Білім • 17 Қыркүйек, 2020

Қашықтан оқытудың проблемалары талқыланды

252 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бірқатар елдің білім беру саласы бойынша сарапшылары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған халықаралық конференцияда қашықтан оқытудың проблемаларын талқылады. Онлайн режімде өткізілген екі күндік шараға саяси және қоғам қайраткерлері, академиялық қоғамдастық өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, Қазақстан, Ресей, АҚШ, Үндістан, Бельгия, Ұлыбритания сарапшылары қатысып жатыр.

Қашықтан оқытудың проблемалары талқыланды

Конференцияда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың конференция қатысушыларына құттықтау хаттары оқылды. Қ.Көшербаевтың пікірін­ше, озық IT-технологияларды жедел енгізе оты­рып заманауи білім беруді одан әрі дамыту, білім беру мекемелерінің қызметін толық цифрландыру мәселелері, білім беруді жаңғырту перспективалары аса маңызды құзыретке айналуы тиіс.

«Біздің ең басты міндетіміз – қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлерін жедел түрде шешу. Соңғы оқиғаларды ескере отырып білім беру саясаты жүйесін жаңарту білім беру процесін сапалы жақсартуға мүмкіндік береді. Осыған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, қашықтан білім беру технологиялары маңызды рөл атқарады», делінген Мемлекеттік хатшының хатында.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың халықаралық жиынға қатысушыларға жолдаған хатында жоғары сапалы білім беру, оқытудың форматы мен мазмұнын жаңарту – кезек күттірмес мәселе екені айтылған.

Халықаралық онлайн-конференцияны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің ректоры Ерлан Сыдықов ашып, оқытудың неғұрлым қолайлы құралдары мен тәсілдерін, технологияларын іздеуде әлемдік педагогикалық практиканың барлық қалыптасқан қағидаларын қайта қарап, жаңарту жұмыстарын жүргізу керегін атап өтті. Қашықтан оқыту технологиялары білім беру жүйесі үшін ең үлкен сұранысқа ие екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде жаһандық процестердің, атап айтқанда, цифрландыру мен ақпараттандырудың ықпалына байланысты кең ауқымды жаңғыртуды талап етеді.

Конференцияның бірінші күнінде Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дарын Тұяқов, Томск мемлекеттік университетінің ректоры Эдуард Галажинский, UNINETTUNO халықаралық телематикалық университетінің зерттеулер және инновациялар бөлімінің басшысы Александро Кафорио, Modern Education & Research Institute директоры Екатерина Царанок, «МИСиС» ғылыми-зерттеу техникалық университетінің онлайн оқыту орталығының директоры Нұрлан Қиясов және басқа да сарапшылардың баяндамалары тыңдалды.

Халықаралық конференцияның жұ­мы­сы бүгін де жалғасып жатыр. Шара бағдар­ламасында сандық қашықтан оқыту қауымдастығындағы үздік тәжірибелерді көрсететін воркшоптар, виртуалды сессиялар жоспарланған.