Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ
Кітапхана кітапханашының қолында
Әнеугүні Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ведомствоның аппарат жиналысында мектептердегі кітапханалардың жұмысын жандандыру мәселесін көтерді.
«Оқу сауаттылығы бойынша бізде біраз проблема бар. Бұл мәселені шешу үшін балаларды көркем әдебиет оқуға баулу қажет. Ал осы ретте мектеп кітапханаларының жағдайы, ондағы қор, кітапханашылардың әлеуеті туралы түйткілдер алдымыздан шығады. Сол себепті осы бағыт үлкен өзгерістерді талап етіп отыр. Бүгінде еліміздегі оқушылардың 70 пайызы қазақ тілінде білім алады. Ал сол оқушыларға қазақ тіліндегі әдебиеттер жеткілікті ме? Қазақ әдебиетінің классикасымен толықтырған күннің өзінде әлемдік әдебиет жауһарлары қазақ тілінде қолжетімді ме? Міне, біз алдымен осы мәселені шешуге тиіспіз», деді министр.
Иә, қазір мектеп кітапханаларының жағдайы, ондағы кітаптардың қоры сын көтермейді. Республикалық «Оқулық» орталығының директоры Ғани Бектайұлының айтуынша, 2000 жылдары PISA көрсеткіштерінде оқу сауаттылығы бойынша соңғы орында тұрған Германия жаппай мектеп кітапханаларының жағдайына көңіл бөліпті. Бүгінде Германияда жылына 4500 балалар әдебиеті шығарылады және жыл сайын мектеп кітапханалары балаларға арналған көркем кітаптармен толықтырылады.
Кітапхананы мың сан кітаппен толықтырсақ та кітапхананың «тағдыры» кітапханашының қолында. Студент кезімізде оқу орнымыздағы кітапханамыздан бөлек орталық «кітаптар үйін» жағалайтынбыз. Сондағы кітапханашы бір кітаптан соң екіншісін қызықтыра ұсынғанда кітапханада қалай сағаттап отырғанымызды, 2 кітап алуға барып, қалай 5-6 кітап құшақтап қайтқанымызды байқамай қалатынбыз. Кейін кітап оқу әдетке айналды. Көрдіңіз бе, кітапханашының қарапайым оқушыдан тұрақты оқырман қалыптастыруға дейін ықпалы зор. Алайда олар әлі күнге дейін өздерінің қандай топқа жататынын білмей, шарқ ұрып жүр. Бұл туралы Ғ.Бектайұлы:
«Мектептегі кітапханалардың жұмысын жандандыру үшін мамандардың әлеуетін көтеру керек. Қазіргі таңда мектептегі кітапханашының айлығы 70 мың теңгенің көлемінде екені ешкімге де жасырын емес. Олардың әлеуметтік мәртебесі анықталмаған. Мектеп кітапханашылары не педагог қызметкерлердің қатарына, не мәдени қызметкерлердің қатарына кірмейді. Мәдениет саласындағы кітапханашылардың жалақысына Үкіметтің қаулысымен үстемеақы қосылды. Мұғалімдердің де айлығы жыл сайын көтеріліп келеді. Ал мектеп кітапханашылары әлеуметтік мәртебесінің анықталмағаны кесірінен қолдаудың қай-қайсынан да қағылып отыр», дейді.
Жүкші ме, кітапханашы ма?
Міне, мәселенің бәрі осыдан шығып отыр. Білім саласына қатысты қандай да бір сауалдама жүргізсек, болмаса министрдің қатысуымен өткен тікелей эфирдегі жиналыстардың бәрінде мектеп кітапханашыларының сұраулы әрі көңілге қаяу түсіретін пікірлерінен көз тұнады. Соның ішінде ең ауыр тигені Youtube қолданушысы Жәмигүл Байжігітованың: «Құрметті министр! Мен 35 жылдан аса уақыт мектеп кітапханашысы болып жұмыс істеймін. Жоғары педагогикалық біліміммен орта білімі бар шаруашылық қызметкерлерімен теңдей 78 мың теңге жалақы аламын. Мұғалімдердің айлығы көтерілгенде, біздікі өзгеріссіз қалды. Мектепке оқулықтар әкелінгенде, жүк машиналарын өзіміз жалдап, ауыр кітаптарды тасимыз. Қазір 58 жастамын, менің денсаулығым мұндай ауыр жұмысты көтере алмайды. Осы мәселені шешуді қатты өтініп сұраймын. Еңбегімізді бағалаңыз», деген пікірі болды.
Атырау мемлекеттік университетінің кадр маманы, заңгер Айгүл Мұқашева мектеп кітапханашыларының заң бойынша шаруашылық қызметкерлері қатарына жатқызылмауы тиіс екенін айтады.
«Мектептегі мұғалімдер педагогикалық қызметкерлер құрамына кіреді, ал кітапханашылар, әдіскерлер, т.б. қызметкерлер оқу-көмекші қызметкерлері болып саналады. Сіздер айтып отырған шаруашылық қызметкерлерге еден жуушылар жатады. Директор, басшының орынбасарлары – әкімшілік-басқарушы қызметкерлер. Мәселен, өзім еңбек ететін оқу орнында да кітапханашылар бар. Олар оқу-көмекші қызметкер ретінде шаруашылық қызметкерлерінен жоғары жалақы алады. Негізінен осы тәртіп мектептерде де сақталуы тиіс», дейді заңгер.
Шынында да кітапханашылар әдіскерлердің, болмаса қосымша білім беру ұйымдары педагогтерінің қатарына қосылса, әлеуметтік мәртебесі де анықталып, еңбек өтілі мен біліктілігіне қарай жалақысына қосымша үстемеақы алуына мүмкіндік болар еді.
Педагог қатарына қоса аласыз ба?
Мектеп кітапханашыларының басым бөлігі өздерін педагогикалық қызметкерлер қатарына енгізуді сұрайды. Бірақ белсенді мұғалім Айман Сағидулла: «Кітапханашы қалай педагог қатарына кіреді? Кітапханашы – кітапхананың қызметкері. Олар Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Ал педагог бала тәрбиесімен айналысады. Екеуі – екі басқа мамандық», дейді. Негізі А.Сағидулланың сөзінде де салмақ бар, кітапханашыны мұғаліммен теңестіруге бола ма? Иә, әлбетте кітапханашылардың кәдімгі мұғалімдердей педагогикалық оқу орындарында 4 жыл оқып, даярланатынын, жоғары білімі болатынын, сондай-ақ балаларды кітап оқуға баулып, әрдайым рухани кемелденіп отыруға тәрбиелейтінін ескерсек, қосымша білім беретін мамандар ретінде педагогикалық қызметкерлер қатарына жатқызуға да болар. Өйткені дұрыс кітапханашы баланы кітап оқуға тәрбиелейді, таным көкжиегін кеңейтеді. Дегенмен бәрі солай ма? Осы сұраққа жауап берерде белсенді мұғалімнің сөзі үлкен рөл ойнайды.
Десек те кітапханашылардың жауабына қарасақ, олар мектепте мұғалімдермен бірдей тәрбие жұмыстарына араласады. Қызылорда қаласындағы Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатында кітапхана меңгерушісі Гүлмира Қайырбекқызы:
«Менің кітапхана саласындағы еңбек өтілім – 32 жыл. Кітапханашылар да мектептің тәрбие үдерісіне өзінің зор үлесін қосып отыр. Біз де түрлі іс-шара өткізіп, бала тәрбиесіне бір кісідей араласамыз. Мен педагогикалық институттың кітапхана мамандығын бітіргенмін. Білім саласында тәрбие берумен айналысамыз. Сондықтан біздің педагог-қызметкерден еш айырмашылығымыз жоқ», дейді.
Ал әріптесінің бұл пікірін Шымкент қаласындағы №131 мектептің кітапхана меңгерушісі Маржан Мануарқызы:
«Жалпы мектеп кітапханашысы білім саласында қызмет атқарып жүрген маман болғандықтан, олар әрдайым баламен жұмыс істейді. Мұғалімдер әр пәннен апталық өткізгенде жүгінің бір шетін көтерісеміз. Кітапхана – өнеге ордасы. Түрлі іс-шараларды ұйымдастыру арқылы балаға тәлім-тәрбие беруде үлкен жұмыс атқарып отырған мектеп кітапханашылары қандай мәртебеге болса да лайық. Мектеп оқушыларын түрлі іс-шараға тарту, кітап оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында тынымсыз еңбек атқарамыз. Бірақ еңбегіміз елеусіз қалады. Кітапханашы қызметіне педагогикалық білімі бар адамды алады, онда неге білім саласында жүрген кітапханашыларға кітапханашы-педогог мәртебесін бермеске?! Мәдениет және спорт министрлігі де, Білім және ғылым министрлігі де қажет етпей, дипломы бар еден жуушы етіп қоя салғандарына ішіміз ашиды. Бір жылдан бері шырылдап айтып та, жазып та жүрміз», деп толықтыра түседі.
Айтпақшы, бұл да ауадан алынған ұсыныс емес екен. Себебі Назарбаев зияткерлік мектептерінде кітапханашыларға «педагог-кітапханашы» мәртебесі берілген.
Қызметіне – міндеті
Бәрінен де маңызды мәселе – мектеп кітапханашыларының функционалдық міндеттерінің нақты анықталмағаны. Мақала жазу барысында екі әлеуметтік желіде жүргізілген сауалдамамызға жауап берген кітапханашылардың 90 пайызы жүкші болып кететініне шағымданады.
Мектеп кітапханашыларының атқаратын функциялары нақтыланбағаннан кейін де көбіне олар мектеп басшыларының қолжаулығына айналып кетеді. Соның бір дәлелін «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мейіржан Темірбек карикатурамен көрсетіпті. Суреттен «Мұғалім газет-журналдарға жазылмай қойғанда кітапханашы мектеп басшыларын айдап салады» дегенді оқуға болады. Кейбір мұғалімдер кітапханашылардың мұғалімдерді тек газетке жазумен айналысатынын айтады. Бюрократиядан әлі арылмаған білім саласында мұндай олқылықтың бар екені рас. Дегенмен өзінің құқықтары мен мәртебесі үшін арнайы заң шығарылған мұғалім өз құқығын қорғай алса, жазылу-жазылмауды яки қандай басылымды оқитынын өзі шешеді.
Кітапханашының мәртебесін айқындап, оның лайықты өсуіне жағдай жасауды көздесек, қызметіне қарай міндетін нақтылау қажет. Заңды күші бар құжатта мектеп кітапханашыларының атқаратын функциялары анық көрсетілуі керек. Сонда ғана кітапханашы міндетіне жатпайтын жұмыстардан қорғалады.
P.S. Сонымен, кітапханашы неге керек? Кітапханаға. Кітапхана кімге керек? Оқушыға. Оқушының рухани бай, сауатты болғаны кімге керек? Бәрімізге. Соның ішінде алдымен мұғалімге, мектепке, білім саласында еңбек етіп жүрген барша жанға оқушының озат болғаны керек. Міне, сол себепті кітапханашы бір мәртебені иеленгені жөн. Бірақ мәселенің қашан шешілері белгісіз. «Еститін үкіметтен» үміт қана бар. Оған дейін мектеп кітапханашылары қай саланың қызметкеріне жататынын өздері де білмей, ауылынан адасқан баладай күй кешіп жүре бермек.