Аймақтар • 02 Қазан, 2020

Қостанай облысында мұғалімдер күніне арналған мерекелік жиын өтті

631 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдағы жексенбіде аталып өтілетін мұғалімдердің кәсіби мекересі қарсаңында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ұстаздар қауымын құттықтап, білім беру саласына ұзақ жыл тер төгіп, табанды еңбек етіп келе жатқан мұғалімдерді   марапаттады, - деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанай облысында мұғалімдер күніне арналған мерекелік жиын өтті

Мерекелік шара облыс әкімдігінің мәжіліс залында өтті. Жиын барысында төрт мұғалім Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері атанса, екі ұстаз Ы.Алтынсарин төсбелгісін тақты. 120 мұғалім Білім және ғылым министрлігінің грамоталары мен алғыс хаттарына ие болып, 153 мұғалімге қошемет көрсетіліп, облыстық білім басқармасының марапаттары табыс етілді.

"Облыстың білім саласында 20 мыңнан астам мұғалім еңбек етеді. Биыл білім беру саласы 417 жас маманмен толығып отыр. Олардың көбі бүгінде ауыл мектептерінде еңбек етіп жатыр. Биыл облыста «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын  жүзеге асыруға 14,1 млрд теңге қарастырылып отыр. Қомақты қаржының басым бөлігі мұғалімдердің жалақысын көтеруге жұмсалады. Биыл қаңтардан бастап мұғалімдердің айлық табысы 25%-ға өсті", - деген облыс әкімі мұғалімдердің айлық жалақысы алдағы жылы тағы да 25%-ға өсетінін айтты.

Бүгінде аймақ мұғалімдерінің орташа жалақысы 200 мың теңгенің маңайында.

Жиын барысында  «Үздік педагог» республикалық байқауының облыстық кезеңнде үздік шыққан 6 мұғалім марапатталды.  Аймақ басшысы жеңімпаздардың қолына 833 мың 400 теңгенің сертификаттарын ұстатты.

Мерекелік шараның соңы онлайн жиынға ұласты. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өңірлермен тікелей байланысқа шығып, «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздарын құттықтады. Облыстық кезеңде озып шыққан алты жеңімпаздың төртеуі республика  үздіктерінің қатарынан көрінді. Жеңімпаздарға тағайындалған  2 млн 778 мың теңгелік сыйақыны облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова табыс етті. 


Қостанай облысы