Парламент • 01 Қазан, 2020

Сенаторлар медқызметкерлерге қосымша ақы төлеуді ұсынды

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысы болды. Онда депутаттар елдегі медициналық қызметтердің сапасы, қолжетімділігі және даму келешегі мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар медқызметкерлерге қосымша ақы төлеуді ұсынды

Сенаторлар денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Оның ішінде ауруханалардың апаттық жағдайы, медициналық пункттердің жетіспеушілігі және дәрі-дәрмектерді жеткізудегі кідірістер туралы да айтылды.

Отырыста Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров: «Аймақтарға барған кезде жергілікті тұрғындар үш ауылда бір-бірден амбулатория бар екенін, емделу үшін 400 шақырымға бармау үшін бір аурухана салып беруді сұрайды. Дегенмен, біздегі стандарттар бойынша 4-5 мың халқы бар елді мекенде ғана аурухана болуы мүмкін. Сонымен қатар, Президент дәрігерлік қызметтердің қолжетімді болуы туралы міндет қойды. Әрине, салалық мамандар қажет болған жағдайда облыс орталығына апару қажет. Ал негізгі медициналық қызметтер қадам басар жерде болуы тиіс", - деді.

Сенатор Ақмарал Әлназарова алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің тарифтеріне назар аударды, олар ұйымдардың нақты шығындарын жабуға мүмкіндік бермейді, ал жеке секторды қызықтырып отырған жоқ. Сенаторлардың қорытындысы бойынша МСАК денсаулық сақтау саласының басқа бағыттарымен салыстырғанда толық қаржыландырылмай келеді.

Депутаттар денсаулық сақтау жүйесін цифрландырудағы өзекті мәселелерді де айтты.

"Бүгінгі күнге дейін цифрландырудың бірыңғай платформасы жоқ, яғни медицина қызметкері науқас адам туралы бірдей деректерді әртүрлі бағдарламаларға бірнеше рет енгізуге мәжбүр. Бұл күйбеңі көп жұмыс дәрігерге өз бетінше білім алуға көбірек уақыт бөлуге немесе сол науқасқа уақыт бөлуге мүмкіндік бермейді", - деді Ақмарал Әлназарова.

Отырыс қорытындысы бойынша депутаттар дәрігерлердің мәртебесін одан әрі арттыру мақсатында "Медицина қызметкерінің мәртебесі туралы" ҚР заң жобасын әзірлеу қажеттігін қарастыруды, психоэмоционалдық жүктемелер мен зиянды еңбек жағдайлары үшін қосымша ақының мөлшерін қайта қарау, өмірлік маңызы бар дәрілік препараттарды сатып алуға арналған көпжылғы шарттардың қолданылуын өзгертуді ұсынды.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысына Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, министрдің орынбасары – бас санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов, медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов және көпсалалы медициналық орталықтың басшысы Шынар Мәлік қатысты.