Руханият • 28 Тамыз, 2020

Мерейтойлық жыр-шашу

881 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дала мәдениетін бойына сыйдырған дана халқымыздың дүрия дүниеден алған бір еншісі болса, ол – айбарлы Ата Заң. Тәй-тәй басқан тәуелсіздіктің бұғанасын бекітіп, қадамына құт дарытқан да сол егемен ереже. Содан да болар, ұлт тұтастығына ұйытқы болған мерейлі сәтті мұқым қазақ мерекесі мен берекесіне балайды. Биыл Конституциямыздың 25 жылдық мерейтойы. Соның қарсаңында руханиятымыз тағы бір толымды туындымен толықты. Қазақ ақындарының аманатын арқалаған «Жыр арқауы – Ата Заң» атты жинақ Конституциялық Кеңестің ұйытқы болуымен жарық көрді.

Мерейтойлық жыр-шашу

Күні кеше аталған жыр-жинақпен қатар, Ата Заң апталығы шеңберінде «Бала өрген Ата Заң» балалар суреттері мен эсселер жинағының онлайн-таныстырылымы, сондай-ақ Қазақстан Конституциясының 25 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасын айналымға енгізу рәсімі өтті. Бұл іс-шараны Республиканың Конституциялық Кеңесі Білім және ғылым министрлігімен, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалымен және «Қазпошта» АҚ-пен бірлесіп ұйымдастырды.  

Оған Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, Қазақстан Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Серік Ақсұңқарұлы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай қатысып, орамды ойларымен бөлісті.

Тікелей көрсетілімі Конституциялық Кеңестің сайтында ұйымдастырылған таныстырылымды аша отырып, Қ.Мәми Конституция елдің дамуында ерекше орын алатынын алға тартты. Осындай игі іске атсалысқан Қазақстан Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлына шынайы алғысын білдірді.

– Егемен қазақ жеріндегі бүгінгі бейбіт заман татулық пен ынтымақ, қоғамда орнаған ізгілік – Ата Заңымыздың асыл мұраты. Киелі құжаттың жасампаздық рухы сөзден маржан тізген және қылқалам ұстаған арқалы қауым көңілін марқайтып, шабытын шалқытатыны бесенеден белгілі. Бүгін біз соның куәсі боламыз. Олардың арасында өскелең ұрпақтың болуы көңілді ерекше марқайтады, – деді Қ.Мәми.

Ғасыр керуеніне ілесіп, тарих толқынымен тұтасқан данышпан дала заңдарының түп бастауы қазақ халқының әдет-ғұрпымен астасып жатқандай. Ежелгі баба мұратына алтынқазық болған «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның Қасқа жолы», әз Тәукенің «Жеті Жарғысы» салт-дәстүрімізбен сабақтасып,  бүгінгі Ата Заңымызға арқау болды. Еңдеше, оның жүрек толқытып, өмір кенебіне өлеңмен өрнек салған шайырларды шабыт сахнасына алып шығуы заңды. Атаулы датаны айтпағанда, әрбір ақынның қойындәптерінде Ата Заң туралы арнау өлеңдер жүреді. Бұл – еркіндіктің құшағында балқыған кез келген қаламгердің айнасы.

Рас, азаттықтың ауасын жұтқалы Ата Заң абыройын арқалаған мұндай жинақ бұрын сонды шыққан емес. Қазақ қаламгерлерінің туған еліне арнаған жақұт жырларының басын біріктіріп, жас толқынның патриоттық сезіміне жол салу маңызды іс. Көркем туындылар көңіл төрінен қашан да орын алады.

Конституцияны ардақ тұтып, оған жыр арнаған ақындардың көш басында жыр алыбы Жамбыл Жабаев тұруы жоғары да айтылған сөзімізді салмақтай түсетіндей. «Алтын Заң» деп толғаған жыр жампозының шығармасы алғысөз есебінде де оқырманға олжа. Ол аз десеңіз, қазақ әдебиетінің майталмандары Оразақын Асқар, Абдрахман Асылбеков, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегманов, Нұрлан Мәукенұлы, Қадірбек Құныпияұлы, Ақылбек Шаяхмет, Нұрлан Қалқа сынды айтулы жыр шеберлерінің туындылары топтасқан. Кітаптың ішкі дизайны да өте ерекше. Ақындардың жырымен қатар жас суретшілердің картиналары бейнеленген. Оқушылардың балаң туындылары көз тарта жарқырайды.

Уақыт дүкенінде сатылатын ең асыл дүние – кітап. Бұл пәлсапаны тарих  тақтасына бедерлеп, ғұлама ғасырлар мөрін қойған-ды. Жер ғаламшары жаралғалы адамзат өмірден мағына іздеумен айналысты. Оның бірін өлең түрінде өрді, бірін проза кейпінде кестеледі. Қалам ұшымен дәуір құпиясын ашуға тырысты. Замана құбылысын зерттеді, зерделеді. Содан жазудың жаңа тәсілін ойлап тапты. Рухы байыды, мәдениеті кемелденді. Ал соның бастауында тәуелсіздік тұрды. Ал тәуелсіздіктің бір белгісі – Ата Заңымыз. Біз баба жолымен жүру арқылы өз жолымызды қалыптастырамыз.

«Бала өрген Ата Заң» балалар суреттері мен эсселер жинағына Конституциялық Кеңес пен Білім және ғылым министрлігі өткізген эссе байқауына және еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары арасында республика Конституциясына арналған қашықтан өткізілетін республикалық онлайн-сурет байқауына қатысқан оқушылардың жеке қолжазбалары мен суреттері кірді. Жас таланттар әртүрлі тиімді формалар арқылы еліміздің басты құқықтық құжатына өздерінің шығармашылық және креативті әдістерін көрсете отырып, шынайы көзқарастарын білдірді.

Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Р.Шер өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін тәрбиелеудегі конкурстың маңызы туралы айтып берді. Нұр-Сұлтан қаласы №32 мектеп-гимназиясының 6 «Ә» сынып оқушысы Қуаныш Аягөз оған қатысудан алған өз әсерлерімен бөлісті.

Бағдарлама шеңберінде «Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына 25 жыл» тақырыбында «Естелік және мерейтойлық даталар» сериялы пош­та маркасын басу рәсімі де өткізілді. Марканы басуды Конституциялық Кеңестің төрағасы Қ.Мәми және «Қазпошта» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қ.Алпысбаев жүзеге асырды. Жинақтар Конституциялық Кеңестің сайтында және еліміздің кітапханаларында қолжетімді болады.

 

Рауан ҚАБИДОЛДА,

Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»