Аймақтар • 13 Қазан, 2020

Тас жолда үзілген тағдырлар (Жол апатынан мерт болғандар азаймай отыр)

1531 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамның тағдыры – ойыншық емес. Әсіресе көлікте отырған жолаушының тағдыры алаңдатады. Десек те мұны көлік жүргізетін жүргізушілер елер емес. Әйтпесе жол апаты болмас еді. Тас жолдың бойында адамның тағдыры үзілмес еді. Мәселен, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, Атырауда биылғы 8 айда 159 жол-көлік апаты болған. Соның салдарынан 199 адам жарақат алып, 39 адам көз жұмды. Ал 4 қазанда Қызылқоға ауданындағы Жамансор стансасының тұсымен өтетін «Атырау – Ақтөбе» бағытындағы тас жолда Renault Duster мен Geely көліктерінің соқтығысып, бір мезетте тоғыз адам мерт болды.

Тас жолда үзілген тағдырлар (Жол апатынан мерт болғандар азаймай отыр)

 

Ресми дерекке қарағанда, Renault Duster көлігіндегі төрт жолаушы Қызыл­қо­ға ауда­ны­нан Атырау қаласына бағыт алған екен. Ал Geely көлігіне отырған бес жолаушы Атыраудан Сағыз ауылына бару үшін жолға шыққан. Алайда бәрі діт­теген жеріне жете алмай, жол үстінде жан тәсілім етті.

Тоғыз адамның өмірін үзген жол апаты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өзін алаңдатып отыр. Министрдің мәлім етуінше, жол-көлік оқиғаларының 96 па­йызы жүргізушілердің кінәсінен. Өйткені жүргізушілер патрульдік кезекшіліктер мен бейнекамералар жоқ жолдарда ере­же­ні өрескел бұзады. Нақ­ты­рақ айт­қан­да, жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған, тіпті жолдың қауіпті тұстарында алдағы көлікті басып озуға асығады. Ал мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкі­ніш­ке ұрындырады.

– Ішкі істер министрлігінің статис­ти­калық мәліметтері көлік жүргізу өтілі бір жылдан төмен тәжірибесіз жүр­гі­зу­шілердің үлесіне жол-көлік оқиға­ла­рының тек 1,8 пайызы ғана тиетінін көр­се­­теді. Жол апаттарының басым бөлігі тәжірибелі жүргізушілердің қатысуымен болады. Олар қауіпті тәуекелдерге сана­лы түрде барып, өздерінің ғана емес, басқа адамдардың өміріне де үлкен қатер төндіреді. Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғасының негізгі себептерін қаперге алады. Бұл – біріншіден, жылдам­дық­ты арттыру (33,1%), екіншіден, маневр жасау ережесін бұзу (17,7%), үшіншіден, реттелмейтін жаяу жүр­гін­шілер өткелінен өту ережесін бұзу (7,6%). Осыған байланысты министрлік авто­көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ере­же­лері мен шектеулерін қатаң ескеруге ша­қы­рады. Ал жаяу жүргіншілерге жолда қы­ра­ғы болуды ескертеді, – дейді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің алаңдайтынындай жөні бар. Бұған Атырау облысының мысалынан мына деректерді алға тартуға болады. Нақтылай айтқанда, жақында өңір полицейлері «Қауіпсіз жол» акциясын өткізіп, жүргізушілердің үш күнде жол ережесін 1839 рет бұзғанын анықтады. Оның ішінде 366 рет жылдамдықты арттыру, 288 қауіпсіздік белдігін тақпау, 174 көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдалану деректері тіркелді. Сондай-ақ техникалық байқаудан өтпеген 100 көлік анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Көлікті мас күйінде басқарған 17 жүргізуші ұсталды.

Мас жүргізуші демекші, жыл басынан олардың саны 500-ге жуықтап отыр. Олардың 385-іне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабымен әкімшілік хаттамалар толтырылыпты. Мамандандырылған әкімшілік соттың шешімімен бұл жүргізушілер 15-тен 20 тәулікке дейін қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сот қаулысымен көлік жүргізу құқығынан айырылған 47 азаматқа қатысты Атырау қалалық полиция басқармасының анықтау бөлімі Қылмыстық кодекстің 346-бабы, 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

Полиция қызметкерлері тек 1-14 қыр­­күйек аралығында мас күйде көлік құ­ра­лын басқарған 30 жүргізушіні тоқ­тат­­ты. Олардың арасынан 24 жүр­гі­зу­­ші­ге Әкімшілік құқықбұзушылық тура­­лы кодекстің 608-бабымен хаттама толтырылып, 15 тәулікке қамауға алыныпты. Тексеру кезінде 6 жүргізушінің бұдан бұрын көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Енді бұларға қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабымен тексеру басталды.

Жүргізушілердің шектен шығуы өзге деректерден де аңғарылады. Мұны олар­дың түрлі айыппұлды төлемей жүр­геніне бай­ланысты айтып отырмыз. Полиция қыз­меткерлері осыған орай «Бо­рыш­кер» акциясын өткізіп ке­ле­ді. Мұның мақсаты – борышкерлерді анық­тап, құқық бұзушылар арасында айып­пұл төлеу туралы хабарламаларды та­рату, сондай-ақ салынған әкімшілік айып­пұл­дар­ды өндіртіп алу.

– Үш күнде жүргізілген рейд кезінде мобильдік топтармен 53 автокөлік құ­ра­­лы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 785-бабымен (Әкімшілік құ­қы­қ­­бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары) мем­лекеттік нөмірлік белгілерін алып тас­таумен айыппұл тұрағына қойылды. Сондай-ақ 37 борышкерге хабарлама табыс етілді. Үш күнде 16 млн 534 теңге айып­­пұл өндірілді. Оның ішінде 747 750 тең­ге­сі Атырау қаласында ұсталған бо­рыш­­­керлерге тиесілі болып отыр, – деп ха­­бар­лады департаменттің баспасөз қыз­меті.

Атырауда көлік жүргізушілері тарапынан болатын жол ережесін бұзуды азайту мақсатында түрлі шаралар қолға алынып отыр. Соның қатарындағы «Сергек» жобасымен көшелерге 2748 камера орнатылды. Оның 774-і қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға арналып отыр. Бұған дейін орнатылған 750 бейнебақылау камерасы да аталған жүйеге қосылды. Ал жол қиылыстары мен желілік учаскелерді 612 камера бақылайды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 10 қыркүйектен бергі сегіз күнде Атырау қаласында «Сер­гек» камераларымен 2513 құқықбұзу­шы­лық тіркелген. Құқық бұзушыларға 35 млн 983 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Айыппұлдың 3 млн 533 мың теңгесі өндірілген.

Міне, осындай шаралар қолға алын­ған­мен, тақтайдай тегіс тас жолға түссе, желігіп шыға келетін жүргізушілер айылын жияр емес. Соның кесірінен тас жолда талай тағдыр үзіліп, қаншама отбасы қайғы жұтып отыр. Балалардың ата-анасыз, ағайын-туыстың бауырсыз қалып жатқаны алаңдатпай қоймайды. Ал бұл жүргізушілерді де алаңдатса, жол апаты орын алмас еді-ау.

 

Атырау облысы