Ғылым • 24 Қыркүйек, 2020

Отандық ғылыми журналдар халықаралық базаға енгізілді

1608 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемде әр елдің ғылыми әлеуеті халық­аралық базалардағы журналдарымен, ал ға­лымдардың еңбегі халықаралық базалардағы журналдарға жарияланған мақалаларымен өлшенеді. Жақында 12 қазақстандық ғылыми журнал Web of Science мәліметтер базасына және тағы 5 журнал Scopus-қа енгізілді. 2011-2019 жылдар аралығындағы «Web of Science» мәліметтер базасының бірінші квартилі бойынша, Қазақстан ең беделді журналдардағы мақалалар мен шолулар саны жөнінен 122-орыннан 87-орынға көтерілді.

Отандық ғылыми журналдар халықаралық базаға енгізілді

Scopus – 5 мыңнан аса ғылыми журналдар құрамына кіретін алпауыт база. Бұл базаға қандай да бір ғылыми журналды енгізудің өзі үлкен еңбекті қажет етеді, себебі талаптары жоғары. Сол жур­налдарға мақалалары жарияланған ғалым­дардың жұмысы Scopus базасында сақталып, өзге зерттеушілердің қолдануына тегін немесе ақылы түрде қолжетімді болады.

Ал Web of Science – әлемде, әсіресе ғалым­дар арасында «Ғылым желісі» деген атпен таны­мал, ғылыми еңбектер мен патенттерді іздеп та­буға арналған ауқымды платформа. Білім беру бағытындағы Thomson Reuters медиаком­пания­сының бастамасымен құрылған «Ғылым желісінде» қолданушылардың қараған, оқыған және мәлімет алған ғылыми жұмысына сілтемелер беріліп отырады. Ал ғылымдағы сілтеме – ғалым еңбегінің еленуі және ғылыми жаңалығының өміршеңдігі.

Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ғы­лым комитетінің таратқан ақпаратына сүйенсек, соңғы 5 жыл ішінде қазақстандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемдегі ең үздік журналдардың 25%-ына енді. Бүгінде Web of Science мәліметтер базасындағы жарияланымдардың жалпы саны 28 973-ті құрайды, Scopus мәліметтер базасында бұл көрсеткіш 33 116 еңбекке жетіп отыр.

2019 жылы өздерінің пәндік саласы бойынша әлемдегі ғылыми жұмыстарына ең көп сілтеме жа­салған авторлардың 1%-ына Ержан Өтеулиев, Максим Здоровец, Артем Козловский, Жақсыбай Жұмаділов, Самат Қожахметов, Андрей Халимон, Төлеген Сейілханов сынды қазақстандықтар қосыл­ды. Жарияланым белсенділігі ғалым жұмысының өнімділігін, оның ғылымға қосқан үлесін көрсетеді. Мәселен, 2019 жылдың соңында Web of Science дерекқорында 3 704 жарияланым индекстелді, бұл 2011 жылмен салыстырғанда 8,7 есе көп. «Scopus» мәліметтер базасында бұл көрсеткіш 8,5 есеге өсті.

Web of Science пен Scopus-қа отандық журнал­дардың енгізілуі Ғылым комитетінің халықаралық деректер базаларымен ынтымақтастығы нәтиже­сінде іске асырылды.

 

Соңғы жаңалықтар