Аймақтар • 03 Қазан, 2020

Батыс Қазақстанда қаламгерлерге қамқорлық күшейеді

819 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласында Қазақстан Жазушылар Одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының жаңадан тағайындалған төрағасы Бауыржан Халиолланың жетекшілігімен алғашқы жиын өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Батыс Қазақстанда қаламгерлерге қамқорлық күшейеді

Кездесуге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, "Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Айдар Батырханов және өлкеге белгілі 30-ға жуық ақын-жазушы қатысты.

Бауыржан Халиолла өз сөзінде филиалды бұған дейін басқарған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгереевамен ақылдасып, ақ батасын алғанын жеткізді. Одан кейін жергілікті қаламгерлер ұйымының алдында тұрған жоспар-жобамен бөлісті. Филиал төрағасының айтуынша, Қазақстан Жазушылар одағына мүше жергілікті қаламгерлерге "Ақжайық" шипажайына жолдама беріліп, Тәуелсіздік күні қарсаңында филиалдың арнайы стипендиясы тапсырылмақ екен.

"Бүгінгі таңда біздің қаламгерлердің алдында тұрған ең өзекті мәселе – кітап шығару. Шығармашылық адамы көбінесе бұл іске икемсіздеу келеді, жазуын жазғанмен, кітабын шығара алмай, өткізе алмай сенделіп жүреді. Осы мәселені қолға алу үшін одақтың филиалы жанынан баспа ісін жолға қоюды ойластырып жатырмыз. Одан кейін Ақ Жайық қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттайтын, үш айда бір мәрте шығатын әдеби альманах шығару жоспарда бар. Облыстық, қалалық басылымдарда арнайы айдар, әлеуметтік желілерде парақша ашып, барынша белсенді жұмыс істейміз", деді Бауыржан Ергенұлы.

1

Бір ерекше жаңалық – Қазақ радиосының эфирінде "Ақ Жайық қаламгерлерінің сағаты" атты айдар ашылатын болыпты. Онда батысқазақстандық ақын-жазушыларымен сұхбаттар ұйымдастырылып, шығармалары берілмек. Радио басшысы Бақыт Жағыпарұлымен бұл жөнінде алдын ала келісімдер жасалған. Сондай-ақ жергілікті қаламгерлерге "Жұлдыз" журналы мен "Қазақ әдебиеті" газетін және жергілікті басылымдарды жаздырып беруді де филиал өз мойнына алып отыр.

"Індет жағдайы тұрақталған соң ақын-жазушылардың шығармашылық кешін өзінің туған жерінде өткізуді қолға алғымыз келеді. Өйткені, шығармашылық кештер, мәдени шаралар көбіне қалада өтеді де, ауылды ұмытып кетіп жатамыз сондай-ақ өзге аймақта жүрген жерлес қаламгерлермен де тығыз байланыс орнату қажет-ақ. Мысалы, Батырболат Айтболатұлы, Айбатыр Сейтақ, Асылан Тілеген, Шерхан Талап, Меңдолла-Жадыра Шамұратовтар және басқалар секілді тамаша қаламгерлерді қолдап, туған өлкесіне шақырып, халықпен жүздесу ұйымдастырған жөн деп ойлаймын. Басқа аймақта өтетін әдеби-мәдени шараларға оралдық қаламгерлерді де кезегімен жіберіп, тәжірибе алмасып, барыс-келіс қатынас жасап отырудың пайдасы зор", деді филиалдың жаңа басшысы.

Осы жиында батысқазақстандық қаламгерлердің бүгінгі ақсақалы, биыл 80 жасқа келген ақын Айтқали Нәріковке құрмет көрсетілді. Ақынды филиал атынан мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапқан Бауыржан Ергенұлы қаламгерге құттықтау хат пен сый-сияпат табыстады. Сондай-ақ қаламгердің 80 жылдығына арналған "Ақжайықтың Айтқалиы" атты облыстық жыр мүшәйрасы өтетінін хабарлады.

Тағы бір ұсыныс – қалалық саябақ ішінде ақындар аллеясын жасап, оған осы өңірде туып-өскен қаламгерлердің аты-жөні жазылған белгітастар орнатылмақ. Сол жерде ашық аспан астында поэзия кештерін, әдеби жиындарды ұйымдастыру мәселесі де ұйымдастырылмақ.

"Біздің бұл ұсыныстарымыздың денін жергілікті басшылар қолдап отыр. Орал қаласындағы ақын Қасым Аманжолов тұрған үйді жыл соңына дейін біздің қолымызға береміз деген уәдесі бар. Бұйырса ол жер де батысқазақстандық қаламгерлердің басы жиі қосылатын рухани орталық болады деп ойлаймыз", деді Бауыржан Халиолла.

Осы жиынға қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев филиал жұмысына сәттілік тілеп, қаламгер қауымның оң бастамаларына әкімдік тарапынан әрқашан қолдау болатынын айтты. Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов өз сөзінде жергілікті шығармашылық одақтармен барынша тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге мүдделі екенін білдірді. Өз кезегінде жиынға қатысқан Алпамыс Бектұрғанов, Тихон Әліпқали, Закария Сисенғали, Сағынтай Бисенғалиев, Бауыржан Ғұбайдуллин, Тілес Жазықбай және басқалары филиал жұмысын дамыту, қаламгерлердің шығармашылық, әлеуметтік мәселелерін шешу жайлы ой-пікірімен бөлісті.