Қоғам • 14 Қыркүйек, 2020

Қош бол, совет адамы

478 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бәлкім, Эдгар Поның кейіпкері («Человек толпы») секілді ағылып өтіп жат­қан адамдар нөпіріне құлықсыз я қызығу­шылықпен көз салып отыратын күй әрбір адамда болатын шығар. Болады ғой, адам болған соң. Қоғам көшесіндегі қым-қуыт қарбалас қай сәтте де назар аудартады. Кімді көресіз? Нені аңғарасыз?

Қош бол, совет адамы

 

Сапырылысқан сан алуан адам. Немересін жетектеген қария, жұмысқа асығып бара жатқан азамат, жүрегінде махаббаттың аяулы гүлі бүр жарған жастар. Арманшыл жүректер. Өз­герген әлеммен, жаңарған қоғаммен бірге өзгерген, өзгермеген немесе өзгеруге тал­пын­ған және өзгеруге ұмтылмайтын адамдар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жол­дауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу. Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек» деді. Қоғамдық сананы өзгертудің алғышарты ұлт болмысын жаңарту және жаңғыртуда екені айтылып отыр.

Қоғамдық сана, дегенімізді қоғамдық болмыстың (бытие) көрінісі деп жүрміз ғой. Қоғамдық сананың алты формасы немесе тірегі деп өнер (көркемдік сана), ғылым, мораль, құқықтық сана, дін, идеологияны (саяси сана) санаймыз.

Көркемдік сана яғни әдебиет, музыка, живопись т.б. жылымық және тәуелсіздік жылдары бірнеше күрделі өзгеру кезеңдерін басынан өткерді. Саяси цензура және социалистік реализм әдісінің құрсауынан шыққан өнердің шексіз еркіндікке ұмсынуы, еліктеу-солықтауға ұрынуы да, сан алуан эксперименттерге баруы да өнердің өзінің ішкі заңдылықтарынан туған жағдаят еді. Көркемдік сана өзінің жаңа көкжиектеріне ұмтылды. Ғылым да жаңа технологиялар­ға, жаңа заман сұраныстарына қарай бейім­делу үстінде. Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін таза қырғи-қабақ соғыстың сардарына айналған советтік ғылымнан өз еншісін алған қазақ ғылымы күлден қайта жаралғандай күй кешкенін көреміз. Жалпы, ғылым соғысқа жұмыс істемеуі керек. Жаңа замандағы қазақ ғы­лымынан біздің күтеріміз бек көп. Қоғамдық са­на­ның алты формасының өзгеруі, құбылуы, жаңа заманға бейімделуі арқылы ғана ұлт бол­мы­сы­ның жаңа қағидаттарын қалыптастыра аламыз ғой. Осының бірі кемшін болса, бәрі кемшін.

Өткен ғасырда Совет одағы кеңістігінде және батыс әлемінде «хомо советикус» деген ұғым пайда болып, қалыптасты. Яғни «совет адамы». Бұл – әлеуметтік тип. Санада берік орныққан советтік идеология. Енді біз жоғарыда айтқан адамдардың немесе үш буынның қайсысы «хомо советикус»? Ешқайсысы және бәрі. «Хомо советикус» жеке әлеуметтік тип ретінде қазір өмір сүрмейді, бірақ оның жақсы және жаман дағдылары мен әдеттері, психологиясы мен құндылықтары біздің бәріміздің бо­йымызда бар. Біз өз саяси-әлеуметтік және философиялық, пси­хологиялық эволюциямызды өткерудеміз. Көнерген дәстүрлер, ескірген дағдылар, жаңа заманға бейімделуі қиын мінез-құлық бірінен біріне беріліп, бірінен қайта бүр жарып, бірінің бойынан мүлде жойылып жатқандай. Жартылай отырықшы жартылай көшпелі болған бабаларымыз секілді біз де қазір жартылай совет адамы-жартылай тәуелсіздік заман адамы болып отырмыз.  Интернационализмнен космополитизмге өтіп, одан өзіміздің алтын бастауымыз – Абайдың «адамзаттың бәрін сүй» дейтін ұлы гуманистік идеясына бас ұрып, жалпыадамзаттық альтруизм­ге бет алып барамыз.

Президент Жолдауындағы «жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет» деген сөз­ден адамдардың кейінгі отыз жылда еңбекті ең басты құндылық ретінде танудан адасып қалғанымызды аңғарамыз.

Еңбекті және еңбек адамын құрметтеу – еңбек қоғамының мәні. Бүгінгі еңбек адамы ол кешегі советтік шаруа емес. Оның да жаңа философиясын қалыптастыру керек секілді. Жаңа образы жасалуы керек. Ал Жолдаудағы «ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді» деген ой шын мәнінде ойландырады. Біз осы кертарпа қасиеттерді тек қана совет заманының қалдырған мұрасы дей аламыз ба? Менің пайымдауымша, бұлардың бір парасы тоқсаныншы жылдардан бас­тап бізге жабысқан дерттер. Бұл – мұнай дәуірі­нің, кешегі жекешелендіру мен шексіз тен­дерлердің кері әсерлері. Біз мұның зардабын әлі ұзақ тартамыз. Абай жәуәнмәрті мен мұнай «жуанмәрттерінің» арасы алпыс айшылық жол. Осы арадан біз өзімізді тауып, жаңарып және жаңғыруымыз керек.