Қоғам • 14 Қазан, 2020

Заңнан қашып құтылмайсың...

441 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының аумағында болған қылмыстық оқиғаларға қатысты екі жаңалық өткен аптада елді кәдімгідей елең еткізді. Оның бірі – Сәтбаев қаласында бес жастағы қыз баланы зорлаған деген күдікке ілінген еркексымақ кеншілер астанасындағы тергеу изоляторында асылып өлген екен. Бұл турасында облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ресми түрде хабарлады.

Заңнан қашып құтылмайсың...

 

Мекеме таратқан хабарламада былай деп жазылған: «Осы жылдың 6 қазанында Қарағанды қаласындағы ҚАЖ-да кішкентай қыз баланы зорлады деген күдікпен қамауда отырған ер адамның мүрдесі табылды. Шақырылған жедел медициналық көмек бригадасы өлімді растады. Өлімнің алдын ала себебі – суицид. Тексеру барысында қайтыс болғанның денесінде қандай да бір зақымның белгілері анықталған жоқ...».

Еске салар болсақ, биылғы 23 шіл­де­де Сәтбаев қаласында елді елең еткізген қылмыстық оқиға болған еді. Кеншілердің шағын  қаласындағы көпқабатты үйлердің біріндегі аулада жүрген бес жасар қыз бала кешке қарай ұшты-күйлі жоғалып кеткен болатын. Бұл суыт хабардан құлақтанған қала жұрты тәртіп сақшыларымен бірге қаланы тінтіп, іздеуге атсалысқан еді. Жоғалған бала екі-үш сағаттан кейін әлгі үйдегі пәтерлердің бірінен табылды.  Сөйтсе, кішкентай қызды азғын еркек аузын ­скотчтап, үйде тығып ұстап отырған екен...

Осы хабарды ести салысымен ашу-ызаға бой алдырған бір топ тұрғын кү­діктіні қолдарына беруді талап етіп, полиция қызметкерлерімен қақтығысуға дейін барған. Бұл турасында «Egemen Qazaqstan» газетінде толығырақ жазылды да («Сәтбаевтағы сорақылық», №141, 27.07.20 ж.).

Сонымен, бес жастағы бейкүнә сәби­дің обалына қалған, қала халқын дүр­белеңге салған азғынды ажал оғы осылайша абақтыда қамауда отырған жерін­де тапты...

Ал екінші жаңалыққа келсек, әлеу­меттік желілерде әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың атындағы темір тұлпар­дың Қарағанды облысының аумағында, нақтырақ айтсақ Нұра ауданындағы Ахмет ауылының маңында адам қағып өлтіргені туралы ақпарат желдей есті. Жаңалық енді жарқ еткенімен, бұл оқиға өзі бұдан бір жыл бұрын, яғни 2019 жылдың 13 қазанында болған екен. Сол күні кешке Теміртау – Нұра – Нұр-Сұлтан трассасында жол талғамайтын «Лексус» маркалы көлігі жоғары жыл­дамдықпен келіп адам қаққан. Жапа шегуші 34 жастағы Ерлан Омарқұлов оқиға болған жерде тілге келмей кетіпті. Кейін белгілі болғандай, аталған көлік Тұрсынбек Қабатовтікі болып шығады. Ал оны жүргізген 25 жастағы әзірге есімі белгісіз жас жігіт екен.

Бүгінде жалғыз ұлынан айы­рыл­ған Дәджан Омарқұлованың құқық қор­ғаушыларға деген өкпесі қара қа­зандай. Ол кісінің айтуынша, тер­геу­ші­­лер болған оқиғаны әділ, деректерді әдейілеп бұр­ма­ла­ған. Мәселен, Д.Омарқұлова про­ку­рор­ға жаз­ған шағымында тергеуші­нің істі жапа шегуші тараптың қатысуын­сыз жүр­­гізгенін, сондай-ақ оның прокурор­дың келісімінсіз айғақ заттарды жо­йып жібергенін мәлім етеді.

Ал қылмыстық істің өзіне келер бол­сақ, тергеушінің ұйғарымымен қылмыс құрамы жоқ деген уәжбен тоқтатылған екен. Яғни бар кінә жапа шегуші мар­құмға аударылып, апат жасаған күдікті жүргізуші жазадан құтылып кеткен. Тер­геу материалдарына сенсек, қаза болған азаматтың қанынан алкогольді ішімдік­тің белгілері анықталды деген дерек бар. Ал джипті тізгіндеген 25 жастағы жігіт оқиға болардан бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған екен.

Қазіргі таңда бұл оқиғаға қатысты қыл­­мыстық істі прокуратура қай­тарып алып, облыстық полиция департаментінің басқа тергеушісіне жіберді. Енді марқұм­ның анасының ғана емес, жаңа тергеуші­нің де белгілі әртіске қатысты бірқатар сұрақ туындауы мүмкін. Мәселен, жапа шегушінің анасы Тұрсынбек Қабатов­тың өзінің заңды автокөлігін жүргізуші куәлігінен айырылған адамға бергені үшін осы уақытқа дейін не себептен жа­уапкершілікке тартылмай келгеніне наразы.

Айтпақшы, осы әңгіме әлеуметтік желіде көтеріле бастағанда әзілкеш Қабатов эфирге шығып, болған оқиғаға өз мүддесі тұрғысынан түсінік берді. «Мен ол жігітке «қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер, мен араласпаймын» деп айттым. Біреулер «Тұрсынбек ақша берді» деді. Мен ешкімге xабарласқан емеспін. Бұл іске араласқан жоқпын. Маған қойған сұрақтарға жауап бердім. Мен оның куәлігі жоғын білмеймін. Сондықтан айтарым: қазір әртүрлі ақпарат тарап жатыр, иә, мен оның басында болмасам да, көлік сенікі ғой деп кінә тағып жатқандар болса, мен кешірім сұраймын. Бірақ мен ол көліктің ішінде болған емеспін. Сіздерге айтарым осы», деп ақталды әртіс.

Қалай болған күнде де, жұрттың назарын аударған бұл оқиғалардың немен аяқталғанын алдағы уақытта назарда ұстайтын боламыз.

 

Қарағанды облысы