Еуропалық одақ және БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп «Көші-қон үдерістеріндегі балаларды қорғау» бағдарламасы аясында мемлекеттік органдардың, Орталық Азия елдері елшіліктерінің, БҰҰ БЖКБ, ХМҰ, академиялық ұйымдар мен ҮЕҰ өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Бағдарлама серіктестері көші-қон үдерістеріндегі балалардың құқықтарын қорғаудың нәтижелері мен болашақ әрекеттерін талқылады.
Жақында Coram International халықаралық ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен бағдарлама аясында жүргізілген Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы көші-қон процестеріндегі балаларға қатысты ахуал мен жағдайды зерттеу аз қамтылған отбасылардың құжаттары жоқ балаларының қиындыққа тап болатынын анықтады.
Ата-аналарының шетелге қоныс аударуы кезінде отбасының туыстарымен немесе достарымен қалған қазақстандық балалар кейіннен туыстарымен немесе отбасылық досымен қамқоршылық шартын ресімдейтін сенімхаттың болмауына байланысты мекемелерге орналастырылады. Ата-анасыз және қараусыз қалған балалар қанау, сату және зорлық-зомбылыққа ұшырау қаупіне ұшырайды.
«Көші-қон процестеріндегі балалар өздерінің құқықтары мен мүдделерін ерекше қорғауды қажет етеді. Олар қай жерде болсын және олардың тарихы қандай болсын, мигрант балалар, ең алдымен, басқалармен тең құқылы болуы тиіс. Осы зерттеу көрсеткендей, Қазақстандағы көші-қон процестеріне қатысатын әр баланың өзін қорғалған және қауіпсіз сезінуі үшін әлі де көп нәрсе жасау керек. Біз бағдарламаға қатысқан және оны тиімді жүзеге асыруға көмектесетін Қазақстан Үкіметіне, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге, Еуропалық одаққа және барлық серіктестерімізге алғыс айтамыз», деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.
2020 жылдың сәуірінде Қазақстанда көші-қон бойынша бірлескен бағдарлама шеңберінде таңдалған үш аймақтағы балаларға көші-қон процестерінде қызмет көрсететін жобалар іске қосылды: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент/Түркістан облысы. Бұл жобалардың жалпы мақсаты – көші-қон процестерінде балаларға жан-жақты әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету.
«Біздің серіктестіктеріміз – «Родник», «Сана Сезім», «Адам құқықтары және заңдылықтың үстемдігі жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро» үкіметтік емес ұйымдары бізге қазір осы қызметтерді таңдалған аймақтарда енгізуге көмектеседі, осылайша Қазақстан мигрант балалар мен олардың отбасыларына тиімді қолдау жүйесін дамытады. Көші-қон процестеріндегі балалар, олардың мәртебелеріне қарамастан, өздерінің барлық құқықтарын қолдауға және пайдалануға құқылы», деді Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова.
Кездесу барысында қатысушылар, сонымен бірге зерттеу нәтижелері мен ұсыныстарын, аталған санаттағы балалардың жағдайын, көші-қон мәселелерімен айналысатын мамандарды даярлауды талқылады. Сонымен қатар көші-қон мәселелерін ұлттық және аймақтық даму стратегияларына интеграциялау саласындағы халықаралық озық тәжірибелерді қарастырды.
«Еуропалық одақ Қазақстанның көші-қон процестеріндегі балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларын қолдайды. ЮНИСЕФ-пен бірлескен бағдарламамыздың шеңберінде біз өзімізге де, жергілікті және билік органдарына да Қазақстандағы көші-қон процестерін жақсы түсінуге көмектесетін зерттеулер жүргіздік. Сонымен қатар біз көші-қон мамандарын балаларға тиімді қызмет көрсету бойынша оқыттық. Бағдарлама Қазақстанда әлі де өз жалғасын табуда және бұл көші-қон процестеріне қатысатын балалардың өмірін жақсартуға көмектеседі деп ойлаймыз. Өйткені, кез келген бала бақытты және алаңсыз балалық шаққа лайық», деді еліміздегі Еуропалық одақ өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стенбек Мадсен.
Айта кетейік, көші-қон үдерістеріндегі балаларды қорғауға бағытталған көпжақты бағдарламаны ЮНИСЕФ Еуропалық одақтың қаржылай қолдауымен Бангладеш, Малайзия, Мьянма, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Таиланд сияқты бірнеше мемлекетпен бірлесіп жүзеге асырады. Негізгі мақсат – көші-қон үдерістеріндегі балалардың құқықтарын тиімді қолдау мен қорғауды қамтамасыз ету. Іске асыру мерзімі – 2017-2021 жылдар аралығы.