Саясат • 28 Тамыз, 2020

Конституция – жасампаздық жаршысы

490 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Конституция – егемендігімізді паш ететін, азаттығымызды айқындайтын маңызды құжат және татулықты ту еткен елдігіміздің алтын қазығы. Ата Заңды құрметтеу, бұлжытпай орындау – алға қойылған биік мақсаттарға қол жеткізудің алғышарты. Көне гректерден соң жаңа заманда алғашқы Конституциялар АҚШ, Францияда қабылданғанына екі жарым ғасырға жуық уақыт өтіпті.

Конституция – жасампаздық жаршысы

Қайрат МӘМИ,

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы

 

Адамзаттың ұзын-сонар тарихында, әртүрлі даулар, мүлік­тік институттар қаты­насы дін арқы­лы, дәстүрлік тәсіл­дермен жү­зеге асып, кейіннен Конс­ти­ту­ция шендес негізгі заң­дарға сүйе­ніп, мемлекеттің импера­тив­ті күшімен орындалуы адамзат қауы­мын өркениеттік жаңа фор­матқа көтеріп, дамудың құ­қық­тық деңгейіне шығу үрдісінің ж­аңа фор­мациясының басталуы болды.

Әріден бастасақ, біздің ха­лық­та өз даму жолында қоғам­дық қа­ты­­настарды реттеудің неше саты­лы түрін басынан өткер­ді. Тәуел­сіз Қазақстанның Конс­ти­туциялық даму кезеңіне шық­қанға дейінгі жолы қандай күр­делі болғанын тарих сілемінен байқаймыз.

Дәстүрлі көшпелі мемле­кеттік кезеңінде қазақ қоғамы бірнеше рет құқықтық реттеу моделіне талпыныс жасады. Олар − Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы. Ресей құрамындағы бодандық кезең­де Қарқаралы петициясы, ұлт интеллигенциясының демо­кратиялық құқықтық ұсыным­дары, Алаш Орда ұлттық кеңесінің Конституциялық бағдарламасы дайындалды. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының екі Конституциясы декларатив­тік болса да қоғамды тегеурінді бас заңмен реттеуге бағытталған ұмтылыс еді.

Коммунистік жалаң ұран уақыты­ның өзінде қарт Жамбыл­дың ақындық түйсігімен еркін­діктің баспалдағы «Алтын заң» деп жырлауы, халық жадындағы әділдік пен адалдыққа деген тал­пыну қажеттілігінен туған мұқ­таждықтың көрінісі еді.

Ұлт мүддесін заң  нормасымен жария етіп, тәуелсіздік идеясын Конституция нормасына теліп, оның қуатты бекітуші күшіне негіздеп жүзеге асыру ұлт зиялыларының басты мұратына айналды.

Айналып келгенде біз – Конс­ти­туция нормаларымен өмір сүру, әрекетіңді соған қарап рет­теу, оның шарапатын сезу бақы­ты бұйырған  ұрпақпыз.

Бүгін ара-тұра біз қандай қо­ғам құрып жатырмыз, оның саяси келбеті, құқықтық сипаты қандай болуы тиіс, ұлттық идео­ло­гия керек деген мәселені зиялы қауым, азаматтық қоғам сегменттерінің кейбір өкілдері дүркін-дүркін көтеріп қоятыны бар. Осы сұрақтардың бәріне Конс­титуциядан жауап табуға болады. Ата Заң – ұлттың рухани сұранысына толыққанды жауап беріп, қоғамды біріктіруші, мем­лекетіміздің басты инсти­туцио­налдық негіздерін орнықтыра­­­тын халық пен биліктің негізгі келі­сімшарты іспетті, ұлттық идеология маңызына ие болған, ұлт мүддесін заң тілімен айшық­таған басты құжат.

Қазақстан Республикасы­ның қолданыстағы Конституция­сы қабылданғалы ширек ғасыр уақыт өтті. Халқымыздың ұзақ уақыт ар­манына айналған ең бас­ты құндылық мақсаты тәуелсіз туы желбіреген дербес ел болу еді, осы мүддені императивті құқық нормасымен шегелеген, жүзеге асырған Конституция және оған негіз болған тәуелсіздік, дер­бес­тік декларациялары.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ­станның мемлекеттік егемен­дігі туралы Декларациясы ел аумағын­да мемлекеттік билік орган­дары­ның құрылымы мен құ­зы­ретінің дербестігін айқын­дап, КСРО аясында даралана бастаған мемлекеттіліктің жаңа көрінісін айқындады.

1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін арнайы бекіткен Конституциялық заң конституциялық пәрмені бар бас құжат болды. Соның қағидаттарына сүйене отырып, қабылданғанына ширек ғасыр толып отырған Конституция ғасырлар бойы арман болған ел тілеуін жүзеге асырып, ұлттың базалық құндылықтарын жария етіп, оның мемлекеттік атрибут­тарын, тәуелсіздік, адам бос­тан­дығы мен оның құқықтық мәр­те­бесін, биліктің көзі халық екенін, меншіктің мәртебесі мен қорғалуын, биліктік құры­лымның жаңа жүйесін бекітіп, мемлекеттің мызғымас алтын діңгегіне айналды.

Конституция мемлекеттік құры­лымды бекітеді, адам мен азаматтың құқықтарын жария етеді, қоғамдық қатынастардың ең маңыздыларын өз нормасына икемдеп, оған нормативті қуат береді, мемлекет тұғырының қор­ғаушысы функциясын ат­қарады.

Конституцияның идеясы, мәтіні негізінен бір ұлы тұлғаның немесе топтың ойында жүйелі нормативтік модель есебінде қалыптасып, жоба болып халыққа ұсынылатыны белгілі. Сол ретпен қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда республи­ка­лық референдумда қабылдан­ды. Қазақстандық Ата Заң әлем­дік озық тәжірибеге сүйен­­ген, халқымыздың дәстүр әдеті­не иек артқан, оның интеллек­туал­дық қуатына бейімделген жаңа үдемелі өркениеттік құн­ды­лық­тарға жетелейтін бағ­дар­лы құжат болды. Бұл – Конс­титу­ция Тұңғыш Президент Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев­тың мемлекетшілдік идеясы­ның, құқықтық пози­ция­сының жүзеге айқын асқан көрінісі. Айта кететін бір ақиқат, Елбасы Конс­титуция нормаларын жетік білумен қатар оны жатқа айтып отыратынына сан рет куә болдым. Оның әр бабы Тұң­ғыш Президенттің жүрегі­нен, ел тағдырына күйзелген толға­ны­сынан туғанына талай рет көзім жетті.

Жаңа Конституцияда «Мем­лекет формасы қандай болмақ? Басқару тетіктері қалай реттеледі? Адамның және азаматтың табиғи және позитивтік құқықтары қан­дай деңгейде бекиді, еркіндік пен бостандық қалай баян еті­леді, оның кепілі кім?» деген сұрақ­тарға жауап бар.

Меншік формасы, оның құн­дылық есебінде бекуі, сот жүйесі, конституциялық бақылау инс­титуты, жергілікті аумақтық басқару тәсілі, биліктің тұтастығы мен оны тежеу салмақтылығы қалай болуы керек деген концептуалды мәселелер түбегейлі анықталып нормативтік сипатын алды.

Осы жиырма бес жылдық мерзімде Конституция не берді, қоғамның даму үрдісіне, жеке адамның өмір сүру дағдысы­на қандай қозғаушы ықпалы болды деген сұрақтарды қоз­ғайтын болсақ, Ата Заң қоғам мен мемлекет дамуының стра­тегиялық бағыттарын айқын­дап, адам мен азаматтың негіз құраушы құқықтарын, сондай-ақ мемлекет­тік инсти­туттар­дың жаңа жүйесін бекітіп бер­ді. Тәуел­сіз елдің билік тармақ­тары, өзіндік басқару аппараты жасақталды.

Ғасырлар бойы халыққа арман болған аса маңызды құқық­тық міндеттер өз шешімін тапты. Тәуелсіздік тұғыры халық­ара­лық қоғамдастық деңгейін­де жаңа сипат алып, құқықтық шарттар мен кепілдіктер арқылы нығайды. Мемлекеттіліктің ең айшықты белгісі территориялық кеңіс­тігі болса, ел шекарасы бірінші рет халықаралық шарттармен, құжаттармен бекіті­ліп, қазығы қағылып, нақты  айқындалды. Ұлттың өзегі, рухы ана тілі Конс­титуция нормасы­мен мемле­кеттік мәртебеге ие болып, тіл жойылып кету қау­пі­нен арылды. Елдің нәсібі көтеріліп, қауым кедейшілдік, жоқшылық үрейі­нен құтылды. Халық Конститу­ция­лық еркіндік алды, қоғам мен мемлекет мүд­десі­не керекті шек­теулерден бас­қаға Ата Заң негі­зінде рұқсат еті­ліп, адамдар еркін өмір сүру бос­тандығына жетті.

Әркімге жекеменшік құқығы қайтарылды. Тәуелсіз баспасөз қалыптасып, ондағы цензура тоқ­­татылды, көпшілік сөз сөй­леу­ге тыйым үрейінен, оның қор­қы­ны­шынан құтылды. Азаматтық қоғам қалыптасып, адамдар партия және басқа саяси ұйымдар­ға бірігіп, билікке, мемлекеттік органдарға ашық талап қоя білу мүмкіндігіне ие болды. Діни бостандыққа қол жетіп, мешіттер мен шіркеулер салынып, жама­ғат имандылыққа бет бұр­ды. Шетелге еркін шығу құқығы қалыптасты. Конституция бекіт­кен әркімнің еркін жүру, келіп кету бостандығына сәйкес адамдар шетелдерге еш кедергі­сіз шы­­­ғып, жастар қалаған оқу орын­­­дарында оқу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Конституцияның диспозитив­ті нормалары берген құқықтық кепілдік арқасында адамның ішкі өміріне ешкім араласпайды, оның субъективті құқығы табиғи еркіндік сипатында танылуы, осы Ата Заңмен өрілген игілік екені ақиқат. Адамның құқықтық бостан­дығын жаңа Конституцияға сәй­кес қорғайтын мемлекеттік құ­­ры­лым институттары жасақ­тал­ды, оның алдыңғы қатарында Ата Заңның  сақшысы – Конститу­ция­лық Кеңес тұр. Конституциялық Кеңестің қыз­меті елімізде құқықтық мемлекет принциптерін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл мақсатта жүйелі түрде жұмыс атқарылып келеді. Конституциялық Кеңес келіп түскен өтініштерді қарай оты­рып, құқықтық реттеудің ақау­­ларын анықтап қана қоймай, оларды реттеу тәсілдерін ұсынып отырады.

Осы жылдарда Кеңес консти­ту­циялық заңдылықтың елде қа­лыпты болуының берік құралына айналды. Конституциялық Ке­ңес шешімдерінің ықпалы­мен негізгі заңның қолдан­балы құ­қық жүйесіндегі басым­ды­лы­ғы қалыптасып, оның ішкі бағы­ның­қылық тәртібі нақтылан­­ды. Конституциялық Кеңес өз ше­шім­дерінде билік жүйесін­дегі әр органның өкілеттілігін Конс­титуция нормасы аясында анық­тап, ресми түсініктер беру арқы­лы тежеу мен теңес­тіру қағи­­датын қалыптас­тыр­ды. Конс­титуциялық Кеңестің өкілеттілігі жетілдіріліп, оның қызмет істеу аясы халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп келеді.

Осы тұрғыда адамның конс­ти­туциялық құқығының қор­ғау­шы тетігі ретінде Кеңес өкі­лет­тілігі әлі де жетілдіріліп, құ­қық субъек­тілерінің шағымдану шең­­бері ке­ңейтілуі керек екені сезі­луде. Бүгін қатардағы азаматтар Кеңеске өтініш беру субъек­ті­лерінің қатарына жатпайды. Олардың шағымдары жалпы юрис­дикциядағы соттар арқылы жүзеге асады. Судья қолда­нуға жататын заң­ды немесе өзге нормативтік-құқық­тық ак­тіні адамның Конс­титу­ция ай­қын­даған құқық­тары мен бос­тан­дықтарына нұқ­сан кел­ті­­реді деп тапса, іс жүр­гізу­ді тоқ­тата тұруға және осы ак­тіні не­месе жеке нормасын Конс­­ти­ту­цияға сәйкес емес деп тану туралы ұсыныспен Конс­титу­ция­лық Кеңеске жүгінуге мін­детті. Сотқа осы жағдайды Конс­титуция талабына сай емес деп процеске қатысушылар өті­ніш жариялай алады. Ал өтінішті Кеңеске жіберу-жібермеу туралы  шешімді қабылдау судьяның субъективті пікіріне байланған.

Бұл ретте соттардың Кеңеске шағымдану тетігін жетілдіру – күн тәртібіне сұранып тұрған мәселе. Өз кезегінде Конс­титу­циялық Кеңес заңдар­дың сапасымен мәселе­сін үнемі көтеріп отырады. Өзінің қорытынды шешімдерінде заңдар конс­титуциялық талаптарға сай, әділ болуы, қоғамның сұрау­ларын, халықаралық стандарт­тарды ескеруі, ал оларда көз­дел­­ген құқықтық шектеулер қажет­­тілік, өлшемділік және тепе-тең­дік қағидаттарына сай болуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Осы міндеттерді шешу конс­титуциялық құқықты түсіну дең­гейімен тығыз байланысты. Конституцияны абстрактілі заң құжаты ретінде тар мағынада қабылдауға болмайды. Пәрменді Конституция – бұл заңдар және құқық қолдану практикасы. Бү­гінгі таңда халықаралық тәжі­ри­­беде конституция бұл дамып тұра­тын құқықтық материя деген ұғым жалпыға таныл­ған және ол «әрекет ететін (тірі) конс­титу­ция» деп аталатын тұ­жы­рым­даманың негізін құрайды. Оны одан әрі жетілдіру оған түзе­ту­лер енгізу арқылы ғана емес, сон­дай-ақ конституциялық бақы­­лау органдарының шешім­дері не­гізінде де жүзеге асы­ры­луы мүмкін. Конститу­ция­лық ба­қы­лау органдары конс­титу­ция­­­лық нормада қамты­латын те­рең құқықтық мағынаны ашып, оның мәтінін нақты әлеумет­тік-құ­қықтық жағдайға сәйкес бе­йім­деуге уәкілетті. Көптеген заң­гер құқық әрекетінің әлеумет­тік мәнмәтіні тарихи өзгеріске ұшы­райтынын мойындайды. Бір­неше жыл бұрын пәр­менсіз бо­лып көрінген ұсы­ныстар жаңа жағ­дайларда іске асырылуы мүмкін.

Елімізде конституциялық заң­дылықтың қанат жаюы, қоғам­дық өмірде оның нормаларына сүйеніп, ол баянды еткен еркін­дікті сезіну, оның қор­ғаушы­лық қуатының арта түсуі көрініп тұр. Өткен жиырма бес жылда Қазақстан Консти­туциясы қоғам­ды алға сүйреуші, оның бірлігі мен ынтымағын жарасты­ру­шы, ұлттық идеясының қай­нар көзі, мемлекеттілігімізді нығай­тушы құжат болып қалыптасты. Ендігі мақсат – оның жасампаз қуатын әлі де ашып, ел өмі­ріндегі басты салаларды жаң­ғыртып, демократияны одан әрі дамыту. Оған жету тек құ­қық үс­темдігінде дамып, Консти­ту­циялық заңдылық аясында өмір кешу үрдісін қалыптастырғанда ғана мүмкін.

30 тамызда қолданыстағы Конс­титуцияға 25 жыл толады. Барша қауымды осы мемлекеттік ұлық мерекемен құттықтаймын, денсаулық пен табыс тілей отырып, елімізде ауыртпалықтар бол­май, жеңістен жеңіске жете бере­йік демекпін.