Аймақтар • 17 Қыркүйек, 2020

Бизнес пен билік арасындағы диалог Алматыда өтті

392 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бизнес пен билік арасында ашық диалог қалыптастыруға ұмтылған Алматы форумы бұл жолы инвесторларды кәсіпкерлік қызметі аясында ғана емес, сондай-ақ инвестициялық жобаны іске асыру барысындағы күнделікті өмірінде кездесетін барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғау және инвестициялық бизнес-климатты жақсарту тақырыбына басымдық берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бизнес пен билік арасындағы диалог Алматыда өтті

Салық және кеден заңнамасын жетілдірудегі ағымдағы мәселелерді талқылау, мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимыл форматын құрудың кезі келгенін алға тартты.

Айта кету керек, бұл шара "Protecting Business and Investments" жобасы шеңберінде өтті. Сыртқы істер министрліктері мен Инвестициялар және даму министрлігі арасындағы меморандум аясында құрылған "Бизнесті және инвестицияларды қорғау" жобасы ел экономикасына инвестициялау процесін жеңілдету, сондай-ақ бюрократиялық процедуралар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау бойынша жұмыс істейді.

Алматыдағы Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің басшысы Е.Ысқақов  Қазақстанда шетелдік компаниялар үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын, жеңілдетілген салық режимі, ұлттық заңнамалар үнемі жетілдіріліп, инвестициялық преференциялар пакеті бейімделіп, тұрақты түрде визалық режимді жеңілдету бойынша біраз тірліктің басы қайырылғанын хабарлап, форум қонақтарының жұмысына сәттілік тіледі.  

Алматы  қаласы  бойынша  Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы А.Бекбердиев салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруге, сондай-ақ преференциялық мағынаның жаңа құралдарын жасауға назар аудара отырып, фискалдық саясатта болып жатқан оң үрдістерді атап өтсе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің басшысы  Н.Сапаров соңғы уақытта шағын және орта бизнесті қорғау мәселесінде болған жағымды өзгерістерді белгілеп, ведомствоның инвестициялық алаңның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі қадамдарын туралы жиналғандарды хабардар етті. Кез келген компанияға преспективалы саланың, өткізу нарықтарының болуы ғана емес, бизнес үшін қолайлы ортаның болуы да маңызды  екені  спикердің назарынан тыс қалмады.

Алматы инвестклимат бойынша жетек­ші  орынға ие. Дүниежүзілік банктің ұлтішілік рейтингісінде Алматы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақ­станның барлық өңірі арасында бірінші орында тұр.

Өткен жылдың соңында Fitch агенттігі Алма­тыға ВВВ несиелік рейтингін – Қазақ­станның дербес рейтинг деңгейін берді, бұл инвестиция үшін тәуекелдің төменгі деңгейін білдіреді. Іс жүзінде Қазақстандағы ең үздік бизнес-климат Алматыда екенін сарапшылардың бәрі мойындайды. Сонымен қа­тар Орталық Азиядағы өзге бірде-бір мегаполис мұндай халықаралық не­сие­лік рейтингке ие емес.

"Шағын бизнес жөніндегі халықаралық кеңестің (ICSB) мәліметтері бойынша әлемдегі ШОБ барлық кәсіпорындардың 90% -дан астамын құрайды, жалпы жұмыспен қамтылғандардың орта есеппен 70% және ЖІӨ-нің 50% құрайды. Осы тұрғыда азаматтардың әл-ауқаты нақты жеке сектордағы жағдайға байланысты болатындығын нақты түсіну керек. Бұған салықтық түсімдер, жұмыс орындарын құру, жаңа технологиялар және адами капиталды дамыту кіреді. Бір сөзбен айтқанда, бизнес мемлекетке халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға көмектеседі. Бизнестің тиімді жағдайларын неғұрлым тиімді жасасақ, соғұрлым ол жемісті жұмыс істеп, қоғамға пайда әкеледі", деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментінің басшысы  Н.Сапаров.

Алматы қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Д. Таумұрат бизнеспен жұмыс жасау "бір жақты ойын" болмауы керек екеніне тоқталып өтті.  Мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу кезінде заңсыз әрекеттердің бастамашысы кәсіпкерлердің өздері болатын жағдайлар кездесіп қалатынын да жасырмады.

"Бұл бағытта кәсіпкерлердің өз санасын өзгерту маңызды. Қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, адалдық және сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік қағидаттарын қалыптастыру қажет. Сондықтан, кәсіпкерлердің санасында өз құқықтарын қорғауға, оларды құқықтық қорғауда мемлекет кепілдік берген барлық құралдар мен шараларды жүзеге асыруға деген ұмтылысты қалыптастыру қажет", деп сөзін түйіндеді  Д. Таумұрат.

"Қазақ Инвест" ҰК" АҚ аймақтық директоры Д.Балиев қатысушыларды инвестициялық жобаларды тарту мен бақылау жаңа алгоритмдерімен, республикаға инвестиция тарту қолданыстағы әлеуетімен және инвесторларға барынша көмек көрсету мүмкіншіліктерімен таныстырды. 

Форум шеңберінде қатысушылар салықтық және кедендік әкімшілендіру саласындағы сұрақтар бойынша бетпе-бет пікір алмасу мүмкіншілігін пайдалана отырып, инвестициялық көпжақты өзара іс-қимылды дамытуға үлкен әлеуеттің бар екенін көрсетті. Бұл жолғы форумның нәтижесі қатысушылар қатарынан Жұмыс тобын құру бастамасы болды.

Оның мүшелеріне жобаларды басқаруды жедел қарқынмен жүзеге асыруға, пандемия мен карантиннен кейінгі кезеңнен туындаған жағдайларды ескере отырып, жедел сипаттағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Іс-шара Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қаулыларына сәйкес әлеуметтік қашықтықты сақтау және жеке қорғаныс құралдарын пайдалану есебімен өтті.

 

АЛМАТЫ