Алаш ұлт-азаттық өкілдерінің алғашқы қадамдарының бірі болып саналатын 1905 жылдың маусым айында Қоянды жәрмеңкесінен жолданған петицияда патша өкіметінің отарлау саясатына ашықтан-ашық қарсылық білдірілген болатын. Онда жергілікті әкімшілік орындарының соңғы кездегі қуғын-сүргін шаралары әңгіме өзегі болды. «Далалық ереженің» 99-бабы бойынша Қыр өлкесі генерал-губернаторының медресе (мектеп) ашуға және мешіт салуға рұқсаты болғанымен олар қазақ тілін оқытатын мектептерді қуғынға ұшыратты. Осындай жағдайларды айта отырып, петицияда ана тілін пайдалануға еркіндік беру ең қажеттілік деп атап көрсетілді. Сондықтан жергілікті тілге барлық шектеуді алып тастау ұсынылды. Осы мәселелерді көтере отырып, петиция жолдаушылар қазақ даласында білім беру ісін дұрыс жолға қою керек деп санайтынын, ол үшін ауыл мектептерінде қазақ әліппесін енгізу, қазақ тілінде сабақ беру, жабылып қалған интернаттар мен пансиондарды қалпына келтіруді, болыс кеңселерінде ісқағаздарын қазақша жүргізуді талап еткен болатын.
Мұның барлығын терең түсінген, халқының мүддесіне қайшы жүргізілген патшалық саясатты алғаш барынша ұғынған, оны ашына сынағандардың алғашқы қатарында Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхан болды. Ол 1905 жылдың қарашасында Мәскеуде Жалпыресейлік жергілікті және қалалық қайраткерлер съезіне қатысып, онда 4 миллион қазақ халқының атынан сөз сөйлеп, қазақ тілін оқытатын мектептердің қуғынға ұшырайтынын, қатаң бақыланатынын айтып, ана тілін пайдалануға еркіндік беру ең қажеттілік деп атап көрсетіп, жергілікті тілге барлық шектеуді алып тастауды ұсынды. Алайда бұл ұсыныстарды тыңдайтын құлақ та, көретін көз де ол кезде де, кейін де бола қойған жоқ.
Кешегі патшалық Ресейдің саяси жалғасындай болған, әлеуметтік әділеттілікті сөз жүзінде ұрандатып саяси сахнаға шыққан кеңес заманында да тіліміздің айдарынан жел есілген жоқ. Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шоқай: «Орыстың патшалық мекемелері біздің ұлттық дамуымызды тежеп келсе, большевиктердің басқаруы халқымызды ұлттық сезімнен жұрдай етуге, мұндай сезімді көкірегінен біржола сылып тастауға тырысып отыр» деп жазған болатын. Дегенмен 1920 жылдан бастап Қазақ АССР-інде мемлекеттік мекемелерде ана тіліміз мемлекеттік тіл деңгейінде қолданылып, ісқағаздары қазақ тілінде жүре бастады. 1920-1925 жылдары Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болған Сәкен Сейфуллин биік лауазымдық қызметте жүріп, еліміздегі қазақ тілін қолдап, тоғыз мақала жазған болатын. Алайда кеңестік билік Азамат соғысын өздеріне тиімді жағдайда аяқтап, тұтас аймаққа үстемдік құрғаннан кейін өзінің шынайы болмысына көшкен еді. Соның бірі – тіл саласындағы жаңаша саясат. Ана тілді ардақтағандар «ұлтшыл» аталып, сол бір зобалаң заманның құрбаны болды. Осындай саясаттан бастауыш класс 5 жылдық болсын, оның алғашқы үш жылында ұл-қыздарымыз өз ана тілінде еркін оқып, жаза және сөйлей алсын, содан соң 4-кластан орыс тілін оқытайық деген тамаша педагог әрі психолог, ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының асыл өсиеті келмеске кетті.
Қазақ тіліне деген қиянат кеңестік кезеңде Қазақстанның өзінің ең басты құжатынан басталды. 1937 жылғы Конституцияда ежелден осы жердің иесі және мемлекет құрушы ұлттың тілі туралы бір ауыз сөз жазылмады. Мұны негізгі заңды дайындағандар білмеді емес, білді. Бірақ кеше ғана «ұлтшылдардың» жаппай қудалауынан, қырғынға ұшырауынан үрей билегендер Мәскеуге қарап, бірдеңе деуге бата алмады. Кейін 1978 жылы қабылданған Республика Конституциясында да ана тіліміз «ұмыт» қалды. Сонымен жергілікті халық Одақ конституциясын басшылыққа алып, орыс тілін мемлекеттік тіл және ұлтаралық қарым-қатынас құралы ретінде пайдалануға мәжбүр болды. Бұл ұлттық аймақтарды менсінбеудің, басынғандықтың ашық та айқын көрінісі болатын. Коммунист көсемдеріне бұл да аз көрінді. Содан елімізде орыс тілінің үстемдігін арттыра түсуге бағытталған құжат – 1938 жылғы 13 наурызда СССР Халық комиссарлар кеңесі мен БКП(б) Орталық комитеті «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулы қабылдады. Бұл өз елінде азшылық болып қалған, кеше ғана шынайы зиялы қауымынан ада етілген біздің республика халқы үшін зор қиыншылықтарға жол ашты. Содан сол кезде де болған, кейін де жетіп-артылатын солақай белсенділер алға шығып, Мәскеудің саясатын жалаулатып алып кетті. Олар орыс тілінің үстемдігін орнатуға білек түре, маңдай терлерін сүртуге үлгере алмай кірісті. Осы жылдың 5 сәуірінде Қазақстан КП(б) ОК және ҚазССР Халық комиссариаты кеңесі іле-шала арнайы қаулы әрі кешенді іс-шара қабылдады. Онда 1938-1939 оқу жылынан бастауыш мектептің екінші класының екінші жартысынан, толық емес орта және орта мектептердің үшінші класынан бастап орыс тілін оқытуды қамтамасыз ету республика халық ағарту комиссариатына ұсынылды. Алайда мұны қатаң қадағалауға Ұлы Отан соғысы кедергі келтірді. Содан он жылдан соң бұл шаралардың жүзеге асырылуы тағы да арнайы қаралып, Қазақстан КП(б) ОК 1948 жылдың 2-3 тамызында «Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту туралы» қаулы қабылданды. Онда қазақ мектептерінде, әсіресе ауылдық жерлерде орыс тілі қанағаттанғысыз оқытылып жатыр деп, 1948-1949 оқу жылынан бастап қазақ мектептерінде орыс тілін оқытуды түбірлі жақсарту мақсатында бірінші кластың екінші жартыжылдығынан бастап оқытуды, осыған байланысты көптеген нақты шараны жүзеге асыру міндеттелді. Тіпті тәжірибе есебінде, қазақ мектебінің 8-10 кластарында математика, физика, химия және денешынықтыру пәндерін орыс тілінде оқыту ұсынылды. Осы арада таңғалатын бір мәселеге тоқтай кетпеу мүмкін емес. Осыдан жетпіс жылдай уақыт өткенде бүгінгі күннің солақай белсенділері жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытайық деген ұсыныстар жасады. Олардың түсініктерінше, қазақтың ұл-қыздары бұл пәндерді өз тілдерінде білмеуі керек екен. Бұдан асқан бассыздық болар ма? Құдайға шүкір, бұл толық жүзеге аспай қалды-ау деймін.
Тіл тағдырын әңгіме еткенде соңғы бір ғасырда әліпби жүйесінің тұрақты өзгеруімен келе жатқанын да айтпай кетуге болмайды. Ахмет Байтұрсынұлының жазуынан латынға көштік. Ал латыннан кирилге бір жарлықпен бір түнде асығыс ауыстырды. Ал соңғы шара еліміздің ана тілдік кеңістіктігінде қаншама қайшылықты жағдайлар туғызды. Мұны сонау Францияда жүріп, Кеңес Одағындағы, әсіресе Түркістанда болып жатқан экономикалық, саяси-әлеуметтік салалардағы өзгерістерді жіті бақылап отырған Мұстафа Шоқай: «Рухани салада маңызды рөл ойнайтын әліпби мәселесінде де кеңестердің саясаты белгілі. Олар өз тепкісінде отырған түріктерге орыс алфавитін зорлап таңу арқылы түркиялық бауырларымызды бөліп тастауды көздейді», деп жазған еді.
Жоғарыдағы шаралар Одақ орталығына әлі де жетімсіз саналды. Содан 1990 жылғы 24 сәуірде кеңестік кеңістікте орыс тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін құқықтық жағынан бекіту мақсаты болған КСРО халықтарының тілдері туралы заң қабылданды. Бақытымызға орай Одақ ыдырап, ол жүзеге аспай қалды. Ал ол жүзеге асқанда, бәлкім, қазір ана тіліміздің үлгілерін мұражайлардан іздеп жүрер ме едік? Құдай оның бетін аулақ етсін!
1985 жылдан басталған сөзге шешен, коммунист көсем М.С.Горбачевтің қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құруға, «кемелденген» социализмді «жаңартуға» бағытталған саяси қадамы ұлттық республикаларға өздерінде қалыптасқан саяси әлеуметтік жағдайға сын көзімен қарауға мүмкіндік берді. Мұндай көзқарасты еліміздің зиялы қауымы тағы да ана тілімізден бастады. Өйткені тілі азат халық қана шынайы бостандықтың тәтті дәмін сезе алады. Тіл – бостандықтың алғы шарты. Тілі азат болмай, рух азат болмайды. Рухы бостандық алмаған халықтың азып- тозатынын тарих талай дәлелдеген болатын, дәлелдеп келеді. Содан егемендіктің елең-алаңында ұлтшыл азаматтардың белсенді араласуымен, қызу талас-тартыстың арқасында 1989 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Тіл туралы» заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Осылай тіліміздің мерейін көтеруге, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған бүкілхалықтық іс басталып-ақ еді. Алайда бұл ұзаққа созылмады. Өкініштісі – сол кездегі жер-жерде көріне бастаған ұлттық рухқа тиісті өріс берілмеді. Асқақ идея жаңа жағдайда ұлттық мұраттарымызды шешумен жалғастырылмады, санамыз тәуелсіздік талаптарына сәйкес тиісті жаңара түспеді. Содан ана тілдік кеңістікте көптен қордаланған мәселелер шешімін таппай, жалғаса берді, жалғаса берді...
Бірнеше ғасыр отаршылдықтан пайда болған жалтақтық, кеше ғана үстемдік жасаған, енді жалғаса түскен құлдық психология жігерлі іске жібермеді, жібермей келеді. Оның үстіне 1995 жылғы Конституцияның 7-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген халқымыздың көптен аңсаған аса маңызды құқықтық нормасы келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген қайшылықты сөйлеммен тиісті күшінен айырылды. Содан орыс тілі шын мәнісінде мемлекеттік мәртебеге көтеріліп, ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналды.
Осы арада өз мәселесіне өзі ие көрші Өзбекстандағы жағдай туралы бір ауыз сөз айта кетейік. Рас, кейбіреулер бізді олармен салыстырмау керек деуі мүмкін. Ол кейбір жайларға байланысты жөнсіз де емес. Алайда біз реті бар нәрсенің өзін жасауға дәрменсіздік танытып келеміз ғой. Олар да 1989 жылы өз тілдерінің мемлекеттік мәртебесін шешкен болатын. Мұны қанағат тұтпай, 1995 жылы Өзбекстан Республикасының «Мемлекеттік тіл туралы» заңы қабылданды. Ал біз 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы Тіл (бұл шынына келгенде «о языках» болатын) туралы заңда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп конституциялық норманы қайталаудан аса алмадық. Тіпті содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейте түсетін бірде-бір қағидатты шара қабылдай алмай келеміз.
2006 жылдың 11 мамырында «Ана тілі» газетіне берген «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты сұхбатында Елбасымыз Тілдер туралы заңды қайта қарап, қажет болса, оған замана талабына сай өзгерістер енгізу керек деген еді. Бірақ бұған Парламент те, Үкімет те былқ еткен жоқ. Содан бері арада он төрт жыл өтті, мұны қазір ешкім еске де алмайды. Тек ана тілі туралы құрғақ ұрандармен өзімізді алдандырып келеміз. Ал дәрменсіз, қайшылықты жайлардан аяқ баса алмайтын Тіл туралы заң, шынына келгенде, ана тіліміздің дамуына тұсау бола бастады.
Бірер мысалға жүгіне кетейік. Осы заңның ІІ, ІІІ және ІV тарауларындағы 27 заңдық норманың 21-інде «мемлекеттік тілде және орыс тілінде» деген сөз тіркестерімен қатар «қажет болған жағдайда басқа тілдерде жүргізіледі» деген сияқты қосақтаулар басқа этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді білуіне қажеттілікті жойды. Бізден басқа ешбір елден дәл бұлай мемлекеттік тілмен басқа тілдерді қосақтап жазуды таба алмайсың. Сондайақ заңның «Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы» деген 6-бабында «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды» және «Тілді мемлекеттік қорғау» атты 23-баптың бірінші бөлігіндегі «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік органдар бұл тілдердің қолданылуы мен дамуына қажетті жағдай жасайды» деп жай жазыла салған баптар онсыз да тегеурінді, ондаған жыл жеке билеп келген орыс тілін алға шығарса, «Тілді құқықтық қорғау» атты 5-тарауының 23-бабындағы «Тілдің дамуы мемлекеттік тілдің басымдығын және ісқағаздарын жүргізуді қазақ тіліне кезең-кезеңмен көшіруді көздейтін Мемлекеттік бағдарламамен қамтамасыз етіледі» деген қағиданың ақыры бос сөз болғанын өткен уақыт айқын көрсетті.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 14 тамызда қабылдаған «Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту туралы» қаулысынан жұртшылық күткен үміт те ақталмады, ол да құрғақ сөздерден аса алмады. Сонымен қазіргі келешегіміз деп отырған қаракөз жастарымыздың, жас мамандарымыздың дені, тіпті билік басында жүргендердің өздерінің өз ана тілдерінде еркін сөйлей алмауы, тіпті кейбіреулерінің сөйлеуге талпынбайтын жағдайы қалыптасты. Өйткені олар ондай лауазымды қызметке бару үшін қазақ тілін білу міндетті емес екенін жақсы біледі.
Ащы да болса, ашық айтқанда, осы кезге дейін қазақ тілі туралы саясатта қатаң оң жүйе қалыптаса алмай келеді. Бір мысал келтіре кетейік. Осыдан он шақты жыл бұрын (2004) Елбасы «үш тілдің бірлігі» идеясын ұсынған болатын. Ондағы ой біздің ұрпақтарымыз өз ана тілін жетік біліп, орыс тілін оның үстіне ағылшын тілін, тілдерін ғана емес сол халықтардың тарихын, мәдениеті мен ғылымын білетін болса, біздің қоғам өркениеттің жаңа бір белесіне көтерілер еді деген мақсат еді. Алайда сол кездегі саясатшыл аудармашылар (көбіне орыс тілінде сөйлейтін) «триединство языков» дегенді «үш тұғырлы тіл» деп аударды. Мұны байқаған Елбасы 2008 жылғы 29 мамырда қазақтілді ақпарат құралдарының жетекшілерімен кездесуінде осы «үш тілдің бірлігін» (әсте «үш тұғырлы тіл» емес) дұрыс түсінбегендерге: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп қадап айтқан болатын. Бірақ осы «үш тұғырлы тіл» Мемлекеттік бағдарламаларға кіріп, күнделікті өмірде көптеген қайшылық жалғаса түсті. Басқаны былай қойғанда, басшылары екі-үш жылға жетпей жиі ауысып отыратын Білім министрлігінің қазақ балабақшаларында үш тілді үйретуге ұмтылуынан туған қиыншылықтар қаншама болды. Менің бұл туралы жазбаған билік тармағы қалмады. Еш әрекет болмады. Тек Президентіміз Қ.Тоқаев алдымен өз тілімізді білейік дегеннен кейін ғана бұған тыйым салынды.
Осындай жағдайда не істеуге болады, қазіргі қиындықтан қалай шығамыз? Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген сөзі мемлекеттік органдарды да, халқымызды да қатты ойландыруы қажет. Сондықтан осы кезге дейін тиісті ескерілмей келген Ата Заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген конституциялық тапсырманың аясында ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін елеулі түрде жоғары көтеретін, оның қолданыс аясын барынша кеңейте түсетін пәрменді-пәрменді құқықтық нормалар мен шаралар аса қажет. Ол үшін ең бірінші қазақ тілін мүшкіл күйге түсірген, түсіріп келе жатқан Конституцияның 7-бабының 2-тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норманы алып тастай алсақ, қоғамда ана тілімізге деген үлкен бетбұрыс туар еді. Мұндай қажеттілік 2025 жылдан латын әліпбиіне көшу туралы идеяның толық жүзеге асуы үшін де маңызды боларына дау жоқ.
Келесі бір мәнді мәселе – тілдің иесі халқымыздың өзін жаппай мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге жұмылдыру қажет. Қоғамда әркімнің өз ана тіліне деген жеке азаматтық жауапкершілігін көтеру маңызды мәселе. Бұрынғыдай ғимараттың ең жоғары қабаттарында отырып алып, министрліктер «сен мынаны оқы, мынаны біл» деп тапсырма бергендерін тыйғаны жөн. Тілдің иесі халықтың өзі екенін ұғындыра түсу аса қажет.
Қазіргі қазақ тілінің тағдыры оны басқаратын мемлекеттік ұйымның деңгейі мен оның құқықтық мүмкіндіктеріне де тікелей байланысты болмақ. Сондықтан ана тіліміздің бүгінгі қоғамымыздағы аса күрделі жай-күйін жан-жақты және терең түсіне отырып, ерекше құқықтық мүмкіндіктермен тікелей Президентке бағынатын тіл туралы күрделі мемлекеттік құрылым жасау қажет. Мұнсыз ана тілдік кеңістіктегі ғасырлар қалыптасқан күрделі қиыншылықтар шешілмейді.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы, профессор