Өнер • 28 Тамыз, 2020

Үлкен театрдың әншісі Сембиндi сағынғанда Павароттидің сәлемі еріксіз еске түседі

1278 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Ол сахнаға жарқ етiп шыға келгенде, бiр шетте жұлдыз жанғандай болатын. Әндi аяқтай бере, театр iшi айқайға тұнып кетедi. Өңкей бiр өнер сүйген жүректер жарыла жаздап, бұны сахнадан жiбергiсi келмейтiн. Ол көп күттiрмей ырғала басып қайта шығады. Сұңғақ, сұлу, сымдай тартылған, тәкаппар, паң. Алып-ұшпайды. Осынша қошеметтiң бәрiн қалай көтерiп жүр? Жер ойылып кететiндей әр жер-әр жерден маңғаз басады. Сәл ғана иiледi. Болмашы ғана езу тартады. Аса бiр сүйсiнгенде сұлу бетiнiң екi ұшына қызғылт сәуле ойнап шыға келедi. Ал аса риза кейiпке енгенде екi бетiнiң алабұртқан ұшы тереңдеп, жүрегiңдi жұлқып кетердей әдемi бiр иiрiм, үйлесiм пайда болады.

Үлкен театрдың әншісі Сембиндi сағынғанда Павароттидің сәлемі еріксіз еске түседі

Бiр мезет осынау қайталанбас сәттiң тұтқынына айналған жұрт­шылық жүрегi тоқтап қалғандай, тiлiн жұтып қойғандай үнсiздiк орнайды. Осынау сұлу сәттi әр­кiм көңiл түкпiрiне қондырып алғысы келгендей iштей тынады, iштей сүйсiнедi. Одан әрi әншi тек өзiне ғана тән, сүйекке сiңген сырбаздықпен, жасампаз жаратылысымен жарқ етiп, екi аяғын екi жаққа сәл алшақ тастап, ұшатын қырандай екi иығын қомдап, кеуде тұсы көрiктей көтерiлiп, бiрде екпiнi үй жығардай, ендi бiрде иығында иiнағаш майысып судан қайтқан келiншектiң шолпысындай сылдыр қағып, ендi бiрде даланың жiбек желiндей желпiндiрiп, тал бойыңнан кiр-қоқысты өзiмен бiрге әлдебiр жақ­қа қанкөбелек ойнатып ағызып бара жатқан таудың таза, тентек бұлағының сыңғырындай дау­сы­мен ел бiткендi тiлсiз байлап-матап тастайды. Дүн-дүние нұр­ланып бара жатады. Әр ән, әр ария, әр партия осылай аяқталады. Тағы да айқай, тағы да тамсану, тағы да таңғалу, мақтау, мадақтау, сахнаға ағылған жұрт, ду қол шапалақ. Гүлге оранған сәт...

– «Қарғашты» айт...

– «Ақбақай»... Үйбай-ау, «Ша­пи­бай-ау» ше? «Бурылтай» қалып қойды ғой.

Кешегi патша көңiл көрермен бүгiнде қазақ опера өнерiнде небәрі сегіз жыл ғұмыр кешiп, рухани жа­ғалаудан жабырқау күйде алыстап, тағдыр соқпағы жарқабаққа келiп тiрелген Аманкелдi Сембиннiң әр концертiн шамамен осылай елес­тететiн болар.

* * *

Рас, қазақ талантқа кенде емес. Даласы да, қаласы да талантсыз емес. Десек те, әр талант өмiр­де әрқалай iз қалдырады. Кей­бi­реулер өзi талантты бола тұ­ра, адам ретiнде де талантты. Тә­ңiрi берген таланттың қадiрiн де сезiне бiлген. Өкiнiшке орай, та­ланттың бәрi де сол адами өмiрiн аялай бiлмеген. Өмiр деген көк мұхиттың толқынында ескексiз қалған. Талантты адамның маңда­йына әу баста тағдыр деген ұғым да қоса жазылады десек, сол тағ­дырдың бұйрығымен өмiрден бi­реу ерте, бiреу кеш жылжиды. Сондай аса тағдырлы, аса сирек кездесетiн, аса талантты адамның бiрi де бiрегейi – әншi Аманкелдi Сембин едi. Әрине қазiр Сембиндi сонша бiр сүйiспеншiлiкпен iздеп жатқан ешкiм жоқ. Бiрақ бiр нәрсе анық: бiз бұдан былай Сембиндi сағынған сайын шын өнердiң, саф өнердiң, шын таланттың бағасын да терең бiле түсетiн боламыз.

«Кезiнде сондай бiр әншi бол­ған, сондай бiр жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүрiп өшiргенбiз».

Қай кезде де, қай мәселеде де ақырып теңдiк сұрайтын Шерхан Мұртаза айтқан кезiндегi осы бiр ауыз сөз дәл қазiр де сол салма­ғын түсiрмей, былайғы айтар ойы­мызға тұздық болғалы тұр.

Қайсыбір жылы Алматының шетiндегi бiр шағын мейрамха­нада Аманкелдi Сембиннiң дү­ние­ден өтуiне бiр жыл толуына орай ас берiлдi. Iшi-бауырыңды елжiретер бiр жылы ағыс, нұрлы дауыс – Сембиннiң күмiс теноры бәрiмiздi баурап алды. Асқа жүз қаралы кiсi жиналды. Көңiл тағы да қоңылтақсып тұрды. Әрине кейбiрiмiзге қысқа күннiң күйбең тiрлiгi мойын бұрғызбаған болар, дер кезiнде хабар берiлмеген шығар, түрлi сылтау табуға болар. Бiрақ... Әншiнiң дүниеден өт­ке­нiнен кезiнде хабарсыз қалған жұрттың ендiгi өтер шараларға да құлағы түрiк жүруi керек едi ғой. Осындайда басқа жұрттың белсендiлiгi есiңе түседi. Мәселен «Комсомольская правда» газетi бiр талантты азаматтың ауруханада жатқан күнінен күнделiк жүр­гiзiп жаза бастайды. Ал басқа өркениеттi елдер таланты түшкiре қалса, талып қала жаздап жарияланым бередi. Осы бiздiкi неғылған алаңсыздық, қамсыздық?! Осылай кете берсек, бүгiнгi, келер ұрпақ таланттың, талантты адамның қа­дiрiн қайдан бiлсiн?!

Сембиндi сағынған сайын ол жөнiндегi әңгiмелер де түрлi жағ­дайда өрiледi. Бiр әдемi жылы ағыс­тар ағыны сiздi иiрiмiне тартып бара жатады.

Әрине кейбiреулер тарапы­нан «өз қадiрiн өзi бiлмеген адам үшiн өзгелердi неге кiнәлай беремiз?» деген ой айтылуы да заңды. Дұ­рыс. Пiкiрдi қабылдау керек, пi­кiр­дi құрметтеу керек. Бiрақ тара­зының екi жағы, себепсiз салдар болмайтыны және бар емес пе? Сондықтан екiұшты айтылған пi­кiрге орай терең, парасатты жауап та қайтарылуы керек. Кiсi өз қадiрiн өзi бiлмеушi ме едi, бiл­генде қандай? Оның үстiне ол жай кiсi емес, талантты болса ше? Ал талантты кiсiге әрiсiн айтпағанда, Абайлар, Ақаңдар заманынан берi қарай қай қоғамда да өмiр сүру оңай болмаған. АҚШ-та талантқа қысым жасаған мемлекеттiк ше­неунiктердi уысында ұстайтын мемлекеттiк этика жөнiндегi бас басқарма бар екен. Сол басқарма аса талантты жаралған адамдардың әдетте мынау қарапайым өмiрге бейiмсiздiгiн, тiптi тәкаппарлығын, менмендiгiн (пенде ғой) ескерiп, сол талантты адамдармен жүйелi түрде жұмыс iстейдi екен. Бiзде бiреудiң бiреуге басы ауырмайтын кезiмiзде өзге елдерде таланттарын сырт көзден, «ит-құстан», жаман пиғылды адамдардан осылай қорғаштаған екен. Бiз талантты адам мен қабiлеттi, iскер адамның аражiгiн айыра бiлiп жүрмiз бе? Қабiлет таланттың бiр атрибуты ға­на. Демек, талантты кiм, талантсыз кiм? Оны кiмдер анықтайды? Демек, бiзде талантты адамдарды қорғайтын, iрiктеп отыратын мемлекеттiк қамқорлықтағы бiр iзгiлiк институты, басқармасы ке­рек-ақ. Себебi адам, оның iшiн­де талантты адам – қоғамның, мем­лекеттiң ең басты байлығы. Та­ғы да бiр тұстан «мүмкiн талант­ты адамдарды ендi бесiкке бөлеу ке­рек шығар» деген бөстекi ой да қылтиюы мүмкiн. Бұл сөздiң де жаны бар, рас, талантты адам ба­ла секiлдi болады. «Балалық пен дана­лықтың арасы бiр-ақ қадам» демеп пе едi бiр данышпан.

Италияның Милан қаласын­дағы атақты «Ла Скалада» Сем­бин­нiң тұсында 200-дей кеңес ән­шiсi тәжiрибеден өттi. Мәселен, М.Ма­гомаев, Т.Синявская (Ма­го­­маевтың әйелi), М.Биешу, Б.Мың­­жылқиев және басқалар. Мың­­ғыртып жылқы айдаған, дәу­лес­кер күйшi болған жылқышы На­қыптың баласының жолын ашқан да атақты ақын, жаның жәннатта болғыр, жарықтық Жақсылық Сә­тi­беков екенін әр мақаламызда еске салып отыруды да ұмытқан емеспіз. Сол кісінің жетелеуiмен Аманкелді Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесiне келiп түсті.

1970 жылы Мәскеу консерва­то­рия­сының бесінші курсында жүргенде ұстазы П.Карин Үлкен театрда «Ла-Скалаға» тыңдау жүріп жатыр деп алып барады. Жюридің мүшесі, атағы жер жар­ған С.Лемешев аса разы болып, сен тек қазақ халқын емес, совет елін танытатын боласың деп қуанышын жасыра алмады. Сонымен «Ла-Ска­лаға» баруға бір қадам жасал­ғанымен, консерватория ректоры «атақты өнер Меккесіне баратынына сенімім мол, әуелі оқуды бі­тіру керек» деп келісім бермейді. Әнші Дінмұхамед Қонаевтың ар­қасында Мәскеудегі республи­ка өкілдігінен 100 сом, консерва­ториядан 39 сом стипендия алып, оқуын алаңсыз жалғастыра береді. Оқуын бітірген соң Алматыға ке­ліп, опера театрына орналас­ты. Алғаш Б.Досымжанов қой­ған Ғ.Мүсіреповтің «Қыз-Жі­бек» операсында Төлегеннің пар­тиясын орындады. Баяғы Шер­­ағаң тамсанып жазатын Тө­леген ғой. Жібек – Бибігүл Тө­ле­­генова. Сөйтіп жүр­генде бір күні Мәскеуден мә­дениет ми­нис­­­трі Демичевтен хат келеді. Оны театрға ілдіріп қо­йып­ты. Хат Италияға шақырады. Ол кез­дегі тәртіп бойынша алдымен Үл­кен театрға солист етіп қа­был­дайды. Бұл жолдан өте сәтті өт­­кен ол Миланға, атақты «Ла-Скалаға» жол тартып 1973-1975 жылдары оқиды. Оқу итальян тілінде жүреді. Ұстазы Елизавета Корозио кезінде атақты итальян әншілерімен бірге ән салған кісі. Сөйтіп, ол ит арқасы қияндағы Ита­лияға кетiп, еуропалық бекзат тәрбиемен буыны қатаяды.

Өзгелерден бұрын өзгеше бiлiм алды, үлкен астаудан ас iшiп, су­дың тұнығын ішті, тамақтың тазасын жедi. Итальяндықтар өзгелерге банкеттерде ән салдырғанда бұған ән салуға тыйым салады екен. Се­бебi бұның аса сирек кездесе­тiн дауысын бағалағандық едi. «Ах, этот серебрянный тенор» деп орыс­­тардың тамсанатыны да осы тұс. Мiне, Еуропаның кiндiгiнде әр күнi, әр сағаты осылайша көзден таса болмай ерекше қамқорлықта жүрген адамның қазақи iштар бә­секеге өзiмсiнiп қарап, бой үй­ре­те алмай қалуы да заңдылық едi ғой.

Дүниенi шарлап, тамсанды­­рып келген Сембин отандық сахна­да небәрi сегiз жыл ғана тер төк­тi. Итальян операларын сағат­тап жат­­қа айтатыны өз алдына, «Қыз Жi­­бектегi» Төлеген, «Бiржан – Са­радағы» Бiржан қандай бiрегей едi. Осы кез ғой Ғабеңдердiң «бар екен ғой, бар екенбiз ғой» деп нұр­ланып отыратындары. Өкi­нiшке қарай, осынау тектiнiң тек­тiнi таныған жылдары келте қайырылып едi.

Қонаевтың өзi арнайы стипендиясымен Мәскеудiң Чайковский атындағы консерваториясында оқытқан Сембиндi Димекең, басқалар құрметтедi ғой дейтiн биiк пiкiрге сол кезгi қазақылығы ба­сым қоғамдағы бәсекелестiктiң пысқырмағаны да және рас едi. Бұған талантты адамның бақай­шағынан басына дейiн қаруланған интригамен күресуге қашан да дәрменсiз екенiн және қосыңыз. Әрине оған қамқорлық жасауда сол кездегi тұлғалы азаматтардың аянып қалғаны жоқ. Бiрақ соның бәрiне қарағанда белгiлi бiр ор­тадағы, өнер ұжымындағы бә­се­келестiк ызғары әлденеше есе «құ­дыретті» едi. Орташа деңгейдегi шенеунiкпен ауыз жаласқан орта дауысы бар, орташа таланттың бұның патша көңiлiн тұқыртуға кел­­генде әлдеқайда талантты бол­ғанын жасырып жатудың ке­регi не? Надандық деген дерттi еш­қандай тәуiптiң емдей алмайты­ны тәрiздi, қоғамда да орташа таланттардың ортаны бұзып жү­ретiнiн де әлi ешкiм ретке келтiр­ген жоқ. Әлі де солай.

Орташа деңгейдегi шенеунiк. Өкiнiшке қарай, осындайлардың қолына билiктiң майлы жілігі тиедi де, олар талантты адаммен жұмыс iстейдi. Ең қауiптi жерi, осы. Ол ке­ше де болған, бүгiн де бар. Та­ланттың тағдырын шенеунiктер шеш­кен. Демек, тұлпардың тағ­дыры мәстектiң қолында болған. Бiр мысал келтiрейiк.

Бiрде Аманкелдi Сембин бiр iрi лауазымды қызметтегi басшының үйiнде қонақта болады. Қызметi iрi болғанымен, деңгейi орташа, парасаты, пайымы, бiлiмi орташа. Бұл әншiнiң атағы аспандап тұрған шағы. Сәлден соң жұрт желпiнедi, қызады. Бiр мезетте барып үй иесi «мына Аманкелдiнi мен ән салу үшiн шақыртып едiм» дейдi ғой. Мiне, әлгi заһар судан татып алмай жүрген талантқа осы сөз атылған оқпен бiрдей едi. Көр­дiңiз бе, бiздiң шенеунiктер талантпен қалай жұмыс iстейдi? Бiз осы сөзбен, осы пиғылмен қа­­зiрдiң өзiнде талай талантты той­дың әншiсiне айналдырып жiберген жоқпыз ба? Әрине жұрттың бәрi Тасмағамбетов емес, талантын тап басып танып, әкесi жасамаған жақ­сылықты жасап, аялап жүретiн. Бәйге атын цирк атымен шатастыратын әлгi орташа шенеунiктер ғой сорымыз. Бұдан кейiн әншiнiң ғазиз жүрегiн жаралаған мұндай сәттер аз болды дей аласыз ба?

Сол орташа деңгейдегi шенеу­нiктердiң кесiрiнен бiз ұзақ жылдар бойы талантты адам мен еңбекқор адамды қасақана шатастырып кел­дiк. Таланттың қор болуы, тал­­­қандалуы еңбектiң қадiрiне жет­кiзбеуден, еңбектенуiне ерiк бермеуден, жағдай жасалмауы­нан едi. Әр кезеңде дарынды адамдарды қамқорлыққа алудан, бағалау­дан, тәрбиелеуден гөрi табалаудың ба­­сым болып келгенi рас. Көпе-кө­рінеу қиянатқа, қорлыққа талантты адам ешқашан көнбейдi. Оның нәзiк жаратылысы осынау қиямет-қайымға толы жолда қауқарсыз қалады. «Талант – әдiлетсiздiкке қарсылық» деген сөзде өмiрдiң бар пәлсапасы жатыр. М.Монтеннiң айтуынша, адамдардың жарты өмiрi құр бос сөзбен өтедi екен. Ал талантты адам­­дардың жарты өмiрi немесе бүкiл өмiрi күреспен өтетiнiн дәлелдеп жатудың қажетi бар ма? Бұл жолда талант жалғыз, дәр­менсiз, себебi оның пiкiрi, көз­қарасы керенау қоғамнан қолдау таппайды. Ф.Ницшенiң «Талант үшiн даңғыл жол болмайды, оның өмiрi кезеңдермен ұдайы күресте, қайшылықта өтедi» деген сөзi осы ойдың өрiсiн кеңейте түседi.

Бiздiң бұл таңдап алғанымыз ұшы-қиырына бойлатпайтын тыл­­сым, түпсiз тақырып болса ке­рек. Оқырманға айтар ойы­мыз­ды жет­кiзе алу жолындамыз ба, бiл­меймiн, әйтеуiр осы тақы­рып­тың шаужайына жабысып, бiрдеңе дегiң-ақ келедi.

Бiр кездерi жаралы жанына дауа іздеп шамаданын кiтапқа толтырып алып, Алматыдан Арқаға жалаңаяқ кеткен Сембиннiң тағ­дыры өзінен бұрын өткен ағала­рының тағдырына ұқсап жүре берді. Таңсықбаев Ташкенттi па­на­лап жүргенде, Сембиндi де Бiш­кектiң қолқалап қоймағаны бар. Бiр кезде Ахмет Жұбановты да осы Бiшкек бауырына басқысы келгенi есiңiзде болар. Сембин Алматыны Арқаға ауыстырды. «Не болса да ел iшiнде көрейiн» деп тектiлiктiң тұғырынан таймағанын танытты.

Несiн айтасыз, шын таланттар көбiне жалғыз болды. Жалғыздық – терең тұңғиық. Ол қайғы-қасi­рет­тiң бiр бұтағы. Тәуекелшiл, тәу­бешiл таланттар сол тұңғиыққа батып кетiп жатты.

Бiрде Өзағаң – Өзбекәлi Жәнi­беков те әншiнiң тағдырынан өте кеш хабардар болғанын өкiнiп еске алған еді. Алматы облыстық атқару комитетi төрағасының орын­­басары болып жүргенде бiр об­лыстан алты ансамбль шы­ғар­ған Өзағаң Аманкелдiнi сол ор­таға қайта қосуға әрекеттенгенi және бар. Бiрақ бәрi де кеш едi. Оның өнерпаздық қуаты ол кез­де жағалаудан алыстап ба­ра жат­қан толқындай, толқын жа­ға­ға лақтырып тастаған дөңбек ағаш­тай едi. Ілияс Есенберлин де ән­шi тағдырына араласып, онысы­нан түк те шықпаған соң бiр кейiп­керiнiң прототипi етiп алуға ғана шамасы жеттi. Сұлу дауыс, сұлу өнер өлмесiн дегенi ғой. Белгiлi ақын Тынышбай Рахымның әншi жөнiндегi очеркiнiң белгiлi басылымда жарияланбай, теріліп тұрған қорғасынының күресiнге лақтырылатыны да осы кез. Ән­шiге жасалған осы сипаттағы сұм­дықтар аз болмағанға ұқсайды.

Талантты адамдар әсте бiр-бiрiн тез түсiнедi. Көбiне iштей ұғы­­сады, iштей мойындайды, iш­­тей түсiнедi. Бiзде айқайлап мо­йындау жоқ. Айқайлап мойын­даудың өзi ерлiкке бара-бар қасиет пе деймiн. Мәселен, Мағауиннiң Кекiлбаевты классик дегенi тә­рiздi. Iштей ұғы­нып, iштей мойындап, сыртқа шығармай кеткен сезiмнен басқаны қайдам, ұлттың азап шегетiнi ақиқат. Қазақтың кiрпияз өнердегi өкiлдерi бiр-бiрiн батыр деп жатса, Аманкелдi үлкен сахнада сегiз жыл емес, бiрнеше сегiз жыл жүрер ме едi. Сахнаға сыймай кеткен жоқ, сыйыспай кеткен жоқ па? Осының бәрi – көбiне айналып келгенде ортаны бермей жүретiн орташа таланттардың iсi.

Сембиндi кезiнде қатар жүр­гендердiң көбiсi де iштей мойындады. Дауыстап айтсам, асырып жiберем бе дедi, сыбырлап айтсам, жетер жерiне жел үрлеп жеткiзе ме деп те күдiктендi. Содан да болар, бәлкiм, Сембин жөнiнде баспасөз бетiнде аз жазылды. Содан да болар, бәлкiм, насихаты аз дедi ме, ол өзiне тиесiлi атақтан да кеш қалды. Бiр тойды атқаруға ғана дауысы жететiндердiң, өмiрiнде бiр кiтапты тауысып оқымағандардың, ойын-тойдың әншiлерiнiң салтанаты асып жатты.

Есiмнен кетпейтiн айрықша бiр сәт – осыдан көп жыл бұрын «Еге­мен Қазақстанда» «Қарғаш» атты эссем жарияланғаннан ке­йiн әншiнiң өзi редакцияға рақмет айтып келдi. Аян Нысаналының каби­нетiнде Әбекең Асқар Сүлей­меновпен кездестi. Асекеңнiң сон­­дағы әншiнi көргендегi қалпы, айт­қан сөзi, еш жасандылығы жоқ диалогтар әлi күнге көңiл түкпiрiнде сайрап тұр.

Не болды? Қалай сөндi

отың iшкi?

Қаладың қалай әнсiз

отырысты?

Гауһарын табиғаттың

жаныңдағы

Теңiзге тастағаның өкiнiштi...

Кезiнде Ақаңдай құса болып Арқаны кезiп кеткен әншiнi аса көрнектi Күләш ақын да осылай iздеп едi.

Сембиндi сағынғанда айтар әңгiме теңiздiң тартылуы тә­рiз­дi, бiр келiп, бiр кетiп тұрады. Әнші­нің өзі көзі тірісінде «үш кассета, екі рулон концертім бар» деп еді. Шыны керек, бүгінде әншінің бар дауысының өзі талапқа сай емес. Демек, осынша дүниені кім іздейді? Айтатын нәрсе көп. Соның бәрiн жүйелеп айтуға да әр қияға алып ұшатын сезiм де ерiк бермейдi. Бiз Сембиндi жылдар бойы жоғалтып алғанбыз. Ен­дi жоғалтпауымыз керек, ен­дi бағасын беруiмiз керек, баға­ла­уымыз керек. Мамандар оның әншiлiк қуатының сырын, қасие­тiн саралап, арнайы сынып ашып, лекция арқауына айнал­ды­руы керек. Теледидар, радио бұ­рынғы ән таспаларындағы дауы­сын тауып, арнайы концерт, көркем хабар, фильм-кон­церт дайындауы қажет. Оның дауысындағы, шығармашылық бол­мысындағы ерекшелiктер ке­рек болса арнайы ғылыми-тео­риялық конференциялардың ар­қауына айналуы қажет. Өзi, шы­ғармашылығы жөнiндегi жа­рияланымдардың басын бiрiктiрiп, арнайы кiтап шығарған жөн. Мiне, сөйтiп Сембиннiң жаңа дәуiрi бас­талуы әбден қажет. Сөйтiп, рухани дүние бүтiнделуi қажет.

Таланттың бiр баламасы – тағ­дыр болса керек. Аманкелдi Сем­бин осынау зымыран жылдар iшiнде бiр кiсiнiң, бәлкiм, бiрнеше кiсiнiң басынан өтетiн тағдырдың сыйын кештi. Ол үшiн, әрине ең алдымен адам өзiн кiнәласа керек. «Ақындық деген бұл өзi аузында болу сыздаған әрбiр жараның» деп Төлеген ақын айтпақшы, адам­ға ғұмыр кешу, талантты адам­ға ғұмыр кешу қай кезде де оңай болмаған. Бәлкiм, Сембинге тә­ңiрi осынша өлшеусiз дауыс бере тұра, пендесiн сынау үшiн, тәу­бесiне келтiру үшiн де сонша соқтықпалы, соқпақты жол да берген шығар. Сол тағдырдың одан сайын күрделi, қылкөпiр болуына қызғаныш деген қызыл иттiң еткен қызметi де аз емес болар.

Тәңiрiнiң талантқа ғана тән тә­каппар мiнез сыйлауы да бар ғой. Әншiнiң турашылдығы, ешкiм­нiң алдында илiкпейтiндiгi сол тағ­дырдың бояуын қалыңдата түскен секiлдi.

Сембиндi сағынған сайын бiз таланттың қадiрiн бiле түсетiн бо­лармыз. Маңдайына жел ти­гiзбей, алақанға сала бiлсек, ен­дiгi талай таланттың бағы ашылып, пендешiлiк қасиеттен ерте арылуына көп көмектескен болармыз. Несiн жасырамыз, талантты тануда рухшылдықтың емес, рушылдықтың алға шығып кететiнi де бiр арылмас сорымыз болып тұр ғой.

Ендi бiздiң қолымыздан келе­тiнi Сембиндi сағыну ғана. Әншi­нi орнымен мадақтай отырып, өз өмiрiнен де кемшiлiк iздей оты­­рып, жалпы таланттар тура­лы, тағдыр туралы толғадық. Осы­­ның бәрiнен түйгенiмiз: қо­ғам­ды ке­мелдендiретiн де, мемлекет мәр­тебесiн көтеретiн де – да­рын­ды адамдар. Мемлекет сол адам­дардың бар ақыл-ойын, қабi­летiн саналы түрде реттеп отыратын ап­парат, мәшине. Мемлекет талант­ты, оның әлеуетiн пайдалануы керек. Асқар Сүлейменовтiң бiр кейiпкерi «мен әйелге емес, адамға зәрумiн» дейдi. Демек, әйелдiң таланттысына, адамның дарындысына зәру ғой. Сол сияқты қоғам да, мемлекет те қашанда талантқа тәуелдi, зәру. Сондықтан таланттың қадiрiне жете бiлсек, өткенiмiз туралы өкiнiп жазатын әңгiменiң өрiсi де тарыла бермек.

Аманкелдi Сембиннiң алабөтен тағдырының әңгiме өзегiне айналып, өткен кезеңнiң бiр күрделi сабағы ретiнде қарастыруымыз да тектен тек емес.

* * *

Сол бір тағдырдан аса аяу көрмеген өнерпаздың өмірі ізсіз кетпесін деп іздеушісі, жоқшысы болғаныма да нешеме жылдар өтті. Ол жөніндегі бірнеше эссе, очерктерден бөлек, «Сеньор Сат­таров» атты шағын повесть, «Па­вароттидің сәлемі» атты әңгіме де жазылды. Қашанғы әдетімізбен одан өзгеріп кеткен ештеңе жоқ, селт еткен ешкім де жоқ. Жарайды, бізді қойшы, атақты Павароттиді селт еткізбеген сәтті білесіз бе? Айтайық.

Қайсыбір жылдары тәуелсіз­­дік­тің елең-алаңында Қазақстан­нан бір топ кәсіпкер Италияға ба­рады ғой. Бұл кісілерге атақты Па­вароттимен кездесудің сәті тү­седі. Қазақстан дегенде елең ете қалған әлемдегі ұлы үш тенордің бірі «Егер қателеспесем сіздерде Сембин деген әнші болуы керек. Біз оны Италияға қалдыра ал­мап едік. Зор әнші еді. Қазір ол өз елінде мүлдем танымал бол­ған шығар. Сәлем айтыңыздар ме­нің атымнан», депті. Делегация құрамындағы шіркіндердің бір де бірі міз бақпапты. Білмейді ғой. Ең сорақысы елге келген соң да «Паваротти сәлем айтатындай ол кім еді?» деп іздеген жан болмады.

Осылай біздің өмір. Ең өкініш­тісі, осыдан әлі көп өзгерген жоқ­пыз. Қысқасы, тәуелсіз елдің бір буыны Сембиндерді білмей өсіп жатыр.

Қалай болғанда да, Аманкелді армансыз, ол аңызға айналып барады.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ