Өскемендік қыз өнер жолында аз тер төгіп жүрген жоқ. Бала жасынан алдына мақсат қойды. Арманына жету жолында табанды еңбек етті, ізденді, оқыды. Белгілі суретші Николай Аштеманың студиясында өнердің қасиетін, бояудың сырын сезініп барып колледжге оқуға түсті. Құмаш Нұрғалиев атындағы білім ордасында білікті ұстаздардан тәлім алды.
– Ес білгелі суретші болуды армандадым. Өз студиям болса дейтінмін. Теледидардан үлкен суретшілерді көрсетіп жатқанда көз алмай қарап отыратынмын. Қыш құмырада тұрған қылқаламдарына, керілген кенептеріне қызығатынмын. Жалпы шеберханаларының атмосферасын сезінгім келетін. Жақындарыма, ұстаздарыма алғысым шексіз. Солардың қолдауларының арқасында арманыма жеттім, дейді Ольга Чавкина.
Арманынан адаспаған суретші қыз оқу қабырғасында жүргенде Өскеменнің саябақтарында этюд жазып, шеберлігін шыңдайтын. Шындығында шеберлігін шыңдайын деп емес, майлы бояумен картина жазуды жаны қалаған соң қылқаламын қолға алатын. Сүйрік саусақтарымен туған қаласының көрікті көшелерін кенепке түсіретін. Картиналары қанық шыққан сайын шабыттана жазатын.
Бір ақиқаты, Ольга о баста өнер арқылы табыс табуды көздемеген. Өнердің қадірін, қасиетін қашырғысы келмесе керек, сату үшін жарқыраған сурет салған жоқ. Кейін ғана стилі қалыптасып, тәжірибесі толысқан соң тапсырыспен портрет, пейзаж сала бастаған. Тапсырыстың өзін тақырыбына, маңызына қарай қабылдайды. Сәтті шыққан авторлық тақырыптық жұмыстарын алыс-жақыннан келген шетелдік коллекционерлер құда түсіп, құн төлеп сатып та алған.
Жалынды жасқа елдегі бағдарламалардың да зор пайдасы тиді. 2018 жылы әлеуметтік «Zhas Project» жобасында мемлекеттік грант ұтып алып, шығармашылығын жаңа белеске көтерді. Аталмыш жоба аясында көпбалалы және әлеуметтік әл-ауқаты төмен отбасылардың балаларын жинап, бейнелеу өнерінен тегін үйірме өткізе бастады. Бір шаңырақ астына қылқалам ұстаған Өскеменнің өнерлі жастарын ұйыстырды. Осылайша облыс орталығында «Perfomance» арт-студиясын құрып, есігін айқара ашты.
Бастары өнерде тоғысқан жас ұжым волонтерлік жұмыстардан да шет қалып келе жатқан жоқ. Суретшілік, дизайнерлік мамандықты таңдаған түлектерге шеберлік сабақтарын өткізеді. Ольга Ержанқызы Өскемен қалалық жастар мәслихатының депутаты болған соң мүмкіндігінше шаһардағы қоғамдық жұмыстарға да араласып тұрады. Әсіресе жастар мәселесіне келгенде өзінің ұстанымы, ой-пікірі бар.
– Менің ойымша таланттар тасада қалмауы тиіс. Жұмыстарын көрсетуіміз керек. Осы уақытқа дейін жас суретшілердің туындыларынан бірнеше көрме ұйымдастырдық. Көпшілікке ұнады. Әсіресе «My Self» жобасы аясындағы көрме қалалықтарды қызықтырды, – дейді «100 есім» жобасының жеңімпазы.
Сонымен қатар арт-студия шеберлерінің көрмесі былтыр Семейдегі Невзоровтар отбасының музейінде «Рухты Шығыс» арт-фестивалі аясында өтті. Қандай көрме болсын, Ольга Чавкина портреттермен қатар табиғатта жазған полотноларын ұсынады. Өйткені табиғатта жазылған кенептен шығармашылықтың иісі аңқып, дала сарыны сезіліп тұрады дейді. Сондықтан да Ольга ара-тұра Шығыстың көрікті жерлерін аралайды. Табиғат аясына этюднигін құрып қойып, айналасынан кенепке түсіретін түстердің үйлесімін іздейді. Осындайда суретші жаны табиғатпен үндесіп, шынайы туынды дүниеге келеді. Мәселен, өткен жылдары Мұзтаудың етегіне арнайы барып, Көккөлді кенепке түсірген. Бас салып түсіре салған жоқ, алдымен көру нүктесін іздеген. Әр тұстан қағазға нобайын сызып көрген. Әбден үйлесім тапқан соң барып майлы бояумен жазған. Кейін ол шығармасы өнертанушылардың, кәсіби суретшілердің жоғары бағасына ие болды. «Алтай – Қазақстанның інжу-маржаны» атты халықаралық пленэрге ең жас суретші ретінде қатысып, сәтті-сәтті полотнолар жазғаны тағы бар.
Ольга Ержанқызы пейзаждың ғана емес, портрет салудың да шебері. Кімнің портретін салса да жан-дүниесіне терең үңіліп барып қолына қарындаш алады. Шынайылыққа жақын қыз портретті де натурадан қарап салуды жөн деп санайды. Яғни кейіпкері қарама-қарсы отырғанда ғана мінез-құлқы, бар болмысы портретте толық ашылатын көрінеді.
Суретші қыздың айтуынша, шеберхана қабырғасынан шықпай картина жазу мүмкін емес. Студияда шебердің палитрасы жаттанды, бірізді болып кетеді. Ал Ольга шетелдерге де барып тұратын. Биыл ғана елдегі жағдайға байланысты шеберхана шаңырағынан көп шықпады. Оның өзінде онлайн түрде еліміздің, шетелдің танымал суретшілерімен тәжірибе алмасып отырды. Оқушыларға онлайн түрде үйірме өткізді.
– Қазір көрме ұйымдастыруға шектеу қойылғанымен, онлайн форматта шеберлік сабақтары жүреді. Суретшілікке қызығып, ниет білдіріп жатқан оқушылар көп. Сурет өнері – баладан міндетті түрде суретші шығару үшін емес, ой-өрісін дамытып, қиялын ұштауға пайдасы мол. Бәлкім ертең ол бала инженер, сәулетші, дизайнер болып еліміздің гүлденуіне үлес қосар, – дейді суретші қыз.
Рас, бейнелеу өнері – сонау заманнан өз құндылығын, қоғамға қажеттілігін жоғалтпай келе жатқан өнер. Ал шығармашылыққа шын берілген Ольгадай жастар барда бейнелеу өнері қанатын кеңге жайып, жас таланттардың талабын ұштай береді.
ӨСКЕМЕН