Қоғам • 01 Қазан, 2020

Қазақстандағы ең ірі жатақхананың құрылысы басталды

261 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2 361 төсек-орынға арналған студенттік тұрғын үй кешені құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандағы ең ірі жатақхананың құрылысы басталды

Жалпы ауданы 45 000 шаршы метрді алатын жаңа  жатақхана бес қабатты үш блоктан тұрады және А. Байтұрсынов пен К. Әзірбаев көшелерінің қиылысында орналасады.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың "Бес әлеуметтік бастамасы" негізінде жеке инвестициялар есебінен салынатын Студенттер үйі университет тарихындағы ең ауқымды жоба  және студенттер арасында жатақханалардағы орын жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешеді.

Шараға Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов, "Қаржы орталығы" АҚ президенті Асқар Ибраимов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, "МегаСтройСервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инновациялық даму жөніндегі директоры  Балшекер Мұхамедқызы және профессор-оқытуышалар мен студент жастар қатысты.

Студенттер үйлерінде студенттердің жайлы тұруы, оқуы, демалуы үшін барлық жағдайлар жасалады және аумақта тамақтану мен бос уақытты тиімді өткізу  орталықтары, жаттығу залдары, спорт алаңдары мен өмір сүру үшін басқа да қолайлы жағдайлар қарастырылған.

"Мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне алғаш жұмысқа келгенде студенттерге заманауи  үлгідегі баспана салуды ойлаған едім. Өйткені қаламыз еліміздің астанасы, шетелден қонақтар көп келеді. Келген меймандар еліміздегі бірден бір жетекші оқу ордасы – Еуразия ұлттық университетіне соқпай тұрмайды.  Сонда олар біздің студенттердің қандай жерде тұратынын көрсе деген ой болған. Арада біраз жылдар өтсе де, сол кездегі  алға қойған мақсатым орындалды, Енді міне, Нұр-Сұлтан қаласының төрінен жаңа Студенттер қалашығының қазығы қағылып отыр. Инвесторлар екі жылдан кейін пайдалануға береміз деді. Шынымды айтсам, білім алушы студенттермен бірге өзім де қатты қуанып отырмын. Өйткені ол жатақхана деген аты болмаса, заманауи үлгідегі кәдімгі секциялық үй болмақ. Өте қуаныштымын", - деді Елтаңба авторы, осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілген "Студенттер үйінің" жобасын жасаушы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібеков.

Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Студенттер қалашығының іргетасын қалау – Еуразия ұлттық университеті үшін тарихи сәт екенін атап өтті.

"Бұл Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың бес әлеуметтік бағдарламасының үшінші бастамасы: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» тапсырмасына орай атқарылып жатқан істер. Білім және ғылым министрлігі бұл тапсырмаларды ойдағыдай орындап келеді, өйткені еліміздегі ЖОО-ның алды өздерінің жатақхана құрылысын бастап та кетті, кейбіреулері оны пайдалануға беріп те үлгерді.

ЕҰУ студенттер қалашығының ерекшелігі, инвесторлар өз қаражатына салып береді, қалашықта жастарға не керек, бәрі қамтылған. Сондықтан  «МегаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымына  ризашылығымды білдіремін.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік мәселелерге, әсіресе елдің жағдайын қамтамасыз етуге, оның ішінде жастарға, ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі шара сол Жолдауда берілген тапсырмалардың орындалуы деп білемін", - деді ол.

«МегаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инновациялық даму жөніндегі директоры Балшекер Мұхамедқызының айтуынша, «МегаСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2005 жылы Маңғыстау облысы Ақтау қаласында тіркелген. Бұл компанияның инфрастуктура және тұрғын үй салудағы тәжірибесі  мол. Еуразия ұлттық университетінің жатақхана құрылысы бойынша жариялаған конкурсқа қатысып, жеңіп алған.

Құрылыс үш блоктан тұрады және 2 361 төсек-орынға арналған. Студенттік үйлер ғимараты бес қабатты болса, жобаның құны 7  млрд теңгені құрайды.

"Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Бәтташұлы ағамызға еліміздің түкпір-түкпірінен оқитын қазақ жастарына жағдай жасап, қамқор болып жүрудегі және осындай үлкен жобаны  іске асыруына атсалысып жатқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Елдің болашағы үшін атқарып жатқан қызметі тарих алдында еленуіне тілектеспіз. Құрылыс жұмысы негізі 2020 жылы көктем айында басталуы керек еді, бірақ әлемді жайлаған індеттің салдарынан жұмысымыз жарты жылға кешікті. Алла сәтін салса, Студенттік үйлер кешенін 2022 жылы 30 тамызға дейін толықтай бітіріп, Қазақстан Республикасының Конституция күні пайдалануға береміз", - деді Балшекер Мұхамедқызы.

Іс-шара соңы болашақ ұрпаққа арналған тарихи жазба қалдыру рәсімімен аяқталды. Онда 2045 жылғы студенттерге арналған үндеулер, тілектер, нұсқаулар салынған.