суымен өткен мә­жілісінде Қазревкомның же­ке құрамы туралы мәселені талқы­лап, Қазревкомның бірінші құра­мына С.Пес­т­ковский (төраға), В.Лу­кашев, Ә.Жангелдин, М.Тұн­ғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кіргізілді. 10 шілдеде РКФСР үкі­метінің басшысы В.И.Ленин «Қаз­ревком туралы уақытша ережені» бекітсе, 19 шілдеде РКФСР ХКК-і 19 пункттен тұратын «Қа­зақ өлкесін басқару жөніндегі ре­волюциялық комитетін құру туралы» декрет шығарды. Декрет бойынша, бүкілқазақстандық ке­ңестер съезі шақырылып, Қазақ автономиясы жарияланғанға дейін өлкені әскери-азаматтық басқару мен ке­ңестер сайлауын ұйымдастырып өткізу Қазревкомға жүк­телді.

1919 жылы 10 қыркүйекте Орын­бор Әс­кери ревкомы Қаз­рев­комның жауап­ты қызмет­кер­­лерімен, Түркістан майданы Әс­кери ревкомының, 1-ші армия­ның Әскери ревкомы мен саяси бөлімі өкіл­дерінің қатысуымен Орынбордың Қазақ­станға қосылуы туралы мәселені талқы­лады. Қазревком төрағасы С.Пестковский РК(б)П ОК-нің пікірін білдіре отырып, Орынбордың Қазақстанға қосылуын жақтады. Ал орынборлық А.Коростелев, И.Мартынов және тағы басқа кеңеске қатысушы 6 өкіл бұған қарсы бола отырып, Орынбор губерниясына орыс хал­қы көп қоныстанған Орал облысы мен Ақмола облысының Ақ­төбе уезін қосуды жақтады жә­не болашақ автономияның үкі­метін «ішкі Қырғызияға» ор­на­ластыруды ұсын­ды. Ал Қаз­рев­комның А.Байтұрсынов, С.Мең­­дешев, М.Тұнғаншин сияқ­ты мүшелері Орынбордың Қазақ­станға қосылуына және оның жаңа республиканың астанасы болуына түбірлі қарсы болып, Қаз­ревкомның қазақ мүшелері дауыс бе­руге қатыспайды деп мәлімдеді. Ал Орын­бордың И.Ка­ширин, А.Здобнов сияқ­ты өкіл­дері Орынбор астана болса, Қа­зақстандағы орыс кулактарымен күресу оңай болады деп дәлелдегісі келді. Бірақ, қазақ ұлтшылдары бұған келіспеді.

Ал РК(б)П ОК-і болашақ қа­зақ автоно­миясының астанасы Орынборда болғанын қалады. Себебі, толық сенім артуға болмайтын қазақ ұлттық элитасының қазақ халқының ортасында болуын қаламады. Астананың Орынборда болуы олардың бақылауда болуын қамтамасыз ететін еді. Со­нымен қатар, РК(б)П ОК-і Орын­бор Қазақстанның астанасына айналар болса, Орталықтың қы­шуына тиіп отырған орыс казак­тарының еркіндігі шектеледі деп есептеді. Сондай-ақ астана қажетті инфрақұрылымы, кадр­лық, ұйымдық, қаржылық, өнді­рістік, материалдық-тех­никалық және басқа да қажетті әлеуеті бар қалада орналасуы тиіс деп есеп­телді. Бір сөзбен айтқанда, Орын­борды Қазақ­станның астанасы ету – қазақты жарылқау емес, болашақ қазақ үкіметі мен ұлтшыл қазақ қайраткерлерін ба­­қылауда ұстау үшін қажет бол­ды. Орынбор губкомының 2 қа­батты ғимаратының бірінші қа­ба­тынан 2 бөлмелі орын алған Қазобкомның кейінгі сиқы осыны айқын аңғартты.

Ал қазақ даласында тек Семей қаласы ғана астана болу талапта­рына жақын келетін. Бірақ кү­ні кеше ғана Алашорданың ас­та­насы болған бұл қаланы Орта­лық жақтырмады. Болашақ қа­зақ астанасына қатысты айтыс-тартысқа Орталықтың өзі тікелей араласып, мәселені шешу үшін БОАК төрағасы М.И.Калининді Орынборға аттандырды. 1919 жылы 20 қыр­күйекте РК(б)П Орынбор губкомы мен губат­ко­мының, Түркістан майда­ны мен 1-ші армияның басшы­лығы, сондай-ақ жауапты қызмет­кер­лерінің қатысуымен өткен кеңесте Орынбор өкіл­дері Москваның ұсынысына қарсы кел­гендері үшін «ұялып», өз қателіктерін «мойындауға» мәжбүр болды. Бірақ А.Бай­тұрсынов бұл жо­лы да өз тобының мүддесін қор­ғап, ұлттық айқындалуды жақ­тады және партиялық кеңестің болашақ автономияның шекарасын айқындайтын құқығы жоқ деп, тағы да дауыс беруден бас тартты. Бірақ бұл жолғы кеңес шешімі бойынша Орынбор қаласы болашақ республиканың әкімшілік орталығы болып белгіленді.

Болашақ қазақ автономиясы үшін аста­на мәселесінің тал­­қыланып жатқанын есті­ген Түрік­атком Президиумы төр­аға­сы­ның орынбасары әрі ТК(б)П Мұсбюросы­ның жетекшісі Т.Рысқұлов 1919 жылы күз айларында ТАКСР құрамындағы қа­зақ­тар мекендейтін Сырдария облы­сын (Әмудария бөлімшесімен қоса), Жи­зақ уезінің бір бөлігін және Жетісу облысын түгелімен Қазақстан құрамына қосуды, бі­ріккен қазақ жерінің астанасы ретінде Ташкент қаласын бел­гілеуді үзілді-кесілді талап етеді. Бірақ бұл ұсы­ныс та Орталықтың саясатына сай кел­мегендіктен, қараусыз қалды.

1919 жылы 12 қыркүйекте өт­кен Қаз­ревком мәжілісінде А.Бай­тұрсынов Қаз­ревком төрағасының орынбасары әрі ішкі істер бөлімі­нің меңгерушісі болып сайланды. Бұл А.Байтұрсыновтың Қаз­ревкомда мықты саяси беделге ие бол­ғанын емес, РК(б)П ОК-нің оған қатысты ұстанымын көрсететін еді. Ол ту­ралы И.В.Сталин Қазревком құ­рылғаннан кейін Е.Д.Стасоваға жолдаған хатында: «Мен оны революционер-коммунист деп санаған емеспін және санамаймын да, осыған қарамай, оның ревкомда болуы қажет», деген еді.

1919 жылы 15 қыркүйекте өт­кен Қаз­ревкомның мәжілісінде С.Пест­ковскийдің ұсынысы бойынша Кеңестердің Бүкіл­қазақтық съезін шақыруға дайын­дық жө­ніндегі ерекше комиссия ұйым­дас­тырылды. Оның құрамына С.Мең­дешев, В.Лукашев, Петров және т.б. кірді. Ко­миссияға съезді шақыру жөніндегі нұсқау­лықты даярлау тапсырылды.

1920 жылы 3-11 қаңтарда Ақтө­беде Қазревком мен Түркістан майданы Рев­әскеңесінің бірлесе отырып шақы­руымен 250 делегат қатысқан Бірінші қазақ ке­ңес өлкелік конференциясы болып өт­ті. Конференция барлық қазақ жерінің бір республика құрамына біріктірілуін жақ­тады. Конференцияда 1919 жылы 20 желтоқсанда РК(б)П ОК Саяси бюросы бекіткен ревком тізімі құпия түрде дауысқа салынды. Дауыс беру қорытындысы бо­йынша С.Пест­ковский бірауыздан өтсе, А.Бай­тұрсынов пен С.Меңдешев басым дауыстарға ие болды.

Бір республика құрамына бірі­гуге ұмтылыс 1918 жылдың өзін­де-ақ басталған болатын. Астрахань облысындағы Маң­ғыш­­лақ қазақтары 1918 жылы қа­занда Қаратөбе деген жерде жиналып, болашақ ҚАКСР құрамына кіруді жақтап төтенше комиссар Ә.Жангелдинге өтініш жазды.

Қазревком құрылған уақыттан бас­тап қазақ жерлерін бір республика құра­мы­на біріктіру жұмыстары басталды. 1919 жылы 11 қарашада Бөкей облысы Астрахань губатко­мының құрамынан шы­­ғып, Қаз­ревкомға бағындырылды. 1920 жылы Қазревком мен Орынбор губаткомы Орынбор және Торғай губернияларын біріктіріп, оның ҚАКСР-іне кіретінін мақұлдады. 1920 жылы 27 наурызда Қазревком Маңғышлақ және Красноводск уездері ТАКСР құрамында болға­нымен ондағы адайлар көбінесе Орал және Торғай облыстарында көшіп жүреді және олардың шаруашылығы Орал облысымен байланысты, сондықтан адайлар ҚАКСР құрамына қабылдансын деген қаулы қабылдады. ҚАКСР-ын құру жұмыстарына да­йын­дық барысында бұрынғы Алаш­орда мүшелері мен РК(б)П қатарындағы қазақ қайраткерлері тізе қоса отырып, болашақ ұлттық-территориялық автономия аумағын анықтап, өз ойларын Москвада өткізуге тыңғылықты даярланды.

1920 жылы 9-10 тамызда В.Ле­ниннің ұсынысы бойын­ша РК(б)П ОК мен РКФСР ХКК-і жауапты қызметкерлерінің, Түріккомиссия, Қазақстан және басқа да мүдделі губерниялар өкілдерінің қаты­суымен «Қырғызия туралы мәселелер жө­нінде» кеңес өткізілді (Қараңыз: Шіл­дебай С. Қазақ атауы қалай қалпына кел­тірілді? // Egemen Qazaqstan, 2020. – 21 сәуір). Жер үшін айтысқа толы болған кеңестің екінші мәжілісінде Қырғыз (қа­зақ) республикасын құру туралы ше­шім қабылданғанымен, қай облыстар мен уездердің ҚАКСР құрамына қашан кіретіндігі шешілмеді.

В.Лениннің төрағалығымен 12 тамызда өткен кеңестің үшінші мәжілісінде Қазақ өлкесінің шекарасы туралы мәселе қаралды. Бұл мәжілістің стенографиялық есебі немесе хаттамасы, тіпті құ­­жаттары осы уақытқа дейін зерт­теушілердің қолына түспей ке­леді. Бұл туралы тек Сібревком өкілі В.Соколовтың естелігінен ғана біле аламыз. Осы мәжілісте В.Ленин Сібревком мүшесі В.Со­коловты Ертіс бойындағы жер­лер мен Омбы болыстарын қа­зақ­тарға бермеу жөніндегі шови­нистік пиғылдары үшін тұқырта отырып, Сібревкомның ресми ұс­танымы болып табылатын мұн­дай позицияға Орталықтың то­лық қарсы екенін жеткізеді. Ақыры, мәжіліс барысында қазақ делегациясының ұсыныстары то­лық қабылданды. Нәтижесінде, 1920 жылы 26 тамызда БОАК пен РКФСР ХКК-нің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру ту­ралы» декреті қабылданып, ҚАКСР құрамына бұрынғы әкім­шілік шекарасымен төмендегі облыстар қосылуы тиіс болды: Пав­лодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы уездерінен тұратын Семей облысы; Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл және Ом­бы уездерінің біраз бөліктері (Ом­бы уезінің қазақ және Сібір бөлік­терінің шекарасын белгілеу Қаз­ревком мен Сібревкомның келісімі бойынша жүзеге асырылады деп көрсетілді) кіретін Ақмола облы­сы; Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай уездерінен тұратын Тор­ғай облысы; Орал, Абищенск, Темір, Гурьев уездерінен тұратын Орал облысы; Закаспий облысының Маңғышлақ уезі мен Красноводск уезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары; Астрахань губерниясының Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Приморье округтерімен шектес бұрынғы қазыналық округтік жерлер. Ал ТАКСР құрамындағы қазақ жерлерін ҚАКСР-ге енгізу осы облыстар халқының еркі бойынша жүргізілсін деп көрсетілді.

Құрамында С.Меңдешев жұ­мыс істе­ген Кеңестердің Бүкіл­қазақтық съезін шақыруға дайын­дық жөніндегі ерекше комиссия қызметінің нәтижесінде 1920 жылы 23 тамызда Қазревком ке­ңестерге сайлау жөніндегі нұс­қаулықты бекітті. Қазревком съез­ді ұйымдастыру және ша­қыру бойынша жұмыстарға бас­шылық жасау үшін «Қазақ өл­кесінің жалпыға ортақ съезін шақыру жөніндегі өлкелік комиссиясын» ұйымдастырды. Қаз­ревком мен осы комиссияның тіке­лей ұйымдастыруымен 1920 жылы тамыз-қыркүйек айларында қазақ даласына қарасты бар­лық облыс­тарда, губерния­лар мен уездерде Қазревком нұс­қаулығына сәйкес сайлаулар өт­кізілді. ҚАКСР Кеңес­терінің Құ­рылтай съезіне делегаттар сай­ланып, съезге дайындық жұ­мыстары аяқталды. Қазақ хал­қы патша үкіметі бөлшектеп тастаған байырғы қазақ жерін біріктіру арқылы Кеңестік Қазақ автономиясын құру үшін ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезін ша­қыруға мүмкіндік алды.

 

Сәбит ШІЛДЕБАЙ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі