Үшінші рет ұйымдастырылған байқауға мемлекеттік музейлер, кітапханалар, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар қатысуда.
Өңірлердегі іріктеу кезеңі 14 қыркүйекке дейін өтіп, үздік шыққандар республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Ал республикалық байқау қыркүйек айының 30-на дейін жалғасады.
Қазылар алқасының мүшелері екі күн бойы онлайн форматта қатысушылардың еңбектерін бағалайды. Әр сала бойынша іріктеу жұмыстарын бағалау тікелей эфирде көрсетіледі. Мысалы, кітапхана саласы бойынша Ұлттық академиялық кітапханасының, музей саласы бойынша Ұлттық музейдің, ал, мәдениет ұйымдарының үздіктерін анықтау «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының Facebook парақшаларында тікелей эфирде өтеді.
Республикалық кезеңге қатысу үшін еліміздің 17 өңірінен 180-нен астам өтінім келіп түсті. Соның ішінде кітапхана саласы бойынша – 80 өтінім, музей ісі бойынша – 42 өтінім, мәдениет үйлері, клубтар саласы бойынша – 60 өтінім.
Ал, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 7 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, онлайн форматта немесе карантин талаптарын сақтай отырып тек қана жеңімпаздардың қатысуымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтеді деп жоспарлануда. Марапаттау рәсімі Мәдениет және спорт министрлігінің Youtube, Facebook ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетіледі. Бабы мен бағы қатар жанған таланттар арнайы дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.