Руханият • 28 Тамыз, 2020

Тіл тағдыры – халық тағдыры

3238 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Халық пен тіл – егіз ұғым. Бірінсіз бірі жоқ. Тіл халықтың бас­ты адами һәм рухани байлығы болса, халық – тілдің иесі. Сондықтан тілдің тағдырын халықтан бөлек қарау мүмкін емес. Бүгінгі ана тілдік кеңістіктегі ахуалды жақсы білу үшін, оның тағдырын тереңірек ұғынып және оған ерекше қамқорлықтың қажет екенін түсіну үшін өткен тарихымызға кішкене зер салсақ.

Тіл тағдыры – халық тағдыры

Алаш ұлт-азаттық өкілдерінің алғашқы қадамдарының бірі болып саналатын 1905 жылдың маусым айында Қоянды жәрмең­кесінен жолданған петицияда патша өкіметінің отарлау саясатына ашықтан-ашық қарсылық білдірілген болатын. Онда жер­гілікті әкімшілік орындары­ның соңғы кездегі қуғын-сүргін ша­­­ралары әңгіме өзегі болды. «Да­­ла­лық ереженің» 99-бабы бо­йынша Қыр өлкесі генерал-губер­наторының медресе (мектеп) ашу­­ға және мешіт салуға рұқсаты бол­­­ғанымен олар қазақ тілін оқы­татын мектептерді қуғынға ұшы­ратты. Осындай жағдайларды айта отырып, петицияда ана тілін пайдалануға еркіндік беру ең қа­жеттілік деп атап көрсетілді. Сон­дықтан жергілікті тілге бар­лық шектеуді алып тастау ұсы­­нылды. Осы мәселелерді кө­тере отырып, петиция жолдау­шылар қазақ даласында білім беру ісін дұрыс жолға қою керек деп санайтынын, ол үшін ауыл мектептерінде қазақ әліппесін енгізу, қазақ тілінде са­бақ беру, жабылып қалған интернаттар мен пансиондарды қалпына келтіруді, болыс кеңселерінде іс­қағаздарын қазақша жүргізуді талап еткен болатын.

Мұның барлығын терең тү­сінген, халқының мүддесіне қай­шы жүргізілген патшалық саясат­ты алғаш барынша ұғынған, оны ашына сынағандардың ал­ғаш­қы қатарында Алаш қозға­лы­сы­ның жетекшісі Әлихан Бөкей­хан болды. Ол 1905 жылдың қа­­ра­­шасында Мәскеуде Жалпы­ре­сей­лік жергілікті және қалалық қай­раткерлер съезіне қатысып, он­да 4 миллион қазақ халқының аты­нан сөз сөйлеп, қазақ ті­лін оқы­­татын мектептердің қу­ғын­ға ұшы­райтынын, қатаң бақы­ла­наты­нын айтып, ана тілін пай­да­лануға ер­кіндік беру ең қажеттілік деп атап көрсетіп, жергілікті тілге бар­лық шектеуді алып тастауды ұсын­ды. Алайда бұл ұсыныстарды тың­дайтын құлақ та, көретін көз де ол кезде де, кейін де бола қойған жоқ.

Кешегі патшалық Ресейдің сая­си жалғасындай болған, әлеу­мет­тік әділеттілікті сөз жү­зінде ұран­датып саяси сахнаға шық­қан кеңес заманында да тіліміздің айдарынан жел есілген жоқ. Алаш алыптарының бірі Мұстафа Шо­қай: «Орыстың пат­шалық меке­мелері біздің ұлт­тық дамуымызды тежеп келсе, боль­шевиктердің басқаруы халқы­мызды ұлттық сезімнен жұрдай етуге, мұндай сезімді көкірегінен біржола сылып тастауға тырысып отыр» деп жазған болатын. Дегенмен 1920 жылдан бастап Қазақ АССР-інде мемлекеттік мекемелерде ана тіліміз мемлекеттік тіл деңгейінде қолданылып, ісқағаздары қазақ тілінде жүре бастады. 1920-1925 жылдары Қазақ АССР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болған Сәкен Сейфуллин биік лауа­зымдық қызметте жүріп, елі­міздегі қазақ тілін қолдап, тоғыз ма­қала жазған болатын. Алайда кеңестік билік Азамат соғысын өздеріне тиімді жағдайда аяқтап, тұтас аймаққа үстемдік құрғаннан кейін өзінің шынайы болмысына көшкен еді. Соның бірі – тіл саласындағы жаңаша саясат. Ана тілді ардақтағандар «ұлтшыл» аталып, сол бір зобалаң заманның құрбаны болды. Осындай саясаттан бастауыш класс 5 жылдық болсын, оның алғашқы үш жылында ұл-қыздарымыз өз ана тілінде еркін оқып, жаза және сөйлей алсын, содан соң 4-кластан орыс тілін оқытайық деген тамаша педагог әрі психолог, ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының асыл өсиеті келмеске кетті.

Қазақ тіліне деген қиянат ке­ңестік кезеңде Қазақстанның өзі­нің ең басты құжатынан басталды. 1937 жылғы Конституцияда ежелден осы жердің иесі және мемлекет құрушы ұлттың тілі туралы бір ауыз сөз жазылмады. Мұны не­гізгі заңды дайындағандар біл­меді емес, білді. Бірақ кеше ға­на «ұлтшылдардың» жаппай қу­далауынан, қырғынға ұшы­ра­уы­нан үрей билегендер Мәскеуге қарап, бірдеңе деуге бата алмады. Кейін 1978 жылы қабылданған Республика Конституциясында да ана тіліміз «ұмыт» қалды. Сонымен жергілікті халық Одақ конститу­циясын басшылыққа алып, орыс тілін мемлекеттік тіл және ұлт­аралық қарым-қатынас құралы ретінде пайдалануға мәжбүр бол­­ды. Бұл ұлттық аймақтарды мен­сінбеудің, басынғандықтың ашық та айқын көрінісі болатын. Коммунист көсемдеріне бұл да аз көрінді. Содан елімізде орыс тілінің үстемдігін арттыра түсуге бағытталған құжат – 1938 жылғы 13 наурызда СССР Халық комиссарлар кеңесі мен БКП(б) Орталық комитеті «Ұлттық республикалар мен облыстардың мектептерінде орыс тілін міндетті оқыту туралы» қаулы қабылдады. Бұл өз елінде азшылық болып қалған, кеше ға­на шынайы зиялы қауымынан ада етілген біздің республика хал­қы үшін зор қиыншылықтарға жол ашты. Содан сол кезде де бол­ған, кейін де жетіп-артылатын со­лақай белсенділер алға шы­ғып, Мәскеудің саясатын жалау­латып алып кетті. Олар орыс ті­лінің үстемдігін орнатуға білек түре, маңдай терлерін сүртуге үл­гере алмай кірісті. Осы жылдың 5 сәуірінде Қазақстан КП(б) ОК және ҚазССР Халық комиссариаты кеңесі іле-шала арнайы қаулы әрі кешенді іс-шара қабылдады. Онда 1938-1939 оқу жылынан баста­уыш мектептің екінші класының екінші жартысынан, толық емес орта және орта мектептердің үшін­­ші класынан бастап орыс ті­лін оқытуды қамтамасыз ету рес­публика халық ағарту комисса­риатына ұсынылды. Алайда мұ­ны қатаң қадағалауға Ұлы Отан соғысы кедергі келтірді. Содан он жылдан соң бұл шаралардың жүзеге асырылуы тағы да арна­йы қаралып, Қазақстан КП(б) ОК 1948 жылдың 2-3 тамызында «Қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту туралы» қаулы қабылдан­ды. Онда қазақ мектептерінде, әсіре­се ауылдық жерлерде орыс тілі қа­нағаттанғысыз оқытылып жатыр деп, 1948-1949 оқу жылынан бастап қазақ мектептерінде орыс тілін оқытуды түбірлі жақсар­ту мақсатында бірінші кластың екін­­ші жартыжылдығынан бас­тап оқытуды, осыған байланыс­ты көптеген нақты шараны жү­зеге асыру міндеттелді. Тіп­ті тә­жірибе есебінде, қазақ мек­те­бінің 8-10 кластарында математика, физика, химия және денешы­нықтыру пәндерін орыс тілінде оқыту ұсынылды. Осы арада таң­ғалатын бір мәселеге тоқтай кетпеу мүмкін емес. Осыдан жетпіс жылдай уақыт өткенде бүгінгі күн­нің солақай белсенділері жара­тылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытайық деген ұсыныстар жасады. Олардың түсініктерінше, қазақтың ұл-қыздары бұл пәндерді өз тілдерінде білмеуі керек екен. Бұдан асқан бассыздық болар ма? Құдайға шүкір, бұл толық жүзеге аспай қалды-ау деймін.

Тіл тағдырын әңгіме еткенде соңғы бір ғасырда әліпби жү­йе­сінің тұрақты өзгеруімен келе жат­қанын да айтпай кетуге болмай­ды. Ахмет Байтұрсынұлының жа­зуынан ла­тынға көштік. Ал ла­тыннан кирил­ге бір жарлықпен бір түнде асы­ғыс ауыстырды. Ал соңғы шара еліміздің ана тіл­дік кеңістіктігінде қаншама қай­шы­лықты жағдайлар туғызды. Мұ­ны сонау Францияда жүріп, Кеңес Одағындағы, әсіресе Түр­кіс­танда болып жатқан эко­но­ми­ка­лық, саяси-әлеуметтік сала­лар­дағы өзгерістерді жіті бақылап отыр­ған Мұстафа Шоқай: «Ру­ха­ни салада маңызды рөл ойнай­тын әліп­би мәселесінде де кеңес­тер­дің сая­саты белгілі. Олар өз теп­кісінде отырған түріктерге орыс алфавитін зорлап таңу ар­қылы түр­киялық бауырларымызды бө­ліп тастауды көздейді», деп жаз­ған еді.

Жоғарыдағы шаралар Одақ ор­та­лығына әлі де жетімсіз санал­ды. Содан 1990 жылғы 24 сәуірде кеңестік кеңістікте орыс тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін құқық­тық жағынан бекіту мақсаты бол­ған КСРО халықтарының тіл­дері туралы заң қабылданды. Бақы­тымызға орай Одақ ыдырап, ол жүзеге аспай қалды. Ал ол жүзеге асқанда, бәлкім, қазір ана тіліміздің үлгілерін мұражайлардан іздеп жүрер ме едік? Құдай оның бетін аулақ етсін!

1985 жылдан басталған сөз­ге шешен, коммунист көсем М.С.Гор­­­бачевтің қоғамдық-эконо­ми­­ка­лық өмірді қайта құруға, «ке­мелденген» социализмді «жа­­ңар­­туға» бағытталған саяси қа­да­мы ұлттық республикаларға өз­­дерінде қалыптасқан саяси әлеу­меттік жағдайға сын көзімен қа­рауға мүмкіндік берді. Мұндай көз­қарасты еліміздің зиялы қауы­мы тағы да ана тілімізден бастады. Өйткені тілі азат халық қана шынайы бостандықтың тәтті дәмін сезе алады. Тіл – бостандықтың ал­­ғы шарты. Тілі азат болмай, рух азат болмайды. Рухы бос­тан­­дық алмаған халықтың азып- то­затынын тарих талай дә­лел­де­ген болатын, дәлелдеп ке­леді. Со­дан егемендіктің елең-ала­ңын­­да ұлтшыл азаматтардың бел­­сенді араласуымен, қызу талас-тартыстың арқасында 1989 жыл­дың 22 қыркүйегінде Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Тіл туралы» заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болды. Осылай тіліміздің ме­рейін көтеруге, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған бүкіл­ха­лықтық іс басталып-ақ еді. Алайда бұл ұзаққа созылмады. Өкініштісі – сол кездегі жер-жерде көріне бас­таған ұлттық рухқа тиісті өріс берілмеді. Асқақ идея жаңа жағ­дайда ұлттық мұраттарымызды ше­шумен жалғастырылмады, са­на­мыз тәуелсіздік талаптарына сәйкес тиісті жаңара түспеді. Со­дан ана тілдік кеңістікте көптен қор­даланған мәселелер шешімін тап­пай, жалғаса берді, жалғаса берді...

 Бірнеше ғасыр отаршылдықтан пайда болған жалтақтық, кеше ға­на үстемдік жасаған, енді жал­ға­са түскен құлдық психоло­гия жі­герлі іске жібермеді, жі­бер­­­мей келеді. Оның үстіне 1995 жыл­­ғы Конституцияның 7-ба­­бы­­ның 1-тармағындағы «Қа­зақ­­стан Республикасындағы мем­лекеттік тіл – қазақ тілі» деген хал­қымыздың көптен аңсаған аса маңызды құқықтық нормасы келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген қайшылықты сөйлеммен тиісті күшінен айырылды. Содан орыс тілі шын мәнісінде мемлекеттік мәртебеге көтеріліп, ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналды.

Осы арада өз мәселесіне өзі ие көрші Өзбекстандағы жағдай туралы бір ауыз сөз айта кетейік. Рас, кейбіреулер бізді олармен салыстырмау керек деуі мүмкін. Ол кейбір жайларға байланысты жөнсіз де емес. Алайда біз реті бар нәрсенің өзін жасауға дәрменсіздік танытып келеміз ғой. Олар да 1989 жылы өз тілдерінің мемлекеттік мәртебесін шешкен болатын. Мұ­ны қанағат тұтпай, 1995 жылы Өз­бекстан Республикасының «Мем­лекеттік тіл туралы» заңы қа­былданды. Ал біз 1997 жылы Қа­зақ­стан Республикасындағы Тіл (бұл шынына келгенде «о язы­ках» болатын) туралы заңда «Қа­зақстан Республикасының мем­лекеттік тілі – қазақ тілі» деп кон­ституциялық норманы қай­талаудан аса алмадық. Тіп­ті содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтсе де, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейте түсетін бірде-бір қағидатты шара қабылдай алмай келеміз.

2006 жылдың 11 ма­мырында «Ана тілі» газетіне бер­ген «Қа­­зақстанның болашағы – қа­зақ тілінде» атты сұхбатында Елбасымыз Тілдер туралы заңды қайта қарап, қажет болса, оған замана талабына сай өзгерістер енгізу керек деген еді. Бірақ бұған Парламент те, Үкімет те былқ еткен жоқ. Содан бері арада он төрт жыл өтті, мұны қазір ешкім еске де алмайды. Тек ана тілі туралы құрғақ ұрандармен өзімізді алдандырып келеміз. Ал дәрменсіз, қайшылықты жайлардан аяқ баса алмайтын Тіл туралы заң, шынына келгенде, ана тіліміздің дамуына тұсау бола бастады.

Бірер мысалға жүгіне кете­йік. Осы заңның ІІ, ІІІ және ІV та­рауларындағы 27 заңдық нор­ма­ның 21-інде «мемлекеттік тіл­­де және орыс тілінде» деген сөз тіркестерімен қатар «қа­жет болған жағдайда басқа тіл­дерде жүргізіледі» деген сияқ­ты қосақтаулар басқа этнос өкіл­де­рінің мемлекеттік тілді білуіне қажеттілікті жойды. Бізден басқа ешбір елден дәл бұлай мемлекеттік тілмен басқа тілдерді қосақтап жазуды таба алмайсың. Сондай­ақ заңның «Мемлекеттің тіл жө­ніндегі қамқорлығы» деген 6-бабында «Мемлекет Қазақстан хал­қының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жө­нінде қамқорлық жасайды» және «Тілді мемлекеттік қорғау» атты 23-баптың бірінші бөлігіндегі «Қа­зақстан Республикасында мем­лекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекеттік органдар бұл тілдердің қолданылуы мен да­муына қажетті жағдай жасайды» деп жай жазыла салған баптар онсыз да тегеурінді, ондаған жыл жеке билеп келген орыс тілін алға шығарса, «Тілді құқықтық қор­ғау» атты 5-тарауының 23-ба­бындағы «Тілдің дамуы мем­ле­кеттік тілдің басымдығын жә­не ісқағаздарын жүргізуді қа­зақ ті­ліне кезең-кезеңмен кө­шіруді көз­дейтін Мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­мен қамтамасыз етіледі» деген қа­ғи­даның ақыры бос сөз бол­­ғанын өткен уақыт айқын көр­сетті.

Қазақстан Республикасы Үкі­ме­тінің 1998 жылғы 14 тамызда қабылдаған «Мемлекеттік ор­ган­дарда мемлекеттік тілдің қолда­нылу аясын кеңейту туралы» қау­лысынан жұртшылық күткен үміт те ақталмады, ол да құр­ғақ сөз­дерден аса алмады. Со­нымен қазіргі келешегіміз деп отыр­ған қаракөз жастарымыздың, жас мамандарымыздың дені, тіп­ті билік басында жүргендердің өз­дерінің өз ана тілдерінде ер­кін сөйлей алмауы, тіпті кейбі­реулерінің сөйлеуге талпынбайтын жағдайы қалыптасты. Өйткені олар ондай лауазымды қызметке бару үшін қазақ тілін білу міндетті емес екенін жақсы біледі.

Ащы да болса, ашық айтқанда, осы кезге дейін қазақ тілі тура­лы саясатта қатаң оң жүйе қалып­таса алмай келеді. Бір мысал кел­тіре кетейік. Осыдан он шақты жыл бұрын (2004) Елбасы «үш тілдің бірлігі» идеясын ұсынған бола­тын. Ондағы ой біздің ұрпақ­­тарымыз өз ана тілін жетік бі­ліп, орыс тілін оның үстіне ағыл­шын тілін, тілдерін ғана емес сол ха­лықтардың тарихын, мәдениеті мен ғылымын білетін болса, біз­дің қоғам өркениеттің жаңа бір белесіне көтерілер еді деген мақ­сат еді. Алайда сол кездегі саясатшыл аудармашылар (көбіне орыс тілінде сөйлейтін) «триединство языков» дегенді «үш тұғырлы тіл» деп аударды. Мұны байқаған Ел­басы 2008 жылғы 29 мамырда қазақ­тілді ақпарат құралдарының же­текшілерімен кездесуінде осы «үш тілдің бірлігін» (әсте «үш тұ­­ғырлы тіл» емес) дұрыс тү­сін­бегендерге: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп қадап айтқан болатын. Бірақ осы «үш тұғырлы тіл» Мемлекеттік бағдарламаларға кіріп, күнделікті өмірде көптеген қайшылық жалғаса түсті. Бас­қа­ны былай қойғанда, басшылары екі-үш жылға жетпей жиі ауысып оты­ратын Білім министрлігінің қа­зақ балабақшаларында үш тілді үй­ретуге ұмтылуынан туған қиын­шы­лықтар қаншама болды. Ме­нің бұл туралы жазбаған билік тар­мағы қалмады. Еш әрекет бол­мады. Тек Президентіміз Қ.То­қаев алдымен өз тілімізді бі­лейік дегеннен кейін ғана бұған тыйым салынды.

Осындай жағдайда не істеуге болады, қазіргі қиындықтан қа­лай шығамыз? Ел Президенті Қа­сым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың «Тіл мәселесіне бейжай қа­рап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген сөзі мемлекеттік органдарды да, халқымызды да қатты ойландыруы қажет. Сондықтан осы кезге дейін тиісті ескерілмей келген Ата Заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзе­ге асыру мақсатында Үкімет, жер­гілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының бар­лық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қа­жетті ұйымдастырушылық, ма­те­риалдық және техникалық жағ­дайдың бәрін жасауға міндетті» деген конституциялық тапсырманың аясында ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін елеулі түрде жоғары көтеретін, оның қолданыс аясын барынша кеңейте түсетін пәр­мен­ді-пәрменді құқықтық нормалар мен шаралар аса қажет. Ол үшін ең бірінші қазақ тілін мүшкіл күй­ге түсірген, түсіріп келе жатқан Кон­­с­титуцияның 7-бабының 2-тар­мағындағы «Мемлекеттік ұйым­дарда және жергілікті өзін өзі бас­қару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қол­данылады» деген норманы алып тастай алсақ, қоғамда ана тілімізге деген үлкен бетбұрыс туар еді. Мұндай қажеттілік 2025 жылдан латын әліпбиіне көшу туралы идеяның толық жүзеге асуы үшін де маңызды боларына дау жоқ.

Келесі бір мәнді мәселе – тіл­дің иесі халқымыздың өзін жап­пай мемлекеттік тілдің мәрте­бе­сін көтеруге жұмылдыру қа­жет. Қоғамда әркімнің өз ана ті­ліне деген жеке азаматтық жауап­кер­шілігін көтеру маңызды мәселе. Бұрынғыдай ғимараттың ең жоға­ры қабаттарында отырып алып, министрліктер «сен мынаны оқы, мынаны біл» деп тапсырма бер­гендерін тыйғаны жөн. Тілдің иесі халықтың өзі екенін ұғындыра түсу аса қажет.

Қазіргі қазақ тілінің тағдыры оны басқаратын мемлекеттік ұйым­ның деңгейі мен оның құқықтық мүмкіндіктеріне де тікелей байла­нысты болмақ. Сондықтан ана тіліміздің бүгінгі қоғамымыздағы аса күрделі жай-күйін жан-жақты және терең түсіне отырып, ерекше құқықтық мүмкіндіктермен тікелей Президентке бағынатын тіл туралы күрделі мемлекеттік құрылым жасау қажет. Мұн­сыз ана тілдік кеңістіктегі ға­сыр­лар қалыптасқан күрделі қиын­шы­лықтар шешілмейді.

 

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымдар докторы, профессор