Руханият • 08 Қазан, 2020

Өзін білімге арнаған жандар

304 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұстаздардың Республикалық Don’t worry be a teacher байқауы мәресіне жетті.

Өзін білімге арнаған жандар

Мұғалімдердің өздерін бейнеролик арқылы таныс­тыру додасы екі айға созылып, Инстаграм желісінде мыңдаған жанкүйердің қол­дауына ие болды. Edu Stream компаниясының демеушілігімен өткен жеңім­паздарды марапаттау рәсімі EduStream KZ-тің Youtube арнасында онлайн форматта өтті.

Еліміздің түкпір-түкпі­рінен жүзге жуық педагог қатысқан байқауда әсі­ресе, Маңғыстау облысы мұға­лімдерінің белсенділігі көп­шілікті тәнті етті. Үйде – ке­лін, ноутбук басында – ұс­­таз, бейнероликте инста-жұл­­дыз болған ардақты ұс­таздар өздерін барлық қы­рынан бесаспап әрі шебер екендіктерін паш етті. Бай­қауға қатысушылардың өне­рі екі санатта бағаланды: «К­өрер­мен көзайымы» болып, Инстаграм желісінде ең көп лайк пен пікір жинағандар және «Қазылар алқасының дау­сымен» ең жоғары баллға ие болғандар.

Edu Stream оқу орта­лы­ғы мен британдық Express Publishing баспасы ұйым­дастырған бәйгенің мақсаты отандық ұстаздарды биылғы пандемия кезінде жан-жақ­ты қолдау. Және байқау нә­тижесінің олардың кәсіби төл мерекесімен тұс­па-тұс келуінің өзі де кездей­соқ емес.

– Ұстаз деген ардақты мамандықтың қаншалықты маңызды екеніне биылғы жыл көзімізді айқын жеткізді. Біз бұл арқылы келешек ұрпақтың санасына білім дәнін сеуіп, жарық күнге ұмтылдырған асыл жандардың мәртебесін көтеруді, сәл де болса олардың кәсіби бағытына лайық пайдалы ақпарат беруді көздедік. Сол себепті жеңімпаздарды марапаттау тұсында танымал журналист әрі блогер Полина Шиманская, медиа-тренер әрі PR маманы Салтанат Әскербекқызы және режиссер әрі визуалдық контент шебері Мәдина Әдбірашитова сынды өз ісінің шеберлерін шақырып, ұстаздарға өздерін экранда ұстау, онлайн сабақта баланың назарын өзіне аудара білу сияқты өте пайдалы кеңестер мен лайфхактар бердік. Edu Stream компаниясы Білім және ғылым ми­нистрлігінің ұстаздар мәр­тебесіне аса ден қойып отыр­ғанын қуана құптайды, – дейді Edu Stream оқу ор­талығының бас директоры Наталья Мұхамеджанова.

Ұстаздардың креативінде шек болған жоқ. Біреуі ақын­­дығын паш етіп, өзін ағыл­шынша өлеңмен таныс­тыр­са, екіншісі шағын деректі фильм, үшіншісі әзіл-шыны аралас бейнебаян түсірген. Барлық жұмыстар жан-жақ­­ты ізденісті аңғартады. Қаз­ылар алқасының мүшелері қатысушылар белсенділігінен сала мамандарының қанша­лықты өз кәсіптерін жақсы кө­­ретінін және кез келген қиын­дықты жеңіп шығуға дайын екендіктерін байқауға болатынын айтты. Олардың құрамында ата-аналар қа­уым­дас­тығының беделді өкілдері, танымал тележурналистер, бло­герлер, режиссерлар мен ұйымдастырушы компания өкілдері болды.

Байқау нәтижесінде «Кө­рер­­­мен көзайымы» ата­­нып, Edu Stream оқу ор­та­­­лы­ғының Инстаграм парақ­шасында ең көп лайк және пікір жинаған жеңімпаздарға сый-құрмет көрсетілді. «Позитивте – кө­ңілді ұстаз» аталымы бойынша Гүлайым Біләлқызы оза шапса, «Экран жұлдызы – креативті педагог» номинациясында Абай Түзелбай жеңімпаз атанды. Сымбат Омарова «Басты назарда – жарқыраған педагог», Ай­нұр Баспаева «Педагог-транс­формер – педагогика сұ­луы» аталымдарын жеңіп ал­ды. «Көрермен көзайымы» сана­тындағы Бас жүлде Гауһар Қалиеваға бұйырды. Ал «Қа­зы­лар алқасының даусы» санатында Гүлнәр Қойшыбаева («Позитивте – көңілді ұстаз»), Жансая Баянова («Экран жұл­дызы – креативті педагог»), Гүлбану Жүнісбекова («Бас­ты назарда – жарқыраған педагог»), Салтанат Оспанова («Педагог-трансформер – педагогика сұлуы») жеңімпаз атан­ды. «Қазылар алқасының даусы» санаты бойынша Бас жүлдеге Степногорск қала­сының төрт бірдей ұстазы – Ека­терина Акимова, Оксана Баш­лыкова, Лилия Рудская мен Гузаль Халитова лайық деп табылды.

Edu Stream оқу орта­лығы мен британдық Express Publishing баспасы қатысу­шылар мен байқауды өткізу­ге атсалысқан ұстаздар қауы­мына алғысын білдірді. Же­ңім­паздарға жеңісін растайтын жеке сертификаттар мен бағалы сыйлықтары жет­кізіліп, табысталды.