Саясат • 17 Қыркүйек, 2020

ХХІ ғасырдағы дағды мен іскерлік

530 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «ХХІ ғасырдағы дағды мен іскерлік» тақырыбында талқылау болып өтті. Онлайн режімде өткен шараға кәсіптік-техникалық білім беру саласының мамандары, колледж оқытушылары мен түлектері, сондай-ақ өндіріс орындарының өкілдері қатысты.

ХХІ ғасырдағы дағды мен іскерлік

Техникалық және кәсіптік білім депар­таментінің директоры Насымжан Оспанова жаңа замандағы жаңа құзыреттіліктерге тоқтала келіп: «Бұрын мамандардың жазу, есептеу, айту қабілеттеріне басымдық беріле­тін. Ал ХХІ ғасырда мамандардың шығар­машылық, ойлау және проблемаларды шеше білу, өзгерістерге дайын болу қабілеті алдыңғы қатарға шықты. Сондықтан біз жаңа кадр даярлауда жаңа заманның осындай талаптарын ескеруіміз керек», деді.

«APEC PetroTechnic» жоғары колледжі» ЖШС директоры Жанарбек Жарылғасынов өзі басшылық ететін оқу орнының мұнай-газ саласына қатысты 8 мамандық бойынша кадрлар даярлайтынын айтты.

«Біздің колледжде әлемдік практикаға сай барлық оқыту процесі ағылшын тілінде жүргізіледі. Біз студенттеріміздің коммуникациялық дағдыларды игеруіне, сыни ойлау, проблеманың шешімін таба білу, ұжымда жұмыс істеу қабілеттерін қалыптастыруға баса мән береміз. Дуалды оқыту жүйесі толығымен енгізілген, яғни студенттер колледж қабырғасында әуелі теориялық білім алады, кейін сол жиған білімін өндірісте қолдануға машықтанады. Ірі өндірістік орындарымен, мұнай-газ компанияларымен әріптестіктің нәтижесінде кадрларды кәсіби тұрғыда сұранысқа ие маман етіп даярлауға мүмкіндік алып отырмыз. Жыл сайынғы көрсеткіш бойынша түлектеріміздің 90 пайызы жұмыс табады. Бірақ биылғы пандемия бізге де кесірін тигізді, жоғарыдағы көрсеткіш 15 пайызға төмендеді. Түлектеріміз уақыт жоғалтпау үшін жоғары оқу орындарына түсті», деді Ж.Жарылғасынов.

Ал елордадағы политехникалық кол­ледждің түлегі Арман Шапаевтың айтуынша, өндіріске қажетті мамандарды ғана емес, сол мамандарды оқытатын оқытушыларды да әрдайым жаңа заманға сай шыңдап, қайта даярлап отыру керек.

«Бұл үшін оқу орындары кәсіпорындар мен кәсіпкерлік қауымдастық арасында тығыз байланыс орнатуы қажет. Айталық дайын кадрлардың көбі оқуын бітіргеннен кейін өзін өндірістен іздеп жүреді. Бұл – уақыт жоғалту. Олар өздерінің маман ретіндегі орнын сол оқу орнында білім алып және өндірісте практикадан өтіп жүргенде табуы тиіс. Мәселен, ІТ мамандығында оқып жүрген студент дизайнер болғысы келетін шығар. Мамандықтың аясы кең ғой, оң-солын толық танымаған студентке өндірісте өзін табу қиын. Сондықтан оқу орындары мен ондағы оқытушылар студенттерді қабілетіне қарай бағыттап оқытқаны жөн», дейді А.Шапаев.