Қоғам • 25 Қыркүйек, 2020

15,3 млн адам МӘМС жүйесінде сақтандырылды

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Індет қаупі төнген төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандардың сақтандыру мәртебесін қалпына келтіру үшін бірқатар ұсыныс қарастырылды. Бүгінде елімізде 15 млн-нан аса адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылды.

15,3 млн адам  МӘМС жүйесінде сақтандырылды

Суретті түсірген Ерлан Омаров, EQ

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуы туралы жан-жақты мәлімет берді.

Оның айтуынша, індет өрші­ген қысылтаяң кезеңде халық­тың бір бөлігі табысынан айы­рылып, олардың сақтандыру мәртебесін қалпына келтіру үшін қор Үкіметке ұсыныстар жасады. Қабылданған шаралар медициналық сақтандыру жүйесіне 740 мыңға жуық адамды қайтарды. Қазіргі кезде МӘМС-те 15,3 млн адам сақтандырылған. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша медициналық сақтандыру жүйесінен 3,4 млн адам тыс қалып отыр. Бұл – жалпы халықтың шамамен 18 пайызы. Оның ішінде 2 млн-нан астамы – бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер, дербес төлеушілер, жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатындар. Олар тұрақсыз аударым себебінен жүйеден тыс қалды.

«2020 жылдың қаңтар айынан бастап 1,3 млн адам МӘМС жүйесіне бірде-бір рет жарна мен аударым жасамаған, сондықтан бұл азаматтар медициналық сақтандыру мәртебесіне ие емес. Осы орайда МӘМС-тен тыс қалған адамдарды жүйеге қатысуға шақырамын. Сақтандырылған азаматтар үшін медициналық қызметтердің көлемі мен құнына қатысты шектеу жоқ. МӘМС-ке жылына 25 мың теңге көлемінде ең төменгі төлем жасаған пациент медициналық көмекті тегін алады, ал аударған жарнасының сомасы маңызды емес. Егер адам сақтандырылмаған болса да, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) пакеті бойынша тегін медициналық көмек алуға құқылы. Одан ешбір медициналық ұйым бас тартпауы керек. Біз азаматтардың қорға жазған шағымдарын өте мұқият қараймыз. Азаматтың созылмалы ауруы болса, әлеуметтік мәні бар дерттер және динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар бойынша есепте тұрса, онда бейінді маманның қабылдауы ТМККК пакеті бо­йынша жүзеге асырылады», деді Б.Төкежанов.

Қор басшысы кейінгі кезде Qoldau 24/7 қосымшасы және әлеуметтік желілер арқылы емханаларда кепілдендірілген көмек көрсетуден бас тарту туралы шағымдар жиілеп кеткенін, алайда ТМККК пакетіне кіретін көмектен бас тартуға болмайтынын баса айтты.

МӘМС пакетінде медицина­лық көрсеткіштер бойынша инфаркт, инсульт, түрлі жарақаттар мен операциялардан кейін, сондай-ақ балалардың созылмалы аурулары кезінде пациенттер үшін медициналық оңалту қолжетімді. Биыл денсаулық сақтау жүйесі үшін үлкен сынақ болды. Пандемия медициналық сақ­тандыру есебінен ұсыны­ла­­тын консультацияларға, диаг­ностикаға, оңалтуға қол­же­­тім­ді­лікті арттыру бойынша жос­парларды өзгертті. Ал енді емханалар мен ауруханалар қалыпты режімге оралып, ха­лық­қа жос­парлы түрде көмек көрсетіп жатыр.

Сонымен қатар Болат Төке­жанов індеттің екінші толқынына дайындық туралы сөз қозғады. Ол коронавирус инфекциясын емдеуге байланысты ТМККК және МӘМС пакеттеріне өзге­ріс­тер енгізілгенін, COVID-19-ға шалдыққан пациенттерге және COVID-19 індетіне күдікті жағ­дайда мобильді бригада мен стационарлық қызмет үйде көрсетілетінін, бұл қызметтер сақ­тандыру мәртебесіне қарамас­тан қамтылатынын атап өтті.

Қазір қор тарапынан коронавирус пен пневмонияға қарсы күрес бойынша іс-шаралар үшін 159 млрд теңгеден аса қаржы қарастырылған. Оның ішінде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге – 50,5 млрд теңге, эпидемияға қарсы шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне үстемеақыға – 91,9 млрд теңге, стационарлық деңгейдегі ПТР-зерттеуге – 4,2 млрд теңге, үйде стационар қызметін көрсетуге – 0,4 млрд теңге, амбулаториялық дең­гей­де­гі ПТР-ға – 10 млрд теңге, мобильді бригадалардың жұ­­мы­сына 2,4 млрд теңге бері­леді.

Бұған қоса қор эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері мен мамандарға үстемеақы төлеуді жалғастыруда. Наурыз-тамыз айларында 73,7 млрд теңге үстемеақы төленді. Соның ішінде тамыз айының қорытындысы бойынша COVID-19, вирусты пневмониямен күреске тартылған 66 мың медицина қызметкеріне 17 млрд теңгеге жуық үстемеақы төлем жүргізіліп жатыр.